• Шежіре
  • 30 Маусым, 2022

Шағатай ұлысының таңбалы монеталары

Қазіргі таңда халықаралық музейлер күнін жыл сайын 18 мамырда мерекелеу дағдыға айналып кеткеніне бірсыпыра уақыт болды. Бұл айтулы мәдени шара тарихи бастауын өткен ғасырдың соңынан алады. 
Яғни 1977 жылы Москва мен Ленинград қалаларында өткен 11 бас конференцияда ICOM (International Council of Museums – Халықаралық музейлер кеңесі) мүшелері осы мерекені атап өту мәселесін қарастырып, оның ресми датасы ретінде әр жылдың 18 мамырын бекітеді. Содан бастап айтулы мәдени іс-шара әлемнің көптеген елдерінде қолдау табады. 
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2006 жылдың 18 мамырынан бастап еліміздің музейлерінің ішінде алғашқы болып осы мейрамды жыл сайын ресми түрде өткізіп келеді. Ағымдағы жылы 17 мәрте ұйымдастырылып отырған «Музей түні –2022» Ел Президенті бекітіп берген «Балалар жылы» тақырыбы аясында өтті.
Мерекенің негізгі мақсаты музей қорларында сақталған тарихи жәдігерлерді дәріптеу, сол арқылы музейлерге келушілердің санын көбейтіп, әсіресе жасөспірім ұрпақтың  өз елінің тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, оларды сан алуан мәдени-танымдық шаралар арқылы тәрбиелеу болып табылады. 

Өткен ғасырдың ортасында, дәлірек айтсақ 1958 жылы Алматы қаласының №52 мектебінің екі оқушысы Алматы қаласының оңтүстік бөлігінде орналасқан «Горный Гигант» колхозының аумағынан күміс монеталар көмбесін кездейсоқ тауып алады. Александр Клещенко мен Сергей Дробышев есімді ересек балалар өздері тауып алған «олжаларын» сол жылы жергілікті өлкетану музейіне өткізеді (қазір Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі). Өкінішке қарай, көмбенің қалай табылғандығы жөнінде мардымды ақпарат сақталмаған. Алайда, балалар тарапынан музейге табысталған  бұл монеталар уақыт өте келе маңызы зор тарихи дерекке айналады.  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорында сақталып отырған бұл шығыстық нумизматика жәдігерлері (XIII-XIV ғғ.) әртүрлі кескіндегі таңбаларға ие. Алматының дәл түбінен табылған аталмыш көмебені еліміздің тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысы бар Шағатай монеталарының Алматы көмбесі деп атауға болады.

Көмбенің күміс дирһемдерінің барлығына дерлік (1386 сақтам бірлік) таңбалар салынған. Белгілі бір дәуірдегі мемлекеттің саяси-экономикалық, шаруашылықтық, әлеуметтік әл-ауқаты мен жекелеген билеушілердің өміріне байланысты тарихи фактілерді сараптап, талдап, сол кезеңнің тарихи объективті хроникаларын қалпына келтіруде жалпы нумизматика саласының, оның ішінде таңбалы монеталардың қосымша дереккөз ретінде атқарар міндеті зор. Әдетте таңбалы монеталардың аверсінің (Av.- беткі жағы) ортасына билеуші ақсүйек әулетінің таңбасы салынып, оны айналдыра легендасы (монетаның соғылған жылы), эмитент (монетаны соқтырушы билеушінің есімі) пен ақша сарайының атауы), ал реверсіне (Rs. - артқы жағы) мұсылмандықтың белгісі «кәлима шәһада» (куәлік беру сөзі) жазылып отырды.

XIII ғасырда құрылған Шыңғысхан империясы сол уақыттағы саяси және геосаяси мәселелерге байланысты ыдыраған соң, қазіргі Қазақстан аумағы оның ұрпақтары Жошы, Шағатай және Үгедей басқарған өз алдына дербес ұлыстардың  құрамына  кірді.  Саяси, сауда-экономикалық, этномәдени және этноәлеуметтік тығыз қарым-қатынаста болған көшпелі және жартылай көшпелі бұл ұлыстар көрші мемлекеттермен әртүрлі соғыстар жүргізіп, кейде өзара  қақтығысып та отырды.

Сол дәуірлердегі Шыңғыс әулетінен тараған әрбір билеуші  өзі  басқарған  мемлекет-тің экономикалық дербестігін дамыту және таныту мақсатында арнайы ақша сарайларын (монетный двор) салдырып, өз аттарынан шығарған алтын (динар), дирһем (күміс) монеталарға таңбаларын да қоса соқтырды.

Музей қорындағы аталмыш монеталар ортағасырларда Шағатай ұлысының құрамына кірген Алмалық, Андиган, Бұхара, Йанги, Қашғар, Кендже, Маргинан, Орду Базар, Отырар, Ош, Пулад, Самарқанд, Тараз, Термез, Ходженд, Шаш қалаларының ақша сарайларында соғылған. Шағатай монеталарының Алматы көмбесінің ішінде Бұхара, Термез қалаларында соғылғандары сан жағынан үлкен басымдылыққа ие. Бұл кешеннің құрамында XVI ғасырда шыққан Жошы дангалары да кездеседі.

Музейлік тарихи тың дереккөз болып табылатын осы монеталарға ортағасырларда Шағатай әулетін билеген Үгедей үйінің өкілі Қайдудың таңбасы салынған. Екі ұлыстың (Шағатай және Үгедей) басын біріктірген Қайду 1271 жылы Тараз қаласында таққа отырады. Қайдудың таңбасы ортасында белдемше сызығы бар «S» () әрпіне ұқсас. Қайдудан кейін оның көптеген ұлдары мен жақын туысқандары өздерінің атақты аталарының таңбаларын қолданған. Сондай-ақ, бұл монеталарда 1281 жылы Шағатай ұлысының тағына отырған Қайдудың үзеңгілес досы, әрі cаяси одақтасы Дуаның да таңбалары жиі кездеседі. Дуаның таңбасы астыңғы жағында көлденең бір сызыққа бекітілген «Ф» () әрпіне ұқсас. Сол заманда Алмату қаласы Қайду хан иелігінің құрамына кірді. Қаланы ханның жақын туысқаны биледі. XIV ғасырдың басындағы Шыңғысхан ұрпақтарының арасындағы сан алуан өзара тартыстар мен соғыстар осы қаланы айналып өтпегенін байқауға болады. Бұл қала біраз уақытқа дейін тыныс-тіршілігін тоқтатты десек те артық айтпаған болар едік. Мұның дәлелі ретінде қарастырылып отырған Шағатай монеталарының Алматы көмбесінің XIV ғасырдың алғашқы онжылдығынан кейін, яғни 707-709 һ. ж./ б.д. 1307-1308 жылдардағы ойраннан кейін қалыптасқандығын айтуға болады.

Қайду мен Дуа хандардың таңбалары музей қорындағы Шағатай монеталарының барлығына басылған. Тек Қайду ханның немесе оның туысқандарының таңбаларын соққан ақша сарайлары: Самарқанд, Бұхара, Шаш/Ташкент, Отырар, Алмату, Қашғар, Пулад, Хотан, Орду, Еміл, Кендже, Тараз.   

Қайду мен Дуа хандардың таңбаларын қатар соққан ақша сарайлары: Андиган, Алмалық, Йанги, Тараз/Йанги, Тараз, Кендже, Ош, Маргинан. Осы аттары аталған ортағасырлық қалалардың барлығы Қайду мен Дуаның иеліктеріне қарады.

Шағатай  монеталарында  жиі  ұшырасатын осы екі таңаба «»  һижра  жыл  санауы  бойынша әр жылдары соғылған Алматы көмбесінің барлық монеталарына үлкенді-кішілі болып келген түрлі геометриялық пішінде « »  соғылған. Кез келген таңба атадан балаға берілгенде қосымша белгілердің жалғануы немесе алынып тасталуы арқылы өзгеріске түсіп отыратыны белгілі. Монеталардан таңбалардың кейде тігінен, кейде көлденеңінен түсіп отырғандығын байқауға болады. Кескіндері де пішіні жағынан біркелкі емес, кішірейген, үлкейген, қисайған күйінде соғылғандары да бар. Бұлардың барлығы монетаны соғуда қолданылатын Аv. және Rs. штемпелдеріне қаншалықты дұрыс жасалғандығына және олардың соғылу деңгейі қандай дәрежеде дұрыс жүргізілгендігіне байланысты болса керек.

Бұл таңбалардың барлығы Қайду мен Дуаның және оның жақын туысқандарының таңбалары. Олардан кейін Шағатай ұлысының билік басына келіп, Бұхараның орталық уәлаятының монета соғу ісіне реформа жасаған Кебек хан Дуаның кішірейтілген таңбасын                 «» қолданған. Ал, өз кезегінде, Дуа «» мен Кебектің «» таңбаларының негізі өздерінің ұлы аталары, әлемнің әміршісі Шыңғысханның таңбасынан «» алынып, өзгеріске түскендігін көруге болады. Қайду да өзінің хан атасы Үгедей  қағанның  мына  пішінді  таңбасының    «» ортасына «» қысқа белдемше сызық жалғау арқылы өзгертіп, монеталарға басуды бұйырған. Бұл дегеніміз, біріншіден, негізгі таңбаның хан тағы төңірегіндегі әкімшіліктік-саяси және саяси-иерархиялық әртүрлі жағдайларға байланысты әкеден балаға, ағадан ініге немесе тікелей атадан немереге, яғни бір билеушіден екінші билеушіге «ата-баба жолы» дәстүрімен мұрагерлікке беріліп отырағандығын көрсетеді. Екіншіден, «хан атаның»  немесе «хан әкенің» таңбасын еншіге немесе сыйға алған мұрагер билеушінің солардыкіне ұқсас өз таңбасы бола тұра, оның өзінен де әлдеқайда зор беделге ие даңқты ата-бабаларының таңбаларын қолдануы монета соғу ісінде көшпелілердің ел басқару жолындағы «үлкенді құрметтеу принципін» қасиет тұтқандығын байқатса керек. Үшіншіден, бұл жерде, Шыңғысхан әулетінің қол астындағы көшпелі мемлекеттік бірлестіктердің билік қатынастары жүйесінің генеалогиялық және идеологиялық негіздегі мызғымас қағидаларына сай басқарылатын иерархиялық ішкі тәртіптер де ескерілген болуы тиіс. Түйіндей айтқанда, сол уақыттардағы билеушілер көшпелі қоғамның көп жылдар бойы қалыптасқан саяси- иерархиялық дәстүрлі тәжірибесі мен ережелерін мемлекеттік маңызды істерді жүргізуде  дағдылы  түрде қолданып, сол әдептен озбай мүмкіндігінше сақтағаны байқалады. Сол себепті де Қайду мен Дуа өздеріне қараған иеліктердің барлық рыноктарының айналымында еркін жүру үшін Шағатай ұлысының монеталарына мемлекеттің айырықша белгісі ретінде өздерінің таңбаларын салып отырған. Кейбір жағдайларда бір монетада екі ханның таңбасы қатар тұрды. Монетадағы жалғыз таңба орталықтандырылған мемлекеттің тізгіні бір ханның қолында екендігін, оларды соқтырушы ақша сарайының соған қарайтындығын, ал қатар тұрған екінші таңба ақша шығарғандығы үшін төленетін салықтан түскен пайданың саяси одақтастар арасында екіге бөлінетіндігін, әрі оған деген сый, құрметті аңғартса керек.

Монетадағы таңба бірінші кезекте меншікті білдіретін, әрі оның заңдылығын негіздейтін, әрі қуаттайтын белгі. Сондықтан да ортағасырларда таңба атауымен салықтың бір түрі бекер аталмаған болуы керек. Нумизматикалық екерткіштердегі таңбалардың бірінші міндеті шаруашылықтық, оның ішінде жеке меншіктің есебін жүргізумен байланысты болса, екіншісі, дербес билікті саяси мағлұмдау болып табылады. Сонымен қатар монетадағы таңба оның иесінің (эмитент) ақша шығару құқығына ие болуын қамтамасыз етті. Бұл, әрине, ақша шығарушының тұрғысынан қарағандағы көзқарас. Шағатай ұлысында соғылған таңбалы монеталардың негізгі қызметтерін логикалық қисынға сай баяндасақ:

– біріншіден, белгілі бір ақша сарайынан (қала) соғылып шыққан монетадағы таңба сол аймақтың меншік иесі мен оның ортақтасы (совладелец) туралы хабар береді.

– екіншіден, Шағатай ұлысының барлық ақша сарайларында соғылған бүкіл монеталарына (кейбір сирек жағдайларды ескермегенде) Дуаның, Дуа мен Қайдудың немесе жеке Қайдудың, сондай-ақ Шағатай мен Үгедей  ұрпақтарының таңбаларының соғылуы оларды өзге мемлекеттердің және хронология жағынан басқа уақыттың монеталарынан оңай ажыратуға мүмкіндік берді.

– үшіншіден, монетадағы таңба оның иесінің мемлекеттік иерархиядағы мәртебесінің жоғары екендігін мәлімдейді.

– төртіншіден, монетадағы таңба кескінінің өзі Шыңғыс ұрпақтарының біреуіне тиесілі екендігін көрсетеді.

– бесіншіден, монетадағы таңба оның иесінің билік құруы, жоғарғы мансапқа жетуі жеті атасынан бері «Тәңірінің құтымен» жалғасып келе жатқандығын меңзей отырып, оны заңды түрде растайды.

Сонымен, Шағатай ұлысының монеталарындағы таңбаларды зерделей отыра төмендегідей пайымдаулар жасауға болады. 1. Монетағы таңба меншіктің белгісі. 2. Монетадағы таңба жеке меншіктің, әрі дербес биліктің белгісі. 3. Монетадағы таңба заңдық және саяси тұрғыдан негізделген ерекше маңызды харизмалық жүкті көтерді. 4. Таңба мұрагерлік жолымен билеушінің ұлдарының біреуіне берілді, ал қалғандары кескіндері өзгеріске түскен немесе пішіндері мүлдем өзгеше таңбаларды алды.

 XIII-XIV ғасырларда Шыңғысхан әулеті билеген түркі мемлекеттерінің монеталарындағы таңбалар әртүрлі зат-бұйымдар мен төрт түлік малға салынған таңбалармен салыстырғанда барынша көп ақпараттық-мағыналық, заңдық және саяси мәнге ие болды. Монетадағы таңба бірінші кезекте, меншікті білдірумен қатар билеушінің заңдылығын, оның «Құдай берген билігінің» пәрменділігін танытатын харизмалық күш-қуатты білдірді. Екінші кезекте, сол билеушінің «алтын ұрықты» әулетке жататындығымен бірге оның ешкімге тәуелсіз жеке басының билігін, ол басқарған дербес мемлекеттің бүкіл экономикалық-әлеуметтік әлеуеті соның қолында екендігін көрсетті.  Үшінші кезекте, таңбалы монеталар билеушінің (эмитент) қазынасына түсетін ақшаның кіріс-шығыс бөлігі мен дүние-мүліктің есебін жүргізуге және оларды соқтырудан (сикка) түсетін салықтың көлемін бақылап отыруға көмектесетін индикатор рөлін атқарды.

Дуаның таңбасы соғылған күміс дирһем.

 Тараз ақша сарайы (692 һ.ж.).

Қайдудың таңбасы соғылған күміс дирһем.

Кенджек ақша сарайы (677 һ.ж.)

Дуаның таңбасы соғылған күміс дирһем. 

Термез ақша сарайы (703 һ.ж.)

Қайду мен Дуаның таңбалары қатар соғылған күміс дирһем.

Андиган ақша сарайы (жылы көрсетілмеген).

Қайду мен Дуаның таңбалары қатар соғылған күміс дирһем.

Ош ақша сарайы (68/7/2 һ.ж.)

 

Жасұлан БЕЛТЕНОВ,

                      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі

                 Музейлік деректану және қолжазба бөлімінің жетекшісі.

2091 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №6

30 Маусым, 2022

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы