• Руханият
  • 17 Қаңтар, 2014

«Атаукере»-нің мағынасын не деп ойлайсыз?

Қазақ көркем шығармаларының ұлттық тілімізді дамытудағы үлес салмағы тілінде.  
Әрбір ұлттың өзіндік болмысын, ерекшеліктерін, табиғатын, жан дүниесін көрсететін бірден бір насихаттаушы құралы – тілі болса, сол тіліміздің әлемдік деңгейде насихатталуының кемшін болуы біздің осы бағыттағы атқарған шаруалармен тығыз байланысты. Мемлекеттік деңгейдегі атқарылған тілдерді дамытудағы үлкен істер есебін БАҚ өкілдері жарыса хабарлап отырғандықтан онымен әрқайсымыз хабардармыз.
Дүние жүзіндегі егемендікке қол жеткізген елдердің қатарында болғанымызға да көп уақыт өте қоймаса да, біздің мемлекетіміздің атын әлемге паш етіп жатқан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының пәрменділігімен, еліміздің экономикасын нығайтуға, тіл мен әдебиетті, тарихты зерделеуге, дін мен діл сабақтастығы, ғылым мен білім, мәдениет және өнер, спорт және туризмнің қарышты дамуы үшін әрбір азаматымызға өз үлесін қосуға үлкен мүмкіндіктер беріліп, жағдайлар жасалуда. Тіліміздің өміршеңдігін жаңадан іске қосылған үлкенді-кішілі жобалармен байланыстырсақ та, қазақ тілді оқырмандардың шығармалармен танысу белсенділігін, соның ішінде жастар мен балалардың белсенділіктерін бұрыңғы уақытпен салыстыру дұрыс та емес шығар. Дегенмен, қазақ тілін дамытуда ерекше үлесі бар әдебиетіміздің насихаты туралы, әрі көз көріп жүрген жағдайлар жөнінде бір-екі ауыз пікір білдіргім келеді. Көзі қарақты, ойы жүйрік, сөз байлығы зор адам еркін түсінетін дүлділ шығармалар бүгінгі жастарға қаншалықты қызық, ұғынықты және пайдалы болып жатқанын білесіз бе? Менің ойымша, жастарымыз түрлі салалардағы барлық тың жаңалықты тез игергенмен, қазақ классик шығармалар қатарындағы еңбектерге тістері бата алмай жүрген сияқты. Адамның сөздік қорын қалыптастыруда тіл мен әдебиеттің үлес салмағының қаншалықты маңыздылығын көреміз. Балалар қалың кітаптарын оқудың қиындығының бір жағы – астарлы ойларды, күрделі сөз тіркестерін түсінбейтіндігін айтса да, екінші жағы, уақыттың тапшылығын тілге тиек етіп, мазмұнын әңгімелеген немесе ықшамдалып  қысқартылған вариантын сұрайды. Жақында ғана шығармаларын сүйіп оқитын жазушыларымыздың бірі – Оралхан Бөкейдің «Атаукере» туындысы жөнінде әңгімелегенде, көп балалар шығарманы оқымағандықтарын, тіпті «Атаукере» сөзінің мағынасын түсінбейтіндерін жеткізді. Кітаптың қысқа мазмұнын айтып, оқуға кеңес бердім. Балаларға да, ересектерге де дәріс оқитын болғандықтан, бұндай мысалдар жасы үлкен азаматтар арасында да кездесіп қалады. Орыс мектептеріндегі қазақ тілі оқулықтарындағы шығармалардың үзінділері қандай ықшамдалып, балаларға түсінікті, ұғынықты беріліп жатыр? Ұлттық мектептеріміздегі қазақ әдебиетін таныстыру қаншалықты деңгейде? Бұл сұрақтар көптеген қазақ тілі және әдебиеті пәні ұстаздарына кәдімгідей салмақ. Осы бір күрделі мәселеге қатысты туындаған жобам туралы айтар болсам, бізге қиындық туғызып отырған мәселе шешімін табар деп есептеймін. Ағылшын тілін үйретуде бірден-бір табысқа жетелеп отырған тәсіл – шығармалардың деңгей-деңгейге бөлініп, оқырманға таныстыру екені көбімізге мәлім. Көп қиындықты қолдан жасай бермей, тілді үйренушілерге ықшамдалған нұсқадағы шығармаларды ұсынсақ, олардың әдебиетіміз туралы ойы қалыптасып, белгілі деңгейде сол туынды туралы мағлұматы болар еді. Кәзіргі уақытта осы бағытта мамандар бірлесіп жұмыс бастады. Заманауи форматта ұсынылатын жоба үлкен демеушілікке зәру. Қазақ кәсіпкерлерін осы бір ұлттық құндылығы өте жоғары жобаға қолдау көрсетуге шақырамын. Қазақ ақын-жазушылары жалпы тәрбиелік маңызы жоғары туындыларды, төл шығармаларын ұсынса, тілге деген құрметті көреміз. Егер алып-қосар ойларыңыз болса, хабарласыңыздар. Айтарға жеңіл болғанмен, жұмысы оңайға соқпайтын шаруаны қаншалықты дөңгелетіп алып кете аламыз? Ол алдағы уақыт еншісінде.
                                              
Бақтыгүл МАХАМБЕТОВА
                                          

622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы