• Руханият
  • 28 Қыркүйек, 2021

ҰЛЫ ПЕДАГОГ ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН ТҰЛҒАСЫ

Серікбай Оспанұлы

Ақын, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры

Өмірден талай талантты ғалымдар да, дарынды ақиық ақындар да, даңқты қолбасшылар да, небір майталман қылқалам шеберлері де, ұлы ұстаздар да өткен. Алайда олардың бәрінің ақылы мен дарындылығына мінезі сай болып, сөзі мен ісі бір жерден шыға бермеген.

 Не бәрі қырық сегіз жыл ғұмыр кешіп, бар саналы ғұмырын ағартушылық жолына жұмсаған Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин қандай адам болған?!

Мұхаммед пайғамбардың өсиет хадис-терінде:

«Егер сіз адамның Алла алдындағы бағасын білмек болсаңыз, онда ол адам туралы халықтың пікіріне құлақ түріңіз», – делінеді.

Халық, көзкөргендер не дейді?

Қазан университетінің профессоры, ориенталист Н.И.Ильминский: «Григорьев Балғожаны аса құрметтеп, жоғары бағалайтын, ал Ыбырай Балғожаның немересі болғандықтан ғана емес, өзінің жеке басының қасиеттерімен, сондай-ақ дарындылығымен генералдың сүйіспеншілігіне бөленген еді» (Н.И.Ильминскийдің естелігінен), – деп еске алады.

Ыбырай Орынбор бекінісіне оқуға қамқоршысы Жетібай Өтемісұлымен бірге  барады. Біраздан соң оның ауылына қайтуына рұқсат етіледі. Ыбырай шекаралық Комиссияның төрағасынан Жетібайдың  қасында қала тұруын өтінеді. «Орынбор әкімшілігінің Өтемісұлын үйіне қайтаруға жасаған кезекті әрекеттеріне қарамастан Алтынсариннің үсті-үстіне асқан табандылықпен оны қайтармауын өтінумен болды». Нәтижесінде, әкімшілік Ыбырай қамқоршысын  тұрмыс ақысын төлеп, қалдырады.

Б.Сүлейменов Ыбырайдың үздік оқыға-нын, ол үшін талай рет алғыс та алғанын айтып: «1853 жылы мамырдың 31-ші жұлдызында жазылған «Сынақ актісінде» үздік үлгерімі мен көргенділігі үшін барлық оқушылар алдында Алтынсаринге алғыс хат жарияланды», – дейді.

«Бір ғана айтарым – ол өте әділ, шыншыл, қай жағынан алғанда да ізгі ниетті, мейірбан адам еді» (А.Мазохиннің Ы.Алтынсарин жайындағы естеліктерінен).

РСФСР-дің педагогика тарихы мен тео-риясы институтының аға ғылыми қызметкері болған, Ы.Алтынсарин шығармашылығы жайында кітап жазған А.Ф.Эфиров ұлы ұстаздың кемеңгерлігін айта келіп: «Ол нұрлы ақыл, жылы жүрек, көп қырлы дарын иесі болды. Балғын шағынан бастап-ақ бар күш-жігерін, қажыр-қайратын туған халқына қызмет етуге арнады», – дейді. Көшпелі Қазақбайұлының «Қазақ билерінің жұмыстарды тексеретұғын турасынан» деп аталатын мақаласында Алтынсариннің билікті адал да, әділ жүргізгені, халқына жан аямай қызмет етіп, үнемі пайда келтіруді ойлағаны айтылады.

«Біздің әңгімеміз негізінен сөздердің мағынасы төңірегінде өрбитін, – деп жазады Н.И.Ильминский – Мен тек шет тілдегі сөздердің орыс тіліндегі мағынасын берумен ғана шектелмей, техникалық терминдерге келгенде уақыттың тығыздығына мән берместен барынша кеңінен түсіндіруге тырысатынмын. Ал Алтынсарин болса, асқан табандылықпен тыңдаушы еді. Ол өзінің сүйкімділігінен біздің отбасының қадірлі қонағына айналып та кетті» (Н.И.Ильминский естелігінен).

Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабын орыс ағартушыларының орыс әрпімен бастыру керек дегендеріне қарамастан, дін уағыздары мен құран сүрелерінің бұрмаланып берілуінен сақтанып араб әрпімен шығаруға күш салуы да табандылығын аңғартады. Сол күрескерлігі арқасында дін сабағы мектепте өзі жазған осы қазақ тіліндегі оқулықпен оқытылатын болады.

Торғайда жаңа үлгідегі мектеп ашуы, оның керек-жарағын алу үшін ауыл-ауылды аралап қаражат жинауы, қолөнер мектебін, әсіресе қыздар мектебін ашып, жатақханалар салдыруы, сол жолда жеңіске жетуі ізденімпаздық, қайсарлық, табандылық қасиеті мен соның жемісі екені даусыз.

 

Мейірімді, қарапайым, 

қамқор

 

Екі сыныптық Қостанай орыс-қазақ мектебінің оқытушысы Ф.Д.Соколов: Ыбырай мұғалімдермен жылы әңгімелесіп, көпшілік алдында олардың беделін көтере сөйлейтінін, басқалардан да мұғалімдерге міндетті түрде құрметпен қарауды талап ететінін еске алып, «Ол мұғалімдермен сұхбаттасқанда олардың оқу ісіне деген құштарлығын оята білетін» деп ерекше қасиетіне де тоқталып өтеді... «Алдына қай кезде, қандай жұмыспен барсаң да ол кісі шынайы тілектес болып, ақыл-кеңесін, не көмегін аямайтын. Қазақ халқы оны аса құрмет тұтатын», – дейді.

Соколовтың бұл пікірі Ыбырайдың қазанамасында да қайталанады: «Алтынсарин медреселердің ұстаздарына шын ықыласымен жақын, кішіпейіл болып, солардың зәрулігі болса, болысуға даяр болушы еді. Сол себептен олар өзін сүюші еді».

Ы.Алтынсариннің шәкірті әрі ізбасары Ғабдолғали Балғынбаев та ұстазының уездік басқарманың іс жүргізушісі бола жүріп кейде уездік соттың қызметін, кейде уездік бастықтың орынбасары міндетін де атқарғанын айта келіп: «Осындай үлкен лауазымға ие болып жүрсе де, ол кішіпейіл де, қарапайымдылық танытатын, оған жұрт әртүрлі тілек-өтініштерімен ағылып келіп жататын. Ыбырай келгендермен жылы сөйлесіп, мүмкін болғанынша арыздарын орындауға ұмтылатын» деп, оның мейірімділігін, парасаттылығын бар ықылас-ынтасымен жеткізеді.

Екі  сыныптық  Ақтөбе  орыс-қазақ мектебінің оқытушысы А.А.Мозохин: «Алтынсариннің әкелік қамқорлық, мейірбан хаттары бойыма батылдық ұялатып, молдалардың біржолата бетін қайтаруды ойладым... Молдаға балаларды намазға таяқпен емес, шариғаттың күшімен тарту керек дегенді талай айттым, бірақ тыңдар молда болмады» (А.Мозохиннің естелігінен), – деп ағынан жарылады.

«Ол кішіпейіл де қарпайымдылық танытатын, оған жұрт әртүрлі тілек-өтініштермен ағылып келіп жататын. Ыбырай келгендермен жылы сөйлесіп, мүмкін болғанынша айтқан арыздарын орындауға ұмтылатын» (Ғ.Балғынбаевтың естелігінен).

Педагог-жазушы Спандияр Көбеев те «Орындалған арман» романында алғаш мектепке барғанында кедейдің баласы деп аты-жөнін оқушылар тізімінен сызып тастағанда оқуына Ыбырай Алтынсарин көмектескенін жазады:

«Ыбырай менің маңдайымнан сипап, бетіме үңіліп қарап:

– Оқисың ба, балам? – деді.

– Оқимын.

– Оқы, балам. Жақсы оқы! – деді де, Досмағұлға қарап:

– Тізімнен өшірілген болса, қайта жаз. Кедей балалары да оқу керек. Мына балаға көзіңнің қырын сала жүргейсің. Сірә, әкесі осы елдің мықтыларына жақпай, зәбір көрген адам болу керек, – деді.

Мен оқуға алындым. Сонымен 1887 жылғы 10 декабрьде оқу басталды».

Қайрымды, жомарт, жанашыр ізденімпаз

«Оның есігі жұрттың бәріне әрдайым ашық тұратын, қиыншылық кезеңдегі ақыл-кеңесін былай қойғанда, ол жоқшылыққа ұшыраған қазақтарға қарызға ақша беретін, ол үшін кейін өсім талап етпейтін, көп жағдайда қарызын да қайтарып алмайтын. Орыс қоныстанушылары да оны мейірімді әрі адал адам деп білетін» (Ф.Д.Соколовтың Ы.Алтынсарин жайындағы естелігінен).

Ғ.Балғынбаев: «Бұлардың үйіне бай да, кедей де келетін, алайда бұлардың бәрі де қонақжайлылықпен біркелкі қабылданатын», – деп келген кісілерді бай, кедей деп бөлмейтінін ерекше атап өтеді.

Ыбырай 1879-1880 жылдардағы Торғайда болған ашаршылық пен жұт жайында «Оренбургский листок» газетіне жиі мақала жазып, халқына жанашырлық танытқан бірден-бір адам.

Ы.Алтынсарин публицистикасын алғаш зерттеуші М.И.Фетисов 1879-1880 жылдардың қысында Торғайды жайлаған жұтқа байланыс-ты жайттарды қорытындылап, Ыбырай қазақ халқының тарихи, даму барысында оның алдында тұрған негізгі түйінді мәселелердің бетін ашып бергенін айтып: «Ыбырайдың терең ойлы, күн тәртібінде тұрған толып жатқан проблемалардың бетін ашатын қазақ даласындағы жұт туралы» деген материалы демократиялық қазақ публицистикасының шынайы үлгісі деп бағалайды.

Оның аштық жылдарындағы, жұттан кейінгі халықтың ауыр жағдайына жаны қалай күйзелгенін көзімен көрген шәкірті, әрі жолын қуған әріптесі Ғ.Балғынбаев өз естелігінде Торғай облысы басшыларының жұт болмаған Қостанай жақтан азық-түлік алдыруына мүмкіндіктері жетсе де, қолұшын бере алмай ақыры тарап кеткенін әңгімелей келе, бұл тығырықтан шығу үшін Ыбырайдың уез бастығы полковник Яковлевпен бірлесіп көктем шыға кірпіштен орыс-қазақ училищесінің ғимаратын тұрғызыуға бел байлағанын баян етеді. «Осы арқылы аш-жалаңаш жұртты жұмысқа орналас-тырып, күнделікті талшық ететін қаржы табуына көмектеспек болды әрі мектеп үйінің салынып қалуын ойластырды, – деп жазады ол соның нәтижесінде кедейлердің өздері тапқан аз ғана ақшаға көктем күндері шектен тыс қымбат болса да Қостанайдан әкелінген азық-түлікті сатып алып, күн көруіне айтарлықтай жағдай жасалды. Бұл көпшіліктің ажал тырнағынан құтылып аман қалуына себеп болды».

Бұдан кейін Ыбырай бастамасымен Торғай өзенінен балық аулау ұйымдастырылып, халықтың әл-аухаты түзеле бастайды. 1880 жылы жаңа мектеп те салынып бітеді. Сөйтіп Ыбырай жұрттың сый-құрметіне бөленеді.

Не нәрсеге де құлшыныс, ізденіс, талпыныс керек. «Ізденген жетер мұратқа», «Еңбек түбі – зейнет» деген осы.

Ыбырайдың  дүниеден өтер сәтінде әкесінен қалған 500 десятина жерді Қостанайда ашылуға тиісті ауыл шаруашылық мектебінің қарамағына өсиет етуі де оның өзінің жеке отбасының ғана емес, бүкіл қазақ халқының қамын ойлаған, кейінгі ұрпаққа жанашыр да қамқор жан болғандығын айқындайды.

Я.П.Яковлев: «Мектеп қамқоршысы зау-ряд-хорунжий Алтынсариннің адал еңбегі мен шын ықыласы арқасында мектеп аса бір таза, ұқыптылықпен сақталуда. Қазақ балаларының оқу-білімге бірден ден қоюына қарағанда Торғайдағы осы бірден-бір оқу орны жетістіктер мен табыстарға жете беретініне әбден сенуге болады», – деп жоғары баға берсе, 1884 жылы Ыбырай шәкірттері «Алтынсариннің ісінен бүкіл халықтың сипатын, оның рухы мен ақылын, адамгершілігі мен мінез-құлқын, тұтас алғанда оның барлық бейнесін көреміз», – деп жазды.

 

Бет-бейнесі, тұлғасы,  киім киісі

«Ы.Алтынсарин орта бойлы, толық деу-ге келе бермейтін орташа денелі еді, мұның бәрі оның тұлғасына бір жарасымды көрік беретіндей болатын. Бет-бейнесі қазаққа тән дөңгелектеу біткен, толықтау, өңі қара торы да емес, өзінің қонаққа не қызметке киетін паригі түстес ақ сарылау адам болатын, өзіне жарасымды ақсары түсті дөңгелек сақалы мен мұрты болатын» (Ғ.Балғынбаев естелігінен).

«Жас кезінде шашы сиректеу болып, кейін басының кей жерлерінің шашы түсіп қалғандықтан, ол 10-15 күнде бір рет шашын қырғызып тастайтын, осыған орай қызметке парикпен барса, үйде тақия немесе шошақ, жиегі құндызбен көмкерілген жұмсақ кішкене бөрік киетін, үстіне бешпет пен ұлттық шапан, ал іске шыққанда өз бойына жараса кететін қос қайырма жағалы, шұға қара костюмы болушы еді. Аяғына кәдімгі калошы бар етік, ал елге шыққанда киіз байпақ (валенки) киетін» (Ғ.Балғынбаев естелігінен).

Ыбырай дүниеден өткенде ағайыны Бекмағанбет:

«Айбының Алатаудың өлкесіндей,

Халқының болдың ғазиз еркесіндей.

Досыңмен қатар жүрсең, жарасушы ең

Мың қойдың алдындағы серкесіндей...

 

Тұлпарсың тулап туған құлыныңнан,

Сілкінсең от шығушы еді жұлыныңнан...

 

Мәжіліс, жиын еді жүрген жерің,

Қуанып қалушы еді келген елің.

Көп нашар жарығына паналаған

Секілді дауыл өтпес асқар белім», – деп жоқтау айтса, әр сөзінде шындық жатыр. Жоғарыда сол қасиеттерін дәлелдеуге ұмтылыс жасадық. Ыбырай сонымен бірге өнерді, өнерлі жандарды жақсы көріп, өзі де домбыра шертіп, ән салған. «Өнер алды – қызыл тіл» деп, шешендікті жоғары бағалап, ел алдында ділмарлығын да таныта білген.

«Ыбырай ерекше бір сенімді де әсерлі үнмен сөйлейтін. Дауысында да құлаққа жағымды әуезділік болатын. Мейлі орысша, мейлі қазақша сөйлесін, одан сөзшеңдік пен шешендік аңғарылатын. Ол әңгіме айтқанда жұрт зейін қоя тыңдайтын» (Ғ.Балғынбаев естелігінен).

Сейдахмет Бейсенұлы, Күдері Жолды-байұлы, Ақмолда Орынбайұлы, Нұржан Наушабайұлы сияқты ақындармен қоян-қолтық араласып, олардың өлеңдеріне сын пікір білдіріп, жөн сілтеп отырған. Бұл – өнерге, мәдениетке, әдебиетке деген жанашырлығы. Оны ауыз әдебиеті нұсқаларын жинап бастыруы нақтылап, дәлелдей түседі.

Психолог-ғалым Құбағұл Жарықбаев: «Бар өмірін ағарту, тәлім-тәрбие саласына сарп еткен, осы қызметті өз өмірінің негізгі арқауы деп ойлаған үлкен жүректі ұстаздың адам жанын нәзік сезетін, аса сезімтал психолог болғанына шүбә келтіруге болмайды», – десе, Мұсатай Ақынжанов «Ол қазақ сахарасында тұңғыш рет дүниетану мектебін ұйымдастырды», – дейді. Ақын Ғафу Қайырбеков Ыбырай Алтынсариннің өз халқы үшін сан алуан салада қайраткерлік көрсеткенін айтады.

Иә, Ыбырай қыры сан-алуан. Ол – халық жүрегінен мәңгі орын алған данышпан, ардақты да асыл бейне.

 

Қонақжайлылығы

 

Ыбыраймен замандас, дос-жаран, ағайын болып араласқан адамдар естеліктерінде оның отбасымен аса қонақжай болғанын, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қатты ұстанғандарын айтады.

Ұстаз басқа халық өкілдерімен де жиі бас қосып, оларды қонаққа шақырып, оларға өзі де қонаққа барып тұрған. Қонақта Ыбырай өзін еркін ұстап, жиналған қауымның көңілін табуға тырысқан. Лауазымы жоғары болса да қарапайымдылық танытып, бәрімен тең сөйлесе білген, домбыра тартып, ән де салған.

Ыбырайдың үйіне бірнеше рет барып, жақсы қарым-қатынаста болған 91 жастағы Хасен  Сәбитұлының аузынан жазып алып, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорына 1947 жылы Мәриям Хакімжанова тапсырған «Алтынсарин өмірінің кей сәттері» деп аталатын қолжазбада қонақжайлылығы, ояз Крейсмерді қонақ етуі, Крейсмердің қонаққа шақыруы егжей-тегжейлі сөз болады .

Балғынбаев та «Ы.Алтынсарин туралы естелігінде» мерекелерде ұстазының үйіне барып тұрғанын, Ыбырайдың жары Айғаныс бауырсақ пен шай беріп, түскі тамаққа ет асатынын, бұл үйге бай да, кедей де келетінін, алайда үй иелері бай, кедей деп бөлмей, бәріне бірдей қонақжайлылық көрсететінін айтады. «Ыбырай қазақша тұратын, – деп жазады ол. – Жейтін тағамдары жылқы, қой, сиыр еті еді. Тамақты сырмақ, не кілем үстіне төселген көрпе үстіне отырып (өздеріне де, сыйлы қонаққа да дастарқан жайып) ішетін. Үй шаруашылығын әйелі Айғаныс түгелдей өзі басқаратын. Ы.Алтынсарин шаруашылық пен үй ісіне араласпайтын, өзінің қызметін ғана біліп, үйге әр түрлі тілекпен келген қонақтармен сөйлесіп отыратын. Орыс меймандары мен әріптес-қызметтестерін, тағы басқа сол сияқты дос-жарандарын жұмсақ диваны мен креслосы, орындықтары бар кілем төселген қонақ бөлмеде немесе жұмыс бөлмесінде қабылдайтын. Мұндайда орысша стол жайылып, қазақша ет берілетін, келгендердің өзі де дала адамдары секілді қазақша күткенді ұнатып отыратын».

 

Дүниетанымы

Ислам дінінің бүкіл түркі халықтары мен басқа да ұлттардың, ұлыстардың  дүниетанымына әсер еткені даусыз. Солардың арасында қазақ халқының да сан ғасырлық қалыптасу тарихында мәдениетіміз бен әдебиетіміздің өркендеуіне ислам дінінің қосқан үлесі зор. Оны салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымыздан, халықтың қара өлеңдері мен мақал-мәтелдерінен айқын аңғаруға болады.

Ыбырайдың өмірге көзқарасын қарас-тырғанда түркілік дүниетаным сабақтастығын, ол өмір сүрген әлеуметтік мәдени ортаны ескере отырып талдап-таразылай түскен абзал.

Егемендігімізді алдық, мешіттер бой көтеруде, медреселер, жоғары оқу орындары ашылуда, жастар дінге мойын бұра бастады. Енді Ыбырайға жаңа көзқарас қалыптастырып, оны кейінгі ұрпақ санасына сіңіру біздің парызымыз. Ыбырайға бәріміз де борыштымыз!

Ыбырай атасы Балғожаның қолында өсті. Қазақы тәлім-тәрбие алды. Көргені – намаз оқып, ораза ұстаған Алланың ақ жолындағы адамдар, естігені – Құран, Ислам шариғаттары-заңы. Тоғыз жасында Орынбор Шекара комиссиясы жанынан қазақ балаларына арналып ашылған жеті жылдық мектепте оқыды. Онда Орынбор мешітінің ахуны Ғұсман Мұсаұлы мұсылман дінінің иман-шарттарын құлағына құйды. Құранды бүкіл оқылу ережелерін сақтап оқуға үйретті. Араб, парсы, татар тілдерінен белгілі шығыстанушы Мірсалық Бекшораұлы сабақ берді. Сөйтіп ол құран сүрелерін өзгелерге түсіндіре алатын дәрежеге жетіп, дүниетанымы да қалыптаса түсті.

Ыбырай Алла Тағаланың хақтығын мойындағанымен көзсіз, соқыр сенімге берілмей, шындыққа жүгінді. Бұл жағынан дүниетанымы ұлы ақын Абай Құнанбаев дүниетанымымен астасып жатады. Ыбырай да, Абай да, Көкбай Жанатайұлының сөзімен айтсақ, «діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні етіп қолданған» .

Бұл ойды Мұхтар Әуезов: «Ол діннің құдайына иланады. Енді соның көп сипаттарын өз оқушысына баяндап береді. Сол баяндауында үнемі адамдық жақсы қасиеттер жағын айрықша екшеп, терумен болады. Ендеше бұл сөздің түп мазмұн-мақсаты адамды жақсы етіп шығаратын қасиет, сипаттарды жеткізе түсу. Моральдық философияның, педагогикалық мұраттардың негізін діндегі негіздермен қабыстырып бермекші», – деп толықтырып, айқындай жеткізеді.

Ыбырай шығармалары туралы да осы пікір-пайымды айтуға болады. Ұлы ұстаз да ислам дініндегі тән, қоршаған орта, рухани тазалық, тәлім-тәрбие жөніндегі Мұхаммед пайғамбардың өсиет хадистерінің мән-мазмұнын өзінің педагогикалық ой-пікірлеріне арқау етіп алған.

Ыбырай да, Абай да елге пайдалы адам болғысы келді. Бұл бір Аллаға деген сенімнен туындаған жүрек қалауы. Өйткені, адамзаттың ардақты елшісі хазірет Мұхаммед хадистерінде: «Ең жақсы адам-басқаға пайдасы тиген адам», – дейді. Ыбырай мен Абай сөздерінің бір-бірімен қабысып, үндесіп жатуының сыры – екеуінің де сусындаған бастау бұлағы – қасиетті Құран, Мұхаммед пайғамбардың хадистері.

Ыбырайдың дүниетанымы – түркілік дүниетаным, сенімі – хақтың діні. Оны «Өсиет өлеңдерінен» байқаймыз:

«Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,

Тең етті бәрімізге күн мен айын».

Ақынның осы екі тармақ өлеңін оқығанда оның «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітап-шасындағы мына сөздер еріксіз еске түседі: «Бұл – үстіміздегі шет-шегі жоқ көк, күндіз болса дүниені жарық еткен күн, кеш болса күлімсіреп тұрған ай, жұлдыздарменен бұл дүниені айналып жатқан шеті жоқ мұхит, теңіздері һәм таулардан таза жауһардай жылтырап аққан өзендері, ішінде неше алуан мақұлықтар, балықтарыменен, астымызда біздің дүниеміз атанған жер – қазып қарасақ астында алтын, күміс, мыс, бақыр, темірменен һәм үстіне қарасаң алыстан тұманданып көрінген, ішіне кірсең жапырақтары жайқалып, дүниеге хош иістер жайған биік орман ағаштар, һәм мың түрлі патшалы, патшасыз жұрт болып тұрған азаматтар мұның бәрі де жалғыз теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ бір құдайдың барлығына, бірлігіне һәм кәміл жаратушы халық – қадір екендігіне дәлел болса керек».

Көріп отырсыздар, Ыбырай дүние-танымында да бәрін жаратқан құдіретті күшті бір Алла. Адам да, жан-жануарлар да, аспан мен жер де Құдайдың туындылары. Осы ойын өлеңінде жалғай түсіп ол:

«Адамның адам біткен баласымыз,

Қайсың бөлек тудың деп айырайын», – дейді.

Құран Кәрімде «Адам ата» хикаясында: «Алла екі күнде байтақ жерді жаратты. Жер үстіндегі тау-жоталарды жаратты», – делінеді.

Одан кейін Алла Тағала балшықтан Адам атаны – Сапиолланы (Адам атаның шын аты) жасады. Оған жан салды... бойына білім сіңірді... Адамзат атаулы сол Адам ата мен Хауа ана ұрпақтарымыз, яғни Ыбырай айтқандай, «бір адамның баласымыз».

Мұны қазір ескере береміз бе?! Бар адамзат Ыбырайша ойласа жер бетінде соғыс болар ма еді, болмас па еді?!

«Ислам этикасы (ахлақ) мейірімділік, төзімділік, ықыластылық, шыншылдық, тазалық, жомарттық, бауырмалдық, кеңпейілдік, аманатқа қиянат жасамау, ар-намысты сақтау, уәдеде тұру сияқты көптеген жалпы адамзаттық құндылықтарды қамтиды» .

Ыбырай да елді мейірімділікке бауырмалдыққа, қайырымдылыққа үндеп, ауызбіршілікке шақырады. Ауызбіршілік бар жерде ғылым мен өнер дамып, барлығы өсіп-өркендейтіні анық. Сондықтан да ол:

«Бәріміз бір адамның баласымыз,

Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз», – деп, ақ, қара, діні бір, діні басқа демей, бар адамзатты бауырмалдыққа шақырады. Бауырмалдық – мұсылман сипаттарының бірі.

Дәуіт-Дауыт пайғамбар аты Құран Кәрімде 16 жерде кездеседі. «Талұт», «Талұт пен Дәуіт», «Дәуіттің адасуы» атты хикаяларда оның іс-әрекеті сөз болады.

Ыбырай:

«Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт өткен,

Патша боп бұл дүниеге даңқы кеткен», – деп оны жырға қосады.

Дәуіттің даңқты патша екені шындық. Оның бірнеше ұлы болған, алайда олардың бәрі дүниеден өтіп, жалғыз ұлы Сүлеймен патшалық құрған. «Давид (Дауыт – С.О.) қырық жыл патшалық еткеннен кейін өмірінің жетпіс жасында дүние салған. Дамаскіден Египетке және Орта теңізден Иорданнан Шығысқа қарай кететін жерлерді алып жатқан мемлекетті баласына қалдырып кеткен... Соломон (Сүлеймен – С.О.) ұлы данышпан аталған». Енді бір деректе «Дәуіт пайғамбар жүз жасқа келген».

Ыбырай:

«Отыз ұлым бар ғой деп, көптік ойлап,

Құдайым отызын да әлек еткен.

 

Жылаған Дәуіт патша тоба қылып,

Өзінің пенде екенін сонда біліп.

Мұнан соң Тақ-Сүлеймен туды дейді,

Отыз ұлға бір өзін жора қылып».

Дәуіт жасаған күнасына өкініп, Алла Тағаладан жалынып кешірім сұрағаны үшін отыз ұлының орнына отыз ұлына татитын даңқты Сүлейменді береді.

Құранда «Сүлеймен және әйел патша Билегис», «Сүлейменнің парасаты», «Сүлеймен өз әкесінің тахыдында»деген хикаялар бар.

Құран Кәрімде: «Жер бетінде қөкірек керіп жүрме» , – делінеді.

Ы.Алтынсарин осы қағиданы жастарға тәлім-тәрбие беру үшін әдемі пайдаланған. Тәкәппарлық жарға соқтыратынын, бірақ кінәсін мойындап дұрыс жолға түссе, Алла Тағала кешіретінін ескертеді.

Су – қашаннан тіршілік көзі. Құранда «Бар тіршілік басы – су» деген жиі айтылады.

«Барлық мақұлықты Алла судан жаратты...».

Ыбырай:

«Ескендір патша болып дүниені алған,

Қалмаған бұл жалғанда ешбір арман.

Жалғыз-ақ өлмеске айла табамын деп,

Ізденіп, мәңгі суын соған барған».

Ислам дінінде тағдырды мойындау – парыз. Жақсылық та, жамандық та Алладан. Туғанда маңдайыңа не жазылса, сол болады. Оны өзгерту ешкімнің қолынан келмейді. Тіпті пайғамбарлар да бұған дәрменсіз. Ал, асып-тасқан Ескендір патша бар арманы орындалып, дүниені жаулап енді маңдайға жазған тағдырын өзгертпек.

Ескендір-Ескендір Зұлқарнайын-Александр Македонский. Құран Кәрімде оның есімі үш жерде Зұлқарнайын деп аталады. «Зұлқарнайын» деген хикаятта:

«Зұлхарнайын – ұзақ жорықтан осынау бастамашысы суыт тартқан бойы Мағрип деген жерге жетті. Қарсыласқан жауын бұйым құрлы көрмей, жол бойындағы бөген атаулыны тапап өтіп отырды. Шіліңгір ыстық, шыңылтыр суық, жолдағы саз батпақ дегендерді елемей, үрдіс ілгерлей берді. Өйткені, Алла оған медет бағыш етті. Оған қажетті нәрселердің бәрін жеткізіп отырды. Оны жеңімпаз етті», – деп, оның Алланың көмегі арқылы еткен кереметтері баян етіледі.

«Өсиет өлең»:

«Мәңгілік су ішкенге өлім болмас,

Ескендір мұны сұрап білгені рас.

Су әпкел деп жібереді уәзірін,

Уәзірі қасында Қыдыр-Ілияс», – деп жалғасады.

Қыдыр-Ілияс туралы Құран Кәрімде «Бір пайғамбардың аты (Екі жерде бар)» делінген. Аты «Іляс» деп жазылған.

«Ең ежелгісі – аль Хазир мұсылман мифологиясында көптеген қасиеттерді – даналықты, қолшеберлікті, тапқыштықты, мейірімділікті бойына жинаған адамдарды кесапаттардан, өрттен, топан судан, жылан, бүйі уынан сақтаушы, береке-бақыт әкелуші қария ретінде бейнеленеді».

Ескендір мен уәзірі – Қыдыр-Ілияс судан ішіп, патша үшін тағы бір кесе су алдырмақ болып тұрғанда көздері бір адамға түседі. Жөн сұрасқанда ол мен де патша едім, өлмеу үшін осы суды іздеп келдім. Бармаған жерім қалмады, елім де әбден әлекке түсті. Ақырында «кемдіктің неше түрлі бәрін көріп, Аһ, енді өлім болса маған дедім!». Бірақ Құдай-тағала өлім бермеді, енді дүниені тастап осында келдім, – дейді.

Қыдыр-Ілияс қайтып келіп кеседегі суын Ескендірге ұсынады. Ішейін деп Ескендір енді ұмтыла бергенде су оның аузына бармай қояды.

Маңдайға жазған тағдыр өзгермейді! Оны өзгертемін деу-күнә! Құдайға қарсылық-серік келтіру. Автор осыны меңзейді. Ал әділдігі үшін Наушаруан діні кәпір болса да дозаққа күймейді:

«Наушаруан – діні кәпір, әділ өтті,

Дозаққа соның үшін жағылмады».

Наушаруан – ежелгі Иран патшасы. Ыбырай әділдікті ту етіп, «Не болды тәкәппарлық қылғаны үшін?» деп, өркөкіректікті сынайды.

Аюп-Құран Кәрімде – Әйүп, пайғамбар-дың аты, құранда есімі төрт жерде кездеседі. Әйуп жайындағы хикаят «Алла Тағала Әйүптің төзіміне сый көрсетті. Байлығын өзіне қайтарды. Рақым қылып бір бала берді. Ол шынында, адал сенімнің өнегесі еді», – деп қорытындыланады.

Ыбырай:

«Аюпты сегіз жылдай мың құрт жеді,

Болыпты бөлек-бөлек соның тәні.

Мал-жанның өре туған бәрі безіп,

Далада жалғыз жатып, «Алла» деді.

Малды алды, баланы алды, сабыр етті,

Дұшпандар мысқыл атып жәбір етті.

Разымын не берсең де, Құдайым, – деп,

Бәрін де қабақ шытпай қабыл етті».

Хадис: «Өзіңізге бағынышты тілсіз мақұлықтар жануарларға қиянат жасаудан сақтаныңыз. Мінуге, жеуге жаралғандарының әрқайсысын сол мақсаттарға жұмсаңыз».

Ыбырай:

«Қорлама кем адамды болсаң дана,

Ғаріпті Құдай сүйсе нендей шара?!

Ер болған сиыр бағып Зеңгібаба,

Пір болды түйешіден Ойсылқара».

Ақын бұл өлеңінде терме үлгісінде өнеге, өсиет, ақыл, нақыл сөздерді теріп айтып өтеді. Негізгі мақсат-мүдде жастарға тәлім-тәрбие беру, жақсылыққа жетелеп, жаман әдеттерден жирендіру. Мұны өлеңнің «Өсиет өлеңдер» деген тақырыбы да айтып тұр.

Хадис: «Құдайдан қорық! Азғантай жақсылықтың өзін азырқанба».

Ыбырай:

«Ұмытпа бай болдым деп бір Құдайды».

Құранда Харұн-Қарынбай арбап-алдап Мұсаны ел-жұртынан алыстатпақ болады. Алайда оны Алла Тағала біліп, жат ниетін ашады. Ділі пәк Мұса сыннан өтіп, абыройы бұрынғыдан да бетер арта түседі. Харұнды тура жолға түсіруді ойлаған Мұсаның іс-әрекетінен ештеңе шықпай, әбден түңіледі. Харұнның ел-жұрты жамандыққа бастауынан құтылу үшін оны мықтап жазалауын Алладан мінажат етіп тілейді.

«Алла Тағала оның өтінішін қабыл алады. Байтақ жер бір-ақ опырылып, ойылып түсіп, үйлер құлап қирайды. Алланың алдында Харұнға көмек беруге ешбір адам шықпайды.

Қара жер жарылады да, оның үйін де, мал-мүлкін де жұтады. Оның соңынан ерген оңбаған адамдар да жер астына түсіп жоқ болады».

Атымтай Жомарт – VI ортасында өмір сүрген араб ақыны Хатим Ат-тай. Шығыс халықтарының ауыз әдебиетінде жиі ұшырасатын кейіпкер. Асқан жомарт, кеңпейіл иесі.

Ыбырай:

«Мекенін білемісің қайда қалды,

Жомарттық қылған үшін Атымтайдың».

Хадис: «Адамнан ұялмаған адам Алладан да ұялмайды... Алла Тағаладан шын ұялыңдар, өйткені, сендердің тіршіліктеріңді, мінез-құлықтарыңды Алла Тағала жаратты».

Ыбырай:

«Иманды ер Құдайынан ұялады,

Ұялып Иесінен сый алады».

Хадисте: «Кімде-кім өзіне бір жетімді тәрбиелесе немесе бөтен жетімді кәмелетке жеткенше бақса, ол адам міндетті түрде жұмаққа барады», – делініп, жарлы-жақыбайға, жетім-жесірге, жоқ-жітік адамдарға қайырымдылық жасау уағыздалады.

Ыбырай:

«Ренжітпе пенде болсаң бейшараны,

 Кәріп көңілі бір сынған пияла-ды», – деп, шарасыз пенденің көңілін қалдырма деп, оны сынған кесеге теңейді. Яғни, қайырымдылыққа, кісінің көңіліне тимеуді үндейді.

Хадис: «Кәсіптің ең жақсысы – өз қолыңмен жасаған нәрсең... Қайыр тілегеннен гөрі қолыңа арқан алып, орманға барып, ағаш теріп, оны сатып тамақ тапқан артық».

Ыбырай:

«Араз бол, кедей болсаң, ұлықпенен,

Кете бар кессе басың шындықпенен!

Қорек тап, бейнеттен де Тәңірің жәрдем,

Телмірме бір адамға мұңлықпенен!».

«Жүсіп-Зылиха» жайындағы аңыз, Шығыста көп жырланған сюжет. Көпке белгілі, Құранның 12-сүресінде «Жүсіп» әңгімесі әңгімелердің ішіндегі ең жақсысы...

Ыбырай:

«Мақтанба сұлумын деп ажарыңа,

Ажарсыз адамдарды ал назарыңа.

Зылиха, Жүсіппенен сұлу өткен,

Тұрмаған ажар ара ажалына!»

Хадис: «Не нәрсенің бәрі де, тіпті, шексіздік пен дарындылық та Алланың әмірімен болады».

Ыбырай:

«Ит үрер жақсыға да, жаманға да,

Қылмағы бірақ залал Құдайдан-ды!».

Ыбырайдың аса бай халық мұрасы – өлең-жырлар мен мақал-мәтелдерінен, ертегілерінен сусындап өскені, оны ел арасынан жинап «Қазақ хрестоматиясы» кітабына енгізгені баршаға мәлім.

«Өсиет өлеңдерінде» сол ауыз әдебиетін негізге алып, кейбір үлгілерін шығармаларында орынды пайдалана білгені де байқалады.

Халық әдебиетінде сиыр пірі – Зеңгібаба, жылқы пірі –Қамбар ата, түйе пірі – Ойсылқара. Ыбырай «Ер болған сиыр бағып Зеңгібаба, пір болды түйешіден Ойсылқара» деп, балаларға осы екі түлік атасының діни философиялық мән-мағынасын ашады.

Ислам дінінде «Пір» – қолдап-қорғаушы рух. «Рух» – сөзінің мағынасы «жан», «күш». «Исра» сүресінің 85 аятында: «Әй, Мұхаммед! Сенен рухтың не екенін сұрайды. Айт: Рух Раббымыздың әмірінде, (Бұл жайында) сіздерге өте аз мағлұмат берілген», – делінеді.

Ауыз әдебиетіндегі төрт түлік туралы өлеңдерде «Шағаладай құрты бар, Шопан ата баласы», «Шүйде жалды, желкелі, Сексек ата баласы», «Буыны бар сыртылдақ, Зеңгібаба баласы», «Қашқандарды қоймаған, Жылқышы ата баласы», «Шешіп үйін жүктеген, Ойсылқара баласы» – деп балаларға түсінікті болу үшін «Пір» демей, «Атасы» деп алған. Өсиет те – үгіт, насихат. Автордың негізгі айтпағы – «Бейнетсіз рахат жоқ», «Мал баққанға бітер», «Еңбек ер атандырар».

Қара өлең:

«Төмендеуі адамның тіпті оңай,

Жүріп тұрған басынан тайса бағы».

Ыбырай:

«Бақ тайса ерге дәулет құралмаған».

Қара өлең:

«Жолдас болсаң жаманмен жарға жығар,

Жазатайым аяғың шалыс болса».

Ыбырай:

«Достарың, дұшпан түгіл, табалайды

Аяғың бір нәрседен шалыс болса».

Маңдайдағы бақ та, астыңдағы тақ та, байлық та мәңгілік емес.

Қара өлең:

«Шаттық пен қайғы арасы бір-ақ қадам,

 Тағдырдың пендесі жоқ жылатпаған.

 Өкінбе өткен іске, үміт үзбе,

 Бақ та жоқ, байлық та жоқ тұрақтаған».

Ыбырай:

«Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға,

Қартаймақ қиын сауда тағыңызда.

Іске аспай бақ-дәулеттің қалуы оңай,

Басыңнан бағың тайған шағыңызда»

Ыбырай да, Абай да Ислам құндылық-тарымен қатар Батыс, Шығыс, Еуропа, әсіресе орыс классикалық әдебиетінің нәрін бойларына сіңіріп, олардың ағартушылық ілімін өз дәстүрлеріне үйлестіре жүргізді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, ұлы педагог Құран мен Хадистердің балаларға тәлім-тәрбиелік мәні зор тұстарын шығармаларында орнын тауып әдемі қолдана білді. Ыбырайдың осы әдіс-тәсілі қазір де мектептер мен жоғары оқу орындарында пайдаланылса,жас ұрпақ дінінен, ділінен, тілінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен алшақтамас еді.

 

4294 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы