• Руханият
  • 25 Желтоқсан, 2013

Шиелі – биік белестер төрінде

Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,

Шиелі ауданының әкімі.

 Сыр елінің құтты өңірі, шырайлы Шиелә шығысында – қарт Қаратау, оңтүстігінде Дешті Қыпшақтың байырғы астанасы – Сығанақ, солтүстігінде – Қазақ Елінің астанасы болған – Ақмешіт, теріскейінде – қазаққа аты мәлім Телікөл, Бетпақдала, батысында сұлу Сыр өзені, орман-тоғайы, шағылданып жатқан Қызылқұмға етене еніп жатқан фаунасы мен флорасы бай өңір. Шиеліде өспейтін дақылдар, бау-бақша жоқ. Ең алғаш ел ырысы, Сыр күрішінен рекордтық өнім алынған жер де осы.

Аудан бойынша биыл 24177 гектар егістік алқабына ауылшаруашылығы дақылдары егілсе, өнім өндіру 100,6 пайызға орындалды. Мал басы 105 пайызға өскен. Шиелінің көкөніс, бақша дақылдары тек өз аудан тұрғындарын қамтамасыз етіп қана қоймай, Қызылорда, Ақтөбе, Түркістан, Байқоңыр қалаларының сауда сөрелерінде сатылуда. Бірінші шырайлы Шиелінің ғана емес, оның барлық 25 ауылдарының көшелері жаңартылып, жарықтандырылып, көптеген әлеуметтік нысандар салынды. Мысалы, соңғы он жыл көлемінде оннан аса жаңа мектеп салынса, биыл да 2 мектеп пайдаланылуға беріледі, ал балабақша саны 30-дан асып кетті, барлық ауылда балабақша, жаңа ФАП-тар жұмыс істеуде. Тек екі жыл көлемінде 30-ға тарта шағын, ыңғайлы спорт аландары дүниеге келді.

 Киелі Шиелі қойнауы уран, ванадий, алтын, марганец, молибден, әк, тас, құм, тағы да басқа қазба байлықтарына бай өндірістік өлке, мұнан бөлек құбыр, қиыршық тас, ДВП жасайтын, киім тігетін, май шығаратын, күріш өндейтін, нан, макарон, сүт өнімдерін өндейтін бірнеше цехтар жұмыс істейді.

 Бүгінгі күнге дейін өндіріс орындары 14 млрд. 462 млн. теңгенің өнімін өндірсе, шағын кәсіпкерліктің 3414 субъектісі тіркеліп, жыл басынан 6096 адам жұмыспен қамтылды, инвестиция тарту 197 пайызды құраған. Биыл екі мәдениет үйі, 250 адам қабылдайтын емхана бой көтеріп келе жатса, барлық ауылда отызға тарта жаңа имандылық үйлер-мешіттері қасиетті орынға айналған жеті әулие – Оқшы Ата, Асан Ата, Есабыз Ата, Ғайып Ата, Қыш Ата, Иман Ата, Хазірет Ата, Шейіт Ата, Жансейіт баба осы Шиелі топырағында өз ұрпақтарына тілекші болып жатқанын, айтсақ, Жаназар Бәйбекұлы, Баспақ батыр, Мыңбай батыр, Қайменді батыр, Жарқайын батыр, Баубек батыр, ағайынды Ерке, Серке батырлар, Мәмек батыр, Томан батыр, Монтай батыр, Әбсаттар батыр, Жақып батыр, Қайшықты батырлар – осы киелі елде кіндігін кескен ел мақтаны, қаһарлы бабаларымыз.

 Шиеліде елуге тарта ақын-жазушыларымызды, Мұстафа Шоқай, Шахмардан Есенов, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев, Ұлбала Алтайбаева бастаған 41 еңбек ері, 10 генерал, жүздеген ғалым, қоғам қайраткерлерін өсіріп, баулыған киелі мекен. Есімдері елге мәшһүр Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Әлияның Шиеліге қатысы барын біреу білсе, біреу білмейді. Күллі қазаққа тән «Елім-ай» әні де осы өңірден өрбігенін көп ағайын білмесі анық. Осы айтулы тұлғаларды ардақтаған, үлгі тұтқан жер жаннәты Шиелі екендігін айту парызымыз. Киелі мекенге қоғам қайраткерлері, ел басқарған Д.Қонаев пен Н.Назарбаев та табан тірегені мақтаныш емей немене?! Шиелі халқы барымызды бағалап, қымбатымызды қастерлеп, кең байтақ Отанымыздың тағдырындағы өзіндік бет-бейнесі айшықты аудан екендігін айта отырып, баршаңыздың мәртебелеріңіз арта берсін деген ардақты ойымды білдіргім келеді. «Үркер» журналының үміті үкіленіп, оқырманы молая берсін деген тілегімізді ел-жұрттың алдында, Шиелі секілді облыс, республика айнасына айналған барша оқырман қауым алдында ашып көрсетіп, құтты өңірдің шығармашылық биік белестерін одан әрі дамыта түседі деген ойымыз бар.

 Қарт Қаратау ешқашан қалғымайды. Біз «Үркерді» қашан да биіктен көреміз.

                                                                                 

                                                                                  Қызылорда облысы.   

499 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы