• Руханият
  • 26 Сәуір, 2023

XV-XVIII ҒҒ. ЖЫРАУЛАР ТІЛІНДЕГІ ДЕНЕ МҮШЕЛЕРІНІҢ АТАУЛАРЫ

Адамның дене мүшелерін ғылым тілінде соматикалық атаулар деп атайды.  Соматикалық атаулар –  кез келген тілдің лексикалық қорындағы көне қабат. Соматикалық атаулар көне түркі дәуірінен бері жазба ескерткіштер мәтіндерінде ерекше стильдік мәнге ие болған болса, XV-XVIII ғғ. ауызша поэзияның да көркемдік жүйесін байытқан. Осыған орай соматизмдердің  XV-XVIII ғғ. жыраулардың поэтикалық тіліндегі тұрақты лексикалық компонент құрауын, формульдік стилистикасын, грамматикасын, көркемдік жүйесін, метафорлану ерекшеліктерін талдаудың маңыздылығы зор.  
Әр жыраудың жыл жолдарында сыртқы және ішкі ағзаларға да байланысты  соматикалық атаулар кездесіп отырады. Біздің есептеуміз бойынша жыраулар тілінде 40-тан аса (қайталауларын есептемегенде) соматикалық атаулар кездеседі: бас сөзі 54 – рет, қол сөзі 31 – рет, аяқ сөзі 13 – рет, көз сөзі 13 – рет, ерін сөзі  2 – рет,  ауыз сөзі  15 – рет, бет сөзі 4 – рет, құлақ сөзі 4 – рет, шаш сөзі  5 – рет, сақал сөзі 3 – рет, миық сөзі 1 – рет, мұрт сөзі 3 – рет, мойын сөзі  11 – рет, бел сөзі  14  – рет, бұғана сөзі 1 – рет, арқа сөзі  3  – рет, білек сөзі  1–  рет,  омырау сөзі   3 – рет,  тұлымшақ сөзі 3 – рет, қабақ сөзі 3 – рет, табан сөзі 5 – рет, емшек сөзі 3 – рет, желке сөзі 4 – рет, тері сөзі 9 – рет, тізе сөзі 2 – рет, саусақ сөзі 1 – рет, тырнақ сөзі – 1, қарын сөзі – 3, сан сөзі 2  – рет, маңдай сөзі 1 – рет, таңдай сөзі 
1–  рет, бармақ сөзі 1 – рет,  жүрек сөзі 10 – рет, тіл сөзі 10 – рет, бауыр сөзі 2 – рет, қан сөзі  
9 – рет, омыртқа сөзі 2 – рет,  қабырға сөзі  6 рет, қолтық  сөзі 2 – рет, тіс сөзі 6 – рет, сүйек сөзі 
1 – рет, қуық сөзі 1 – рет, тамыр сөзі 1 – рет, жұлын сөзі 1 – рет, бұт сөзі 1 – рет,  без сөзі 
1 – рет, шыр (шырай) сөзі 1–  рет .
Аталмыш соматикалық атаулардың барлығы жыраулар тілінде тура мағынасынан гөрі метофораланған немесе фразеологиялық бірлік ретінде жұмсалған. Жыраулар тілінде соматикалық атаулардың ішінде бас, ауыз, қол  сөздері жиілігі тұрғысынан ең көп жұмсалған сөздер. Жыраулар тілі қоғамдық, ерлік-жаугершілік тақырыптарға арналғандықтан, соматикалық атаулар төмендегідей топтастырылып қарастырылады:
1. «Басқару» мәніндегі соматикалық атаулар.
2. «Жеке тұлғаның бағы, бақыты, амандығы» мәніндегі соматикалық атаулар.
3. «Жауды жеңу, құрту, жою» мәніндегі соматикалық атаулар.
4. «Татулық, ауызбіршілік» мәніндегі соматикалық атаулар. 
1) «Басқару» мәніндегі соматикалық атаулардың ішінде бас және қол сөздерінің орта ғасырда «батырлар мен сұлтандардың елді басқару, әскерді басқару» мәнінде бас болу, бас көтеру, басын құрау, бас байлау, қол бастау тіркестері қолданылады. Мәселен, 
Жауға шаптым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап.
Дұшпаннан көрген қорлықтан
Жалынды жүрек қан қайнап,
Елді-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап! [1, Ақтамберді жырау. Б.ғ.ж. – 61 бет] 
Берілген өлең жолдарында ұйқасқа құралған поэтиканың ерекше морфологиялық формасы – көсемшенің «п» жұрнағының қолданысымен ерекшеленеді. Ту байлап, айғайлап, қайнап, қорғайлап, бас байлап  етістіктері дыбыстық, буындық, семантикалық тұтастықта құралып, өзара рифм туғызған. Елін жаудан қорғап қалу үшін батырдың ерлік әрекеттері бас байлап тұрақты тіркесімен аяқталып, өлең жолдарының көркемдік стилін арттырған. 
        «Басқару» мәніндегі келесі жыр жолдары Бұқар жыраудың Абылай ханға арнаған арнауы мысал бола алады. Сыртқы жаудың шапқыншылығынан  қорғану, жеңу үшін қазақ халқының бірігу мәселесі тұрады.  Бұхар жырау осы істі жүзеге асырған Абылай ханның жасаған ерлік істерін мақтайды: 
Алтын тақтың үстінде,
Үш жүздің басын құрадың.
Жетім менен жесірге
Ешбір жаман қылмадың [1, Бұқар жырау. Б.ғ.ж. – 98 бет].
Берілген жыр жолдары арнау жанрында айтылғандықтан, екінші тармақтары бұйрық райдың «дың» грамматикалық қосымшалармен араласып, синтаксистік анафораға құрылған. 
        «Қол» сөзі көшпелілер арасында жасақ, қосын, лек әскер ұғымдарында қолданылған дәстүрлі әскери атау [2]. Жыраулар тілінде қол бастау, қол бастар түрінде көп қолданылады.  Көпшілікке белгілі Бұқар жыраудың мына өлең жолдарында кездеседі:          
Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиындын көргем жоқ [1, Бұқар жырау. Б.ғ.ж. – 83 бет]. 
  Жыр жолдарында бірінші мен үшінші, екінші мен төртінші жолдарының қайталануы арқылы дыбыстық, буындық, мазмұндық тұрғыдан ұйқасқан, өлеңнің соңғы тармағы қорытынды ойды беріп тұр.  «Елді басқару» мәніндегі ел бастау тіркесіне «қалың әскерді басқару» мәніндегі қол бастау тіркесі өзара үйлесіп, халық арасында афоризмге айналған қолданыстар. Осы жыр жолдарына мәндес Шалкиіз жыраудың:  
Ғадыл төре ел бастар,
Батыр жігіт қол бастар,
Шешен адам сөз бастар [1, Шалкиіз жырау. Б.ғ.ж. – 43бет].
Келтірілген жыр жолдарында да ел бастар, қол бастар, сөз бастар өзара ұйқасқа құралған морфологиялық әрі лексикалық тұрақты тіркестер, халық арасына таралған дәстүрлі шұмақтар. 
Доспамбет жыраудың мына жыр жолдарында негізгі мағынаны білдіріп тұрған – ала балта қолға алып тіркесі. 
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен,
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен [1, Доcпамбет жырау. Б.ғ.ж. – 34 бет].
Жыр жолдарындағы бастапқы «Тоғай, тоғай, тоғай су» анафоралық формулаға құрылған. Лирикалық кейіпкердің ерлік істерін айғақтайтын «ала балта қолға алып» тіркесі мен «өкінбен» етістігінің қайталануы арқылы өлең жолдарының стилі мен жанрын қалыптастырған. 
2) «Жеке тұлғаның бағы, бақыты, амандығы» мәніндегі соматикалық атаулар бас сөзімен бейнеленеді. Жыраулар тілінде «бас берсін», «бақыт қонсын басыңа» тіркестерімен өрнектеледі. Мәселен,
Тағы да талай бақ берсін,
Балаңа алтын тақ берсін,
Бөгенбайдай жас берсін,
Өлшеусіз мал мен бас берсін! [1,Үмбетей жырау. Б.ғ.ж. – 80 бет].
Жыр жолдарының әрбір тармағы өзара мазмұнадас, желілес, сабақтас ұйқасқа құрылған бұйрық  райдың үшінші жағында айтылған бата. 
Ақтамберді жыраудың мына жыр жолдарында логикалық екпін – бақыт қонса басына дәстүрлі тіркеске түсіп тұр.
Жел, жел есер, жел есер, 
Жекендейiн саусылдап 
Ораздының ұлы өсер, 
Өрiсiнде малы өсер, 
Ағайыны тел өсер,
Бақыт қонса басына 
Жақсылармен тең өсер [1, Ақтамберді жырау. Б.ғ.ж. – 58 бет]. 
Өлең жолдарында «ырыс-беркенің,  молшылықтың»  мәнін білдіріп тұрған «өсер» етістігінің қайталануы арқылы өлең тармақтары грамматикалық тұрғыдан үйлесімді жұп құраған. Сонғы тармақтары негізгі ойды түйендеп тұр.
3) «Жауды жеңу, құрту, жою» мәніндегі соматикалық атаулардың ішінде «басын қаққанда», «бас кетер», «қол кескен» тіркестерімен көрініс табады.
Жебелей жебе жүгірген
Ерлердің арғымақтан игі малы болар ма,
Жағаласса, жыртылмас,
Ерлердің жеңсізден игі тоны болар ма,
Дулығалы бас кескен
Ерлердің алдаспаннан игі қолы болар ма! [1, Шалкиіз. Б.ғ.ж. – 36 бет].

Жар басына қонбаңыз,
Дауыл соқса, үй кетер.
Жатқа тізгін берсеңіз,
Жаламенен бас кетер [4, Бұқар жырау. Б.ғ.ж. – 88 бет].

Жиырма жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда,
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда, [4, Үмбетей. Б.ғ.ж. – 76 бет].
4) «Татулық, ауызбіршілік» мәніндегі соматизмдерге бас қосу, бір ауызды болу сияқты тіркестер жатады:
Екі жақсы бас қосса,
Санат емей немене [1, Бұқар жырау. Б.ғ.ж. – 88 бет].
немесе
Байлар ұғлы шоралар,
Бас қосыпты десін де,
Маң-маң басып жүріңіз.
Байсалды үйге түсіңіз [4, Бұқар жырау. Б.ғ.ж. – 93 бет.
       
Хан жарлығын алмады,
Баяғыдай баршындап,
Бір ауызды болмады
Қас тұрпайы болған жұрт [1, Бұқар жырау. Б.ғ.ж. – 84 бет].
Бұдан бөлек өлең жолдарында «қол» сөзімен мынадай тіркестер кездеседі: қол төңкеру, қол жидыру, қол келу, қол беру, қол көріну, қол қондыру, қол қосу, қол салу, қолы тию, қолы жету,  қол қусыру, қолыңды малу т.б. 
Жыраулар тілінде соматикалық атаулар ұйытқы болатын халықтық қолданысқа айналған мынадай фразеологизмдер кездеседі. Мәселен, бас қосу, бетін қара ету, арқасына ауыр іс түсу, қызыл тіл, көзінің жасын төктіру, көзіңнің жасын көл қылу, қабырғасын сөктіру, қаз мойынды, бұғана қатып, бел бекіп, түйе мойнын тұз кесер, жігіт мойнын қыз кесер, жалынды жүрек қан қайнап, тіл алмау, бір ауызды, қол қусыру, жалаң аяқ, араз болсаң алты ауыз, үш ауыз сөз, бір ауызды болу, құлақ салу, тар құрсағын кеңейткен, тас емшегін жібіткен, желке терің құрысып, тізе бүгу, тырнағын қатты батыру, тісін қайрау, т.б. қолданыстар кейінгі ақын-жыраулардың шығармаларында тұрақты эпикалық тіркес ретінде қалыптасқан.
Жыраулар тіліндегі жеке қолданыстар: қылыш ілдім білекке (Ақтамберді жырау), жүрегінің басы едім (Шалкиіз жырау), сары су болды жүрекке (Ақтамберді жырау), теріс аяқ (Тәтіқара), тізесін қисық бұру (Ақтамберді жырау), саусағым жерге түсірмен (Ақтамберді жырау), кебеже қарын, кең құрсақ (Бұқар жырау), жалынды жүрек (Ақтамберді жырау), т.б.
Қорыта келгенде, соматикалық атауларға қатысты мынадай тұжырымдарға келдік:
–    жыр жолдарында соматикалық атаулардың ішінде ең жиі кездесетін ұйытқы лексикалық бірліктер ретінде бас, қол, ауыз сөздері жатады; 
–    соматикалық атауларды қайталау тәсілі арқылы жасалған ауызша тілдің стильдік техникасы би-шешендердің жырларында, тіпті кейінгі ақындардың сөз саптауында поэтикалық тұрақты эпикалық формула ретінде дәстүрлі түрде жалғасып жатады. Сонымен қатар жыраулар тілінде соматикалық атаулардың қатысуымен жасалған жеке қолданыстар да анықталды;
–    соматикалық атаулардың бірқатары поэтикалық көркем стильдің формуласын түзетін  дыбыстық, буындық, лексикалық анафораға, эпифораға, редифке құрылған; 
–    соматикалық лексиканың ішінде тармақ соңында ерекше логикалық әрі семантикалық екпін түскен сөздер мен грамматикалық қайталаулар дәстүрлі түрде сақталып отырған.
Аталмыш мақала «XV-XVIII ғасырлардағы жырау поэзиясының көркемдік-анықтама жүйесі, «формульдық стилистика» және «формульдық грамматиканың» кешенді аналитикалық зерттеуі. Жиілік сөздігі» гранттық жобаның ғылыми-зерттеу гранттық жобаның негізінде әзірленген. 

Әдебиет 

1. Бес ғасыр жырлайды: ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезiне дейiнгi қазақ ақын жырауларының шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1984. – Т.1. – 256 б.
2.  Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 9-том / Құраст.: Ә. Ыбырайым, 
Айнұр Сейітбекова, 
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы
 Тіл білімі институты Филология ғылымдарының кандидаты
 Тіл тарихы және түркология бөлімінің меңгерушісі
 

5793 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы