• Руханият
  • 10 Сәуір, 2014

Біздің қалауымыз – Еуразиялық интеграция

Жаңадан құрылатын Еуразиялық экономикалық одақ Қазақстанның егемендігіне ешқандай қауіп төндірмейді. Себебі, бұлай алаңдауымызға ешқандай да негіз жоқ, – деп мәлімдеді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Бақытжан Әбдірұлы атап айтқандай, жаңа одақ құру арқылы біз артқа шегінбейміз. Керісінше, тең құқылы экономикалық әріптестіктің жаңа деңгейіне көшеміз. Себебі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі 2013 жылғы 25-ші сәуірде Астанада өткен Еуразиялық медиа форумда: «Егер қандай да бір бірлестіктер еліміздің тәуелсіздігін, біздің конституциямызды шектейтін болса, біз одан дереу шығып кетеміз» деп мәлімдегені белгілі.

Бірінші вице-премьердің айтуынша, ЕЭО-қа мүше бола отырып, Қазақстан тек қана ұтады. Интеграцияның ел экономикасына әкелетін пайдасы ұшан-теңіз. Мәселен, Б.Сағынтаевтың келтірген мәліметінше, Кеден одағы құрылғаннан бері еліміздің өнім өңдеу өнеркәсібіне тартылған шетелдік ин­вес­тициялардың көлемі екі есеге дерлік өсіп (2009 жылғы көрсеткіш: 1,8 млрд. АҚШ доллары), 2012 жылы 3,4 млрд. АҚШ долларын құраған. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 34 пайызға дейін артып, 28 млрд. АҚШ долларына жеткен. Вице-премьер бұл көрсеткішті «Қазақстанның инвестициялық тартым­ды­лығының айтарлықтай ұлғайғаны» деп баға­лады.
Ресми мәлімет бойынша, 2013 жылы Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен арадағы сауда айналымы 24 млрд. доллардан асып түсіпті. «Бұл орайда, өзара қарым-қатынастарымызда біз сауда бәсе­кесінен ұтылып қалдық деген негізсіз мәлімдемелерге иланбағанымыз жөн. Қара­пайым ғана мысал келтірейін. Мысалы, Кеден одағы аясында біздің кондитерлік өнім­деріміздің экспорты айтарлықтай артты, соның ішінде шоколадтардың экспорты 3 есеге дейін көбейді. Біздің Ресей мен Беларусьқа шығаратын жүк көліктеріміздің көлемі 17 есеге, цемент экспорты 16 есеге ұлғайды. Және мұндай мысалдар көп», – деді Бақытжан Сағынтаев. Әрине, Кеден одағы болмаса бүгінгі таңда біздің кәмпиттеріміз, ұнымыз, етіміз, нанымыз және басқа да тауарларымыз Ресей, Беларусьқа шыға алмайтыны анық.
Осы жерде Ауыл шаруашылығы минис­трлігі таратқан мәліметтерге тоқтала кетейік. Министрліктің баспасөз қызметі хабар­лағандай, Кеден одағы жұмыс істей бас­та­ғаннан бері отандық ауыл шаруашылығы өнім­дерінің экспорты 2013 жылы екі есеге өсіп, керісінше, импорттың өсу қарқыны 44 пайыздан 3 пайызға дейін төмендеген. Сонымен бірге, интеграциялық үдерістердің үш жылында еліміз Кеден одағындағы әріптестері – Ресей мен Беларусьқа шамамен 1 млрд. АҚШ доллары сомасына ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттаған. Соның ішінде, күрке тауық еті мен сиыр еті, макарон мен ұн, күнбағыс майы мен балық және т.б. ауыл шаруашылығы өнімдері бар. Әлбетте, бұл көр­сеткіштер отандық тауарларды тұтынатын нарықтардың кеңейгенінің дәлелі. Біз бұрынғы 17 млн-дық нарықтың орнына, 170 млн-дық алып нарықтың аумағына шықтық. «ЕЭО шеңберінде біз осынау алып нарыққа өнімдерімізді шығарамыз. Бұл дегеніміз ЕЭО-тың отандық бизнестің дамуы үшін де, жалпы еліміздің дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін де ең қолайлы жол екенін көрсетеді» деді бірінші вице-премьер.
Соңғы кездері еліміздегі электрондық БАҚ-да ЕЭО туралы әрқилы ой-пікірлер айтылып жүргені мәлім. Осыған орай, Пре­мьер-министрдің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев ЕЭО туралы кеңінен түсінік беріп, бірнеше басымдықтарды тізбелеп берді. Бі­рінші басымдық – ЕЭО – бұл саяси бірлестік емес, тек экономикалық бірлестік. Себебі, келіс­сөздер барысында қазақстандық тарап «болашақ Одақты саясиландыруға және оның аясында ұлттық мүдде мен мемлекеттік егемендік мәселелерін қозғауға жол беріл­мейді» деген ұстанымын қорғап қалған. Сондай-ақ, одақ шеңберінде экономикалық емес салаларға (денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, ғылым, заңсыз көші-қон) жататын мәселелер мүлдем қарастырылмайды.
Екінші басымдық – ЕЭО құру арқылы біз бұрынғы КСРО-ға қайтып оралмаймыз. Өйткені, ЕЭО құру туралы шартта егемендік теңдік, тараптардың ұлттық мүдделерін ескеру мен тең құқықтық қағидаттары тайға таңба басқандай етіп жазылған. Ал стратегиялық маңызы зор мәселеге қатысты шешім қабыл­дарда өзара бәтуаластықтың нақты механизмі іске қосылады. Яғни, барлық деңгейде шешім қабылданатын кезде қандай да бір мемлекетке басымдық берілмейді. Үшіншіден, Қазақстанның болашақ Одақтың барлық деңгейдегі органдарында өз өкілдері болады. Сондай-ақ, ЕЭО құру туралы Шартқа сәйкес, оған мүше мемлекеттерге үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен келісім жасауға тыйым салынбайды. Бұл ЕЭО еліміздің көпвекторлық сыртқы саясатына ешқандай кедергі келтірмейді деген сөз.

Әмірлан Әлімжан, «Экономика» газеті

304 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы