• Руханият
  • 31 Наурыз, 2022

СӨЗДІҢ «ІШІНДЕ» АЛАПАТ КҮШ БАР

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 
филология ғылымдарының 
докторы, профессор 

Әлеуметтік жағдайларға (ішіп-жем, қоршаған орта, т. б.) қатысты дене қуаты болса, білімінен, дүниетанымынан, өмірлік тәжірибелерінен, көңілге түйген ойларынан тұратын – ішкі рухани қуат. Осылар адам ағзасының орталық энергетикалық жүйесін құрайды. Бұл қуат түрлерін ол ішкен тамағынан, жұтқан ауасынан, табан тіреп тұрған жерден, көгілдір ғарыштан алады. Адам қуатты болса, оның дені сау, көңілі көтеріңкі, өміршең, оптимист, мінезі жайсаң  келеді.  Олардың іс-әрекеттері, сөйлеген сөздері жан-жағына нұр шашып, позитивті әсер етіп, жігерлендіреді. Қоғам үшін   адамзат баласына ғана тән рухани қуатты сақтап, арттыра білудің маңызы зор.

Рухани жағынан бай адамның оң  энергетикалық қуаты да күшті болады. Осы энергетикалық қуатын игілікті істерге жұмсаған адамның рухы артып, ісі оңға баса береді; оның ойындағы, сөзіндегі, ісіндегі оң өзгерістер айналасындағыларға да позитивті әсер етіп, жігерлендіре түседі; қуатына қуат  қосылып, денсаулығы да күшейетін болады. Рухты адамдар өзгелерді өзіне қарай тартатын харизмасымен, өз күшіне, бағытының дұрыстығына сенімділігінің күштілігімен, турашыл мінезімен, көшбасшылық қабілетімен ерекшеленеді. Бүкіл іс-әрекеті адамдармен, қоршаған ортамен үйлесімділік тапқан адамның алдынан бақытты өмірдің есігі ашылады. Мұндай адамдар айналасына нұр шашып, өзін де, өзгелерді де нұрға бөлеп жүретін болады. Ал ойлаған ойымен, сөйлеген сөзімен, істеген ісімен бойындағы бар күш-қуатын жеке басының қамына жұмсағандарда мүдде қайшылығы салдарынан ол қоршаған ортамен үйлеспей, негатив әсер етеді.

Адам өмірінің екі жағы бар: рухани және материалдық. Адамның бақытты өмір сүруіне көтеріңкі  рух та, жақсы тұрмыс та көмектеседі. Біреуі болып, екіншісі жетпей жатса, ол адамның өмірі толыққанды бола алмайды. Сондықтан да адам өмірінде таразының екі басы тең болып, қажетті орта мөлшерінде (Әл-Фараби) болғаны дұрыс.

Белгілі дінтанушы Досым Омаров Шәкәрімнің тән, жан, нәпсі, рух жайлы ойларын төмендегіше өрбітеді: «Мен жанды былай түсінемін: біз дененің түп негізін тексергендей жанның да түбін тексерсек, жан да дене сияқты басынан бар болып табылады. Дене негізін тексерушілердің сила вещества (дене қуаты) дегендегі қуат осы жан. Сол жан денеден денеге өсіп өршиді. Жан да өршиді. Ғылым дәлелдегендей, дене әлденеше түрленіп өзгерсе де оның еш нәрсесі жоғалмағаны сияқты, жанның да ешнәрсесі жоғалмайды».

Осылай Шәкәрім жанның мәңгілік екеніне дәлел келтіреді. Бірақ мұны түсіну үшін жанды ақыл, яғни сау ақыл, рухани ақыл керек...   

Адам тек қана материядан құралған деген материалистік көзқарасқа ол осылай соққы береді. Және жан да, тіпті бүкіл болмыс көрінісі, – Тәңірі әсері, яғни Тәңірінің шапағат нұрынан тараған.

Бірақ фәни әлемде бұған үлкен бөгет бар. Алла тағаланың шапағат нұрына тосқауыл болатын ол қандай бөгет екен? Ол бөгет – нәпсінің қылықтары. Жан мен нәпсінің байланысы адам өмірін қалыптастырады...

Нәпсі оңай жау емес! Себебі ол Алла тағаланың негізгі екі қуатының бірі. Нәпсі «Бармайық, қойшы, батыр!» деп, етегінен жұлқылап жанды Ғазиз Жанға жібермеуге ұмтылады.

Жанның денесі – рух болса, ал тәннің денесі – нәпсі. Бұл екі дене жан мен тәннің өмір сүруге керекті құралы да болып табылады. Сондықтан жан мен тән бір-бірімен алысқанда,  құралдарын пайдаланады. Осы себептен фәни әлемде рух пен нәпсінің күресі үздіксіз мәңгілікті жүріп жатады.

Нәпсі адамның нәзік денесіне жатады. Нәзік дене материялдық болмысқа жататындықтан, нәпсіде материялдық әлемнің барлық жаман қасиеттері бар.

Материя, яғни нәпсі жанға екі түрлі залалын тигізеді.

Біріншісі, материя әуелі жанды нәпсі былғанышымен жауып тастайды. Осылай нәпсімен жабылған жан рухани көзінен айырылады.

Нәпсінің екінші залалы – рухани көзінен айырылған жанды нәпсі тартып төмен – рухани деңгейден, материалдық деңгейге – түсіреді...

Осылай нәпсі нәзік болмыстың көрінісі және адамды материалдық әлемге байлап, құрсаулайтын құрал тәрізді.

...Сондықтан нәпсі басқарған жерде қиянат бар. Нәпсі қиянаттан ләззат алады, сондықтан нәпсі қиянатты жастанып, тыныштық табады...

Нәпсі өз үйінде жатқандықтан, ол – күшті. Материалдық өмірдің заңдылықтары нәпсі құмарын қандыру үшін арналған. Нәпсі бұл заңдылықтарды жақсы пайдалана алады. Адамның нәпсі ықпалына қалай түсіп қалғанын өзі де білмей қалатыны осы себептен. Осылай бүкіл адамзат нәпсі ықпалынан шыға алмай, құлдырау жолында деуге болады. Ұлы өркениеттердің жойылып кету себебі де – осы.  Бірақ жанға материалдық заңдылықтардың қажеті жоқ. Ол таза рухсыз, жалаң материямен ләззаттана алмайды. Сондықтан нәпсіден көзі ашылғанда, жан қиналысқа түседі. Бұл – ұяттың әсері. Осылай адам ұяты қысып,  зардап шегеді. Зардап ықпалымен адам баласы өмір сырларын дұрыс түсініп, ой-өрісі кеңіп, жаңа деңгейге көтеріле алады. Ой жүйесі өзгерген адам өмірін үйлесімге келтіріп, жан дүниесін тазарта алады. Адамның, қоғамның, тіпті бүкіл адамзат өркениетінің  жаңғыруы осылай басталады...

Ең бастысы – «Өзім» деп денесі емес, жанды айтқаны», яғни адамның негізгі болмысы тән емес, оның жаны екен.

Адамның жаны болғандықтан, оның рухы арқылы адамның жетілу мүмкіндігі бар...

Қорыта келгенде, жан – адамның, тіпті бүкіл тіршіліктің шыққан қайнар көзі және бүкіл әлемді басқаратын негізгі қуат болып табылады» (Д. Омаров. Жан мен нәпсі байланысы.  Abai.kz).

Тек ой қуып, біржақты кеткен адам тұрмыста қиындықтарға ұшырап, күн көруінің өзі қиындап кетеді. Тұрмысын жақсартамын деп, дүние қуып кеткен рухани жағынан кемдік көруі мүмкін. Оның үстіне байлыққа таза еңбекпен жету  жолдары қиындау келетіні тағы бар. Ал рухани өмір - біздің миымыздағы болашақ бақытты өмірдің қиялдағы елесі. Мұндай адамдар көбіне болашақ ұрпақтарға қызмет етіп, адамның жан-жақты дамуы үшін барлық жағдайлар жасалынған қоғамның үлгісін ұсынады. Әл-Фараби де, Абай да, алашордашылар да болашақ қазақ қоғамының үлгісін жасап кетті. Кезінде Ә. Бөкейханның «Қиналып тапқан ақылды толғатып сөзге  аудардым. Енді бұл сөзді іс қылмақ, оқушы жұртым, қазақ өз мойныңда!», А. Байтұрсыновтың «Ел – бүгіншіл, менікі – ертеңгі үшін» – деген сөз қалдыруы тегін емес.

Бұл жердегі біздің айтпағымыз – дүние қуғандар бүгінгі күнмен ғана өмір сүрсе, рухы күштілер адамзат өмірінің мәңгілік заңдарымен тыныстап, болашаққа қызмет етеді. Рухани өмірде адамзат қоғамының өткені мен бүгіні, болашағы – біртұтас. Ойшылдардың бүгінгі күннің мәселелерімен ғана емес, өткен мен болашақтың проблемаларымен тұтастай айналысатыны сол себептерден. Сондықтан да  рухани ойшылдар қоғам дамуының негізгі идеялық қозғаушы күші ретінде көрінеді.

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды». Байлық қуған кейбір пысықайлардың айналасында әртүрлі әңгімелердің, дау-жанжалдардың  көп болып, жұртқа  жағымсыз  әсер ететін жағдайлардың жиі кездесетіні  бар. Таза жүрмеген мұндай адамдар өзінен өзі қоғамның негативіне айналып жатады.

«Адам ешкімге сенбей, бәріне күдіктеніп, айналасындағыларды ылғи «алдамшы», «қу», «нашар адамдар» деп ойлап жүрсе, тура сондай сұмырайлар кездесе береді, қасыңа топталып, жинала береді» (Бауыржан Момышұлы).

Негатив адамдардың жүрген жерінде дау-жанжалдар туындап, көңілсіз атмосфера орнайды. Мұндай жағдайларға олардың адамдармен қарым-қатынас барысында бой көрсететін бос кеуделілігі, мақтаншақтығы, өзін өзгелерден жоғары санайтындығы, ашуланшақтығы, сәл нәрсеге әсерленгіштігі, өзін мықты ғып көрсетіп, өзі туралы ғана айтуы, қоғамдық ортада өзін ұстай білмеуі, өтірік айтуы, бір айтқанынан қайтпай, сонысын дәлелдеумен әлек болуы, уақытпен санаспауы сияқты қоғамға жат қылықтары алып барады. Мұндай адамдар өзгелердің күш-қуатын сорып алып, шаршатқанына қарамастан,  оның өзі де әлсіреп, денсаулығы нашарлай беретін болады.

Сөз – адамның тіс қамалындағы қамаулы арыстан секілді. Ашу үстінде бой бермей, ауыздан шығып кеткен сөзден тараған негатив энергия алдымен, иесін соғып, күшейе түсіп, сұрапылдары әлемді бүлдіруі мүмкін. «Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ». Сонда да болса, ойға, ауызға келген сөзді айта беруге болмайды; ой, сөз жарыққа шығар алдында ақылдың, жүректің қатал сараптауынан өтіп, «бұзықтарына» тосқауыл қойылып, өміршеңдеріне ғана жол ашылуы тиіс.

«Қазақта «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деген қанатты сөз бар. Жақсы айтылған пікір. Сөзді ретімен, аздап болса да ой таразысынан өткізіп, ойланып барып, сабырмен айтқанымыз жөн. Кейде қызбалықпен, ашу үстінде көңілге тиетін сөздерді айтып, кейін сабамызға түскеннен кейін «ұят болды-ау, артық айтып жібергенім дұрыс болмапты» деп өкінетініміз бар.

Біле-білсек әдемі, жатық, шебер, орынды сөз сөйлеу де үлкен өнер. Ол үшін көп оқып, шаршап-шалдықпай ізденіп, өмірде көрген, түйгені мол «кеуделері алтын сандық» жандардың айтқан сөздеріне, ой-пікірлеріне, ұстанымдарына құлақ асып, жүрекке, санаға тоқи білгеніміз жөн.

Көп сөйлеген адам бірде болмаса, бірде қосақ арасында негатив сөздерді байқамай жіберіп қоюы мүмкін. Сондықтан да мейлінше қысқа да нұсқа сөйлеуге ұмтылу керек. «Аз сөйлеп, көп тыңдасаң, жаныңа тыныштық ұялайды» – дейді ұлы Абай»  (С. Ордабеков, медицина ғылымдарының докторы, профессор.  «Түркістан», 18.02.2021).

Осы жерде тағы да айта кететін нәрсе – сөз адамға ғана емес, сонымен бірге бізді қоршаған қоғамға, табиғатқа да әсер етеді. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, ойы бұзық адамдар тұратын жердің, қолданған бұйымдардың әсері басқа-ларға жақсы әсер етпейді. Өйткені, олардың сөйлеген сөздерінің теріс энергетикасы сол жерге, қолданған заттарына сіңіп қалатындықтан да адамдарға мазасыз әсер береді. Мысалы, қайтыс болған адамның киімін кигенде, заттарын пайдаланғанда, оның энергетикасы оның бұйымдарына сіңіп қалатындықтан да, ол жақсы болған болса, жақсы, керісінше болса, негатив әсер ететіндігі анықталған. Сондықтан да болса керек, қазақ «бүлінген жерден бүлдіргі алма» деген.  Ал «тойдан тобықтай», сыбаға дәстүрге айналған.

Осы турасында діни ғұлама, көріпкел, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қаралы үйден тағам алып, соны үйіне апара жатқан адам өзімен не әкетіп бара жатқанын білер ме екен? Бір шаңырақта адам о дүниелік болып жатқанда, сол шаңырақтан түйір дәм алу жақсы нәрсе емес. Себебі, қаралы үйден шыққан тағамнан қан тамшылап ағып тұрады. Ал қан тамшылап тұрған тағамды үй-ішіне апарып жегізу – сол қаралы үйде болып жатқан қайғыны өз шаңырағыңа да жұқсын деп тілегенмен бірдей» – деп, жазған екен.

Ғалымдар осы мәселеге орай мынадай тәжірибе жасапты. Үш ыдысқа бір күнде теңдей етіп,  күріш салып, су құяды. Бірінші ыдысқа тек мақтап, жақсы сөздер айтады. Екінші ыдысқа «сен жамансың» деп жаман сөздерді, ал үшіншісін ештеңе айтпай қоя салады. Бірнеше күннен кейін қарағанда, алғашқы мақтау сөздер айтылған ыдыста күріш өніп, шыға бастаған. Екіншісінде күріштің түбі қарайып, түсі күңгірт тартып, ешқандай өнім байқалмаған. Үшінші ыдыста, тіпті, тіршілік нышаны көрінбеген. Ғалымдар сөздің қарапайым суға әсерін осылай дәлелдеген. Демек, адам сөзінің энергетикалық қуаты тек адамға ғана емес, қоршаған табиғатқа  да әсер етеді екен.

Енді әлеуметтік желіде жарияланған  бір тәулікте 76 тілге аударылған қарт ананың 4 ауыз сөзіне назар аударыңыз:  

«Балам, мен қартайғанда мені қараусыз қалдырма, ол кезде мен бейне сенің кішкентай кезіңдегідей асырауға мұқтаж боламын.

Мен қартайғанда қолдарым дірілдеп, бейне сенің сәби кезіңдегідей асты киімге төгіп алуым мүмкін, сол кезде сен сабырлы бол.

Мен қартайғанда кейде сыртқа шығып таза ауа жұтқым келеді, құдды сенің бала күніңде арбаға салып алып сыртқа алып шыққанымдай, мені де далаға алып шығып серуендетіп тұрсаң.

Мен қартайғанда істеген ісімді, сөйлеген сөзімді ұмытып қаламын. Маңызы жоқ істер үшін басыңды ауыртып сөйлей беретін болармын, ол кезде мен не десем де сенікі жөн деп, көбірек сабыр сақтағайсың!

Мен қартайғанда көпсөзді болып кетуім мүмкін, ол кезде екі құлағыңды басып тұра қашпай, өтірік болса да тыңдаған кейіп танытып отыра берсең болады.

Мен қартайғаннан кейін кішкентай балаға тәрбие бергендей сенің де құлақ етіңді жеп, тәрбие айта беруім мүмкін, ол кезде менің айтқаным көңіліңе жақса да, жақпаса да «Жарайды!» деп басыңды изей салсаң болады.

Балам, мен о дүниеге аттанғаннан кейін, мәңгілік көзімді аша алмайтын болғанда, егер Алла қалап жатса, ол жақта да сенің бақытың мен отбасың үшін дұға жасайтын боламын!» («Мәдениет» порталы).

Бұл сөздердің тез тарап, оқыған адамның жүрегін шымырлататын қасиетке ие болуы – қарапайым ғана қарт ананың аузынан шығуында. Егер мұны басқа бір жай адам айтса, мұншалықты эмоциялық әсерінен айрылған болар еді.

Байқап сөйлемесе, бір ауыз сөзден лап етіп, жалын лаулап кетеді. 1962-жылы Новочеркаск электровоз жасау зауытында болған мына бір оқиға осы сөзіміздің дәлеліндей. Зауытта орын алған түрлі кемшіліктерге қарсылық ретінде жиналған жұмысшылармен кездесу барысында өндіріс орнының директоры қыза-қыза келе әзіл-шыны аралас «Ет, колбасаға ақшаларың жетпесе, ливер самсасын жеңдер» дейді. Ойланбай айтылған бір ауыз сөз онсыз да шыдамы таусылып тұрған көпшіліктің намысына тиіп, қамшылап жібергендей болды. Осылайша басталған ереуілдің соңы бүкіл қала көтеріліп, әскер келіп, шара қолданудың барысында 26 адамның мерт болып, ондаған адамның жарақат алуымен аяқталды. Сондықтан да сөз ойланып, абайлап сөйлеуді талап етеді.

«Қазір қайда қарасаңыз да әбіржіп, қабақтары түсіп, көңіл күйлері болмай жүрген адамдарды көресіз. Уайым-қайғысыз – жалғыз балалар ғана болар. Ересек жандардың бәрінің күнделікті өмір алдарына тартқан проблемалары бар. Байлар да, кедейлер де, басшылар да, бағыныштылар да жүйкелері жұқарып, көңілдері түсіп жүреді. Бұның себебі неде?

Американдық Дэвид Айктың адамдардың көзіне түспейтін, барша дүниеге әмірін жүргізіп отырған астыртын адамдардың ұйымдары және олардың сыртында тұрған жат планеталықтар туралы виеосабақтары қазір әлемнің көп тілдеріне аударылып, миллиондаған жандар ақпарат алуда.

Сонымен, Дэвид Айктың айтуынша, жер шарын билеп отырған астыртын банкирлер тобы шын мәнінде жат планеталықтарға қызмет етеді. Ет пен сүйектен жаратылған адамдардың көзіне көрінбейтін астральдық нәзік формалы жат планеталықтар әлгі қаржыгер алпауыттар тобы арқылы жер шарына әмірін жүргізуде. Сонда олардың көздегені не?

Айктың пайымынша, бізбен параллель әлемде өмір кешетін келімсектердің азығы – энергия. Олар дөрекі материалдық тәні бар адамдар сияқты азық-түлікпен қоректенбейді. Олардың қорегі – энергия, энергия болғанда ашу-ыза, нәпсіқұмарлық, реніш, қорқыныш, тәкаппарлық, ашкөздік сияқты сезімдерден пайда болатын лас энергиямен қоректенеді екен.

Міне, сондай лас эмоциямен қоректенетін келімсектер үшін адам деген қорасындағы мал сияқты. Адам қорадағы малын қалай пайдаланамын десе, солай пайдаланады. Жүнін, сүтін, етін пайдаланып, малды тіпті, көлік ретінде де мініп жүреді. Жат планеталық келімсектер үшін адам да сол қорадағы малдары сияқты. Адамды олар лас эмоциялық энергия жасайтын қуат көзі түрінде пайдаланады дейді Айк.

Құранда сайтанның адамға өш және адамды азғырып, үнемі жаман істерге итермелейтіндігі туралы аяттар бар. Жат планетадан келген келімсек дегендеріміз – сол Құранда айтылған сайтан болса керек. Бұлар да адамды үнемі жаман әрекеттерге еріксіз итермелеп, азғырып отырады. Өйткені, сондай жаман әрекет жасаған адамдар санасынан лас энергия бөледі де, ол энергияны келімсек, немесе дін сөзімен алғанда сайтан қорек етеді.

Айктың айтуынша, бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар сол жат планеталық келімсектердің азғыруымен болған. Соғыста өте көп мөлшерде лас эмоциялық қуат бөлінеді. Яғни, соғыс дегеніміз сайтан үшін нағыз ағыл-тегіл дастархан жайылған аста-төк тойдың өзі болса керек.

 

Мемлекет басшылары кімге қызмет етеді?

 

Веда өркениетінің қайнар көзі саналатын Бһагавад Гитада мемлекетті басқаратын патшалар Алланың жердегі өкілі деп айтылған. Жаратқан өзінің адамдарға деген әмір-нұсқауларын патша арқылы жүзеге асырмақ. Сондықтан, имани қоғамда патшалар Алланың көмекшілері қызметін атқарады. Ал имансыз, дінсіз қоғамда патшалар Алладан қол үзіп кеткендіктен, енді олар Жаратқанға емес, сайтанға қызмет етеді.

Әлемді билеп отырған алпауыттардың 300 отбасы туралы интернетте мәлімет өте көп. Олардың бар шаруалары қолдан қаржылық дағдарыстар ұйымдастырып, жасанды соғыс ошақтарын жасау, есірткі таратып, адамдарды нашақорлыққа, нәпсіқұмарлыққа, басқа да азғындықтарға итермелеу.

Мынаған назар аударып қараңызшы: әлемнің дамыған Батыс елдерінде қабылданып жатқан қылмысты ізгілендіру, азшылықтың құқығын қорғау және оқыту, білім беру жүйелері – бәрі де адамдарды аздырып-тоздыруға, топастандыруға бағытталған. Мәселен, барлық Еуропа елдерінде бір жыныс өкілдерінің жақындасуын насихаттайтын арнайы заң бар. Ол елдерде еркек пен еркек шіркеуге барып некесін қидыруына, бала асырап алуына болады. Ол елдерде жасанды есірткілер дүкенде ашық сатылады. Ол елдерде адам өлтіретін қаруды кез-келген дүкеннен сатып ала аласыз. Ол елдерде еркек пен әйелдер бір моншада жалаңаш шомылады және жезөкшелік заң жүзінде жұмыс жасайды.

Бұл елдердің бәрінде адамдарды азғындататын осындай істердің бәрі заңдастырылып қойылған. Мектеп оқушыларын бұрынғыдай емтихан тапсыртпай, тестілеу арқылы білімін тексерудің астарында – жас ұрпақты топастандыру ниетінің жатқаны ешкімге де құпия емес. Тестіге қатысқан жас кітап оқып, білім алып басын ауыртпайды, сұраққа дайын бірнеше жауаптың бірін таңдаса болғаны. Оған еш бас ауыртудың қажеті жоқ. Осылайша тестілеуге бейімделген жас екі сөздің басын құрап сөйлей алмайтын, кітап оқымайтын, білімсіз надан болып қалады.

Жаһандану барысында халықаралық, экономикалық қарым-қатынастар, қоғамның әлеуметтік-рухани даму құндылықтар әлемдік алпауыттардың идеяларын жүзеге асыру бағытында қайта құрылып жатыр. Бұл іске қаржылық жағынан толық қамтамасыз етілген бүкіл ақпарат құралдары, мәдениет, әдебиет сияқты өнер түрлері жаппай жұмылдырылған. Барынша насихатталып жатқан батыстық құндылықтар ұлттық  білім беру, ұлттық тәрбие, ұлттық өнер атаулының барлығын тықсырып, тарихтың тастандысына айналдыру үшін барын салып жатыр. Ақпарат құралдарында күндіз-түні бір тынбай беріліп жатқан хабарларды тыңдасаңыз, телеарналарда көрсетіліп жатқан телехабарларды, телефильмдерді көрсеңіз, құлақтесер жұлқынған әндерді тыңдасаңыз, бұлардың барлығы да рухани құндылық атаулыны аяққа таптап, адамды демалдырудың орнына керісінше, жүйкесін жұқартып, рухани дертке ұшыратып жатқанына көзіңіз жетеді.

Бұның бәрі де қолдан қасақана жасалып жатқан нәрсе дейді Дэвид Айк. Бұның сыртында әлемді билеп тұрған жат планеталық келімсектер тұр. Ал олардың ниеттерін алпауыт қаржыгерлер жүзеге асыруда. Қаржыгерлерге әлемнің мемлекеттерін басқарып отырған саясаткерлер көмектесуде.

Енді тағы да мына жайға назар аударып қараңыз: біздің еліміз Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында. Жерінің асты мен үсті – толған қазына. Осы мемелекетте небары 19 миллион адам тұрады. Соншама табиғат байлығына қарамастан, адамдар жыл өткен сайын қайыршыланып, кедейлене түсуде. Ел азаматтарының 90 пайызының  банктерге берешек кредиттері бар. Соңғы кезде әбден шыдамдары таусылған адамдар өздерінің қарсылықтарын білдірмек болып, бейбіт митингке шыға бастады. Бірақ ондай митингтерді билік басып-жаншуда.

Бұның астарында не бар? Яғни, адамдарды осындай деңгейге жеткізу, оларды үнемі қорқыныш пен үрейде, кедейшілікте ұстау – бұл жат планеталық келімсектердің ең басты жоспары. Олар осылай жасай отырып, адамдардың бойынан шығатын лас қуатқа мелдектей тойып, рахат өмір кешуде. Оларға адамдардың тоқ болуы, уайым-қайғысыз бейбіт тірлік кешуі – мүлдем қажетсіз. Сондықтан да, олар барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, адамдарды үнемі қорқынышта, үрейде, ашу-ызада, жоқшылықта ұстайды.

Дэвид Айктың айтуынша, ат төбеліндей аз ғана алпауыттар мен олардың келімсек қожаларынан құтылу үшін адамдар осы жайды анық түйсінуі қажет және оған қарсы бірлесіп күресуі керек (Қараңыз: Әлемнің жасырын әміршілері.  «Алаш айнасы»).

Осы жерде Әл-Фарабидің адамдардың ой, иман (ғақли) жолындағылар, дүние қуғандар (жаһли) түріндегі  екі түрі болатындығын ескерткені еске түседі. Мұндағы ғақлилар болашақты гуманистік идеялардың салтанат құратын дәуірі деп, адамдардың рухани жағынан жетіле түсуіне қызмет етсе, жаһлилер өмірдің бар қызығы байлықта деп түсінді. Дүниенің қызығына құныққандарды  кезінде Дулат Бабатайұлы «Дүние – жемтік, мен – төбет, Оны бақпай, не бақтым?» деп, сынаған да болатын.

«Біздің кезімізде адамдар дүние қуып, тойымсыздыққа салынып, ақшаға осыншама құнықпайтын. Елдің бойында туған жерге, Отанға деген патриоттық сезімдері ерекше болатын. Туыстық, бауырмалдық сезім де керемет еді. Көршілердің сыйластығы қандай еді?! Қазіргі өмір басқаша өрбіп, белгісіз, бұлынғыр бағытқа бет алып бара жатқаны өкінішті. Адамдардың пейілі өзгеріске ұшырап барады-ау деп қауіптенем» – деді көптен сыйласатын ардагер ағамыз бір кездескенімізде сөзден сөз шығып. Қарияның бұл сөзі мені де ойға қалдырды, толғандырды» (С. Ордабеков. Abai.kz. 20.03.2020).

Әлеуметтік желілерде әлемге әйгілі атақты  Стив Джобстың өлер алдындағы соңғы сөздері жарияланып, көпшілікке ой салды.

«Атақты миллиардер 56 жасында бауырдағы қатерлі ісік салдарынан көз жұмған. Ақшасының қисабын білмейтін адамның соңғы сөздері көпшілікке керемет әсер етіп, жай ғана күнделік іспетті жазба қанатты сөздерге айналып бара жатыр.

Оның жарық дүниеден өтер алдында жазған жазбасының толық мәтіні төмендегідей:

«Мен іскерлік бойынша жетістік шыңына шықтым. Тіпті, басқалар мені жетістіктің символындай көреді. Дегенмен, менде жұмыстан басқа қуаныш болмады. Байлық – мен үйреніп қалған өмірдің бір ғана бағыты болыпты.

Мен ауруханада жатып ойланған кезде байлықтың өлім алдында қауқарсыз дүние екенін, бақыт сыйламайтынын түсіндім. 

Сіз ақшамен көлігіңізді, ісіңізді жүргізетін адам таба аласыз, бірақ сендегі ауруды алып кете алатын адам жалдай алмайсыз. Материалдық заттарды табуға, сатып алуға әбден болады, бірақ сатылмайтын нәрселер де бар. Ол – адамның өмірі.

 

Өз-өздеріңізді сыйлаңыздар. Басқаларды да.

 

Адам қартайған сайын ақыл кіре түседі. Мен де 30 доллар тұратын сағат пен 300 доллар тұратын сағаттың бір ғана уақытты көрсететінін ұқтым. Біз қандай қымбат әмиян ұстасақ та, олардың ішіне бірдей ақша сияды. 150 мың доллар мен 30 мың доллардың көлігі бірдей жүріп, бірдей жерге жеткізеді. 300 шаршы метр немесе 3000 шаршы метр үйде тұрсаң да жалғыздық сезіледі. Өйткені, адамның ішкі бақыты материалдық заттар арқылы келмейді.

Егер ұшақта бірінші класс пен эконом-класста отыру туралы таңдасаң, ұшақ құласа бәрі бірге құлайтынын ұмытпа. Сонымен сіздер сырласа алатын достарыңызды бағалаңыздар, бұл – нағыз бақыт!

Бес талқыға түспейтін факт.

1. Балаларды байлыққа жету керек деп тәрбиелемеңіз. Өскенде, олар бағаны емес құндылықты білуі тиіс.

2. Тамақты дәрі ретінде ішіңіз, әйтпесе дәріні тамақ сияқты жейтін күнге тап болуыңыз мүмкін.

3. Сізді шын жақсы көретін адам ешқашан бас тартпайды. Шын жақсы көрсе, 100 қателігіңнің арасынан бір қасиетіңді сылтау етіп, бірге қалады.

4. Адам болу мен адам кейпінде болудың үлкен айырмашылығы бар.

5. Егер тез жеткіңіз келсе, жалғыз жүріңіз! Ал алысқа барғыңыз келсе, бірге барыңыздар!

Әлемнің ең үздік алты дәрігері:

1. Күн сәулесі

2. Демалыс

3. Спорттық жаттығулар

4. Диета

5. Сенімділік

6. Достар

Достарыңызбен кез келген уақытта сырласыңыз, денсаулығыңызды күтіңіз» («Яндекс», 22.05.2020).

Иә, біз бүгін өте мазасыз, құбылмалы заманда өмір сүріп жатырмыз. Қазір біздің әлеуметтік өмірімізде не болып жатыр деген сауалға жауап беруге,  қоғамдық дамудың болашағын айқындау түгілі күні ертең не болатынын айтуға адамзат баласының ғасырлар бойғы жинақтаған білімі мен тәжірибесінің, қоғамдық ғылымдарының шамасы келмейтін жағдайға душар болып отырмыз. Сол себепті де қазір әлемдік деңгейде  өріс алып жатқан осы сияқты келеңсіз оқиғалардың басты себебін жоғарыда келтіргендей, әркім өзінше түсініп, өзінше түсіндіруге әрекеттер жасалынып  жатыр.

Өмірімізде табиғи апаттардың тым көбейіп кетуінен сезіктенген ақын жүрегі «Бізге не болды?!» деп, мазасызданады: 

«Адамның назасы ма екен,

Алланың жазасы ма екен?!

Жесірдің көз жасы ма екен,

Жетімнің наласы ма екен?!

Арамның амалы ма екен,

Зинаның залалы ма екен.

Қасірет көбейіп кетті,

Ақырет хабары ма екен?!

Суқойма – бекеттен бе екен,

Садақа – зекеттен бе екен?

Көшеде тәнін бұлдаған,

Жезөкше – «көкектен» бе екен?!.

Мастанған ағадан ба екен,

Тастанды баладан ба екен?

Парқына жете алмай тұрмын,

Пайыз бен парадан ба екен?!

Қараусыз қарттардан ба екен,

Амалсыз жатқаннан ба екен?!

Күнәңді ашқаннан ба екен,

Құранды жапқаннан ба екен?!

Сел неге аға береді,

Кім қалай баға береді?..

Қолыңмен жасаған күнәң,

Аяқтан шала береді!..

Әркімді әулие қылмасақ,

Әруақты әуре қылмасақ!

Жамандық басылмас, сірә,

Жалынып Аллаға ғана,

Жабылып тәубе қылмасақ!!!»

 («Мәдениет», 14.05.2020).

Өлеңді оқығандар «Мешіттерді бекер жапты, енді Алланың қаһарын көрейік», «Адамдардың айтатыны - өтірік, жала, өсек. Үлкенді силамайды. Қатындар адам дуалайды. Бəрі емес, бірақ бар зат қой», «Мына жазылған өлең жолымен келісемін. Өте орынды әр қазақтың жан айқайын жеткізіп отыр», «Рамазан айында тілеген дұға, тілектеріміз қабыл болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», «Алладан жақсысын күтеміз. Бұның да жақсысы болар. Сабырлы болайық» деген мазмұндағы ой-пікірлерін әлеуметтік  желілерде жазып, қалдырыпты.

Сонда біз – адамзат баласы қалай қарай бет алып бара жатырмыз?

Сөздің адам өміріндегі құдіреті жайлы ұлылар айтқан ұлы сөздер бізге жеткен. Осы сөздерді тағы да бір оқып шығып, ойланайық; күнделікті тіршілігімізде есімізде жүрсін.

«Сөз – ұйтқи соққан жел, ал былапыт сөз – шаншу» (Уильям Шекспир).

«Сөз – адам құдіретінің қолбасшысы»

(В. Маяковский).

«Сөз – өмірдің ең қуатты қаруы»

(В. Короленко).

«Сөзден құдіретті ешнәрсе жоқ. Сөз долыны тәубесіне келтіріп, тас қамалдың талқанын шығарады»

(А. Франс).

«Сөзбен айтылған ойдың күші – шексіз»

 (Л. Толстой).

«Сөзбен ажалдың бетін қайтаруға да, өліні тірілтуге де болады»

(А. Науайы).

«Сөз сиқырынан күшті сиқыр жоқ»

(А. Франс).

«Мәңгілікке қалатын – сөз ғана»

(Х. Уилям).

«Сұрағына қарай жауабы»

(Гомер).

«Жаралы жанға жылы сөз – ем»

(Менандр).

«Жүректен шыққан сөз жүректен өтеді»

 (Низами).

«Металл сыңғырынан, адам сөзінен танылады»

(Г. Бальтасар).

«Ойланбай сөйлеу мылтықты көздемей атқандай»

(Сервантес).

«Сөз кейде өлтіріп жібере жаздайды»

(А. Грин).

«Сөз батпағанға таяқ өтпейді»

(Сократ).

«Былапыт сөз айтушының аузын былғап қана қоймай, естушінің құлағын да былғайды»

 (Екатерина 11).

«Сөз ойды білдіреді: ой түсініксіз болса, сөз де түсініксіз» (В. Белинский).

«Сөздің жаны бар» (Б. Брехт).

«Адамның сөзі – оның өзінің айнасы»

(Л. Толстой).

«Ішіңдегі сөз – сенің құлың, ал ішіңнен шыққан екен ол – сенің қожайының»

(Хафиз Ширази).

«Тіліне ие бола алмаған адамның шындығы болмайды»  (Махатма Ганди).

«Айтқан сөз – атылған оқ. Сол оқтан жаралы болып жатқандар көп. Айтылмаған сөз – жарылмаған бомба. Іште көп сақтасаң жарылып кетуі де мүмкін. Сондықтан сөзге абай болайық!» (А. Шаяхмет. Сөзге абай болайық! «Фейсбук», 20.05.2020).

Сонымен, адамның түпсанасында қайнап піскен  ойдан қуаттанып, сыртқа шыққан сөз адамның, қоғамның тағдырын шешерлік құдіретті күшке айналады. Сөз екі түрлі болады: дұрыс ойдың сөзі адамның өмірін нұрландырып, алға қойған мақсатына жеткізсе, теріс ойлар иелерін не бір қиындықтарға апарып ұрындырады. Адам ойының жемісі саналатын әрбір сөз адам өмірінде ізсіз қалмайды; қалай айтылуына орай, не жақсылыққа қарай, не жамандыққа қарай бастайтын болады. Демек, әр адамның тағдыры айналасымен қандай қарым-қатынаста болып, тіл табысуына, яғни тілдесе білуіне тікелей байланысты екен.  Бұл жерде ойдың, немесе идеяның қуаттанып, сөзге айналуын, ал сөздің іске айналып, жүзеге асатынын көреміз.

(Жалғасы. Басы 2022 жылғы №2 санда)

4198 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы