• Руханият
  • 10 Сәуір, 2014

Еуразиялық интеграция: Ұзақ мерзімді мүдделерге сай келеді

Алматыда «Тұран» университетінің ғимаратында «Еуразиялық интеграцияның өзекті мәселелері» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті мен «Тұран» университеті ұйымдастырған аталмыш шараға ғалымдар, экономистер, жоғары оқу орындарының, қаржы және ғылыми институттардың басшылары, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Алқалы жиынды «Тұран» университетінің ректоры, Қазақстан жоғары оқу орындары қауым­дастығының төрағасы Рахман Алшанов кіріспе сөз сөйлеп ашты. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы Серік Аханов, Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерлан Стамбеков, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің ректоры Серік Святов, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Сатыбалдин, Алматы локомотивті пайдалану депосының директоры Болат Оспанов, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Экономика институтының аға ғылыми қызметкері Назекен Бағаева, «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ директоры Жетпісбай Едігенов сөз сөйлеп, Еуразиялық интеграцияның даму болашағына қатысты өз пікір-пайымдарын алға тартты. Форумға қатысушылардың ой-болжамдары Еуразиялық одақтың Қазақстан, Ресей және Беларусь елдеріндегі жалпы инвестициялық климатты жақсартуға мүмкіндік беретіндігіне саяды. Яғни, экономикалық одақ бизнестің дамуына едәуір қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өнеркәсіптік өндіріс көлемдерін ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.
«Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшановтың ойынша, Қазақстан бүгінде бәсекелі экономика құруға дайын. Ол үшін еліміз өзінің сауда қатынастарын дамытып, көршілес елдермен экономикалық ынтымақтастық орнатуы маңызды. Бұл ретте Еуразиялық интеграция ұлттық экономикамызды нығайтып, еліміздің әлемдік аренадағы саяси салмағын арттыруға оң әсерін тигізеді.
Өзекті тақырыпты түйіндей келе, жиынға қатысушылар тиісті қарар қабылдады. Бірін­шіден, экономикалық және мәдени инте­гра­цияның әлемдік және ұлттық экономиканың дамуындағы рөлі арта түсетіндігі ескерілді. Бүгінде әлемдегі жаңа интеграциялық құры­лымдар мен қаржылық институттар пайда болуда және дамуда, олардың ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы рөлі артып келеді. Екіншіден, әлемдік шаруашылықтың одан әрі жаһандану үрдісін және осымен байланысты елдер арасындағы әріптестікті нығайту және мамандану процестерін реттеудегі объективті қажеттілік ескеріледі. Үшіншіден, халықаралық бәсекелестіктің ушығуын және соның нәтижесі ретінде біртұтас экономикалық және мәдени еуразиялық кеңістікті құру мен нығайтудың маңыздылығы айқындала түседі. Заманауи әлеуметтік-мәдени дамудың динамикасын сараптау мен еуразиялық кеңістіктегі мәдени жемісті диалогты қалыптастыруда тұжырымды іс-шараларды әзірлеу өзекті болып табылады. Төртіншіден, Қазақстан бүгінгі заманға тән интеграциялық үрдістерден тыс қала алмайды. Бүгінгі күн талаптарының қояр міндеттері де жаңаша. Өзара тиімді экономикалық кеңістікті құру міндетін шешуге бейімделген, еркіндік пен тең құқықтылық қағидаларында құрылған мемлекетаралық жаңа бірлестіктің пайда болуы Қазақстанның ұзақ мерзімді мүдделеріне сай келеді.
Форумға қатысушылар табиғи ресурстарды, адами әлеуетті, қалыптасқан инфрақұры­лымдарды, ғылыми-мәдени кеңістікті, маман­данған өндірісті ескере отырып, тең құқылы негізде құрылатын Еуразиялық одақтың алдағы уақытта дамыған және бәсекеге қабілетті мемлекетаралық экономикалық бірлестіктердің бірі болатынына сенім білдірді.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ, «Экономика» газеті

275 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы