• Шежіре
  • 25 Қазан, 2011

Сіздің «меніңіз» не дейді?

Гүлмира Сүйекенова

Ақын, журналист. «Алтын Орда» газетінің қызметкері. «Үркер Үміт» бәйгесінің поэзия номинациясы бойынша жүлдегері.

Әркімнің өз мені болады. Әр мен іштей әртүрлі күбірлейді. Іштегі күбір сыртқа да шығып, әрқалай амалдарға ұласады. Мәселен, бір мен «мұсылмандардың екі-ақ мерекесі бар. Құрбан айт һәм Ораза айт» десе, енді бір менге жаңа жыл да мереке, ғашықтар күні де мереке, 23-ші ақпан да мереке, 8-ші наурыз да мереке. Қысқасы мереке көп, береке жоқ. Кімнің мерекесі, қандай мән-мағынасы бар екендігінде  шаруасы жоқ. 1-ші мен шариғаттың заңы бйынша  амал қылады, оның сауабы көп. 2-ші мен шайтанның заңы бойынша  амал қылады, оныкі – ысырапқорлық, яғни күнәсі көп. Бір ғана 8-наурыз мерекесін алып қарайық.

Әйел – ана, отбасының ұйытқысы. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін  әйелдеріміз аман болсын деп бастаймыз да баяғы бір рөмке соғыстырып, сол үшін алып қояйықпен аяқтаймыз. Ау, одан да бет жүзіңді құбылаға бұрып, маңдайыңды сәждеге тиізіп тұрып айтпайсың ба сол тілекті... Шын ниетімен алақан жайып сұраған пендесін құр қол қайтаруға ұялатын Жаратқаннан артық  мейірімді жоқ шығар. Сонда әлгі мерекені         1 жылда 1-ақ рет қана елеп-ескеріп отырудың үлкен тәрбиелік мәні бар деп гүл сыйлап, отырыс ұйымдастырып (дағуатты болса бір сәрі), құттықтап, атап өту өрініс емей немене?! Демек, жұмақ ананың аяғының астында, анаңды Меккеге арқалап апарсаң да қарызыңды өтей алмайсың деп алып, екі көзін зинадан қорғап, оранып, бүркеніп жүрген жіңішке жолды, нәзік жандыларды көргенде шошынатындығымыз да сол тәрбиенің сыйқы десек, қателеспейтін шығармыз. Уақыт шектеулі. Сынақ жүріп жатыр. Әрине барлық меннің бірдей ақылды, данышпан болуы мүмкін емес шығар. Өйткені, періште емес пенде. Дегенмен, келмеске кеткен кеңестік идеологияның сүрлеуінен енді сүрінбеуіміз   керек. Егемендігімізге  20 жыл, елдігімізге сын. Ендігіміз бір Алланың қолында болғанымен Ол да сақтанғанды сақтайды. Өйткені әр менге ерік пен белгілі бір мерзім берілді. Қолыма қалам отырған мына менің де менім «босқа өмір сүрме, қолыңнан келгенінше бірер сананы болса да сілкіндір» дейді. Кеше ғана парламентте кеңестің қаңсығымен құттықтаған Бердоңғаровқа қарсы шыққан Бекболат ағамыздың да менін намыс шоқтай қарып шыдатпады. Еріккеннің ісі емес, өзіңе сауап, өзгеге сабақ. Неге шындық қазаққа 1 ғасырдан кейін жетеді? Оған шейін міндетті түрде біреудің өлімін не біреудің тақтан түсуін күту керек пе?!. Әрине қоғамды қараңғылықтан құтқару қиын. Әйтпесе кешегі Абай да «мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» демес еді. Бүгінгі Бекболат та кейбіреуге жексұрын боп көрінбес еді. Мұны түсіне алмайтындардың –Тілеуханов-ақ Тәңіршіл бола қойсыншы дейтіндердің құлақтары бар естімейді, көздері бар көрмейді, жүрегі бар сезбейді. Аянышты...  Ал Алланың бар екеніне, бір екеніне, қияметтің келетініне, мәңгілік  жұмақтың, тозақтың бар екеніне, біз үшін жер бетіне Құран түсіріп, үйретсін, айтсын деп ақиқаттың жаршысы қылып Мұхаммедті жібергеніне мүлдем сенбейтіндер үшін – бәрі ертегі.

Ендеше бәрі ертегі дейтін «жүректі» кейіпкерлерге бір-ақ жанды мысал келтіре кетейін.

Суда жүзіп бара жатып бір балық салбырап қармаққа ілініп тұрған жемтікті көрген бойда жанына жетіп барып ұмтыла бергенде, екінші бір балық келіп: «Тоқта, кішкене сабыр сақта, егер сен қазір ашкөздік танытсаң, кейін адамдарға жем боласың. Олар сені қармаққа іліп алып, су бетіне шығарады да алдымен қабығыңды аршып, ішек-қарныңды ақтарады, сонан соң табаға салып отқа  қуырады» дейді. Бірінші балық бұған сенбей «иә, сен  қайдан білесің?» дегенде, әлгі балық: «Маған бақа айтты» депті.

Ақыры  өзіне жаны ашып тұрған балықтың айтқанын бос сөз  санаған бірінші балық жемтікке жабысып, қармаққа қалай ілінгенін білмей қалады.Адам оны судан шығарып алып, қабығын арши бергенде, «ойба-а-а-й, жаңағы балықтың айтқаны осы екен ғой» деп өкінеді бірінші балық. Ал ішек-қарнын ақтарып, табаға салып қуырғанда енді өкінгеннен пайда жоқ екенін бір біледі!..

Бұл мысалдың кейіпкері бақа – судың астын да, үстін де көріп жүрген болса, Алланың елшісі, адамзаттың Пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.) те екі дүниеде де болған. Адам бір оқтық болғанымен  мүмкіншілігі зор. Сол мүмкіншілікті дер кезінде дұрыс пайдалана білгеніміз жөн. Пайдасыз той, туған күнмен уақыт өлтіргенше, соған кеткен артық ақшамызды кедей-кепшікке, жетім-жесірге, мұқтаж жандарға бөліп беріп сауап жинап қалуға тырысайық. Әрқайсысымыз осылай амал етсек, елдің әлеуметтік жағдайы  жақсарып, экономикамыз да қарқынды дамымай ма...  «Өмір – теңіз, ізгіліктен жасалмаса кемеңіз, жүзіп өтем демеңіз» депті Шығыс шайырларының бірі Лұқпан Хакімнің мені. Ал сіздің меніңіз ше...  Бәлкім ол да мәңгілік жұмақты қалайтын шығар?..

429 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы