• Руханият
  • 30 Сәуір, 2021

ХАЛЫҚ - ОНЫҢ ШЫН АТЫ

Жамбыл

Ғасырдан даңқы озған Жамбылдың құдіреті неде деп бас қатырушылар  көп болған. Әлі де көп. Оның тереңіне үңіліп көргендер тамсанады, үңілуге  өресі жетпейтіндер бергі жағынан «иә» дей салады.

Расында, осы Жамбылдың ел жадынан өшпей келе жатқан құдіреті неде?  Сол туралы ойландыңыздар ма? Мені бір қатты таң қалдыратыны – осы  хақында саралап, сараптап сөйлер ғалымдарымыз да, әдебиет пен тарихты  зерттеушілеріміз де, әртүрлі дәрежеде сөз сапырып жүрген танымал ақын-жазушылармен қатар білікті журналистеріміз де, жалпы Жамбыл тақырыбы  қызықтыратын қалың көпшілік те Жамбыл қазынасының беті жылтырақ  бергі жағын ғана малданатын сыңайлы. Жалпы көпшілігі оның жыр  мұхитының тұңғиығына бойлай алмай, екі-үш құлаштай сүңгіп барып, су  бетіне сопаң етіп шыға келетін тәрізді көрінеді де тұрады.

Өзінің пешенесіне бұйырған тарихи миссиясын абыроймен атқарған алып  Жамбыл қазақ халқының ұшан-теңіз ауыз әдебиетіне әрдайым адал болды. Оның айбынды жырлары жасыған елдің жасын сүртті, тасыған көңілдің  тасын өрге домалатты. ХХ ғасырдың алғашқы қырық жылында өз басынан  бірнеше қоғамдық құрылымдарды, әлімжеттілік әрекеттердің небір зұлматын  өткерген, қолдан жасалған ашаршылық қырғынынан жойылып кетудің шақ  алдында қалған қазақ халқы шын мәнінде есеңгіреген еді. Жаңа заман  орнатушы жандайшаптар елдің дәстүрлі өмір болмысын өзгертуге жанын  сала кіріскен тұста діннен де, әдеби мұрадан да ада-күде ажырауға айналған  қайран халықтың рухын қайта серпілтуге Жамбыл қосқан үлесті бір сөзбен  айтып жеткізу әсте қиын.

Жамбыл сонау Қорқыт пен Асан қайғыдан, тіпті одан арғы көне  дәуірлерден күмбірлей жеткен халықтың үнін тірілтті, рухын оятты. Ұлы  жыраулардың үлгісін жаңғыртты. Қазтуған, Жиембет,   Шәлкиіз,   Доспамбет, Ақтамберді, Бұқар жырау, Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы, Сүйінбай, Бақтыбай  сынды дауылпаз ақындардың мұратын жалғады. Қожа Ахмет Йассауидің өзі «Диуани хикметіне» үлгі етіп алған көк түріктердің  қасиетті айтыс өнерін  барынша жарқырата насихаттады. Әуелден өзіне тән ой ұшқырлығы, табан  астында тап басып айтар тапқырлық, сара сөзден маржан сапырған даналық, ұтырлы уәжге тоқтар әділеттілік сияқты табиғи ерен мінезі бар қазақтың  өмірлік пәлсапасы терең болатын. Жамбыл соның бәрін жетік меңгерген  бірегей тұлға ретінде танылды.

«…Кемеңгер Мұхтар Әуезов энциклопедия санаған даңғыл Жамбылыңыз  өзіне мынандай мінездеме береді деп кім ойлапты?.. «Асып тұрған ақылым  жоқ. Жер тесіп кеткендей шешендігім жоқ. Біліп тұрған білімім жоқ, оқымаған кісімін. Әйтсе де байқаймын, халық көп біледі. Менің білімім сол  халықтың білгендері. Мен халықтың сөзін айттым», – деп кішірейген. Бұл да  ұлылықтың біз біле бермейтін ғажап бір қыры. Жамбыл өзін теңіздің бір  тамшысы санағанда, оның ізін қуғандар сол «тамшыға» жету үшін не істеуі  керек?..» дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын  Сыдықов өзінің «Жамбылдың жұмбағы» атты мақаласында.

«Оқымаған кісімін» дегеннен шығады, Алладан уахи арқылы түскен қасиетті Құранымызды хат танымай-ақ мұсылман баласына ауызша жеткізген Мұһаммедтің құдіретіне не айтасыз? Хат танымай-ақ отыз жыл ел басқарып, ерекше құрметке бөленген кешегі Нұрмолда Алдабергенов туралы қалай ойлайсыз? Хат танымаған Жамбылдың дарынына қалай шек келтіресіз? Осының бәрінде біз сезініп, түйсіне бермейтін және бір жұмбақ жатқан жоқ па, өзі?

Бір басына көп өнер жинаған Жамбыл расында, қағаз сызып, хат  танымаған адам. Егер ол жағдайы келіп, Абай мен Шәкәрім сияқты арғы-бергі даналардың еңбегіне қанықса қалай болар еді? Егер ол Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ағартушылықпен айналысса,  қандай дәрежеден көрінер еді? Ал енді, осы аттары аталған алыптарымыз Жамбыл сияқты жыр додасына түссе, көкейдегі көрікті ойларын шашыратпай, халқына түгелімен ұсына алар ма еді? Салыстыруға келмейтін жұмбақтың және бірі осы. Қазір бәз біреулер Жамбылдың бағасын берерде «анандай ғой, мынандай ғой» деп жүретіні тіпті білместік. Жамбыл өз  бағасын өзі дәлелдеп айтып кеткен ақын.

«Жамбыл – менің жай атым,

Халық  – менің шын атым».

Міне, осыдан асырып айтам деу – бос әурешілік.

Демек, Жамбыл жайында қандай сөз айтылса да, оны халық хақында  айтылған әңгіме деп түсінген дұрыс.

Небір мұрағаттарда жатқан көне деректерді парақтап, тарихтың шаң  басқан беттерін ашуға дәргейі жеткен атақты жазушымыздың бірі Мұхтар  Мағауин қазақ халқының ауыр тауқыметін суреттеген бір еңбегінде, «Ақтабан шұбырындыдан» кейін біздің мүлдем басқа ұлтқа айналғанымызды  үлкен өкінішпен жазған еді. Бұрынғы алаулаған албырт кеудесі басылып, асқақ рухы мұқалған, жауынан тоз-тоз болып жеңілген елдің психологиясын  ауыр болса да дәл суреттеген. Құлдықтың қамытын мойнына іліп көрген  қазақ ендігі жерде өзінен күші де, мысы да басым қарсылас бар екенін  білгенде қандай күйге түскенін қарамайсыз ба?

Жоңғар қалмақтарынан жеңілгенге дейін үрей дегеннің не екенін сезініп  көрмеген арда еліміздің жан күйзелісі одан кейінгі дәуірлерде де  жазылмағаны шындық. Болмаса, ХІХ ғасырда:

Ойыл да Қиыл, Жем, Сағыз –

Қайран саланың жатқан аңғары-ай!

Менің өстіп айлансоқтап жүргенім –

Аузы түкті кәпірдің

Мықты болған салдары-ай! деп, Мұрат Мөңкеұлы күңіренер ме еді?!

Иә, кешегі Жұбан ақынның сөзімен айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақтың өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы жағдайы турасында не деуге болады. Итеріп жіберсе енді тұрмастай хәлге жеткен, ыңыршағы  шығып арыған, жалтақтық деген не, аянышты қорқақтықтың ар жағындағы  үрей кеудесін кеулеген қайран елдің рухы жылт-жылт етіп, сөнуге шақ  тұрған заман еді ол. Міне, сол кезде жарқырап күн шыққандай болған. Жамбылдың жарқын даусы кәріліктің әсерінен құмықса да, күмбірлеп естіліп  еді.

Зердесі зерек елдің ауыздан ауызға көшкен тарихи шежіресі, ерлік  дастандары, әпсана аңыздары, ғашықтық жырлары, толғау-термелері, ел  намысы таразы басында безбенделер тартысты айтыстары, шығыстық үлгідегі діни қиссалар мен танымдық тағылымы мол пәлсапа мұралары – бәрі-бәрі бір Жамбылдың бойынан табылғанын қане, кім жоққа шығара алады.

Әрине, бүгінде сол отызыншы жылдары Жамбылдан басқа да ақындардың  болғанын, таңдау Жамбылға түспесе, солардың бірі Жамбылдың орнына  Мәскеу барып, абырой-атаққа ие боларын алға тартушылар бар. Сол  кездегі Нұрпейіс, Кенен, Өтеп, Нартай, Орынбай, Омар Шипин, Доскей, Қалқа, Қуат, Үмбетәлі, Есдәулет, Нұрқан, Әбдіғали, Саяділ, Өмірзақ  ақындардың бәсі мен бағасын кеміту пиғылынан аулақпыз, әйтсе де осылардың бірде-бірі бір Жамбылдың бойына жинақталған қасиет пен құдіретке пара-пар келмесі анық еді. Егер, қазақы сөз өнерінің үлгісі ретінде солардың бірін алға тартуға болса, Темірбек Жүргенов пен Ораз Жандосов сынды көреген мемлекет басшылары жасы жеткен Жамбылды ит өлген жердегі Мәскеуге сүйреп несі бар?

Осы сенім мен бағаны Жамбыл толық ақтаған ақын. Оның құдіреттілігі  де, жұмбағы да сонда. Өйткені, ол өмір бойы халықтың сөзін сөйледі. Осы  жолы да халқының атынан сөз алуы заңды болды. Жамбыл арқылы қазақты  әлем таныды. Оның өлеңдері дүниедегі елуден астам елдің тіліне аударылып  басылды. Оның рухты жаныр әрбір сөзі неміс басқыншыларына қарсы оқ  болып атылды, снаряд болып жарылды. Жасығанның үміт отын қайта жақты, астамсығанның пасық кеудесін басты.

Бір өзі миллион жол өлеңді жатқа білетін, бір айтқан шумағын екінші  қайталамайтын, «шапанын сілкіп қалса ұйқас саулайтын» тоқсандағы  шалдың феномендігі неде деп бас қатырған орыстың білімдар ақындары мен  ғалымдары жазып қалдырған естеліктерді қарап отырсаңыз, шынында қайран  қаласыз.

Расында, Жамбылдың құдіреті неде осы? Жоғарыда айтқанымыздай, сол туралы терең ойланып,  жауап іздейтіндер бар ма қазір?

Құдай-ау, оған тіпті бас қатырудың қажеті не? Өзі туралы Жамбылдың  өзі айтып кеткен жоқ па. «Халық – менің шын атым». Ал, халықты түсінем  десеңіз, тіпті әріден ізденген дұрыс болады. Кейбіреулердің Жамбылды әлі  дұрыс бағалай алмай жүруінің себебі де сонда шығар. Өйткені, Тютчев айтпақшы, «Умом Россию не понять, аршином общим не измерит...». Қазақ та сондай. Оны да ақылмен түйсініп, адыммен өлшеуге болмайды. Осыны түсінген бірден-бір данышпан Абайдың өзі жаңағы орыстың ақыны Федор Тютчев пен белгілі философы Петр Чаадаевтың еңбектерін оқымады дейсіз бе? Қазақтың қасіретін қара сөздері арқылы ірегенде әлгі ойшылдар еңбегінің әсері болмады дейсіз бе? Десек те, қазақтың қасиетін сезіну үшін құдай-ау, қаншама ой, қаншама білім керек десеңізші! Бұрын да солай еді, қазір де солай. Жамбылды  ұғынуға  да  сондай  өре болмаса, ұштығына  жету тіпті қиын.

Бірақ, бүгін айтпай кетуге және болмайды. Түсіну былай тұрсын, Жамбылды  сыйлаудан қалып бара жатқан тобырдың әрекеті жанға батады. Өзге емес, өзіміздің арамыздан шыққан нигилистер оның атын мансұқтауға құштар. Сонау елуінші жылдары Қазақстан мемлекетін басқарған Пантелеймон  Пономаренконың алдынан тауы шағылып қайтқан тобырдың бүгінгі  ұрпақтары Жамбылдың етегіне тағы жармасқысы келеді.

Кешегі өткен әдебиет алыптары – Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Әбділда Тәжібаев, Мұхаметжан Қаратаев, Сәбит Мұқанов, Қалмақан Әбдіқадыров, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Қасым Тоғызақов Жамбылдың  қолына су құйып, кебісін алдына тартып қызмет еткенін ендігілер тіпті  «ұмытып кеткен» сыңайда.

«Шәмілге тиме, Расул. Оның аруағы сені бәрібір тыныш жатқызбайды» деген екен әкесі Ғамзат, Расул Шәмілді даттаған өлеңін орталық газеттің біріне бастырғанында. Сол айтпақшы, Кенесары мен Жамбылдың аруағымен ойнау да жараспайды бұл қазақ баласына. Жалпы, Жамбылды жамандап жақсы атанған, сол пікіріне жалпақ жұрт қосылып, абырой тапқан жазбашыны әлі көзіміз көрген жоқ.

Жамбылдың «есек мінгені», «Сталиншіл  болғаны, Кеңес дәуірін сүйсіне  жырлағаны, оның өлеңдерін өзі емес, хатшылары жазып бергені» неге мін  ретінде қайта-қайта қозғала береді? Оның зайырлы дүниеге сай сауат ашпаса  да, соншама биікке көтерілгені мақтан болудың орнына неге кемшілік  саналады? Оның ләппайшыл хатшысымақтары иректеп кеткен соңғы  туындылары жала жабар дерекке арқау болып, өткен ғасырда тудырған  сұрапыл тегеурінді жырлары мен айтыстары, дастандары неге бағаланбайды? Жалпы, Жамбылға біржақты қараудың қаншалықты қиянат екенін қолына  қалам  ұстаған тоғышарлар неге түсінбейді? Міне, мәселе қайда.

Осы жерде біз жамбылтану ілімімен айналысып жүрген адамдарға да, Жамбыл туралы жазуға тиісті ғалымдарымыз бен ынталы азаматтарымызға да орынды өкпе айтуға тиіспіз. Еліміз тәуелсіздігін жария еткелі, шүкір, отыз жылға жуықтады. Оған дейін де Горбачевтің қайта құру, жариялылық, демократияға  жол ашу ұранымен басталған үрдісі екпін алғалы бері отыз бес жылдан асты. Содан бері Жамбылды әдебиет тұрғысынан да, тарих тұрғысынан да қайта  зерттеп, шынайы бағасын беруге, ақиқатын анықтауға, көпе-көрнеу жабылған  жаладан арашалап алуға болатын еді ғой.

Рас, ақынның 150, 160, 170 жылдық мерейі қарсаңында бірқатар еңбегі қайта басылды, бірқатар естелік пайымдаулар баспасөз бетін көрді, «Жамбыл» атты энциклопедия жарыққа шықты. Үкімет тарапынан да біршама қамқорлық шаралары жүзеге асты. Той өткіздік  думандатып, шапан кидік жарқыратып, мақтау-мадақ естідік. Әңгіме содан әріге жетпей, бірте-бірте Жамбыл тақырыбы саябырсыды. Жыл сайын бір рет туған күнін өткізіп, бір-бірімізді қолпаштап, Жамбылға құран оқытқан, еске алған болып қайтамыз. Сонымен келесі жылға дейін бір пенденің қыбыр еткені байқалмайды. Баспасөз бетінен де Жамбыл туралы нақты  дерекпен зерттеліп жазылған мақаланы тіпті некен-саяқ кездестіреміз. Жазғандардың көбісі «Ой, атамыз керемет қой, ұлы ғой» дегеннен әрі аса алмайды. Есесіне, Жамбылды кекетіп, мұқатушылар әр тұстан әрегідік қылаң беріп қалады.

Бәрі өзіміздің қамсыздығымыздан. Болмаса, осы  күнге  дейін Жамбылды  замана талабына сай жаңаша зерттеуді қолға алар едік қой. Намысқа тиетін  мәселе көп. Кезінде Ербол Курманбаев деген біреу «Свобода слова» газетінің бетінен «тарихтағы мұндай тұлға кездейсоқтықпен қолдан жасалған, әйтпесе, Жамбыл деген жай әншейін  қуыршақ, оның өлеңдерінің бәрі орыс ақындарының құрастырып шығарған  туындылары, өзі гонарар дегеннен басқа бір ауыз орысша тіл білмеген» деп көкіді-ау. Одан жарытып есе де қайтара алмадық. Бірді-екілі мақаламен арашалап сөйлеген  сыңай танытып қала бердік. Өстіп жүре берсек, енді біраз жылдан кейін Жамбылдың «жай есек мініп жүрген біреу екеніне» өзіміз де сеніп қалатын  шығармыз.

Қалам ұстаған  ағайын  халықтың  өзімен  біте   қайнасып,   қорғасындай    қорытылып   шық-қан Жамбылдың ұлы тұлғасын бүркемелеймін деген  жымысқы ойдан ештеңе шығара алмақ емес. Рушылдықтың, жершілдіктің  індетінен, билік пен мансаптың буынан буыны босап, қиялшылдыққа  ұшырағандар бүгінде елдің іргесін сөгуге құштар. Олар қайткен күнде де, қандай жолмен болса да қазақты іштен ірітіп, рухани тұрғыдан шірітіп, санасын өшіріп, тарихын көшіріп, өздерінің алдында құл сияқты құнжыңдай жүгіретін күйге түсіргісі келеді. Біздің ағайынның кейде соны сезбейтіні, бадырайып тұрған бәленің сұлбасын көзі көрмейтіні өкінішті. Ал, ұлы бабамыз Жамбылдың жарқын есімінің  осындай зымияндардың  қолжаулығына айналуы тіптен өкінішті.

Сондықтан, Жамбылды расында қазақтың ақыны деп танитын болсақ, бүгінгі биліктің тұтқасын ұстап жүрген қайраткер саналатын білімді азаматтар, оның тарихшы, әдебиетші, мәдениеттанушы ұрпақтары дауылпаз  бабамыздың аруағы алдында өз парызын адал атқаруға тиіс. Ол үшін ең алдымен мектеп қабырғасында білім алып жүрген шәкірттерімізден бастап, түрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақтың бүкіл саналы жұртшылығы Жамбылдың кім екенін, оның халқы үшін атқарған теңдессіз еңбегін, ақындық құдіретін, адамдық болмыс-келбетін шынайы бағалап, білуге міндетті. Бұл орайда, ғалымдарымыз бен зерттеуші мамандарға, сөз тізгініне ие ақын-жазушыларға, журналистерге, мектепте әдебиет пәнінен дәріс беретін мұғалімдерге, мұражай қызметкерлері мен руханият саласына жетекшілік жасайтын басшыларға жүктелер ауқымды міндетті солардың өздері жете сезінсе ғанибет болар еді. Және соның бәрі халық үшін, өзін өмір бойы халқының бір бөлшегі санаған Жамбыл үшін атқарылса, шіркін, дейміз.

Лайым, ХАЛҚЫМЫЗ аман болсын! Халқы аман болса, Жамбыл да мәңгі.

Жамбыл  мен  Нұрғиса

Құс қайтып бара жатқан кез еді. Қазанның 18-і, григорианша 1998 жыл болатын. Оның қазасы күллі қазақтың қабырғасын қайыстырғанын көрдік. Әдеттегіден ерекше жерленді. Ақым лақатының тереңдігі саты қойып түсерлік, екі құлаштан еркін асып тұрды. Бұрын мұндайды көрмеген басымыз таңғалысымызды ішке бүгіп, «неге сөйтті екен?» дегенді кімнен сұрарымызды білмей, жан-жағымызға жалтақ-жалтақ қарасақ та, оның мәнін түсіндірер адам табылмады сол күні. Ерекше жаратылысты дарын еді, бақи мекеніне жайғасуы да ерекше болды. Сірә, дін басылары шариғаттың бір тармағын негізге алған болар, мүмкін өзінің қалауы ма екен, әлде ғылыми дәлелдемелерге сүйенген, асыл сүйегінің ұзақ сақталуы үшін қарастырылған шара ма, бәлкім, басына салынар құлпытас, ескерткіш құрылыстарының салмағы жаншымасын деген сәулетшілердің шешімі ме, кім білсін. Асылы, сол соңғысы дұрыс шығар, әйтеуір, біз пақырдың ойы сол арада он саққа жүгіргені аян. Қалай дегенде де, Нұрағаңның мүрдесі өлімді пенденің бәрінен тереңде жатқаны бұлтартпас шындық енді.

Арнайы құрылған мемлекеттік қаралы комиссия мүшелерінің алдында Әбіш Кекілбаев, соңында ағылған ел. Ұлы композитордың мәйіті салынған табыт өзі тікелей ұйымдастырып, қаз тұрғызған «Отырар сазы» ансамблінің алдына қойылды. Күй күңіренді. Майгүл Қазтұрғанованың өкінішті өксікке толы аңыраған үзік-үзік үні жаны бар пенденің өзегін суырып алардай егіле естілді. Реквием – ақтық әуен еді бұл.

Жанар алмасының қауқары әрең жететін сонау зәу биікте бір құс қанатын қағып-қағып қойып, қаралы елдің үстінде баяу қалықтап тұрып алғаны-ай сонда. Қыран ба екен, әлде Нұрғисаның рухы ма? Әлгі жиі айтылатын тосын құбылыс деген осындай-ақ болатын шығар. «Жамбыл ата, қасыңда қарауылың болып жатайын, екі метр жер қи!» депті, бір келгенінде қазақ музыкасының қыраны. Сол жерге көзі жұмылған соң келді, міне. Әне, кие құдіреті – қыраны да Нұрғисаның жамбасы жерге тигенше бір байыз таппай зеңгір көкте қалқып жүр.

     Иә, қазақ мәдениетіндегі теңдесі жоқ екі дарынның бақи әлемі бағында қатар жатқанын өзінше бір ғанибет деп есептейміз. Көзі тірісінде Нұрғиса аға әсірелеп айтса да, бір шындықтың шетін шығарып қоятын. Ол – Жамбылдың тізесіне отырып домбыра тартқаны туралы естелігі еді. Кейбір қу тілділер: «Нұраға, сізді бес жасыңызда Жамбылдың алдына отырып күй тартыпты дейді ғой» деп, бір әңгіменің жібін сабақтаса, ағамыз әлгінің сөзін жалма-жан түзетіп, «Үш жасымда тартқам» дейтін еді, жарықтық. Кім біледі, солай болса, солай шығар. Әйтеуір, екі алыптың арасында біз біле бермейтін бір жақындық, ұлы тартылыс, ерекше сүйіспеншілік бар еді.

Нұрағаңның тегін тергеуге еш қақымыз жоқ екенін жақсы түсінсек те, оның ұлы Жамбылға рухани тұрғыдан ең жақын жаратылыс екенін және айтуға тиіспіз. «Мен Жамбылдың баласымын!» деп кесіп айтқанын да талай естідік қой, дегенмен, ұлы композиторды бір тылсым күш баба аруағына үнемі тели түскендей.

Ауылдағы Қыдырғожа күйші, Шаштай күйшінің маңайынан жиі табылады екен Нұрағаң. Ел ішіндегі ең інжу-маржан үндерді музыка әліпбиімен нотаға түсіріп, жанына сіңіре, жарқын құлашын кең жаза дем алыпты осы ауылда. Өзі де еліне еркелепті, өзгелерді де еркелете біліпті.

Нұрағаң күллі қазақтың төл перзенті. Ол кісіні өзімшіл көңілмен біздің өлкенің тумасы еді, Майтөбенің ұлы еді десек те, дарыны мен даңқының масштабы түркі әлемі кеңістігіне дейін шығандаған шын феномен болғанын жұрт түгел мойындады. Қазақ елінің қай жерінде жүрсе, сол елдегі бір атаның баласы бола салатын әпендішалыс қылығы туралы да айтылып жатады. Негізінде, Нұрағаң өзін бүкіл қазақтың тел баласы, тең ұлы деп санағанын осы бір мысалдан-ақ аңғарамыз.

Бір-ақ рет туатыны сияқты адам бір-ақ жерде мәңгі дамылдайды ғой. Міне, ақыры бір күні бақи бесігіне бөленерін білген ұлы дарын Елбасының өзінен рұхсат алып, Жамбыл бабасының жанына келіп жайғасты. Әрине, жай келіп жата қалған жоқ, өзімен бірге елімізге құт әкелді, күй құдіретін ұқтырып тұратын ұлы шығармаларының үні жер астынан да күмбірлеп естіліп тұрғандай күй кешеміз. Осы күні Жамбылдың басына зиярат етушілердің бірде-бірі Нұрағаңның зиратын аттап өте алмайды. Оның домбырасын оң қолына ұстап, сол қолының бес саусағы жайылып, оркестр алдында тұрған дирижерлік асқақ келбеті бейнеленген ескерткіші кім-кімді болсын терең ойға қалдырады. Аққуды күймен қайырған қазақ өнерінің ұлылығын еске түсіреді.

Күллі халық Жамбылды ақын деп ардақтайды. Ал, оның күйшілігі ақындығынан кем түспегенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Нұрғиса Тілендиевті Жамбылға тым жақын әкелген бір сыр осында жатыр ма деп ойлаймыз. Күй сарыны, қобыз сарыны, ішкі тылсым үннің біз сезіне бермейтін, қарапайым пенделердің пешенесіне жазылмаған өзгеше бір ерекшелігі болатын сияқты ма, қалай? Оны мүмкін болашақта ғылым дәлелдейтін шығар. Әзірше, біз тек тамсанудан әріге бара алмаймыз.

Нұрағаң тым күрделі жаратылған, еркін басын еш ноқтаға шақтап көрмеген адам болатын. Оның артында тарау-тарау аңыз қалды, тарау-тарау естеліктер жазылды. Десек те, бір тиянағында бәрі тұлғаның ерекше туған дарын екенін мойындайды.

Менің, әсіресе, есімнен кетпейтіні, Нұрағаңа «Халық Қаһарманы» атағы берілген кезде ауруханада жатып елімен бақұлдаса жазған хаты. Осы тәріздес бір өлең Мұқағалида бар. Әсілі, ұлылар өзінің артықшылығын да, кемшілігін де жақсы білсе керек. Еліне еркелегенін елжірей отырып, егілте жазғаны, бас иіп кешірім өтінгені неткен өнеге десеңізші! Нұрағаң өзінің ұлы екенін сезді, алайда, халқының өзінен әлдеқайда ұлы екенін де білетін. Білгеннен кейін кешірім өтініп, арыздаса хат жолдады.

Жамбыл халықтың сөзін айтса, Нұрғиса халықтың күй өнерін жаңғырта, жарқырата, жаңа биікке көтерді. Екеуі де халық алдындағы парызын толық өтеген, өздеріне жүктелген миссияны мінсіз атқарған ұлы тұлғалар. Қатар жатқаны да тегін емес. Сөз өнері мен үн өнерінің тоғысуы. Сондықтан да, кейде Жамбылдың мұражайына бара қалсақ, ақынның «Әй-угәй» әнінің қайырмасы мен Нұрағаңның «Ата толғауы» үнемі естіліп тұрғандай күй кешеміз.

Рәтбек  ТЕРЛІКБАЕВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Алматы облысы, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің

бас редакторы, Жамбыл атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері.

 

 

2925 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №11

30 Қараша, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы