• Руханият
  • 31 Наурыз, 2014

СЫЙЛАС

Ақселеу СЕЙДІМБЕК

Башар ақсақал желпіне сөйлеп, әңгіме айтып отыр.

«Ол кезде арғын ішінде алтайдан өрбіген ұрпақ арасында Тоқа мен Құтжанның бақ-мерейі биік. Алтайдың, Тоқа – сайдалысы болса, Құтжан – аралбайы. Екеуі түйдес құрдас. Тоқа – болыс, болыстығына қоса сал-серілігі бар, бармағынан бал тамған күйші. Әйгілі Тәттімбетпен күй өрелестірген. Тоқаның жалғыз ғана міні – мал жиып, майлы болуды күйттемеген. Құба-төбел ғана тіршілік құрған адам. Құтжан болса – қажы, оның үстіне өңшең көк мойын қылқұйрық біткен жуан сіңір бай. Екеуі де жалына қол тигізбейтін нағыз тарландар.

Жаздың мамыражай шуақты кезі болса керек. Тоқа киіз үйдің іргесін түргізіп тастап, іште сылқылдатып домбыра тартып отырса, Құтжанның қалың көк мойыны желдей жайылып, ауыл үстін баса-көктеп өте бастайды. Сонда, жерошақ басында жүрген бір шайпаулау қатын: «Құдай-ай, құдай! Малы жоқ иттің көрген күні құрысын, малы бар иттің малының тұяғының астында қалдық-ау, ойбай» деп шаңқылдапты.

Бұл сөзді Тоқа естиді де, «малы жоқ иттің» дегені жүрегіне шаншудай қадалып, сыртқа атып шығады. Шыққан бетте кермедегі атына қарғып мініп, белдеудегі құрықты ала салып, ашуға булыққан қалпы Құтжанның көк мойындарын сатырлата сауырлап қуа жөнеледі ғой. Сөйтсе, бір шетте Құтжанның өзі де, жанында үш-төрт серігі бар, жолаушылап келе жатса керек. Құтжанды көрген бетте Тоқа, амандық жоқ, саулық жоқ: «Әй, Құтжан, мына ел-жұрт қыс құрсауынан құтылып, жаздың аз күнгі қызығын көрудің орынына малың аяқ асты болды ғой!» – депті.

Тоқаның «әй» деп бастаған өктем сөзіне шамданып қалған Құтжан сол жерде: «Тоқа, осы сен жер қорып қайтесің?!» – десе керек. Мұнысы Тоқаның малының жоқтығын емеурін еткені еді дейді. Бұған Құтжанның серіктері мырс-мырс күлген болады. Мұндайға шыдайтын Тоқа ма: «Ал, сен мал қорып қайтесің?!» – деп қарымта сөз айтып қалады ғой. Мұнысы Құтжанның баласының жоқтығын бетіне басқаны екенін сол жерде тұрғандар бірден аңғарады.

Әп-сәтте Құтжанның өңі бұзылып, тізгін тартып, кері бұрылған қалпы үн-үнсіз жүріп кетіпті. Сол бетінде, ауылына келеді. Ауылына келісімен жылқыдан бөлдіртіп алған қырық қысырақты айдатып барып, бір байдың бойжетіп отырған қызына сөз салдыртады ғой.

Содан, Құтжанның көкірегінде Тоқаның «сен мал қорып қайтесің» деген сөзі шемен болып қатып жүргенде, әлгі жас тоқалы босанып, арыстай ұл табады. Ұл дүниеге келісімен Құтжан дереу бір жігітін арнайы жұмсап, Тоқадан сүйінші сұратады ғой.

Сонда, Тоқа сүттей ақ бір жылқыны алдыртып, кекіліне үкі байлатып, сонсоң өзінің күмістелген ер-тұрманын салдыртып, шүйінші сұрай келген жігітке: «Құтжанға айтып бар, көңіліне көлеңке сақтамасын, оның перзент көрмей жүргенін құдайдың есіне мен салмасам, мұндай қуаныш болмас еді!» – деген екен.

Сол Тоқа мен Құтжанның өл-өлгенше жұптары жазылмай сыйласып өткенін көзіміз көрді» (Дерек беруші Башар Әрінұлы (1889-1972), даңғайыр шежіреші, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы).

 

ҚҰРДАС. Осы бір әңгімені ауылда жүргенде естіп едім.

Ел ішінде құрдас екі жігіт болыпты. Құрдастардың жайы белгілі, сырттай болса да, кездесіп қалса да бірін-бірі оңдыртпай әжуалап, қалжыңдасып, қажап жататын әдеті. Мұндайда қаншалықты жүрекке тиетін сөз айтылып, жанға бататын қылықтар жасалса да көңілге алып, қабақ шыту деген болмайды. Олай ету кісілікке сын, дәстүрге жат, құрдастыққа жараспайды. 

Бірде, әлгі құрдастардың біреуі екіншісіне сәлем айтыпты: «Дертті болдым, күн санап дертім меңдеп барады. Тай-құлындай тебісіп, құрдастығымыз жарасып бірге ғұмыр кештік. Тағдырыма ризамын. Енді, міне, фәни жалғанмен қоштасар сәт жақындаған сияқты. Ақтық демім үзілерде басымда отырып, кірпігімді жан құрдасымның жапқанын қалаймын!» – депті.

Мұндай хабарды естісімен сау құрдасының дегбірі қалмай жетеді. Келсе, расында да құрдасы әл үстінде жатса керек. Содан, сырқат құрдасының тілегі бойынша кірпік ілмей басын күзетіп, көңілін аулап отырады.

Арада бірер күн өткенде сырқат құрдасы қиналып, жан тапсырар халге келеді. Мұндайда қатын-қалаш, бала-шағаны «жүректері қозғалады» деп шығарып жіберетін әдет бар. Сол әдетпен сырқаттың етжақындары үй сыртына шығады. Кешікпей-ақ сырқат та жан тапсырады. Сау құрдасы марқұмның соңғы өтінішін орындап, дұғасын оқып, бетін жауып, сыртқа шығады. Сыртқа шықса, марқұмның туған-туыстары үрпиісіп, үрейлі жүздерін бұрады. Біреулері шыдай алмай «Не болды?!» деп сұрайды.

Марқұмның құрдасы ештеңе болмағандай сабырмен қалтасынан орамалын алып, асықпай терін сүртіп, сонсоң үрпиіп тұрғандарға жүзін бұрып: «Осы ұзын өмірімде бұл шіркін маған бір шын сөзін айтпаушы еді. Өзі өз болып, осы жолы шынын айтқаны – «өлем» деп еді, шынымен-ақ өлді!» – депті.

Сонда, қазаның бұлайша естіртілуі марқұмның етжақындарын әп-сәтте өзгеше бір тылсым күйге түсіріп, өмірдің ең ұлы заңдылығына мойын ұсындырғандай сабыр мен төзім дарытып еді дейді.

...Осы әңгіме айтылғанда ауыл қарттары тұнжырай отырып: «Е-е, өлімді де әзіл-қалжыңмен қарсы алатын сол кездің адамдарының рухы биік пе деймін!» – деуші еді.

 

НАМЫС. Бұл әңгімені де Башар ақсақал айтып еді.

«Аралбай Құтжан қажымен жұлдызы жараспай өткендердің бірі Бақа батыр болатын. Ол заман батырлардың басынан бақ тайып, елдің тағдыр-тізгіні орыстардың қолына көшкен кез. Содан, амал жоқ, батырлар да мұқалып, «қазан бұзар, үй тентек» атанып, ауыл үй арасындағы ұсақ-түйекке кіжіңдеумен күн кешетін болған. Құтжан мен Бақаның арасында да алып-жұлып бара жатқан ата жаулық жоқ, тіршіліктің қақ-соғына бола шарпысып қалатын болу керек. Мұндайда Бақа батырдың найза шошаңдатып, қамшы жұмсап, қол көтеретінін көзіміз көрді.

Ол кезде Құтжан – болыс, қажылыққа бара қоймаған кезі. Бір жылы болыс сайлауы болатын болып, Құтжан мен Бақа бастаған оншақты адам Ақмолаға аттанды. Ақмолаға келсе, ояздың жемсауын толтырып қойған біреулер Құтжанның орынына болыс болатын болып, ісінің оңтайын келтіріп қойса керек.

Енді не шара?! Аралатаң жағындағылардың жүні жығылып, иіндері түсіп кетеді. Сонда Бақа батыр шалт қимылдап, қылышын беліне қыстырып, шолақ найзасын қолына ұстаған қалпы ояздың кеңсесіне кіріп келеді ғой. Кіріп келген бетінде: «Осыдан Құтжан болыс болмаса – бунт будет... бунт будет... бунт будет!» деп найзасымен еденді үш рет түйіпті де, шығып жүре беріпті.

Орыстар пара алуға мәттақам болғанымен, бунт-ереуіл дегеннен қорқатын халық. Иманы қасым болған ояздың екі көзі тас төбесіне шығып, әлгі пара бергеннің парасын өзіне қайтып беріп, сол жолы Құтжан қайтадан болыс болып сайланады.

Содан, көңілдері жайланған аралатаңның азаматтары мәз-мейрам болысып, әзіл қалжыңдары жарасып, елге қайтып келе жатады ғой. Сөздің бір қартында ерігіп келе жатқан жігіттердің батылдау біреуі Бақа батырға қарап тіл қатады: «Батыр-еке, бір гәптің мені таңқалдырып келе жатқаны... Сіз ғой, ауылда жүргенде Құтжекеңе күн көрсетпеуші едіңіз. Дүниеде екі адам араз болса, сол сіздер шығар деп ойлаушы едік. Сөйтсек, араздықтан да бұрын, арғы жағыңыз Құтжекеңнен қаймығады екен. Олай дейтінім, Құтжекең болыс болмайды-ау дегенде, ояздың төрі былай тұрсын, көріне кіріп кете жаздадыңыз ғой!» – депті.

Сонда, Бақа батыр әлгі әзіл айтқан жігітке ошарыла бұрылып: «Ой, шірік неме, Құтжанмен менің араз екенім рас! Онымен өл-өлгенше араз болып өтетініме де шәк келтірмеймін. Бірақ, Құтжанмен өзім араз болғаныммен, намысым араз емес қой! Соны да білмеймісің?!» – деген екен».  

 

 

347 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы