• Руханият
  • 25 Тамыз, 2021

Ұлттық рухқа сәуле шашқан ұлы күйші

Қожеке әлеуметтік әлсіздікке өмірін сарп еткен ұлы күйші, ел бастаған батыр. Оның сұңқылдаған күйлері халықтың қамын жеп дүниеге келді. Ол бүкіл өмірін әділетсіздікпен арпалыста өткізді. Сондықтан да , Қожекенің күйлерін халық өз жүрегінің мұң-сырына балады. Оның есімі көзінің тірісінде- ақ халық жүрегінен орын алды.

                                                                                  Ақселеу Сейдімбеков

Қарқарадағы «Бала күйші»  

Қазақтың тарихы – сонау есте жоқ ескі замандағы алғашқы ру-тайпа, ұлыстық дәуірлерден басталып, талай-талай хандық-тардың ордасы ойрандалып, щаңырағы шайқалып, қалаларын шаң басып, халқы қан кешіп, «ұлын ұрымға», «қызын қырымға» жолға салған ауыр күндермен сабақтасып жатады. Сол аумалы-төкпелі зар заманда халық кіндік қаны тамған, кір жуған ата мекенінен босқын болған, қайғылы қан жұтқан ірі-ірі оқиғаларды бастан кешірді. Ат басы мен ер басы сайда қалған сұмдық тағдырды бастан кешкен халықтың тарихына, мәдениетіне, тіліне, салт-дәстүріне көп жамау-жасқау түсті. Мен қазақ тарихында аты алты алашқа аңыз болған ұлы күйші Қожеке Назарұлының тарихына қатысты деректерді іздестіру барысында көптеген қымбатты құндылықтарымыздан айырылып қалғандай күй кештім.

«Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жақсы заманға қол жеткіздік. Зар заманның салдарынан жоғалған тілімізді, дінімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді қайта іздестіре бастадық.

«Тарих дегеніміз – бір халықтың еркіндікке қарай ұмтылысының тарихы ғана емес, сол халықтың тәрбиесінің де тарихы» (Жозеф Эрнест Ренан). Біз өткен тарихымызға қайырылып қарасақ, сан мыңдаған даңқты тұлғалардың елі үшін еңіреп өткен ерлік хикаяларын жоғалтып алғанымызды сезінеміз. Анығын айтсақ, даңқты тұлғаларымыздың тарихы  жойқын ұрыстарда жоғалды, өртелді, архивтерден аластатылды, тіпті оны білетін, ауылдың тарих-шежірені майын тамызып айта алатын акедемик ақсақалдарымыз да әлдеқашан  бақи дүниеге аттанып кетті. Сол сан  мыңдаған таңғажайып талантты тұлғалардың өз өнері мен ел қорғаған батырлығы, ғалымдығы арқылы халық жүрегінде өшпес орын алғандары аз емес. Солардың бірі – аса талантты ұлы күйші, халық композиторы Қожеке Назарұлы.

Қожеке Назарұлы 1823 жылы жер жанаты Жетісудың атақты Қарқара жайлауында дүниеге келген. Оның ата тегі Ұлы жүз албан тайпасының Сүйменді ( Таубұзар) рулар бірлестігінің  Бозым деген етекті руынан тарайды. Бозымнан өсіп-өнген Сары, Жаншық, Таз (Шобал), Қыстық ұрпақтары бүгінгі күні аспан тау етегінің арғы, бері бетінде жасайды. Ал Жаншықтан–Әлмерек, Олжай болып бұтарланады. Әлмерек Жаншықұлы өз дәуірінде қазаққа танымалы, аса жоғары беделге ие би-шешен,  елге ақыл айтар білгір абыз болған тарихи тұлға. Әлмерек абыздан – Жәнібек, Баба, Құрман, Тоқан, Қаракісі, Еділ, Жайық, Жұмық тараған.   

Әлмерек абыздың ұрпақтарынан қазаққа танымал би-шешен, батыр, ақын-жырау, күйші, әншілер көп шыққан. Қожеке Назарұлы аруағынан ат үркетін қаракөктің тұқымы. Қазақтың шежіресі бойынша Әлмерек абыздан тараған  Құрман руының Елікбай атасынан тарайды. Елікбайдың Қасабай деген баласынан – Ерсары, Мүстек, Назар, Қату деген төрт ұл туылған. Ел ішінде бұларды «Қасабайдың төрт қасқасы» деп атап кеткен. Айтуларға қарағанда, Қожекенің атасы Қасабай елге танымал күйшілердің бірі болған екен.Талантты да, зерделі Қожеке қаршадайынан атасы Қасабай шерткен халық күйлерін беріле үйрену мен бірге ел ішіндегі атағы бар күйшілерден де тәлім алады. Кейін келе өз алдына күй шығарған Қожеке ел ішінде «Бала күйші» атанған.

Әлмерек абыздың ұрпақтарының тарих-шежіресіне назар сала қарасақ, өз заманында ілгері-кейінді өмір сүрген Жәнібек, Қаракісі, Мұсылманбай, Түменай, Алпар, Тазабек, Саурық, Қаба, Қашаған, Шалтабай, Ұзақ, Әубәкір, Жақыпберді, Әуесхан, т.б. атақты тұлғалардың аттарын кездестіре аламыз. Қожеке Назарұлы киелі де, текті елдің аты аңызға айналған ұрпақтарының бірі.

Елге аты танымалы ақын Шалтабай Алпарұлының:

Қожеке, сенің әкең Назар еді,

Назардың жүрген жері базар еді.

Іліпбай, Саурық ағам тірі болса,

Шірітіп абақтыда қойар ма еді, – деген өлең шумағынан Қожекенің әкесі Назардың ел ішінде сал-сері болғанын білдірумен бірге, сол кездегі Шалтабай ақынның абақтыға жабылған ауыр тағдыры бейнеленіп жазылған.

Қожеке Назарұлы қасиетті аспантау етегін жайлаған ән мен күй, жырдың мекені болған өнер жұлдыздарынан мықтап тәрбие алса, көкірегі ояу, көзі ашық атасы Қасабай мен әкесі Назардың да тәрбиесі оның ұлы композитор, дәулескер күйші болуына тікелей ықпал жасады деп айтуға әбден болады.

 

Тағдыры тарғалаңда

өткен күйші

 

Қожеке Назарұлы он жасынан бас-тап Жетісу халқы ішінде таралған күйлерді нақышына келтіріп шертсе, ат жалын тартып, азамат болғаннан кейін өз алдына күй шығарып, қазақтың шертпе күй дәстүріне мұрагерлік етті және оны дамытты. Мысалы, Қожекенің шығарған «Боз жігіт», «Жиренше», «Жиреншенің Қарашашты жоқтауы», «Раушан», «Бөлтірік», «Сайрам көл», «Көрұғлы сұлтан», «Қамбарқан», «Біржан сал», т.б күйлері оның дәлелі.

Қожеке күйлері көтерген идеясы мен мазмұнына қарай жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Оның күйлері Жетісу өңіріндегі аспантауды жайлаған елдің шежіресі, тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, тіршілік-тынысы, күн көрісімен өзара қабысып, ұлттық бояуы қанық ерекшелігі мен тыңдармандардың жүрегіне терең тамыр тартып кеткен. Қожекенің «Қолға алынар алдында», «Түрмедегі қинау», «Кер толғау», «Шалқайма» секілді күйлері тарихи оқиғалардан сыр шертсе, «Арыздасу», «Естірту», «Арман», «Нұрқаны жоқтау», «Күй шақыртқы», «Қос келіншек», «Тарпу», т.б. күйлері халықтық салт-дәстүрмен сабақтасып жатады. Қожеке Назарұлының өмірінің көп бөлегі Қытайда өтті. Азапты өмір жолында халықтың қуанышы мен қайғысын арқалай жүріп, тыңдармандардың көңілінен шығатын таңдаулы 100-ден астам күй шығарды.

Қожеке Назарұлы Қазақстанның Жетісу өңірінен Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қалай қоныс аударды, бұл ұлы күйшінің өмірін зерттеудегі маңызды буындардың бірі. Біз бұған ауызша әңгіме емес, мынандай хатқа түсірілген екі деректі дәлел ретінде ұсынамыз.

Бірінші дерек, 1862 жылы патшалық Ресей Жетісудағы қазақтардың мал бағып отырған жерлерін қарулы күшпен басып алады. Сол жылы маусым айының 24 күні қазақ ұлтының ел басы Саурық Алпарұлы бастаған қалың малшылар қарауыл ішіне көшіп келіп, мал бағуды талап етеді. Олар Іле генерал мекемесінің Миң Жюйға табыс еткен бір парша он екі ру басының бармақ басылған қағазында «...Біз жеті атамыздан ұлы патша ағзамның жеріне көшіп-қонып жүргелі қазірге дейін 140 жылдан асты. Ал, бүгін орыстар біздің көшіп-қонып жүрген жерімізді өзіміздікі деп жатыр,  бізден  тартып алмақшы,  бізді  орыстар бағыныңдар дейді... біз бағынбаймыз...» («Шыңжаң жергілікті тарихы», орта мектеп оқулығы, 166-бет) делінген. Міне, осы тарихи деректерінде қазақтар заманнан-заманға қоныс етіп келген өздерінің байырғы мекені Ілеге қайта көшіп келгенінен дерек береді. Өйткені, Іле өңірі сонау Үйсін хандығы кезінен бастап қазақтардың ата-мекені болған жер.

Екінші дерек, «1862 жылы Айт-Бозым, Алжан-Сегізсары рулары Саурық Түменбайұлы  (Түменбай-Шоқан Уәлихановтың шығармасында айтылған албан тайпасының 24 билерінің бірі, Саурық батырдың әкесінің аты-Алпар, атасының аты – Түменбай-автор) бастап 12 адам қол қойып, бармағын  басады. Олардың бес ақалақшысы бар. Олардың хатталған аты төмендегідей: Назарұлы Қожақ (көнекөз ақсақалдардың айтуына қарағанда Қожекені ауылында Қожақ деп те атайды екен – автор) ақалақшы, Қабанбайдың ұлы,  Жәнібектің ұлы Жанат, ақалақшы Түстікбайдың ұлы және Сымайыл ақалақшы. Бұл ақалақшылық мансаптарды сол тұста Чиң патшалығы жағынан берілгені анық. Жазылымда ақалақшы әкелерінің атынан қол қойған екі баланың аты жазылмаған» (Нұрлан Сәрсенбаев, «Қазақ ұлтының салт-дәстүр мәнедиеті», Шыңжаң халық баспасы,2015 жылы тамыз, 9-бет). Міне, осы деректен Қожекенің Қытайдағы Іле өңірегіндегі 5 ақалақшының біреуі екенін дәлелдейді.

Қожеке Назарұлы ең алғаш 1850 жылдардың ішінде Шыңжаң өлкесіне қоныс аударған. Сол реткі сапарында Қожеке батыр 25 үй елді бастап Алтай, Үрімжі, Тарбағатай, Бұраталаны басып, ең соңында Іленің Текес өңірінің Шоңқұштай деген жеріне ат тұмсығын тірепті. Сол реткі көшкен ауылды ел «25 үйлі Қожеке» деп атап кеткен. Қазір Тарбағатай аймағында Қожекенің атымен аталатын жер аттары да бар.

1860 жылдардың ішінде Іледе Чиң патшалғына қарасты Іле генерал мекемесіне қарсы көтеріліс болды. Содан Іле генерал мекемесін аударып тастап,1864 жылы «Іле сұлтандығы» атты жергілікті үкімет құрылды.

Тарихшы Жақып Мырзаханов «Қызай елі Іле, Бұратала өңіріне келіп қоныстанғаннан кейін, 1767 жылдан бастап осы өңірде отырықтанған ұлы жүз Албан, Суан тайпаларымен бірге 1865-1866 жылғы Іледегі шаруалар көтерілісіне қатысады» («Қазақ халқы және оның салт-санасы», Шыңжаң халық баспасы, 1992 жыл, 351-бет) деген деректер Іле өңірі қазақтың байырғы ата мекені екенін растайды. Халық ішінде кең таралып, күні бүгінге дейін айтылып келе жатқан өлеңдердің бірінде :

Қарқараны жерлепті ,

Бұрынғы қалың көп Албан.

Мекендеген Ілені,

Үш болыс екен өр Албан, – деген жыр шумағында Албан елінің ата мекені өте анық айтылған.

Қожеке Назарұлы Чиң патшалығына қарсы шаруалар көтерілісіне белсене қатысады. Шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырағаннан кейін Қожекенің соңына қуғынға түседі. Содан көп ұзамай Қожеке ауылын бастап Сүмбе шекарасы арқылы Нарынқолды басып, Кененге қашып келеді. Жетісу жеріне келгеннен кейін аталас туысы Тазабек батырмен тізе қосып, патшалық Ресейге қарсы күрес жасайды. Патшалық Ресей үкіметі көтеріліс басшысы Тазабекті шақырып, көтерілісті тоқтатуды насихаттайды. Тазабек батыр бұдан бас тартады. Содан Қожекенің артына қуғын түсіп, 1860 жылдардың соңы Қытай жерінен қайта, Қазақстанға келуге мәжбүр болады.

Сол заманда халық ішінде таралған:

Шет Меркі, орта Меркі, Меркі, Меркі,

Шырғанақ, Талдыбұлақ жердің көркі.

Бір орыс мылтығымен шыға келсе,

Албанның селкілдейді сеңсең бөркі,–деген өлең шумағы ел басына түскен ауыр күндердің куәсі еді.

1871 жылы Тазабек батыр «Іле сұлтандығы» үкіметімен тілдесіп, 1000 түтін үйді бастап Қытайдың Іле өңіріне өтіп кетеді. Сол жылы патшалық Ресей үкіметі «Тазабек оқиғасын» сылтау етіп, Ілені басып алып, он жыл билейді.1881жылы Чиң патшалығы мен патшалық Ресей арасында «Петербург» келісімі жасалып, Ілені бір жолата Чиң патшалығына қайтарып берді.

Содан іле-шала патшалық Ресей арғы бет, бергі беттегі   елдің ішінен «Тазабек оқиғасына» ілік-шатысы бар адамдарды құпия анықтай бастайды. Солардың тізімдігінде Қожеке күйші де бар еді.

«Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей, 1881жылы Қожеке «Шекарадан өткен керуенді тонады» деген нақақ жаламен Іле генерал мекемесі жағынан тұтқындалып, түрмеге жабылады. Әйгілі күйшінің Сүйдің-Күре түрмесіне қамалғанынан хабар тапқан қызай елінің төресі Рабат генерал мекемесінің ұлықтарына барып, Қожекені арашалап алу туралы көп жол жүреді. Бірақ Рабат төре қанша жол жүрсе де жауыз ұлықтардың қолынан күйшіні арашалап қала алмайды. Содан жергілікті ұлықтар халықтың аяулы қүйшісіне адам төзгісіз қинау көрсетеді.1881жылы жауыз ұлықтар ұлы күйшіні таскөмірдің шоғын жотасына басып, азаппен қинап өлтіреді. Қожеке күйшінің сүйегі Қорғас өңірінің Жанбұлақ қабырына жерленді.

Ұлы күйші бұл өмірден әлдеқашан аттанып кетседе артынан қалдырып кеткен асыл мұрасы қара ормандай қалың халқының рухани өміріне мәңгілік сәулелі шамшырағын жағып кетті. Күйшінің «Мұңлық-Зарлық», «Біржансал», «Аққу», « Ағарсынның толқыны», «Арман», «Бәйекенің естіртуі», «Кертолғау», «Қолға алынар алдында», «Рабат төренің естіртуі», «Түрмедегі жоқтау», «Сайрам көл», т.б. жүзден астам күйлері әуе толқыны арқылы әлем қазақтарына керуен тартты.

 

Сөз жияр

 

Әйгілі композитор, дәулеткер күйші Қожеке Назарұлындай өнер алыбы дүниеден өткеніне бір жарым ғасыр уақыт таясада, оның саф алтындай мұрасы өз құнын жоймай, халық көкірегінде көнермей мәңгі жас қалпында қалды.

Қожекенің ең алғашқы бірден-бір мұрагері күйші, композитор Рақыш Қожекеұлы (1878-1951) деп айтуға әбден болады. Ол әкеден жастай қалсада, ес жыйып, етек-жеңін жинағаннан кейін ел ішінде тараған әке мұраларын жинады әрі мұрагерлік етті. Осылайша Рақыштың тынбай ізденген еңбегінің арқасында Жетісу күй мектебін қалыптастырған аса даңқты күйші Қожеке мұралары қайта халықпен қауышып, насихатталды. Бұл туралы көрнекті күйші-музыка танушы Базаралы Мүптекеев «Рақыш әкесі қайтыс болғанда 4 жаста екен. Өмірінің саналы шағын күйшілікке арнап өтеді. Әсет Найманбаев, Таңжарық Жолдыұлылармен дәмдес, тұздас болған. Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы- мен сан рет шежіре айтысқан. Сыбанқұлмен, қырғыз Асанәлі, қызай Әшіммен күй тартысқан. Қожекенің күйшілік мұрасын ел арасында насихаттап, осы кезге дейін алып келген бірден-бір мұрагер»,– деп өте дұрыс айтқан. Базаралы Мүптекеев Қожеке өмірі мен мұраларын зерттеуде тау асып, тас басып, арғы беттегі Қожеке ұрпақтарына барып жолығып, жүйелі, жан-жақтылы зерттеп көптеген тың деректердің бетін ашқан. Қожеке мұраларын ең жоғары өреде танушы. Көнекөз ақсақалдардың айтуына қарағанда, Рақыш Қожекеұлы шығарған «Той қуанышы», «Қоштасу», «Бірлесу», «Шай ішердегі күй», т.б. күйлері әлі күнге дейін ел ішінде орындалып келеді.

Қожеке күйлерін зерттеп тану мен мұрагерлік етуде Қазақстан мен Қытай қазақтары ортақ құлшыныс жасап келеді. 1984 жылы Қытайда көрнекті ақын, жазушы, журналист Тәліпбай Қабаевтың бастамасымен  Қожеке Назарұлы мұрасы туралы «Күй толқыны» атты кітап Шыңжаң жастар-өрендер баспасы жағынан басылым көріп, өнер танушылардың қызу алқауына ие болса,1998 жылы Қазақстанда Сағатбек Медеубекұлы мен Базаралы Мүптекеевтың жетекшілігімен «Жетісудың күйлері» атты кітапқа Қожеке күйлері енгізілген.

Атағы тұтас елге белгілі Ақселеу Сейдімбековтің «Қытай жерінде, Шыңжаң өңірінде Қожеке Назарұлы деген әйгілі күйші өткен.Қазақстанның шығыс өңіріндегі күйшілік мектептің өкілі ретінде Қожекенің дарын тегеуріні Құрманғазы,Тәттімбет сияқты ұлы күйшілермен өрелес», – деген әділ де, салмақты көзқарасы бізге терең ой салады.

Сөз соңында өмірі өксумен өткен Қожеке Назарұлы атында «Жетісу күй мектебін» құруды қолға алу қажет деп есептеймін.

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

жазушы, этнограф

 

3227 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №9

28 Қыркүйек, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы