• Руханият
  • 01 Мамыр, 2022

«ҚАЗАҚ - ЖОҚШЫ»

Ахмет  Байтұрсынұлының қанатты сөздері

Биыл қазақтың маңдайына біткен аса ірі тұлғаларының бірі Ахмет Байтұрсынұлының (1872-1937) туғанына – 150 жыл! Ол «Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі» дей отырып, ұлт жұмысына күшімен де, тісімен де, білім қуатымен де ақтық демі таусылғанша қызмет етті, қолынан келгенше еңбек сіңірді. Әрі «Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс. Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай Һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға  кәсіп керек.  Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жалықпай жұмыс істеу керек» деп, қазақтың қарыштап алға басатын, өркендейтін сара жолын көрсетті. Әуелі «Көсем сөз – әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз» деп, барлық газет-жұрналдарға қоғамдық пікір туғызатын, ұлтты соңынан ертетін көсем сөздер жазды. Іле-шала «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі... Газеті жоқ жұрт, басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды» деп, шапшаң тарайтын басылымның мән-мағынасын, пайдасын түсіндіріп, Әлекеңмен ақылдаса отырып, Міржақып Дулатов екеуі «Қазақ» газетін ашты. «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету – қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі – осы! Жол – ұзақ, ғұмыр – қысқа, қолдан келгенінше істеп кетелік», – деп, Алаш баласын осы газеттің маңына топтасуға шақырды. Содан соң «Оқу – ерге теңдік, кемге кеңдік», «Білім – таусылмайтын қазына, сарқылмайтын байлық» деп, елді оқу, білімге шақырды. Жай ұрандап қоя салмай, осы жолда өзі де жан аямай еңбектеніп, «Әліппе», «Әдебиет танытқыштан» басталатын көптеген оқу-әдістемелік құралдарын жазып бастырды. Ақыры мұғалім даярлау, бала оқыту, мектеп ашу сынды халық ағарту мәселелерінің бәріне қойын-қолтық араласты. «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих!» деп, төл тарихтың да жоғын жоқтап, есебін түгелдеуге атсалысты. Қазаққа қатысты барлық мәдени-тарихи, діни-эстетикалық, саяси-әлеуметтік мәселелерге қомақты үлес қосты. Түптің түбінде ердің жасы елуге жетпей тұрып-ақ ұлт ұстазына айналды. 
 

Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы.

***

Оқуды керек қыла бастағаны – жұртқа ес кіре бастағаны.

***

Оқу – ерге теңдік, кемге кеңдік.

***

Білім – таусылмайтын қазына, сарқылмайтын байлық.

***

Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек.

***

 Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады.

***

Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы.

***

Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі.

 ***

Мойындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамшылық ісі.

 ***

Жақсы шықса, жаман қашар.

***

Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі.

***

Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды.

***

Сөздің асыл болуы – ұнауынан.

***

Сайлау деген өзіңе берген ықтияр.

***

Халықтардың басынан өткізген анайылық шағы – біздің балалық шағымыз мысалды.

***

Дүниедегі нәрселердің бәрі қысылады, мұздайды, қатады – түсі қашып, өлік сияқты жатады.

***

Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы – тарих!

***

Елде жоқ рух ақын сөзіне қайдан келсін?!

***

Көсем сөз – әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз.

***

Көркем сөз – көңіл тілі, жалаң сөз – зейін тілі.

***

Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер.

***

Тақпақтан гөрі мақал маңызды, шымыр келеді.

***

Мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз.

***

Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек.

***

Білімнің бас құралы – кітап.

***

Бір нәрсені істегенде сол істей білетін адам істесе, шапшаң да жақсы істер еді.

***

Күнелту үшін ас керек, ас істеуге күш керек, күшті жұмсауға ес керек.

***

Тән саулығы – тазалықтан, жан саулығының тамыры – тән саулығында.

***

Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс: Үлкен жұмысқа көп жұмыскер керек.

***

Ғылым мен өнер көбейген сайын, бейнет кемиді.

***

Ел бағатындар ел бағуларын жақсы білулері керек.

 

***

Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі – екі ауылдың, екі топтың я екі рудың намысы деп ұғады: басқадан кемшілік көрсе –намыстанбайды, кектемейді; бір-бірінен кемшілік көрсе, кегін жібермейді.

***

Мәтел дегеніміз – кезі келгенде кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер: мәтел ақиқат жағын қарамай, әдетті сөз есебінде айтылады.

***

Оқусыз халық қашан бай болса да, біраз жылдардан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшеді.

***

Неше түрлі ғылым, өнер – бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер.

***

Әркім өзі жақсы білетін нәрсесін сынауы керек.

***

Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы!

***

Дұрыстық-бұрыстықты білмеген жұрт азады.

***

Жақсы нәрсенің жолға шығуы – жаман нәрседен қиынырақ.

***

Алушы да, беруші де – өзіне жағымды жағын іздейді.

***

Әркім өз білгенін, өзінің қолынан келетінін істеу керек.

***

Басқадан кем болмас үшін білімді һәм күшті болу керек.

***

Бәрін айт та, бірін айт – сөздің тұрар жерін айт!

***

Кейбір істерді істеу керек бола тұра істеуге болмайды.

 

 ***

Өткенді қуғанды қойып, осы күйіңді жөндеуге жөн іздеу керек.

 ***

Халықтың ісі – бұрап қалса басқа жөнге келетін машинаның тетігі емес.

***

Жұртқа керегін білетіндер – көп, істейтіндер – аз.

***

Жұрт жұмысы – құмырсқаның илеуіндегі жұмысқа ұқсайды: құмырсқаша жабыла тынбай істесе өнеді.

***

Көсемдер көбейсе, ерушілер де көбейер еді.

***

Ұлтын керек қылып, қызмет қыламын деген қазақ балалары қазақ жұмысына қолынан келгенше қарап тұрмай кірісіп істей берсе, ұлт жұмысы ұлғайып, толықпақшы.

***

Біреу – жұмыс қылайын десем, тұрған жерім жаман дейді, біреу – маңайымдағы елім жаман дейді: бұлардың бәрі де – бос сөз!

***

 Ниеті жаман Аллаға өкпелемес болар.

***

 Талап – жоқ, үміт мол бір халықпыз.

***

Еңбексіз егін шықпайды, терлемесең терің шықпайды.

***

Телміріп алған теңгеден, тер төгіп тапқан тиын жұғымды.

***

Қатерлі жерде қаперсіз отырма!

***

Өзгеге емес, өзіңе өкпеле.

***

Қазақ жерінің тұтқасының екі ұшы екі қолда: бір ұшы – қазақта, екіншісі – орыста.

***

Қазақ жері қазақтан кетпес еді, қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсақ.

***

Әдіс қылу – жөнсіздік емес, ептілік.

***

Ғылым мен өнер елсізді – елдіге, жоқты – барға теңгереді.

***

Қазақ жеріндегі шаруалық – мал бағу мен егін егу.

***

Сайлау, рас, бәле болса, білімді, өнерлі халықтар өз ісінің бәріне басынан бастап, аяғына дейін неге сайлау кіргізді?!

***

Білімі көп адам құралы сай ұста секілді: не істесе де, келістіріп істейді.

***

Жерді жалдаудан тартынбағандар сатудан да тартынбайды.

***

Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан: әйтпесе, бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін – жерін сатып тойып, ертең – тентіреп кетер еді.

***

Олжалы жерде үлестен қалғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты.

***

Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңыздар: адаспас үшін ақылдасып, ойланып, ынтымақпен іс етіңдер!

***

Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар.

***

Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы!

***

Ұлт жұмысы – үлкен жұмыс. Басқадан кем болмау үшін біз білімді, бай Һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға  кәсіп керек.  Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жалықпай жұмыс істеу керек.

***

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.

***

Тән саулығының тамыры – тазалықта,

Жан саулықтың тамыры – тән саулықта.

***

Кенің бай, келімің мол, туған тілім,

Дыбыстың теріп сөз ғып буған гүлін.

Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен.

Мен қосып, құтыла алсам, құсам білім.

***

Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түйінін түйгенінше айтуға жарау.

***

Тіл дәлдігі деп ойлаған ұғымға сөз мағынасы сәйкес келуі айтылады.

***

Баланы оқыту ата-анасына ауыр болғанымен, жұртқа жеңіл... сол қаңғырып қалып тұрған балалар бір ұлттың ұлы емес пе?

***

Әр ауылда бір молдадан қалдыруды, Қырғыз балаларының сауатын ашу үшін әр 50 түтін сайын бір мұғалимадан ұстауды және олардың медреседен куәлігі («Шаадат-нама») болуын, қалаларда мұсылман медреселерінде оқитындарды әскерге шақырудан босатуды қадағалау керек…

***

Адамға тіл, құлақ қандай керек болса, бастауыш мектеп те, үйрететін білім де сондай керек.

***

Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керекті құралдар, қолайлы һәм сайлы болу, құралсыз іс істелмейді, һәм құралдар қандай болса, істеген іс те сондай болмақшы. Үшінші, мектепке керегі белгіленген программа (бағдарлама). Әр іс көңілдегідей болып шығуы үшін, оның үлгісі, я мерзімді өлшеуі болуы керек. Үлгісіз я өлшеусіз істелген іс – солпы, я – орта, я – кем шықпақшы.

***

Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі.

 ***

Газетасы жоқ жұрт, басқа газетасы бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мылқау, көзі жоқ соқыр сықылды.

 ***

Дүнияда не болып жатқанын көру жоқ, не болып жатқанын есту жоқ, өз пікірін айту жоқ.

 

***

Жұртым деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұруды мақсат етті.

***

Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету – қазақ баласына міндет. Халыққа қызмет етемін десеңдер, азаматтар, тура жолдың бірі – осы! Жол – ұзақ, ғұмыр – қысқа, қолдан келгенінше істеп кетелік.

***

Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын! Балам деп бағып оқытып, адам қылғаннан кейін, жұртым деп танымаса, онда өкпелеу жөн ғой. Аталық міндетін атқарып отырған жұрт жоқ, жұртқа борыштымыз деп жүрген қазақ баласы жоқ. Баққан – қазына, қазынаға борыштымыз деп жүр. Жастарды оқыту расходынан қашып, қазынаға борышты қылып қойса, жастарға не жазық? Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы. Құлша тәрбиелесең, құл болмақшы.

3835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы