• Руханият
  • 11 Наурыз, 2014

Бізде қазір рух жоқ

«Ұят болады». Әке-шешенің аузынан шыққан осы сөздің тереңіне үңіліп, мағынасын зерттеп жатпай-ақ, әлдебір жаман істерден сақтандыру екендігін кім-кімде бала кезден-ақ түсініп өседі. Жаратушымыз пендесіне дарытар қасиеттерді адамның бойына сіңіргенде ақылды – миына, мейірімді – жүрегіне қондырып, ұятты бетінің ұшына жайғастырыпты деген аңызды оқығаным бар.

Әлденеден ұялып қалғанда, бетіміздің ду ете қалатыны содан болар. Ұялмайтын адамдар туралы айтылатын «беті қалың екен» деген сөздердің төркіні сонда жатса керек. Ұлтымыздың ғасырдан ғасырға бірге жасасып келе жатқан осындай ұлы қасиет туралы бүгінгілердің ұғым-түсінігі қандай екен деген ой келеді кейде. Мен үшін бірте-бірте азайып бара жатқандай көрінеді. Сіздерге ше?

Өзім куә болған осындай жайлар туралы бұрын да жазғанмын, таяуда ғана тағы бір оқиғаның бел ортасында жүруіме тура келді. Жұмыс бабымен Астана қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетіне кіріп барсам, қарсы алдымнан бір қазақтың ұлы мен қызы жабысып сүйісіп тұрды, күзетшіге құжатымды көрсетіп ішке кірдім, шаруамды бітіріп бес он минутта қайта шықсам, әлгі қызбен жігіт сол қалпы тұр екен, дәтім шыдамай, қасына барып, «Айналайындар-ау, бұл жерден басқа жер құрып қалды ма?» десем, «Мы учимся в МГУ, а не Гумилев так что, кому какое дело» деп, баж ете қалды.

    «Мен не деймін, домбырам не дейді» деген күй кештім. Бізде жас болғанбыз, бірақ көпшілік ортада қызбен сүйіспек түгіл, сөз айтуға ұялатын едік. Қазіргі оқушылар амандасса да, қоштасса да бір-бірімен сүйісе береді екен. О заманда бұ заман қазақ қазақ болғалы, ешқашан ұл-қызына кім көрінгенмен сүйісе бер деп үйретпеген. Тіпті, араб пен қытай, француз бен ағылшындар да көпшілік ортада бір-бірімен бұлай сүйіспейді. Тек, орыстар үйленгенде «горько» деп араққа тойып алып айқайлап жатады. Үйде әке-шешесі, мектепте, университетте ұстазы, көшеде тап осындай ұл-қыз өсіріп отырған біздің қоғам, ересектер жағы «қалқам, ұят болады» деп отырсақ, жасөспірім балалар ауыздарын ластап, тап осындай ұятсыз сөздер айтуын қояр еді деп ойлаймын. Бірден болмаса да, бірте-бірте көпшілік ортада өзін ұстау мәдениетін үйренеді. Қай заманда болса да халықтың алдында тұрған басты міндеттерінің бірі – есті, еңбексүйгіш, қайырымды бала тәрбиелеу. Әр халық өзінің жас ұрпағы ақылды, адал, үлкенді құрметтейтін, әділ, ержүрек, ар-ожданы мол болып өссін деп армандайды.

    Сондықтан да берік ұйып отырған отбасының беделі азая бастаған қазіргі заманда отбасы мен білім ордасының тығыз қарым-қатынасы бүгінде өте қажет болып тұр. Бала тағдырына жауапты бір адам болса, ол ата-ананың өзі емес пе?  Батыстан жасалған ақпараттық тасқын, технократтық даму, қазақ ұлтына тән қасиеттерінің бәрін жалмап, кеміріп, құртып барады.

    Осыдан он, он бес жыл бұрын қазақ қыздары мұрнына, кіндігіне персинг немесе тотуировка ұрып алмайтын еді, қазір бұл қалыпты жағдай. Темір тордың ар жағында отырғандар тотуировканы ұрдырып алатұғын, оны көргенде ат-тонын ала қашатынбыз.

    Өздері ашық-шашық киінуден, сол арқылы жалаңаш тәндерін жарнамалаудан қысылып-қымтырылмайтын аруларымыз күн санап көбеюде. Біз қазір осы баяғы Миклухо Маклай көрген жабайы адамдар сияқты жартылай жалаңаштармен күресудің орнына орамал тартқан қыздарымыздың соңына шам алып түсіп, соларды жабайы жамандауға шықтық. «Давай поженимся» бағдарламасына қазақтың уыздай қыздарын кім көрінгенге тұрмысқа шығаруға бейімдеп насихаттап жатырмыз. Ішіңнен шыққан балаңа «біз осындай едік», деп нандыра алмайсың. Өзіндік қасиеттен айырылған ұлт өледі. Ұлтты өлтірмейтін оның төлтума мәдениеті мен әдебиеті ғана. Сол себепті бұл жолда еткен еңбек пен төккен тердің сыбағасына балап жүріп, өткеннің асылдарын болашақ ұрпақтың жан жүрегін жылытуы үшін қол жалғап жіберу қажет-ақ.

    Бүгінде қазақ боп туса да, қазақ емеспін деген ұрпақ өсіп келе жатыр. Олар жақсы пәтер, жүйрік көлік және жарқ-жұрқ өмір жалғаса беруін мұрат тұтқанын көріп отырып, олардан қан көргендей іргемізді аулақ салмасақ бүкіл ұлттың болашағы бұлыңғыр.

           

            Көп сөз айтқан бұрынғы білімділер

            Пайдалансын, ұқсын деп кейінгілер.

            Сынға салып талғамай талапты жас,

            Соның бәрін қатесіз жөн деп білер.

 

            Олай емес, ойласаң, талай мін бар,

            Бұрын шын, қаталы шын, анық шын бар.

            У берді ме, сусын деп су берді ме,

            Көзің жұм да, жұта бер деген кім бар? 

 

Бір қарағанда, Шәкәрім Құдайбердіұлының қарапайым сөзі, қатардағы өлең. Шындығы тереңде. Ұлттың әлеуметтік тәжірибесіне қатысты. Адамның білімі ұшан-теңіз. Бірақ та, соның барлығы қазаққа қажет пе? Пайдасы бар ма? Білім, тарихи дәлелденген, тәжірибе екен деп өткеннің тәжірибесін көзсіз пайдалана беру өте қауіпті. Өткен ұрпақтар біліміне сын көзбен қарап талдау абзал. Пәлен деген ақылды айтқан екен деп бас ұра берсек, біз мінді, қатені түсінбейтін, көрмейтін кейіпке келеміз. Мінді түзеу, қателікті дұрыстау өткенді қирату емес, оны сараптау, таразылау, заман талабына сай жаңарту. Жақсысы, пайдаға асатыны бүгінгі күнге жұмыс істейді. Ондай білім мен тәжірибені өңдеп, жаңғырту арқылы бүгінгі күн талаптарына сай пайдаланған жөн.

    Қазақ «баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болып өседі, құлша тәрбиелесең, құл болып өседі» деген. Бізде қазір рух жоқ.Пайғамбарымыздың хадистерінде рухтың төрт атауы бар. Олар рух, нұр, ақыл және сөз. Сонда сөз дегеннің өзі рух екен. Яғни біздің қазақ әдебиетінің үлгілерінде, бабалар әлемінде рух жатыр. Баяғыда аналарымыз бесікте жатқан баланы бесік жырын айтып тербеткен сайын бойына рух сіңіре береді екен. Қазіргі аналар бесік жырын айта ма? Қарапайым «әлди, әлди бөпешім» дегенді айтудан қалды көбісі. Оның орнына «баю-баю» дейтін болды. Бірде Алматыдан Астанаға поезда келе жатып, жиырмадан енді асқан қазақ келіншектің баласы жылап қоймаған соң, «қарындас балаңды бесікке бөлесеңші» десем, «что такое бесик» дейді, әрі қарай жеп отырған тамағым өтпей қалды. Қазақтың өмірін бесіксіз елестету мүмкін емес. Көшпелі халықтардың өміріне бесіктің атқарған ролі орасан зор. Бесікті білмеу, барып тұрған арсыздық, рухани ергежейлік.

    Ең сорақысы, Абай Құнанбайұлының кім екенін білмейтін оқушы, орта мектепті алтын медальға бітіріп жатыр, тестің сұрағына дайындалса болды. Біз енді емтихан, сынақ дегенді қойып, тест дейтін болдық. Ұлттық тіл осылай шетел сөзін көбейтуден құриды... Астананың көшесінде қазақтың қызымен қазақ тілінде танысу арманға айналып бара жатыр. Робинзон Крузоға ұқсап, 25 жылдан соң, Жұмабайдың ізін көріп, таңырқағаны секілді, бізде қазақтың қызы қазақша сөйлесе, таңырқайтын күйге жеттік. Абылай мен Кенесарыны білмейтіндер университетте оқып жүр. Бес жыл бойы сабаққа бармай, диплом алып жатқандарды да естіп жүрміз. Физика кітабын 6 сыныптың оқушысы тұрмақ, ұстаздары түсінбейді, 4 сыныптың кітабында «Балалар Майкл Джексон туралы не білесіңдер?» деген сұрақты оқып аң-таң болдым. Оқулықтардың былығы өз алдына бөлек әңгіме.

    Қазіргі күнгі жеткен жеріміз осындай. Ащы да болса, шындық. Жоғарыдағы екі мысалды айту себебім, ұлтымыздың өзіне тән мәдениеті, тілі, рухы болмаған жағдайда біз өзгеге де керек емеспіз ағайын! Адам ретінде өз болмысы болмаған, өзгеге еліктеп, басқалардың жылтырағын өзіне бетперде қылып киіп алуға ұмтылған рухсыз халық, ұждансыз ұлт ешкімге керек емес. Адам өзін адамзат алдында ұлттық болмысы арқылы танытады. Одан өзгенің барлығы адам табиғатынан тыс, мәдениетке жат, саяси этикетке негізделген қоғамды адастыратын жалған нәрселер. Мемлекеттің іргесі берік болып, қоғам тұрақты дамуы үшін оның тұғыры мықты, стратегиялық бағдарламасы тұрғылықты ұлттың менталитеті мен елдің географиялық орналасу ерекшелігіне негізделген және адамзаттың озық ойы мен тәжірибесін тиімді пайдаланатын болуы қажет. Яғни мемлекеттің тұғыры бір тіл, бір дін, бір мораль, бір мәдениеттен құралған идеологиядан тұрады. Ондай мемлекет тұрақты дамып мәңгі жасайтын болады. Өркениетті елдер қатарына ұмтылған, тәуелсіз қазақ елінің міндеті мәңгілік туындылар жасау болса, мемлекеттің мақсат-мұраты осындай мәдениеттің арқасында мәңгі жасау.

 

 

                                                            Жұмамұрат   Шәмші   

                        тарих  ғылымдарының  кандидаты

            

378 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы