• Руханият
  • 21 Ақпан, 2022

ЕҢБЕК СҮЙГЕН ӨМІР

(«Тілше» мен «Күнделіктің» негізінде жазылған  эпистолярлық эссе)

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

«Эпос жыры туралы», «Эпос туралы», «Едыге и Орақ-Мамай»,  «Геройлық жыр тудырудың бірінші дәуірі»,  «Қазақ әдебиеті. Фольклор. Орта мектептің ҮІІІ класы үшін»,  «Қорқыт – күйші, «О характере и исторической обусловленности казахского эпоса»  мен    1943 жылы қорғаған «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыптағы кандидаттық, 1945 жылы «Қазақ халқының эпикалық жыр-дастандары» деген тақырыпта докторлық диссертациялар, «ел қамын жеген Едігенің бейнесі» әсіре дәріптеліп, ұлтшыл сезімді қоздырғаны, оның буржуазияшыл-ұлтшылдық идеяны дәріптегені туралы КПСС Орталық Комитетінің  1944 жылғы «Татардың «Едіге» эпосы туралы»   Қаулысынан кейін    ғалымның басына  шындығында да қатер төндіріп еді. Тек  жыры ғана емес,   тарихи-эпостық мұралар жаппай сүзгіден өтіп, зерттеуші ғалымдарды саяси кергілеу басталды. Бұл – 1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң есін жиған идеологтар, патриоттық – ұлтшылдықтың майдан-дағы жауынгерлермен бірге елге ілесе келіп, ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, астыртын идеологиялық жазалау саясатын ойластырып, қабылдаған қастаншықпағыр шешім еді. 

Сол қаулыларға жауап үн қосу ретінде Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің: 1945 жылғы 14-тамыздағы«Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы»,  1947 жылы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы  өрескел  саяси  қателіктер  туралы» қарары мен қаулысы  қарары саяси-идеологиялық жанталасты одан бетер жанықтырды. Жалпы Қазақстандағы «ұлтшылдық пен ұлт тарихын бұрмалаушылар» әшкереленді. Әрине, «бұрмалаушылардың» алдыңғы қатарында М.Әуезов пен  Ә.Марғұлан тұрды. 1947 жылы академик Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов ескіліктің шырмауында» атты мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде,     1947 жылы 5 наурызда М.Ақынжанов пен Ә.Тұрсынбаевтың «Профессор Маргулан извращает историю» деген мақаласы «Казахстанская правда» газетінде жарияланды.  Сол жылы мамыр айында Тарих институтының сессиясында Х.Ғ.Айдарова «Қазақстан тарихы мәселелеріндегі ұлтшылдық бұрмалаушылық» тақырыпта баяндама жасады. Онда  Ә.Марғұлан «пантюркист», орыс және қазақ халықтары достығының тамырын «қопарушы» деп айыпталды. Ал, Б.Степанов өзінің 1947 жылы  «Большевик Казахстана» журналының №1 санында жарық көрген   «атақты» мақаласында:

«Доктор филологических наук Маргулан в своей книге «Эдыге в истории и предания» (1944 год) наделяет Эдыге – этого врага русского народа – всеми лучшими чертами казахского народа»: «В книге А.Маргулана «О характере и исторической обусловленности казахского эпоса», в который обобщен большой труд, автор не дал партийного освещения тех задач, какие должны были быть решены в этой книге»; «Извечная борьба за независимости положена в основу периодизации истории казахского эпоса. Развитие производства, классовая борьба, чаяния и ожидания народных масс в борьбе против эксплутаторов – все это все остаеться в тени», – деп айызын қандыра сынады. Содан бастап елуінші жылдардың ортасына дейін Ә.Марғұланның  қуғын-сүргіннен бос болған күндері шамалы» .

Бұл науқанның екпіні қанша қатты болғанымен де, тұтқынға түскендер және репрессияға ұшырағандар ату жазасына кесілмеді, уақытша әскери, саяси қысыммен, жер аударумен шектелді. Шығармалар жинағында: «Ғұлама үшін 30-жылдардың ортасы ауыр болды. Ол бірнеше рет қудалауға ұшырайды. Ақыры ауыр науқастанып, емханаға түсуіне, соңында бәрін қойып, археологияға бір жола бет бұруына да осы жылдар дүрбелеңі себеп болды», – деп жазылғанындай, Әлкей Марғұлан қырқыншы жылдардың соңында үнемі осындай «қатерлі майдан» болып табылатын  өзінің түбірлеп маманданған сөз бен тарих саласынан бас тартып, материалдық-заттай құндылықтарды зерттейтін археология мен көне қорғандар мен сәулет ғимараттарын зерттеуге бет бұрды. Ақыры археология да пана болмады.

1950 мамыр-маусым айларында «Қазақ ССР Ғылым Академиясының саяси көзқарасы жат мамандармен нығыздала толтырылғаны» туралы «Правданың» Алматыдағы тілшісі Черниченко мен Т.Шойынбаев ұйымдастырған арызды тексеру үшін БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі нұсқаушылары П.Апостолов, Б.Н.Митрейкин, партия, кәсіп-одақ және комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы А.Петровский Қазақстанға келді. Олар өздерінің «әшкерелеуші қорытындысын» 1950 жылы 29 маусым күні БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Г.М.Мальенковқа жолдады. Онда: «Тарих саласында ұлтшыл, Сәтбаевтің күйеу баласы Әлкей Марғұлан тасаланып жүр. Филология ғылымдарының докторы бола тұрып ешқандай пайдалы ғылыми өнім берген емес. Оның 1939-1940 жылдардың арасындағы жалғыз еңбегі Едіге туралы мақала. Марғұлан бұл мақаласында орыс және қазақ халқының дұшпанын мадақтап, Едігені қазақ халқының ең озық өкілдерінің бірі, оның қорғаушысы етіп көрсетеді. Марғұлан өзінің бұл мақаласын  БК(б)П Орталық комитетінің қаулысында Едігенің реакциялық сипаты әшкереленген соң жариялап отырғанын айта кету керек» .

1950-ші жылы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде Т.Шойынбаев, Х.Ғ.Айдарова, А.Якунин бірігіп қол қойған «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан зерттелсін» деген қанқұйлы мақала шықты.  Содан, басталып кеткен жазалаудың ғарасат майданы үш жылға, Сталин өлген 1953 жыл-дың жазына дейін созылды. Іле, 1951 жылы 21 ақпанда «Социалистік Қазақстан» газетінде «Ғылымдағы идеясыздық пен бисаясаттыққа жол берілмесін» деген бас мақала шықты. Осы «әшкерелеуге» жауап ретінде 1951 жылы 30 қаңтарда ҚССР ҒА Тарих, археология, этнография институтының бұйрығымен ҚССР ҒА мүше-корреспонденті Ә.Марғұлан «денсаулығына» байланысты сектор меңгерушісі қызметінен босатылып, қатардағы ізденуші ғалымдардың қатарына қосылды. Академиктің Орталық архивтегі жеке қорында сол бұйрықтар мен өзінің көшірмелері сақталыпты (Бірінші бұйрық. Түпнұсқа бойынша берілді):

Қор -2415, т – 1, іс – 505, 1 бет.

Приказы по институту Истории, археологии и этнографии АН КССР.

А-ты. №12. От 30 января 1951 г.

$1.

Маргулана А.Х. – член-корреспондента АН КазССР с 1-го февраля т.г. от занимаемой должности зав.сектором археологии освободить по состоянию здоровья и назначить в должность старшего научного сотрудника.

Основание: протокол Распорядительного заседания Президиума АН КазССР №1 от 18 января 1951 г.

$ 2.

Временное исполнение обязанностей зав.сектором археологии возложить на младшего научного сотрудника Е.И.Агееву.

Директор института, доктор историчес-ких наук – С.Н.Покровский.

Верно: Зав. канцелярией – М.Макеева».

Ғалымның қызы Д.Ә.Марғұланның айтуынша,  бұл бұйрықтың шығуына  Ә.Марғұлан-ның орынынан дәметіп жүрген «кіші ғылыми қызметкер» Е.И.Агеев те өзінің «тиісті үлесін» қосқан сияқты. Өзін қазақ тарихының «патриархы» ретінде атын қалдырғысы келіп жүрген Дахшлейгер бұл әрекетке сол кезде де, кейін де, мысалы, 1951 жылы 11-12 наурызы күндері Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих инс-титутында «Правда» газетіндегі мақалаға орай өткен сессия кезінде тасада тұрып, сондай бір мекіренген сұғанақтықпен кіріскені анық.  Бұл мәжілістің қорытындысы 13 наурыз күні «Правданың» бас редакторы Ильичевтің ілеспесімен КПСС Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Сусловқа жеткізілді. «Сұр кардиналдың» сұғы сұқсырдың сұғы еді. Жазасыз ешкім құтылмайтын.

Қызыл империяның сұқсыр көзді «сұр кардиналының» кеңес одағындағы исі түркі жұрты мен Украинаға, соның ішінде Қазақстанның ғылыми-мәдени элитасына ерекше сұғын қадап, жазалау саясаты арқылы олардың, яғни, ұлттың сағын сындаруға өршелене-кектене ұмтылуының үлкен-үлкен екі түрлі себебі бар еді. Бірінші, 1946-1949 жылдардың аралығында Қазақ ССР Ғылым академиясының президенті болып сайланысымен, академик Қ.И.Сәтбаев Қазақстанның техногендік картасын жасатып, болашақ өнеркәсіптік-кеніштік-кешендік өндірістік аймақтың экономикалық  және оның даму жолының мүмкіндігін анықтап, қазақ елінің болашағын Орталық Қазақстандағы табиғат ресустарының игерілуіне тікелей байланыс-тырып, «Үлкен Жезқазған» өнеркәсіптік-кешендік негізінде мынадай қорытындыға келеді: Қазақстанның, сол арқылы жалпы Кеңес одағының дамуының мүмкіндігі Орталық Қазақстанмен, соның ішінде СССР-дің Министрлер кеңесі мен Жоспарлау комитеті мақұлдап, бекіткен  «Үлкен Жезқазған» жобасын жүзеге асырылуымен тікелей байланысты. Оны жүзеге асыру мақсатында негізінен Орталық Қазақстанда кен орындарын шоғырландыру керек. Ондағы аса қат су мәселесін Ертіс-Қарағанды-Ақмола (Батай, Владислав) каналын іске қосу арқылы шешу керек (Жоба авторы Ш.Шокин шұғыл іске кірісіп, бір жылда ғылыми-барлау жұмыстарын бітіріп, тиісті экономикалық қаржы мөлшерін анықтап шығып, ұсынысты дайын етті); Бетпақдаладағы жер асты тұщы су мөлшерін және оның ауыл шаруашылығын дамыту барысындағы мүмкіндігін анықтау қажет (Ауыл шаруашылық министрі, академик К.Мыңбаев «Гүлденген дала» (Цветущий край) атты жоба жасап, аса ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бетпақдаланың астында мұхитқа пара-пар тұщы су қорын анықтады, жоба жасады, сол жабаны бекіттіруге бара жатқан жолда құрамында бірнеше ғалымдар бар ұшақ апатқа ұшырады (Ол Жоба бекіп кетсе, бұл ұсыныстың бетін қайыру қиынға соғатынын біліп, жобаның соңғы нұсқасымен бірге қасақана ұшақты апатқа ұшыратты-мыс делінеді). Орталық Қазақстандағы су қоймасы  астында не өнеркәсіп құрылысының астында қалмас үшін академик Ә.Марғұлан тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтау экспедициясын  ұйымдастырды. Соның нәтижесінде, Қазақстанның археологиялық картасы жасалды. Бұқтырма, Шүлбі, Қапшағай су-электр станциясының жобасы  белгіленді. Осындай аса ауқымды жоспар Қазақстанның Мемлекеттік Жобалау комитетіне ұсынылып, мақұлданды. Шараға қатысқан Жоспарлау комитетінің төрағасы, Ғылым академиясының президенті және жоба жетекшілері қол қойып, осы шараны басқаруға қолайлы болуы үшін астананы Ақмолаға ауыстыру туралы ұсыныс-қорытынды әзірледі. Бұл ұсыныс анық бола бастағанда, оны Қазақ ССР Жоғары кеңесінде бекіттірмес үшін КПСС Орталық Комитетінің Суслов бастатқан «сұр кардиналдары» осы бастаманы көтеріп отырған Ғылым академиясы мен ғылыми-мәдени элитаға саяси жазалау науқанын шұғыл бастады. Е.Бекмахановтың Кенесары көтерілісі туралы еңбегін сылтау етіп, 1947-1953 жылдары тікелей саяси арандатуға көшті. Бұл жобаны дайындауға қатысқан «қауіпті-ұлтшылдардың» тізімінің алдыңғы қатарына Ә.Марғұлан да ілікті.

Бұл – бір. СССР мемлекеттік қауіпсіздігі тұрғысынан алғандағы екінші бір үлкен іс, ол – атом бомбасын сынағының Деглеңде, қазақ жерінде өтуіне қарсылық білдірген, Қ.Сәтбаев пен М.Әуезовтың және бір топ академиктің, оның ішінде қол қойған 4-5 адамның қатарында академик Әлкей Марғұлан да бар еді, Курчатовқа барып жолығуы еді. Курчатовпен жолығуға Қ.Сәтбаевтің республика академиясының Президенттік лауазымы, СССР Ғылым академиясының академиктігі және академияның  Президиум мүшесі болуы, СССР Жоғары Кеңесінің депутаттығының мандаты толық мүмкіндік беретін. Академик Ә.Марғұланның қызы Д.Ә.Марғұланның айтуынша, Курчатов оларға: «Мен шеше алмаймын. Тек анау ғана шешеді», – деп сұқ саусағын жоғары шошайтыпты.

Әрине, бұл қазір де құпиясы ашылмаған шындық. Ал, олардың бұл пікірін Берияның командасы бес саусағындай біліп, идеология мен ғылымды қарайтын Сусловқа айтқаны анық. Енді, Қазақстанның Ғылым академиясын жазаға тартып, бетінен қайырмаса, бұл құпия мағлұматтар халықтың құлағына жетіп, наразылық тууы мүмкін. Оның үстіне, соғыстан кейінгі азық-түлік тапшылығын шешу үшін ұйғарылып отырған «тың көтеруге» қарсылық көрсетіп  жүрген Ж.Шаяхметовтің іс-әрекеті, қалайда Қазақстанның солтүстік аймағының РСФСР территориясына қосылуына қарсы алдын-ала қолданылған шара ретінде болуы мүмкін – деп шешім қабылдап, жаппай жазалау саясатын өршітті (Шынын айтқанда, астананы ауыстыруды ұсынғандағы басты себептің бірі де осы еді. Ол ұсыныс елу жыл өткен соң ғана жүзеге асты). Мұны таратып жатпаймыз. Негізгі жайдың барлығы академик Ш.Шокиннің мемуарында толық баяндалған .

Иә, сондай қастаншықпағыр пиғылмен басталған жазалау майданы басталғанда,саяси қуғыннан әбден зықысы шығып, отыз жеті-отыз сегізінші жылдары «жындыханада», «өлген» деген қауесеттің нәтижесінде тірі қалған Ә.Марғұлан бұл жолы да ұшынған ортадан саяқ жүруді ойлап, қазақтың саят құстарын зерттеймін деген желеумен, Бетпақдалаға ғылыми экспедицияға шығып кетті. Ол Бетпақтың атақты құсбегілері мен аңшыларын іздеп тауып, солармен бірге «ұшқан құстың, жүгірген аңның» соңынан құм мен құмайтты даланы кезіп кетті. Ұшы-қиырсыз қиян медиеннен, еш байланыс құралы жоқ  Бетпақтан  ұшақпен іздесе де табу қиынға соғатын. Сол Бетпақдалаға бет алған соң жылға жуық қалаға жоламай қойды.

Жоғарыдағы, БК(б)П Орталық  комитетінің хатшысы Г.М.Маленковқа жолданған: «Тарих саласында ұлтшыл, Сәтбаевтің күйеу баласы Әлкей Марғұлан тасаланып жүр», – деген мәлімет те  сол бойтасалауға байланысты айтылған. 

Әлқисса: Жылға жу-ық жапан кезген ғылыми экспедиция Жаңаарқа, Балқаш, Іле, Ырғыз бойында саят құстарының ұясын іздеп, олардың мінез-құлқын бақылап, аң аулау тәсілімен танысып, зерттеу жүргізді. Әсіресе, аты аңызға айналған  Мәлік аңшымен достығын, оның құмай саятшы екенін сүйсіне айтып отыратын. «Саят құстарынның» деректерін осы Мәлік аңшыдан жиған болуы керек. Сол сапарда түсірген суреттердің өзі біршама. Соның ішінде Мәлік саяткердің суретінің сыртына өз қолымен:

«Атақты ізкесуші-аңшы. Бетпақдала. 1947 ж. Бетпақдаланың ғажайып білгірі, аңызнамашы озан. Ол маған Б. Дала туралы бірнеше тарихи аңыздарды айтып берді», – деп жазып қойған.

Қашан дүниеден өткенше Бетпақдала экспедициясын, Жезқазған өңірін ұмытпай, ескі көздерді сүйсіне еске алып отырды. Байланысын да үзген жоқ. Ол туралы эпистолярлық мұралар үй-ші архивінде сақталған.

Суреттің сыртына А.Марғұлан: «Знаменитый следопыт-охотник Малик. Беатпак-Дала. 1949 г. Прекрасный знаток Бетпак-Дала, знаменитый сказитель. Он передал мне несколько исторических легенд о Б.-Дале» ,– деп жазған.

 

Бетпақдала – Әлкей Марғұланның өмірлік аңсары ауған аяулы мекені болып қалды. Соның нәтижесінде, Алматыға оралған соң  «Саят құстары» атты еңбегін жазды.Ол еңбек сол қолжазба күйінше жарияланбай, ғалымның суырмасында  елу екі жыл бойы қозғаусыз жатты. 2002 жылы ол қолжазбаны Дәнел Әлкейқызының қолынан алып, «Егемен Қазақстан» газетінің екі санына жалғаса жарияладық. Онда  қолжазбаның тарихы туралы алғысөзде мынадай түсініктеме берілді:

«Саят құстарына»:  «Қазақ руханиятының ХХ ғасырдағы ұлы тұлғаларының бірі академик Әлкей Марғұланның туғанына 100 жыл толуы мерейтойы әлемдік ақыл-ой парасатына үлес қосқан,  адамзатқа ортақ айтулы ұлылардың қатарында ЮНЕСКО деңгейінде  атап өтуге шешім қабылдануы – ұлттық тәуелсіздігімізді дүниеге танытуға мүмкіндік беретін келелі кепілдік. Осы орайды пайдаланып ұлы тұлғалардың өмірі мен мұраларын санамызда саралау  арқылы өткенімізді ойластырып, бүгінімізді пайымдап, ертеңімізді бағамдай аламыз. Тылсымда тұйықталған рухани болмысымыз данышпандардың парасат-пайым сәулесінің түсуінің  нәтижесінде дәтімізге –   қуат, жанымызға –  медет, санамызға – сенім беріп, рухани тәуелсіздікке ұмтылдырды. Қиын-қысталаң кезеңдерде де тәуекелге бас тіге отырып елдігіміздің ұйытқысы болды.  Олар қазақтың болмыс-бітімін сақтауға септігі тиетін себеп пен салдардың барлығын пайдаланды.

Дала данышпаны Әлкей Марғұланның  «Саят құстары» атты зерттеу мақаласы да сондай бір қысылтаяң тұста жазылған. 1934-1939, 1947-1953 жылдары академиялық іргелі ғылыммен айналысудан шеттетіліп, қазақ эпосы мен тарихы туралы зерттеулері саяси қағажауға   ұшыраған кезде Әлекең де ғылыми ортадан бойын аулақ салып, «тасада жүріп» деректер жинап, ұлтының ұмыт қалған өнерін зерделеп, қағазға түсірген екен. 1954 жылдан кейін тарих-этнография, археология, шоқантану ісіне бүтіндей бет бұрған кезінде бұл еңбек тартпаның түбінде қалған сияқты.

Жарты ғасыр бойы жарық көрмесе де мақала саятшылар мен орнитологтар үшін де ғылыми мәнін жойған жоқ. Ал  “Саят құстарындағы» атаулар мен сирек сөздер тіліміздің мәйегін ұйытатыны сөзсіз. Қазір академиктің қызы, философия ғылымдарының кандидаты Дәнел Әлкейқызы Марғұлан әкесінің 14 томдық еңбегін баспаға дайындау үстінде. Оның 4 томы жарық көрді. Бір өкініштісі, осындай академиялық басылымның көпшілік қауымның қолына тимей, Білім және ғылым министрлігі ғылым департаментінің тізімімен ғана таратылуында.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт-тық университетінің жанындағы “Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында Ә.Марғұланның мұражай-кітапханасы ашылып, ғалымның өмірі мен еңбегі туралы деректер жинақталды. Дәнел Әлкейқызы Марғұлан әкесі ұстаған мемориалдық заттар мен қолжазбаларды тапсырды. Әлекеңның көзі тірісінде бізге сыйға берген қолжазбалары да сонда қойылды. Құнды мұралар қазір реттеліп, библиографиялық көрсеткіштер жасалды.  2002 ж.».

2014 жылы біздің осы алғысөзімізбен «Жарыс» баспасынан жеке жинақ боп жарық көрді. Шығармалар жинағының 2 томында басылды. Сөйтіп, өзі  «бой тасалап жүріп», «ұшқан құс пен қашқан аңның» соңынан қуып жүріп өткізген «Бетпақдала экспедициясы» қазақ ғылымы үшін осындай олжамен аяқталды.

Бұл бір жылдың ішінде «саяси қызыл кеңірдек» науқан басылғанның орынына, екілене өрши түсіп тұр еді. Еріксіз Әлкейдің де майданға араласып, тойтарыс беруіне  тура келді.

«Тілшеден», 19.10.1982 жыл: «Елуінші жылы Мұхтарды, мені қудалады. Ол көзі мөлдіреп, жаутаңдап қарай береді. Мәлік Ғабдуллин баяндама жасады. Онда Ғабит (Мүсірепов –Т.Ж.) те Мұхтарды, мені  қаралады. Сондай адам ол. Мені Мұсабаев ауруханадан алып барды. «Сен сөйлемесең болмайды» – деді. Сөйледім. Мұхтар маған риза болды. Үйіне шығарып салдым.

Ол керемет қорқақ, керемет сақ еді. «Сақтан анадан», – деп біреудің атын айтты. Сол науқан кезінде оның Абай туралы романына да шабуыл жасалды. Сөйтіп, «Абай жолының» бірінші кітабі көп өзгеріске ұшырады».

 Бұл кезекті кергі, яғни, Ғылым Академиясында өткен 1953 жылғы ақпандағы қысқы сессияның мәжілісінде басталып,  2 көкек күнгі Жазушылар одағы төралқасы мен Тіл және әдебиет институтында өткен талқылауларда жалғасып, ең соңында 1953 жылға 12 көкек күнгі  эпос пен фольклор туралы дискусияда қорытындыланды. Бас баяндамашы Мәлік Ғабдуллин төрт жарым сағат сөйледі. Ол өзінің баяндамасында:

«М.Ғабдуллин: «Осыған қарамастан қазақ эпосының тарихы марксизм-ленинизм ұстанымы тұрғысынан әлі толық зерттелген жоқ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, қазақ эпосының тарихын зерттеу барысында жекелеген зерттеушілердің тарапынан өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтар жіберілді. Эпостарға, тарихи-әлеуметтік тартысты бейнелеудегі қоғамдық сананың  жемісі ретінде маркстік-лениндік тұрғыдан жан-жақты талдау жасалмады, оның идеялық-таптық мәні ашылмады. Қазақ эпосының тарихы мәселелерінің теріс, маркстік ілімге қарсы бағытта зерттелуіне  белгілі бір дәрежеде М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов, Б.Кенжебаев, М.Ғабдуллин және басқалар кінәлі. Аты аталған зерттеушілердің кейбіреулері осы күнге дейін өздерінің қателіктерін ашық мойындамай келеді, өз міндерін қатаң сынға алған жоқ және партияның идеология мәселелері жөніндегі шешімдерінен тиісті қорытынды шығармай келеді. Аталған әдебиеттанушылардың  қателіктері – олардың  өздерінің  ғылыми-зерттеу жұмыстарында маркстік-лениндік методологияны қолдана алмағандығында, өткеннің эпостық мұраларына әрбір  ұлттық мәдениетте екі мәдениеттің болатындығы туралы лениндік-сталиндік ілім тұрғысынан келе алмағандығында, қазақ эпосының тарихы мәселесін зерттеуде буржуазиялық-ұлтшыл бұрмалаушыларға қарсы аяусыз күрес жүргізбеуінде, ал кейбір жағдайларда солардың өздерінің  буржуазиялық-ұлтшыл көзқарастың шырмауында қалып қоюында, тіпті, өздерінің еңбектерінде оны насихаттауында.

Қазақ эпосын зерттеу жұмысы басталған кезде, яғни, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында, буржуазиялық ұлтшыл-алашордашылар мұны өздерінің кеңес өкіметіне қарсы контрреволюциялық мүдделерін жүзеге асыру үшін пайдаланды. Олар «Едіге», «Орақ – Мамай», «Шора» сияқты тағы да басқа феодалдық-хандықты уағыздайтын эпикалық туындыларды барынша кеңінен насихаттап, халық арасына таратты, оның есесіне нағыз халықтық туындылар туралы жұмған ауыздарын ашпады. Феодалдық-хандық эпостарды өткенді әспеттеп көрсетуге пайдалана отырып, ол кезді «алтын заман» деп атады, сөйтіп, таптық күресті жоққа шығарып, олар қалың бұқараға қарсы буржуазиялық-ұлтшыл идеялогиясын сіңірді. Біздің партиямыз буржуазияшыл ұлтшылдар мен алашордашыларды және олардың контрреволюциялық идеялогиясының тас-талқанын шығарды. Алайда олардың сарқыншақтары кейбір әдебиетшілердің еңбектерінде әлі де сақталып келеді», – деп тікелей айыптауға көшті.  

Ол тұста миф те, аңыз да, әфсана да саясаттанып кетіп еді. Соның «үлгісін» Н.С.Смирнова да көрсетіп, «өңешін бір созып» қалды. Халық жырларын зерттеудің «ауыртпашылығы мен күнәсінің салмағын» Әуезовке «аудара салуға тырысып жүрген сыңаржақ бағыттағы ауқымды бір топ адамдардың» (М.Әуезов) бірі осы Н.С.Смирнова еді. Ол:

«(...) Қазақстан фольклоршыларының ақсақалдық беделге (академическим авторитетом) бас иіп, ғылым мен әдебиеттің партиялық принципін елемеуінің кесірінен оқулықтардың, хрестоматиялардың, зерттеулердің ішіне жаулық пиғылдағы, халыққа жат нұсқалар мен буржуазиялық – ұлтшыл бағыттағы зерттеулер көптеп енгізілді. Бұған ең алдымен соңғы уақытқа дейін өздерінің фольклорға деген жат көзқарастарынан айырыла алмай келген М.Әуезов, Ә.Марғұлан, С.Мұқанов кінәлі»,– деп үш бірдей ғұламаның көзіне «қамшысының ұшын тигізді».

 Қазақ тілін білмей қазақ мифологиясы мен ертегілерінің, эпостарының көркем жүйесін Мұхтар Әуезовке, Әлкей Марғұланға, Сәбит Мұқановқа «түсіндіріп берген» Н.С.Смирнова да осылай кер заманның кернейін тартып, үкім айтты.

«Тілшеде» жазылған:«Сен сөйлемесең болмайды» – деп Мұсабаев ауруханадан алып барған»,  «сөйлеген», «Мұхтар  риза болған» атақты кергі осы еді.

Ал, Ә.Марғұлан: Онда Ғабит (Мүсірепов –Т.Ж.) те Мұхтарды, мені  қаралады. Сондай адам ол», – деп көрсетіп отырған «мәселе» былай шешілді:

«Әлжаппар Әбішев: «...Бұл кез Мұхаңның Ғабеңе қатты өкпелеп жүрген кезі болатын. Күндердің бір күнінде Мұхаң телефон соқты. Ол кісінің бір әдеті біреумен өкпелесе қалса оның фамилиясын айтатын-ды. Амандық сұрасудан кейін, сол әдеті бойынша: «Ана Мүсіреповтің менімен кінәласқысы келеді екен, мен оған сенің алдыңда ғана кінәласамын дедім. Сені қалаған себебім...», – деді де, менің астыма бүкіл қазаққа жететіндей бір қалың көпшікті қойып жіберді... Қойшы, Ғабең де телефон соқты... Мен Мұхаңа телефон соғып, қашан, қайда кездесетінімізді сұрап едім: «Ертең кешкі сағат сегізде маған келіңдер деді», – деді. Біздер айтылған кезде бардық. Барсақ, Мұхаң кабинетінде жазу столының басында отыр екен. Ғабең оның қарсысындағы креслоға отырды да, мен екеуінің жүзін бірдей көріп отыру үшін бүйірде тұрған диванға барып жайғастым. Жазу столының үстіндегі шам жанбай тұр екен. Ғабең соны жөндемек болып түпкі тетігін айналдыра бастап еді, Мұхаң: «Қолыңнан келмеске әуре болып қайтесің, онанда  сөзіңді  баста», – деді. Бұл екеуінің өкпелесуіне себеп болған жай: Ғабеңнің сол жылдың бас кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретары Жұмабай Шаяхметов баян-дама жасаған қалалық бір үлкен жиналыста Мұхаң туралы сөйлеген қатаң сөзі болатын. Бұл екі алыптың дәл осы тұста кездесулерінен мен екі асқар таудың соқтығысын көретіндей сескенген едім, көргенім күткенімдей болып шықты».

Мұның барлығы М.Әуезовтің жүрегін тілгілеп жатса да, «саяси айыптан» аман болған соң, салыстырмалы түрде қалыпты қабылдады деп айтуға болады. Оның үстіне «Асыл нәсілдер» оның шығармашылық өмірбаянындағы заман тақырыбына жауап беру ниетінде туған өтпелі ғана дүние екенін қаламгердің өзі де, өзгелер де білді.

Ә.Әбішев: «Біріншісі: өзі кінәласуға барып отырған Ғабең сол жиналыстағы қатал позициясынан қайтпауға бекініп, Мұхаңның  тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Бүгінгілер үшін қайталап айтайын, ол Мұхаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Оның ойынша: Мұхаң сақтанбаса, өзгелеріміз сақтандырмасақ, одан айырыламыз. Одан айырылу – Абайдан да айы-рылу. Егер қазіргі бетінен қайтпаса, халықты осындай апатқа ұшыратушы – Мұхаңның өзі болуы мүмкін. Ғабең сөзді осылай бастады. Екіншісі: Мұхаңның өмірінің соңғы кезінде де өз бойынан өзі тапқан, бірақ түгел жоя алмай кеткен бір қыңырлығы... Егер авторымен жақсы болса, оның жаманы да жақсы. Ал өзімен араз болса, оның жақсысы жаман болатын. Ғабең жаңағыдай қатал ойымен бекініп барса, Мұхаңның оған қарсы әзірлеген жауабы да осал емес екен. Ол көргісі келмеген кезінде аспандағы күнді де көрмей кететін қыңырлығын қырлап алып, Ғабеңнің бойынан ешқандай жақсылық көрмеске, оның ақ дегенін – қара, қара дегенін – ақ деуге әбден бекініп алыпты. Ғабең өзінің жиналыстағы сөзіне талдау жасап, қырық минуттай сөйлеп еді, кезек алған Мұхаң онан екі есе асырып жіберді. Таулардың нағыз қақтығысы екінші сөзден басталды. Бір ғажабы, екеуі бірін-бірі қимастан, аямастан қинап отыр... Тіпті сөз таластырғысы келген шақтарында үн қатпастан тек ауыр ыңыранып, тына қалады. Қанша қатты сөз естісе де сөз киліктіру жоқ. Ашынған кездерінде мүлдем аспандап кетеді екен. Бір минут толастамастан төрт жарым сағат бойы сайысқанда екеуінің түйілген қабағы бір ашылған жоқ... – Мен борышымды өтедім, – деу болды Ғабеңнің ең соңғы сөзі. Ол соны айтты да орынынан түрегелді. Мұхаң сазарып үн қатқан жоқ. – Шалдар-ай, шаршаттыңдар-ау, – деп мен де түрегелдім. Шынында да, мен қатты шаршадым. Өмірімде Мұхаңның үйінен күрсініп шыққаным сол күнгі түн болды. Мұхаңның бұл қыңырлығы кейін «Абайдың» екінші кітабына салқынын тигізе жаздады. Өйткені, бұл екеуінің араздығын пайдаланатындар арамыздан біраз табылатын» .

М..Әуезовтің көңілін қалдырған                                     Ғ. Мүсіреповтің сол мәжілісте хатшының пікірін қостай, ұлтшылдықтың тамырына балта шаба отырып, сөйлеген сөзіндегі: «Алайда, Жазушылар одағы тарапынан ұлтшылдықпен күресу барысында кеткен өрескел қателер мен үлкен кемшіліктерді Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің соңғы шешімі орынды көрсетіп отыр. Егерде, біз өзімізге өзіміз сын көзімен есеп берсек, өкінішке орай, біз ұлтшылдықпен күресе отырып, сол ұлтшылдықтың жандануы-на жағдай жасаппыз... Қазақстан Жазушылар одағы бір уақытта ұлтшылдықпен күресе отырып, оның жандануына жағдай жасауы кездейсоқтық па? Жоқ, бұл кездейсоқтық емес. ...Екіншіден, бұл пайда болып келе жатқан топшылдықтың отын қоздырудың жасырын амалы, егерде топшылдық жоқ болса, оны қолдан жасайды! ... Әуезов жолдастың соңғы жылдардағы ұлтшылдық сарындағы қателері, сөз жоқ, оның өткендегі идеялық тұрақсыздығымен, адасуларымен тығыз байланысты. Басқа ешкім емес, Әуезов жолдастың өзі әдебиетшілеріміз бен ғалымдарымыздың ішінде ең бірінші рет халықтың зұлым жауы Кенесарыны жер-көкке сыйғызбай дәріптеп, аспанға көтерді» [32.1778.6233.28-29], – деген зілі ауыр айыптаулары болатын».

«Сені көлден айырған, Лашын құстың екпіні. Мені елден айырған, Хан Жәңгірдің тепкіні», – деп Махамбет айтқандай, алдыңғы жолғы талқылаудың «екпіні»  қызметінен төмендетсе, бұл жолғы Кеңес Одағының батырының «тепкіні» оны жұмыстан шығарды (Екінші бұйрық).  Қор -2415, т – 1, іс – 505, 2 бет.

Выписка из Приказа №101 по институту Архитектуры, стройтельства и стройматериалов АН КазССР от 26 мая 1953 г.

Г.А-ата.

$ 1.

Маргулан А.Х. – член-корреспондента АН КазССР, ст. Научн. Сотрудника Института с 26 мая с.г. освободить от занимаемый должности, согласно Постановления Президиума АН КазССР №66 от 26 мая 1953 г.

Директор института,

канд. ист. наук –          В.А.Харченко.

Зав. кан. Цеппова М.С.» .

Кеңестік-партиялық жүйенің тәртібі бойынша кез келген шешім, берілген бұйрық тек алты айдан соң ғана қайта қаралатын. Содан кейін ғана жапа шегушінің ізденуіне, өтініш беруіне жол ашылатын. Бұл құқықты Әлкей Марғұлан да пайдаланып, академияның Төралқасына өтініш жазған (Үшінші  құжат).Қор -2415, т – 1, іс – 528, Стр. 2.

Вице-Президенту Акад. Наук КазССР М.И.Горяеву

Имея огромное желание посвятить себя исследованию более важных и актуальных проблем нашей Отечественной Науки, прошу с 1-го сентября с/г. Перевести меня в институт архитектуры и стройматериалов АН КазССР, отменив Постановление Президиума АН КазССР от 14 марта 1953 г.

Член-корроспендент Академии Наук КазССР –  А.Маргулан.

31 августа 1953 г.» .

Осы өтініштің төменгі жағына: После полугодового лишения и гонения, я по Указу ЦК КП Советского Союза, восстановлен на работу. В конце февраля Сталин еще был жив» – деп қарындашпен жазып, қолын қойып, түсінік беріпті.

Сталин өлген соң қысымның құрсауы ашылып, еркін тыныс алған «жылымық» кезең орнады. «Жазалыларға» жаппай кешірім жасалып, олардың азаматтық құқықтары қалпына келтірілді. Міне, сол мүмкіндікті Әлкей Марғұлан да пайдаланып, өзінің еңбек өтілімінің қалпына келтіріуге ұмтылған (Төртінші құжат).

Қор -2415, т – 1, іс – 528, 1-2 бет.

Вице-Президенту АН КазССР А.П.Полаухину

На основании Постановления Президиума Акад. Наук КазССР от 14 марта 1953 г. я был освобожден от занимаемый должност в НИАЗ АН и по указанию ЦК КП Советского Союза утвержден в должности старшего научного сотрудника в институте Архитектуры, стройтельства и стройматериалов (Постановления Президиума АН КазССР от 16 сентября 1953 г., протокол №5), отменив, таким образом, Постановление Президиума от 14 марта 1953 г.

Однако в Постановлении Президиума от 16-сентября не сделаны оговорка об отмене предыдушего Постановления и о восстановлении моего трудового стажа. Вследствие этого получается некоторый прорыв до сентября 1953 г.

Прошу Вас  отменить решение о Архитектуры, стройтельства и стройматериалов Постановления Президиума от 14-марта 1953 г. И восстановить мой трудовой стаж».

Осы қудалаудың зардабынан 1950-1954 жылдардың аралығында бар-жоғы екі-ақ мақаласы жарияланыпты.  Оның өзі  «Третии сезон археологической работы в Центральном Казахстане» деген ғылыми экспедицияның есебі ғылым академиясының мекемелік «Хабаршысында» ғана басылыпты.

Осымен азапты да қатерлі күндердің табы қалған эпистолярлық мұралар аяқталады.

(Жалғасы. Басы 2021 жылғы

№8-12 және 2022 жылдың №1 сандарында)

1588 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы