• Шежіре
  • 26 Маусым, 2019

ТАРИХҚА ТОЛЫ ТАЛБЕСІК

Жұлдызай Мейір Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты.

«Ұлы даланың жеті қыры» ұзақ жылдар бойы еңсемізді көтертпей келген жалған ақпараттардан құтылып, Даланың ұлылығын айғақтайтын мәдени-тарихи дүниелерімізді танытып, санамызға сіңіп қалған түрлі психологиялық комплекстерден арылуға, өз дәрежемізді биіктен көріп сезінуге мүмкіндіктер болды. Даланың жеті қырының әлемдік өркениетке қосқан нақты үлестерін мақтанышпен айтуға болатынын, алғашқы әлемдік жаңалықтардың Дала төсінде орын алғаны, оны тудырған тұлғалардың әлемге мәшһүр болғаны үлкен мақтаныш. Бұл тарихи-рухани жағдай қазақ жастарын шынайы ақиқатты тануға деген мүмкіндіктер туғызатыны белгілі. Арыс өзенінің Сырдарияға құяр жерінде атағы Шығыс пен Батысқа мәшһүр болған Отырар қаласын жұрттың барлығы біледі. Орта ғасырдағы араб және басқа да зерттеуші ғалымдардың шығармалары бойынша, бізге белгілі болған деректердің өзінен бұл қаланың әсем де көркем, адамзат баласы таңғаларлықтай өнері, мәдениеті болғанын көрсетеді. Отырар тұрғындарының бостандық пен тәуелсіздікке деген ерік-жігерін тоғызыншы ғасырда араб басқыншыларынан кейін монғол шапқыншылығына дейінгі аралықтарында болған оқиғалардан да көруге болады. Мысалы сол дәуірдің шежірешісі болған әл-Табаридің жазбаларында Отырар ханының Хорасан билеушісі Әл-Мамунға салық төлеуден бас тартқандығы туралы деректер бар. Әл-Табари өзінің «Пайғамбар мен патша тарихы» атты еңбегінде VIII ғасырдың басында арабтардың Орта Азияға ислам дінін таратуымен байланысты болған оқиғаларды суреттегені баяндалады. Отырар тарихындағы жарқын беттердің бірі әлемге әйгілі ғұлама бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің есімімен байланысты. Сондай-ақ Отырар кітапханасы, ол туралы айтылған әңгіме-аңыздар қаншама. Бұдан басқа да көптеген деректер Отырар қаласының өнері, мәдениеті жайлы айтылған ел аузындағы әңгімелер Отырар қаласының әлемге мейлінше кеңінен мәлім екендігін көрсетеді. Оныншы ғасыр Сырдария өңірі қиян-кескі болып жатқан уақыт мезгілін көрсетеді. Каспий, Сырдария, Арал жағалауларын мекендеген түрік тайпаларына Оғыздар шабуыл жасайды. Түркілердің біразы Батысқа шеттетіледі, қалғаны Оғыздарға сіңісіп кетеді. Сонымен X ғасырда Оғыздар мемлекеті тарих сахнасына шықты. Олар Сырдария өзенінің төменгі сағасында орналасқан Янгикент қаласын астана ретінде орнықтырады. Бізге жеткен деректерге қарағанда Оғыз ханы Киев князьдарымен де бітімгершілік жасасып тұрған. Олар иемденген жерлер Шаш, Испаджаб, Сауран, Сүткент, Фараб т.б. XI-ғасырда саяси дағдарыс, таққа талас отырықшы халықпен шиеленісу Оғыздар мемлекетінің құлауына әкелді. Ұлы дала жауынгерлері, яғни отырықшы түркілер бас көтермейтіндей етіп оларға соққы береді. Сырдария алабынан оғыздарды ығыстырған түркілер Ұлы Дала төсінде «Дешті Қыпшақ» деген атпен тарихта мәлім болды. Олар Киев Русі мен Византияға половецтер деген атаумен әйгілі болды. Ұлы Дала туралы деректер ортағасыр зерттеушілері Ибн Хордабехтің, Кудаманың, белгілі Абдоллах Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Идрисидің еңбектерінде айтылады. Ибн Хордабех 820 жылы дүниеге келген. Алғаш рет байланыс анықтамасын жасап шығарушы. Сауда қатынастары мен елдімекендердің қашықтыған суреттеген «Жол және мемлекет» атты еңбегі болған. Әл-Идриси Сицилия королі II-Роджердің сұрауы бойынша «Нузат әл-Муштах Фиихтирак ал-афак – Ел кезген жиһангердің ойға түйгендері» атты еңбегін жазған. Әл-Идриси түріктерді суреттегенде «Бір жайлаудан екінші жайлауға көшіп жүруді. Көшпелілер үшін жылқы малы үлкен рөл атқарады. Түріктер жердің үстінен гөрі ат үстінде көп отырады» делінген. Демек Ұлы Далаға қызыққан елдердің барлығын көруге болады. XI-ғасырдың аяғы мен XII-ғасырда Сығанақ, Женд қыпшақтардың бірлестігі құрылған, мемлекет деп саналған. М. Әжі түркілердің темір балқыту технологиясын игергені туралы айтады. Қыпшақ-тардың ұсталары жасаған түрлі бұйымдар дала тұрғындарының күнделікті тұтұну заттарына айналды. Дала төсінде аң бейнелі өнер дамыды. Олар жасаған өнер болмысы дара, ғажайып табиғат көрінісі ретінде бағаланды. Бұл өнер түрі Қытайдан Дунайға дейінгі кеңіс-тікте тіршілік еткен халықтардың сәндік бұйымдарында, тіпті христиан архитектурасы мен славяндық өрнектерде сабақтасып жатты. Ен далада көшіп-қону, экологияны сақтау, бала тәрбиесі, сал-серілік дәстүр дала этикасын, менталитетін қалыптастырды. Халқымыздың бай ауыз әдебиеті туралы Ш.Уалиханов мақтанышпен жазып, ол халықтың даналығын, болмысын, мәдени-рухани өрісін көрсететінін айтып кетті. Қыпшақтардың орталығы саналған Сығанақ, Женд, Фараб-Отырар қалаларынан табылған керамикадан жасалған заттар Ұлы Дала өнерінің шыңы деп саналады. Бұл заттарда ғұндар мен сақтарға тән қасиеттер анықталған. Отырар ескерткіштерінің түрлі мәдени қабаттарына қарап, керамикалық ыдыстарға талдау жасағанда, ондағы оюлар мен бояу түстерінің күні бүгінге дейін құпиясы белгісіз екенін айтуға болады. Олар бояу технологиясын ешкімге жария етпеген. Жасыл, қоңыр, көк түсті бояулар кеңінен қолданылған. Демек сол дәуірдің өзінде отырар сияқты Ұлы Дала төсінде мекендеген халықтардың қол өнері өте жоғарғы, сапалы, көркемкерамикалар шығаруды игерді деп мойындалады. Отырардан жылтыр түсті глазур бо-яулары боялған ыдыстар табылған. Глазур немесе люстр бояуының құрамы: күміс, алтын және жүзім қышқылымен бірге басқа элементтер қосындысынан тұрады деп есептеледі. Алтынның жарқылы, көздің жауын алатын қасиеті дала тұрғындарының ыдыс-аяқтарында кеңінен қолданылған. Отырар өнерінің XIII-XIV- ғасырлардағы шыны бояуымен боялған заттарында да өзіндік қасиеті құпия делінеді. Отырар керамикасы ондағы бояулар сапасы ата-бабаларымыздың өмірін, өнер талғамын, әлеуметтік дүниесін түсіну үшін аса бағалы дүниелер саналады. XV-ғасырда жоғары дәрежелі дін иесі болған Рузбеханда Сырдария өңірін өте тамаша суреттеген. Дариядан даланы суару үшін каналдар тартылғанын, ешбір жерде Сырдария сияқты пайда келтіретін өзенінің жоқтығын, шөбінің шүйгін, қалыңдығын, жабайы құстар мен гүлдердің, тоғайлардың барлығын суреттейді. Өз уақытында Али ибн әл-Хусейн әл-Максудидің тарихи-географиялық шығармасында да Отырар туралы жазғанын көреміз. «Орта Азияда Отырардан ыңғайлы, құнарлы жер табу қиын» – деп Шығысты зерттеуші А.Н. Бернштамда өз ойын білдірген. Қазба жұмыстары жүргізілгенде табылған тиындардан қай ғасырға жататынын аңғаруға болады. Отырар елдімекенінің егіншілікпен айналысқанын ондағы 40-50 ге жуық арық-каналдардың барлығы соның айғағы. Ең негізгі кәсібі мал шаруашылығы болды. Аңшылық өнер де Ұлы Дала тұрғындарының өмірінде маңызды рөль атқарды. XII-XIII ғасырларда Ұлы Дала төсін мекендеген түркі жұртының экономикасы мен мәдениеті ең жоғары дәрежеде дамыды. Бұл жоғарыда айтылған деректер мен архитектурасынан, ғылымы мен мәдениетінің дәрежесінен анықталып тұр. Сол кездегі Отырар, Испаджаб, Сауран, Сығанақ, Қойлық қалаларының аты кеңінен зерттеуші ғалымдар еңбегінде көрініс табуы – оның әйгілі болғанын көрсетеді. Әбунасыр әл-Фараби 870 жылы Сырдария өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан Отырар-Весидж қаласында дүниеге келген. Әкесі Весидж әмірі болған. VIII-ғасырда Бағдат қаласы ғылым орталығы саналған және халиф Мамунның сарайында үлкен ғылыми мектеп болған. Осы жер жан-жақтан жиылған оқымыстылар мен ғалымдардың бас қосқан орталығы саналған. Дәл осы жерде алгебраны, астрономиялық таблицаны жасаған ғалым Мұхаммед ибн Муса әл-Хорезми, астроном, математик Ахмед әл-Ферғани, Якуб әл-Кинди қатарлы ғалымдар еңбек еткен. Осындай ортада әл-Фараби де өмір сүрген. Әл-Фараби энцеклопедист ғұлама. Оның діни көзқарастағы еңбектері ибн Синаға, Бируниге, Омар Хаямға және Шығыстың басқа оқымыстыларына ықпал еткен. Ұлы Даланың мәдени-рухани деңгейлері-нің артуына қарамай Орта Азиядағы ірілі-ұсақ хандардың қырқысуы толастамады. Бытыраңқылықты жойып, бірнеше елдің басын қосып мемлекет құрып, темір тәртіп орнату қажет болды. XIV ғасырдың екінші жартысында Орта Азияда Темірдің Әмірімен ұлы мемлекет құрылды. Темірдің батырлығы, мырзалығы, қолбасшылық талабы оны әйгілі етті. 1361 жылы монғол ханы Тоғылықтың көмегімен барлас руының басшысы болды. Бір жорықтарда қолы мен аяғынан жараланып кейін Темірлан-Ақсақ Темір деген атаққа ие болады. Отыз бес жыл билік еткен уақытында Хорезмге, Персияға, Индияға, кіші Азияға, Закавказьяға шабуыл жасап, көптеген ғалымдар мен қолөнершілерді маңына жинап, Шахрисябзде Ақ Сарай салдырады. 1376 жылы Ұрыс ханның ұлы Тоқтамыспен дос болып кейін бітіспес жауға айналады. Тоқтамыстың соңына түсіп, Сарай, Берке, Алтын Орданың жерлеріне еніп жаулап алды. Жетісуға дейін, Іле, Отырар, Сауран, Сығанақ, Тараз жерлері Темірдің қоластында болды. 1398 жылы Индияны жаулап, Самарқандқа көп олжамен оралады Батыста 1402 жылы Анкара түбінде Осман сұлтаны Баязиттің күл-талқанын шағарады. Солардың ішінде Темірдің Әмірімен салынған Ұлы Дала халқының әулиесі атанған Ахмет Яссауидің кесенесі, күні бүгінге дейін өзінің сәулетімен ел-жұртты таңдандыруда. Темірдің бұл мавзолейді салдырудағы мақсаты: көшпелі халықтың құрметті адамына ілтипат көрсету, ислам дініне сыйынушы халықтың мәдени-рухани бірлігін, мемлекеттің қуаттылығын көрсету және ХIV-ғасырдағы Орта Азия сәулет өнерінің тамаша ескерткішін салуға себеп болған делінеді. Бұл ескерткіш туралы М.Е.Массон: «Құдіретті мавзолейге тең келер ескерткіш жоқ. Биікке көтерілген зәулімдігі ислам өнерінен бұрын Византиядағы «Әулие София» ықпалы болғанын көрсетеді. Сонымен қатар мұсылмандық Түркияның да сәулет өнерінің көрінісі Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінен анық көрініп тұр. Сондықтан оны «Айя-Софиясы» деуге болады». Темірдің өлімі Орта Азия мен Қазақ жеріне жаңа тартыстардың басталуына себеп болды. Билікті қолына алған Темірдің немересі, белгілі ғалым Ұлықбек көп кешікпей өз жамағатының астыртын әрекетінің құрбаны болады. 1426 жылы Жошының тұқымы саналған Барақ хан өзін Дешті-Қыпшақ пен Сырдарияның бойындағы қалалардың ханы ретінде жариялады. Бұл ғасырлардағы әлеуметтік, экономикалык, саяси қатынастардың өрлеу ғасыры саналады. Дегенмен феодалдық праволардың іріленуі, таптық күрестің шиеленіскен кезі еді. Жаңа мемлекеттік бірігу Өзбек хандығы, сонан кейін Қазақ хандығы болып бөлінді. Өзара тартыс, билікке талас, Әбілқайыр-дың жошылықтарды қудалауы олардың бөлініп шығуына ықпал етті. Жәнібек пен Керей сұлтандардың Шу өзенінің жағасына көшіп кетуге мәжбүр болуымен алғаш Қазақ хандығының іргетасы қаланды. Осыған байланысты Рузбеханның: «қазақтарға Шыңғысхан-ның иелігіндегі халықтар өздерінің әлемге күштілігімен, ержүректілігімен әйгілі болған қазақтар және маңғұттар кіреді» дегенін айтуға болады. Хақназар хандығы тұсында Ұлы Дала өркендеді, күшейді. Су құбырларының тартылуы, қала өмірінің басқаша реңге бөленуі, егіншілікпен айналысуы дәуір тыныштығының болғанын көрсетеді. Кейін XVII-ғасырдың 30-жылдары Жоңғар мемлекеті құрылып, басып алу саясаты басталады. Біз Ұлы Дала мұрагерлеріміз. Дешті қыпшақ деп аталатын Дала өркениеті – діні бір, ділі бір түркі халықтарына ортақ мәдениет.

603 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы