• Руханият
  • 30 Қыркүйек, 2022

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ДРАМАСЫ

Молдабек  ЖАНБОЛАТҰЛЫ

Халқымызда шешен  билердің шендесуі, арқалы ақындардың  айтысы  жақсы жетілген  дәстүрлі өнер бәсекесі  болғаны  белгілі. Олар да  өнер  сайысы  атанғанымен  драмалық  шығарма  дей  қоюға  келмес.

ХІХ ғасырдың   соңы,  ХХ  ғасырдың  бас  кезіндегі жас  талапкерлеріміз  шағын пьеса  жазып, оны  жұртшылыққа  ойнау  арқылы  ұсынып, сахна  өнерінің  үлгісін  жаңарта  бастаған  еді. Бірақ  оларда  толық  қанды  драмалық  шығарма да, сахналық  қойылым да  бола  қоймаса  керек.

Сондықтан  М.О.Әуезовтің  60 жыл-дығында  баяндама  жасаған  академик,  жазушы Сәбит  Мұқанов:  «Қазақ әдебиетіне  драматургия жанры  Мұхтар  ғана  ашқан  жаңалық... Одан  бұрын қазақтың  ұлттық әдебиетінде ауызға  аларлық  пьесаның  өзі  түгілі, иісі де  болған жоқ.  Қазақ  драматургиясының  алғашқы  жолын  Мұхтар  Әуезовтің  қаламынан  1917 жылы  туған  «Еңлік - Кебек» пьесасы  таратты», – деген  сөздің жаны бар.

Мұхаң  пьеса  жазып  қана қоймай,  оны  режиссер  ретінде  дайындап, өзі  суфлер  болып,  жұртшылыққа  спектакль  етіп қойып  көрсеткен  еді.

Сахна  өнерінің  қазақ  өміріне тосын, тың  жаңалық, қазақ  тұрмысына  жат  дүние  болғаны  соншалық,  ондағы  әйел бейнесінде  ойнайтын  әйел  заты табылмаған соң,  Еңлік  болып  ойнауға  Мұхтар  өзінің  ағасы  Ахметті  дайындап шығарады.

Пьесаның   алғашқы  нұсқасында  Еңліктің шешесі  болып, Жағыпар  Мағауияұлы  (Абай  немересі) ойнайды. Кебекті  Ақкенже (Ырғызбай, Шұбар  немересі),  Жапалды – Жебірейіл (Абай  немересі), Кеңгірбай биді –Ысмайлхан Бердіқожаұлы, Абызды – Зікәйіл Абайұлы, Көбейді – Құтайба  Мағауияұлы (Абай немересі), Еңліктің  әкесін – Бәстами (Әбдрахманқызы Рахиманың күйеуі), басқа  бейнелермен  түрлі  жасақ,  қалың  жұртшылық  болып  сол ауылдың жастары  ойнапты.  Қатынасқандардың  бәрі  дерлік  Абай  ауылының  адамдары  еді.

Спектакль 1917  жылы  7 маусымда  Ералы  қорығы  бойындағы «Әйгерімнің  Ойқұдығы»  деген  күзектегі  Абай  ауылында  тіркестіріле  тігілген  екі  қазақ  үйде  қойылады. Өзі  де өнерлі Әйгерім анамыз басындағы үйі  мен  Кенженің  отау  үйін  тіркестіріп  тігіп, сахна етіп пайдалануға  рұқсат  етеді.  Ойынға  қатынасушылардың  кейбірінің   сауаты төмен  және  жаттап  алған  сөзден жаңыла  беретін  болғандықтан, Мұхаң  суфлер  болып,  сахна босағасына  қойылған сандықтың  ішінде  жасырынып  отырып,  ойынды  жүргізеді.

Сонымен ... 20 жастағы  Мұхтардың бұл  еңбегі қазақтың  өміріне  тұңғыш  рет пьеса, сахна, перде, роль – бейне , режиссер, суфлер... деген  сөздер мен түсініктерді енгізген екен. Бірнеше  қайтара  өңдеп шыңдаған «Еңлік – Кебек» трагедиясы бұл  күнде  әлемдік  мәртебедегі классикалық шығармалар  қатарында саналады.  Бұл  ойды  қазақ  өнерінің  академигі Б.Құндақбаев ұзақ  зерттеп, сан мәртебе  жазған болатын.

Өнердің  бұл  жаңа  үлгісі  Шыңғыстау  өңіріне  тез  тарайды. Жаналыққа  жаны  құмар шыңғыстаулықтар пьеса қою,  ойын-сауық  ұйымдастыру  ісін  Жидебайда, Ордада, Архатта, Құндызды-Шет, Ши  бойында  «Медеу школында» толассыз  өрістетіп әкетеді.

Сол өлкеден шыққан халқының  өнері  мен мәдениетіне қыруар  еңбек  сіңірген қарлығаш  ұстаздар: Мұсатай  Ақынжанов, Ибади  Матақов, Садық  Қасиманов, Бөпежан  Тұлғажанов, Рахымжан Мамырқазов, Ғайса Сармурзин, Таупық Құтжанов, Тайыр Жомартбаев, Шаймардан  Тоқжігітов, Есентай  Бердин ... сияқты  жастар  өз ауылдарында «Еңлік – Кебекті» қайталап, сахнаға  шығарады. Сол  үлгідегі  өздері  жазған  пьеса, скетчтерді  сахналайды.

Көркемөнерге  1920 жылдан  техникумда  оқып жүргенде-ақ  қызығушылығы оянған Ибади Матақов «Ақтан   бұлағыда»  (Медеу  мектебінде  оқу  ісінің  меңгерушісі  болып  жүргенде) «Бәйбіше  тоқал», «Қызыл  сұңқар», «Шернияз», «Сылаң  қыз», «Жебір  болыс» пьесаларын қойғанын өз  естелігінде  жазады. Оған  мұғалімдер:  Зәбір  Қойшыбаев, Қақабай Жиреншин, Закария  Рахымжанов, Жақан Мұхаметжанов, Сүйеу  Ағыбаев... оқушылардан Шыныбек Оразбеков, Есбай  Бекхожин, Мұхтар Шалағанов, Бүтімбаев  қатысыпты.

Әйел  бейнесін  Тоқтау Күшіктің келіні, оқушылармен, Өсіптің  әйелі  ойнаған  екен. Керекті  киімді  оқушыларға  жинатып, көбіне  Қасымжан байдың  қызы, Шәкәрім қажының  Зият деген баласының қалыңдығы – Гүлзия деген қыздың  сәнді  киімін, шолпысын т.б. әшекей  бұйымдарын  пайдаланыпты.

Мектеп қабырғасында  жүріп 1936-1939 жылдары  Қарауылда «Айман - Шолпанда» Әлібек, «Қыз Жібекте» Шекті ақыны  болып  ойнаған  Оспанов  Игентай  өзінің  естелігінде жазыпты.

«Айман – Шолпанда» Қоңқыбаев Нұр-төлеу Басыбар  рөліне, Оразбеков  Кенжеш – Арыстан рөлінде, Сүлейменова Әнуар – Айман  ролінде, Сиязханова  Жамалия – Шолпан рөлінде ойнағанын  жазады.

Сондай-ақ, «Қыз  Жібекте» Төлеген  болып Жұлдызбаев Мұсатай, Бекежан  болып – Алдаберген Кәлембек, Қыз  Жібек  болып, Қыз  Жібектің  шешесі  болып – Ғабдуллина  Мәкен... басқа  бейнелерде  Оразбеков  Кенжеш, Сүлейменова Әнуар, Құтжанова  Нағима,  Молдабекова  Рыскүл, Сарбасов  Нүкен, Ырымбек, Тәттібек т.б. азаматтар  ойнаған  екен.

Шыңғыстау  ауданында (ол кезде аудан солай  аталатын) баспахана  ұйымдастырып, газет  шығарумен шұғылданып  жүріп, 1930  жылдары мәдени-ағарту  шараларына белсене  араласқан Нұғыман Теміров  «Түнгі  сарын», «Шұға» сияқты көлемді шығармаларымен  қатар  «Сақал  саудасы», «40 градус» сияқты комедиялық, күлдіргі шығармаларды сахналауға  қатысқан  екен. Өздері  қойған  «Айман – Шолпан», «Қыз  Жібек», «Бекет  батыр» ойындарында Күмісбек  Әзімбаев (Әлібек),Кәлембек Алдабергенов (Қарасай), Мұсатай Жұлдызбаев (Әбіш), өзі  Көтібар, Бекежан, Бекет  батыр  ролінде  ойнағанын  еске  алады.

Аудандық  комсомол  комитеті, бастауыш комсомол  ұйымдары басқаратын ол  ойындарды қойғанда электр жарығы болмағандықтан,  керосин  шамды пайдаланатынын, қажетті қылыш, найза, сақал-мұртты ағаштан, ешкінің  терісінен  қолдан  жасайтындарын, түлкі тымақ, саптама, шапан сияқты қажетті  киімдерді елден  сұрап жинаған екен.  Отызыншы  жылдардың  соңына қарай спектакль қоюға,  ойын-сауық ұйымдастыруға деген  бірсыпыра тәжірибе  жинақталып қалған  еді. Отан басына  туған қауып те өнердің  өсу қарқынын  тежей алмапты. Өнерге  деген  сол құштарлық, қабілет соғыс  кезінде де жалғасыпты.Ол тұрмыстың ауырлығына мойымай  жеңісті қамтамасыз  етудің  бір  тәсіліндей танылады. Күн  ұзақ  еңбек еткен  ауыл жастары кеште  жиналып,  дайындық  жасап, таң бозынан кеш  батқанша  ауыр  еңбек  ететін тылда,  қалған  қариялар  мен  кәмелетке толмай-ақ ауыр  еңбектің  қамытын  киген жастардың өнер арқылы көңілін  көтеруді  мақсат  етеді.

«Айтарға  ғана  оңай,  бұл  шараны жүзеге асырудың  ауыр  азабы бойжетіп  келе  жатқан қыздармен, көкөрім  ұлдардың, жас келіншектердің өздері қалаған  шаруасы еді. Өйткені, ұйымдастырылатын ойын-сауық, қойылатын сахналық қойылымдарымыз  жеңіске  жететінімізге  жұртшылықты  сен-діру... «Жеңіс  үшін...» өмір  кешу, еңбек  ету ұранымен  жүретін» – деп  еске   алады, қарт өнерпаз Бақытжамал  Өмірзақова. Соғыс  кезінде (бірнеше қайталап) қойылатын  драмалық  шығармалардың бәрі  дерлік  ешбір жауға  мойын ұсынбаған ,ешқашан жеңілмеген, ата-бабаларынан қалған  жердің  сынық  сүйемін  жауға таптатпаған  батыр бабаларымыздың қаһармандық дәстүрін жалғап, ұлттың  рухын сақтауға уағыздайтын халық  батырларының өмірін, ерлік  өнегесін паш  ететін «Қамбар  батыр», «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Төлеген», «Жалбыр», «Аманкелді»...  жөніндегі шығармалар  болатын.

Ер-азаматтар түгелге  дерлік қан  майданда жүргендіктен қойылымдардағы  батырлар,  еркектер  бейнесін ойнауға  жас келіншектер мен  бойжетіп  қалған  қыздар  шығады.

Соғыс  жылдарында  Қарауылда, Саржалда, Архатта, Қызылтаста өнер  туын ұстаған өнерпаздардың  өзі  қыз- келіншектер  болған  еді.

Аудандық  клубтың  меңгерушісі Данагүл Нұрпейсова (аудандағы атақты  өнерпаз Раушан  Нұрпейсованың  анасы) басшылығымен қойылған  пьесаларында Сарқыт  Смағұлова (Бақыт Шағатаеваның анасы) Шеге, Қайныжамал Балтақаева – Төлеген, Зейнел  Мұқашева – Бекежан, Әлібек, Үміткен Тортаева – Қыз Жібек, Бекежан... Сондай-ақ, Мінәш  Искакова, Нағима Құтжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Қамария  Рахымжанова, Әсия Майқанова, Мүслима Құтжанова,  Ләйля  Халелова, Рыскүл  Молдабекова, Бағдат Сақалова, Кәмаш  Рахымжанова, Нұрбике Айтқожина, Бағила  Төлеутаева, Зәбира  Сүлейменова бірнеше  спектакльдерде ойнап, қойған ойын-сауық арқылы тұрмыс ауырлығын мойымай  қаралы  көңілдің жарасын жазып, жауды  жеңуді  арман еткен  жұрттың тілегіне жететініне сенімін ұялатып, қуаныш  сыйлауға тырысыпты. Өнерге  деген  бұл  жанкешті  құштарлық  өмірді мәнді,  еңбекті  өнімді  етумен  қатар  үлкендер үлгісінің  сабақтастығын  өрістете  түскені анық. Қойылған ойыннан  жиналған  қаржыны  әскер семьясының  қажетіне  жарату, қан  майданда шейіт болған  жауынгердің  отбасына  таратып беру  ісі де  қалыптасқан  дәстүр  болыпты.

Жеңіс  қуанышына  ұласа 1945  жылы  өткен  Ұлы  Абайдың  100 жылдық  мерей  тойы, өнерпаз қауымды  қанаттандыра  түскені  белгілі.

Елуінші  жылдардың  басында өмірге  өзіндік өнерімен келген Ақылханов  Қайырхан, Азубаев Төкен, ағайынды  Қылышова, Исатаев Сапарғали...

«Еңлік – Кебек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакльімен қоса  ән-күй, би, музыкалық  аспаптар ансамбьлінің  орындауында концерт  қойып, ойын-сауық  ұйымдастыруды  қалыптастырады.

Аудандық  мәдениет  үйінде  Төкен Бейсекенов директор  болған 1953-54  жылдары  Кеңесбек  Бақтажаров, Қафура  Балғынбаева, Нәзікен Телібаева, Мейрамбек, Еркеш Жанболатов, Металл Аханов, ағайынды  Қылышева  бастаған  өнерпаздар  облыс-та  жеңімпаз  болып, республикамыздың сол тұстағы астанасы  Алматыда  өнер  көрсету құрметіне  ие  болады.

Елуінші  жылдардың  соңына  таман  өнерге тыңнан  қосылған жастар  «Еңлік – Кебекті» қайтадан  сахналап, Еңлік  ролінде – Сәуле  Нұрпеисова , Кебек  ролінде – Телман Құсатаев, Жапал бейнесінде – Жеңіс  Бекхожин, Би  ата  бейнесінде – Тельман  Молдахасимов; Көбей  би  бейнесінде  Ораш  Әбдіханов; Қараменде  баба  бейнесінде – Мұхамеджар Қасымбеков; Еспенбет би, батыр бейнесінде – Мейрамғали  Исатаев, басқа  бейнелерде Саятбек  Ибрагимов,  Хамит  Әбдіғалымов,  Қанағат  Ықыласов ойнап  шығып, үлкен  концерттік  бағдарламамен  бүкіл аудан  шаруашылықтарымен бірге  көршілес  Шұбартау, Аягөз, Абыралы  аудандарын  аралап, ойын қояды. Бұл  жылдары ұжымның   жетекшісі, ұстаз – Оразов  Мұхан  аудандық  мәдениет үйінің  директоры  болатын.

Әртүрлі  өнерге қабілетті, табиғи  дарын  иелері, түрлі арнайы оқу  орындарын, қысқа  мерзімдік  курстарда оқыған Тиыштықбаев Бақдәулет, Бекбатыров  Қарпық, Құсайынов  Орынбек, Ақанов  Металл, Әкішев  Әлібек, Бақтажаров Кеңесбектер  өнерпаздар қатары  толысқан шақта  өнер  түрлері жетілдіріліп, саз  аспаптары  толықтырылып, ән-күйдің  халықтық,  классикалық  үлгілері  өмірге  келе  бастады.

Алпысыншы  жылдардың  басында  түрлі  қалалардағы жоғарғы  оқу орындарын  бітіріп  келген  жастар  өнерге жаңа  тыныс,  соны серпін  ала  келді. Олар  тарихи, эпикалық  қана емес көлемді де  күрделі  трагедиялық, психолгоиялық, комедиялық  шығармаларды  сахналауға ұмтылды. Ұжымның  өз қатарынан өсіп  шыққан өнерпаз  жетекшілер: Исатаев  Мейрамғали, Қасымбеков  Мұхан,  Оразалин  Сапар И.Матақовтың  «Соңғы  түн», Ә. Тәжібаевтың «Жалғыз  ағаш орман  емес», «Беу, қыздар-ай», Ж. Қабышевтың  «Гауһар»,  С.Субханбердиннің  «Айгүл», Ә.  Тәжібаевтың «Той  боларда»... т.б. күрделі  драмалық шығармаларды  сахналады.

Қазақтың  ұлттық  театрының  шымылдығын (1917ж.) ашқан  «Еңлік – Кебек» 1960-70 жылдары  республикамыздың барлық  үлкенді-кішілі  драма  театрларының репертуарында  тұрақты енген  кезі  болатын.

Бірнеше   мәрте  қайта  қарап,  өңдеген  «Еңлік  – Кебек» трагедиясына  Мұхаңның  өзі  ерекше  ықыласты  болыпты. Еңліктің  ата-анасы, туған  жерімен  қоштасып,  айтатын  жырының  саз  сарынына  көңілі  толмай Әміреге: «... Осыған  үйлесетін , өзіміздің  елдің  ескі  жоқтау  сарындарының ішінен бір  мұңлы  сарын  тапшы ?!» – деп қолқа салады  екен.

Бірде  Әміре  ұсынған  саз  сарындарының  ішінен  біреуін  ұнатып, оны  театрдың  музыкалық  жетекшісі  Латиф  Хамидиге  айтып,  нотаға  түсіртіп, оркестрге  ойнаттырып, Еңлік   болып  ойнап  жүрген  әнші,  артист   Рабиға  Есімжановаға  үйреттіреді.

Алғаш  рет  спектакльде  Рабиға  айтқан  Еңліктің  қоштасу  зарын  естігенде  Мұхаң  бұлаудай  болған  көз  жасын  тыя  алмай  қояды.

Кейінде,  «Еңлік – Кебек» қойылатынын хабарлаған  сайын, таңертеңгі  самолетпен  Алматыдан Семейге  ұшып  келіп жүреді.  Спектакльді  көріп, Еңліктің  зарын  тыңдаған соң Рабиғаны  шақырып  алып,  маңдайынан  сүйіп: «Сен,  Еңлік  үшін  туғансың» – деп  риза  болып, өксігін  баса  алмай  кешкі  самолетпен  кері қайтатын көрінеді, жарықтық ұлы  Мұхаң.

Кезінде   ешкім  мұның  мәнін  Мұхаңнан батып  сұрай  алмаған  болса  керек.  Қазір ойлап отырсақ, бұл Мұхаңның шешілмеген, ішінде кеткен жұмбағы болса керек.

Абай  ауданының драма  үйірмесі де  «Еңлік - Кебекті» мезгіл-мезгіл сахнаға  шығаруға  тырысатын. Құрамның  қатары жаңа, жас өнерпаздармен толығып тұрақтанған 1962 жыл сол дәстүр тағы  бір жаңғырды.  «Мұхаңның драматургиясы» тақырыбында диплом  қорғаған журналист  Мейрамбек Жанболатовтың  режиссерлік етуімен  қойылған трагедияда да :

Еңлік  болып – Нағия Бұланбаева, Баян Сағынбаева;

Кебек болып – Мерғали  Ибраев, Мейрамбек Жанболатов;

Жапал  болып – Жұмабек  Қамбаров;

Еспенбет  болып – Дәкен Тәкежанов, Әлімқұл Искаков;

Есен  болып – Мейрамғали Исатаев;

Нысан  абыз  болып – Мейрамбек  Жанболатов, Қозыхан Изатов;

Көбей  болып – Сапар  Оразалин;

Қараменде  би  болып – Мұхамеджан  Қасымбеков, Молдабек  Жанболатов  т.б.өнерпаздар  бірігіп тамаша  өнер  көрсетті.

Спектакльдерге  Молдабек  Жанболатов,  Базарғазы  Базарбеков, Риза  Күзенбаев, Советхан  Өмірханов, Төкен  Сакенов, Хафиз  Әмренов, Орынбек Жұмаханов...  суретші, безендіруші, музыкалық  көркемдеушілер  болып еңбек  етті. Бұдан  кейінгі  қойылымдарда  осы  творчестволық  ұжым  өз  ісін  жетілдіріп,  әрбір  көрініске  лайықты декорация  жасайтын  болды. Әрбір  бейнеге   қажетті  бутафориялық  жабдық  жасайтын еді. Түрлі  дыбыстық  әсер  туғызатын  құрылғыларды да  қолдан  жасай  бастады.

Спектакль қоюдың  профессионалдық  талабын  жете  меңгеруге талаптанып  сахнаға шығарған «Бөлтірік  бөрік  астында», «Соңғы  түн», «Күн  мен  көлеңке», «Жәмила», «Алтын  сағат» т.б. көркем, көлемді шығармаларды  сәтті  орындауға  жетті.

1964 жылы  жаңадан  шаруашылық  есеппен салып  біткен  аудандық  мәдениет  үйінің  сахнасын  ашу  үшін,  Мұхаңның  «Қаракөз» трагедиясын  дайындап  шықты.  Бұл  республикамыздағы  жаңа  театрларды  М.О. Әуезовтің  шығармасымен  ашу  дәстүрінен туған талап  еді. Сәтті  шыққан  трагедиямен т.б. спектакльдермен қоса  дайындаған  концерттік  бағдарлама  1965  жылы  өткен облыстық  байқауда, 1966 жылы республикалық фестивальда бірінші орынды  жеңіп алды.  Осы  қойылыммен  1917 жылдан  бері  өмір  сүріп келе  жатқан  драма  үйірмесіне облыста  алғашқылардың  бірі есебінде  «Халық»  театры  деген  атақ  берілді. Ол «Ұлы  Абай» есімімен  аталатын  болды.

Республикалық  жүлделі  орынға  ие  болған «Абай»  халық  театры  бүкілодақтық  фестивальға  қатысып, республика  намысын  қорғау  құқығына  ие  болды.  Оған  арнайы   дайындаған  Б. Майлиннің  «Жалбырын»  бүкілодақтық  фестивальда Кремль театрының  сахнасында  қойып  шықтық. Фестивальға  қатынасқан 34 ұжымның  ішінен іріктеліп  алынған  жеті  халық  театрының  бірі болған  «Абай»  халық  театрына  деген бұл зор  құрмет еді.

Қазақстаннан  Кремль  театрына барып , өнер көрсеткен тұңғыш  көркемөнерпаз  ұжымы  ел  сенімін ақтады. Қаншама  қиын  болса да,  өнерпаз  қауым ел  намысын абыроймен  қорғап, фестивальдың  үлкен  «Алтын»  медальін  жеңіп  алды.

Әдеби-музыкалды спектакльді  арнайы  барып  көрген Социалистік  Еңбек  Ері Ғабит  Мүсірепов: «Ойындарың  ойлаған  жерден  шықты. Шын  жүректен  құттықтаймын! Абай аталарыңның  атына  нұсқан  келтірмедіңдер. Белағаңның (Бейімбет  Майлиннің) атынан тағы  бір  алғыс!» – деп  тебірене  құттықтау  жолдаған  болатын.

Кремльде  қойылған Бейімбет  Майлиннің «Жалбар» әдеби-музыкалы  қойылымында  басты  рольде  Баян  Сағынбаева,  Раушан  Нұрпеисова, Болат Баймұратов, Мейрамбек  Жанболатов, Орынғали  Садуақасов,  Момынжанов  Наурызбек, Есет  Закиров  фестивальдың  лауреаты  атанып, І  дәрежелі  дипломмен   марапатталды.

Бұл  1967 жыл «Еңлік – Кебек» трагедия-сының  ең  алғаш жазылып, сахнаға  шыққанына  жарты ғасыр толған  мерекелік  жыл  еді.

Москва  сапарынан  келе  салып, қазақтың  тұңғыш  драмалық  шығармасы  «Еңлік- Кебектің» қазақ  сахнасының  беташары болған  ойынына жарты  ғасыр  болуын  арнайы  тойлау үшін  аудандық  партия,  кеңес  органдарымен  облыстық  мәдениет  басқармасының   ұйғарымымен  арнайы  мерейтой  өткізілді.

Мерейтойда сол  кездегі  мәдениет бөлімінің  меңгерушісі  болғандықтан «Киіз  үйден  Кремль сахнасына  дейін  50 жыл» – деген  баяндама  жасап, ауданның  өнер  ардагерлерін  жинап,  салтанатты  жиын  өткізген  едік.

Жиынға  аудандық  партия  комитетінің  бірінші  хатшысы  Кәрім  Нұрбаев, аудандық  Кеңес  атқару  комитетінің төрағасы  Рымхан  Ғабдуллин, облыстық  мәдениет басқармасының  бастығы   Мұхтар  Ағзамов  және өнер  ардагерлері, өнерпаздар қатынасты.  Мерейтой  қарсаңында  драма  үйірмесінің  жалғасы  «Абай» халық  театрының тарихы, арнайы «Еңлік – Кебек – 50де »  деген  үлкен форматты  фотосурет, шежіре  альбомы  жасалған  болатын.

Соның  негізінде  «Аңыздар  өлкесі» атты көлемді көрме жасалып, ол кейініректе жетілдіріліп,  ауданның  «Өлкетану тарихи  мұражайы»  болып  шыққан  болатын.

Содан  бері де   ғасырдан астам  уақыт  өтті. Осы  мерзім  ішінде  «Абай»  халық театры  өз қатарына  тағыда үш  халық  театрын  «Қаламқас» , «Балдырған», «Қызғалдақ», «Балауса» ән-би  ансамбльдері  мен  ұлт  аспаптары  оркестрін  қосып  алды.

 Аудан  жұртшылығына  көрсеткен  жүз-деген спектакльде   мыңдаған  көрерменнің қошеметіне  бөленді.  Олардың  өмірге  құш-тарлықтарын, Отанына, халқына  деген  сүйіспеншілігін арттырып, рухани  асқақ  мәдениеттілігі  жоғары  азамат,  адам  болуына ықпал  етті.  Қаншама буын өнер әлеміне қанат қақты. Облыс, аймақтың мәдениеті мен ұлттық  дүниетанымын орнықтырып, оң көзқарастарын  қалыптастырды.

Аудан  өнерпаздары осы  мерзімде  өткен  Ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтардың  мерейтойларында театрланған  көріністер көрсетіп  келеді. Ауданның  саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық  өсуіне  сүбелі  үлестерін қосып жүр.

Өнері  өрісті, еңбегі  жемісті  аудан  үшін  жаңа  2022 жыл  ұлы  М.Әуезовтің  туғанына  125 жыл, қазақтың  сахна  өнерінің  қарлығашы  «Еңлік – Кебек» трагедиясының  жазылып,  сахнаға  шыққанына 105 жыл  және  «Абай» халық  театрының  құрылғанына 55 жыл  толатын мерейлі,  мерекелі жылы  болмақ.

Алмастай көп  қырлы  ұлы  М.О. Әуезовтің қазақтың сахна  өнеріне  қосқан  үлесі  де оның жақұттай  жарқыраған  асыл  текті көп еңбегінің  бір  саласы.  Қазақ  драматургиясына  қосқан  Мұхтар  еңбегі мерейтой  қарсаңында  ерекше  мән беріп қарауға  лайықты құндылық. Оның  өзі  Мұхтартану,  өнертану  ісінің  негізі  болмақ.  Осы  орайда  жүзеге  асырылатын  шаралар  аз  емес.

Тек науқандық ұранның аясында қалып қоймаса деп тілейміз.

 

2035 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы