- Cұхбаттар
- 27 Желтоқсан, 2023
Ержан Үсентаев, «Ақ-Су Групп» ЖШС-нің директоры: «БИЗНЕСТЕ ТӘУЕКЕЛГЕ БЕЛ БАЙЛАҒАН ЖӨН»
– Ержан Рахымұлы, жақында ғана Шымкент қаласында «7 JOL» қонақ үйін ашқан екенсіздер, құтты болсын! Ал 2019 жылы ашылған мейрамхана кешенінің де атауы «7 JOL». Мұнда қандай сыр жатыр?
– Мұнда ешқандай сыр жоқ. Бұл – анам Жанат Балғымбайқызының таңдауы. «Балам, жол салумен айналысып келе жатқаныңа жиырма жылдан асты. Осының арқасында берекеге қол жеткіздің, еңбегің жанды, табысың өрге басты. Сондықтан «Жеті жол» деп қойғаның дұрыс болады» деді. Ағайын-туыс, дос-бауыр ойласа келе осыған тоқтадық. Оның үстіне қазақтар ғана емес, жер бетін мекендеген халықтардың көпшілігі жеті санында сиқырлы күш бар деп санаған ғой. Оны кие тұтып, қастерлеп, сәттілік әкелетін сан деп есептеген. Оған өзімнің де талай елге сапарлап барған кезімде көзім жетті.
– Сапарға жиі шығасыз ба?
– Мен өзімнің алдыма елу елдің жүз қаласында болуды мақсат етіп қойған едім. Алла қаласа, алдағы он жылда осы мақсатыма да жетіп қалатын шығармын. Ел көрген, жер көрген, жақсы. Сонымен бірге кәсіпкерлердің тіршілігімен танысып, байланыс орнатуға тырысамын. Көп мемлекеттерде жол құрылысы саласы үшін жетілдірілген технология мен техника бар. Соған назар аударамын.
– Сіз жол салу ісімен қай жылдан бастап айналыстыңыз?
– Мен еңбек жолымды кәдімгі қара жұмысшыдан бастадым. Ол уақытта Шымкентте ойқы-шойқы, ойдым-ойдым көшелер көп болатын. Жүргізушілер жолдың осындай күйіне реніш білдіргенін де талай мәрте естідім. Ал олар жол салып жатқан құрылысшыларды көргенде ризашылығын білдіріп жататын. Шіліңгір шілденің ми қайнатар аптап ыстығында борша-борша терлеп, бетіміз қара күйелеш күйде, айғыз-айғыз болып тұрғанда өткен-кеткен адамдардың «Осы жолды бітірсеңдер, жеңіске жеткендерің» деп айтқан бір ауыз жылы сөзі қанаттандыратын еді. Шаршағанды ұмытып, желпіне жұмыс істейтінбіз. Шымкент қаласының Қонаев, Рысқұлов және басқа да көшелерінде қолтаңбамыз қалды.
Екі мыңыншы жылдары сол кездегі облыс орталығы Шымкент қаласында құрылыс қарқынды жүрді. Жанар-жағар май бекеттері, қонақ үйлер мен бизнес нысандарына апаратын жолдар салынды. Соның бәріне қатыстық.
Алғашқы еңбек жолым «Шымкентгазмонтаж» мекемесінде басталды. Одан кейін 2002 жылы Шымкент қалалық жол құрылысы мекемесінде прораб, аға прораб болып еңбек еттім. Тәжірибе толыса бастады. Арасында білім алуды да ұмытқан жоқпын. Мардан Сапарбаев атындағы университетті заңгер мамандығы бойынша бітірдім. Өйткені жол құрылысы саласында да заңды жете білу керектігін түсіндім.
Киелі Түркістан қаласында да құрылыс жұмысына қатысқанымды ерекше мақтаныш етемін. Осында спорт кешенінің құрылысын жүргіздік. Бұл кешенге кейін Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың есімі берілді.
Жалпы, түркі әлемінің төрі саналатын Түркістанда еңбек жолымды жалғастырғанымды әрдайым мақтанышпен айтып жүремін. Өйткені Түркістан күллі түркі халықтарына ортақ, әлемге әйгілі қасиетті де киелі мекен емес пе? Түркістан «Ұлы жібек жолының» бойындағы ең үлкен қала, тіпті күллі түркі жұртының тарихи астанасы деп мақтанышпен айтамыз. Осы қала облыс орталығына айналғалы тіпті түрлене түсті. Жаңа құрылыс нысандары бой көтерді. Алыс-жақыннан туристер ағылып келіп жатыр. Түркістан күннен-күнге қанатын кеңге жайып, сәулетті қалаға айналды.
– Ал өзіңіздің жеке кәсібіңізді қай жылы бастадыңыз?
– 2008 жылы бастадым. Елмұрат Байдәулетов деген жігіт екеуміз «Достыққұрылысмонтаж» серіктестігін аштық.
– Сөзіңіз аузыңызда, неге «Достық», «Құрылысмонтаж» деп алсаңыздар жеткілікті емес пе?
– Бұл – ата-ананың тәрбиесі, мектептің тәрбиесі. Бала күнімізден достыққа адал болуға тырыстық. Достық арқылы адамдар бір-біріне қалтқысыз сеніп, бір мүдде мен ортақ көзқараста болады. Бұл өзара жоғары жауапкершілік пен шынайы қамқорлықтың белгісі. Осындай қасиеттер ұжымдық жұмыста өте керек. Оның үстіне жұмыс барысында түрлі сәтсіздіктер мен қиындықтар кездеспей тұрмайды. Сондай кезде ұжым мүшелері еңсесі түсіп, мойымауы керек. Нағыз достық басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі.
Мен сізге айтайын, ұжымдағы адамдардың мінез-құлқы бірдей бола бермейді ғой. Олардың біреуінде қызбалық басым болса, екіншісі керісінше салқынқанды болады. Енді бірі тұйық немесе шабан. Арасында жігерсіздер де кездеседі. Бірақ мұның бәрі достыққа кедергі емес. Қайта нағыз достық қарым-қатынас қалыптасқан ортада осындай кемшіліктерден арылуға болады. Сатқындық пен өтірік айтатын жерде достық деген болмайды. Қазақ «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады», «Досы жақсының өзі де жақсы» демей ме? Сондықтан мен «Достық» сөзіне айрықша мән беремін. Тіпті бір серіктестіктен бірнеше ұжым бөлініп шыққанда да «Достық» сөзінен ажыраған жоқпыз. «Достықспецтранс», «Достықагро» серіктестіктерінің құрылуы осы сөзіме айқын дәлел. Оның басшылығына өз ортамызда ысылып, тәжірибе жинаған жігіттер тағайындалды. Олар сол сенімді ақтай білді. Жауапкершілік жүгін жете сезініп, жұмысты табысты жалғастырып отыр.
Ал «Достыққұрылысмонтаж» серіктестігі жылдан-жылға құрылыс аясын кеңейте берді. 1913 жылы «Бозарық абызы» асфальт-бетон заводы салынды. Жол құрылысына қажетті техникалар алынды. Тек Шымкентпен шектеліп қалмай, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды және басқа да облыстар мен қалаларда жол құрылысына қатыстық.
– Жасыратыны жоқ, жол құрылысына байланысты сын айтатындар аз емес. «Жол дұрыс салынбаған», «Асфальтты үнемдеп, ақшаны жеп қойған» дегендей пікір айтып жататындар бар.
– Жолдың сапасына, оның талапқа сай салынуына байланысты тиісті тексеру жүргізетін орындар бар. Біз – орындаушымыз. Бізге дейін жолды жобалайтын, жоспарлайтын мекемелер бар. Айтайын дегенім, жол салу жұмысына бір емес, бірнеше мекеме қатысады. Сондықтан қателік жіберуге болмайды. Қанша қиыршық тас кетеді, асфальттың мөлшері мен қалыңдығы қанша болуы керек, бәрінің есебі бар. Түсінікті тілмен айтқанда, жолға төселген асфальт тиісті мөлшерден кем немесе сапасыз болса екі-үш күн өтпей жатып-ақ олқы екені білініп қалады. Осындай кемшілікке жол берген компанияның келесі жолы тапсырыс алатынына күмәнім бар. Ал біздің жол-құрылыс саласында ойдағыдай жұмыс істеп келе жатқанымызға жиырма жылдан асты, егер де жұмысымызға байланысты қандай да бір кінәрат байқалған болса, әлдеқашан-ақ шеттеткен болар еді.
Тағы бір айтарым, Қазақстанда мұнай қоры жеткілікті бола тұра, битум жеткіліксіз. Мұны Мемлекет басшысы да айтты. Соған байланысты жол салу ісінде кідіріс болып қалады, оны жасырмаймыз. Мәселен, біз битумды сонау Ақтаудан аламыз. Арақашықтық алыс. Кейде бізге қатысты емес жағдайларға байланысты тапсырыс дер кезінде орындалмай жатады. Амал қанша, битум ала қоятындай басқадай зауыт жоқ болғандықтан, күтуге тура келеді. Осындай жағдайлардың бәрі уақыт өте келе түзелетін шығар деген үміттеміз. Өйткені қазір елде экономикалық жаңару мен өзгеріс бар. Оның бәрі жақсы нәтижесін береді деген ойдамыз.
– Сізді құрылыс жұмысынан басқа қандай мәселелер алаңдатады?
– Мен жұмыс барысымен ауыл-ауылды аралап көп жүрдім. Сиқы қашқан елдімекендерді көргенде көңілім қатты құлазыды. Әрең-әрең жүрген қарт кісілердің ентігін баса алмай, белі бүгіліп су тасып жүргенін көру қандай ауыр. Жалпы ауылдың әлеуметтік ахуалы өте қиын екенін айтудай-ақ айтып келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған соңғы Жолдауларында осы мәселеге ерекше тоқталған болатын. Тіпті Президенттің қайта сайланғаннан кейінгі ең бірінші Жарлығы да ауылды дамыту туралы болды ғой. «Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қоямын» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықтау рәсімінде.
Президент сол жолы осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың бес жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсыратынын айтты.
Ұлықтау рәсіміне мен де қатыстым. Осындай жігерлі сөздерді естігеннен кейін тоз-тозы шыққан ауылдардың жағдайы жақсаратынына сенгің келеді.
Қазақстан жер көлемі жағынан әлем бойынша тоғызыншы орында. Бірақ сол кең байтақ жерді кейбір пысықайлар «қомағайлана» иеленіп алған. Халыққа мал жаятын жер жоқ. Ауылда негізгі күнкөріс көзі төрт түлік екенін жұрт жақсы біледі. Ал соған қажетті жемшөп пен жайылым болмаған соң ауылдағы ағайынның мал басын көбейтуге қолы қысқа. Бір сөзбен айтқанда, халық жердің игілігін көре алмай отыр. Бұл туралы Президент бірнеше рет айтты. Игерілмей жатқан жер мемлекеттің иелігіне қайтарылып, тіршілік жасаймын деген адамдарға берілуі керек. Қазір бұл бағытта жұмыс қарқынды жүріп жатыр.
Негізі бос жатқан жерге жау көз тіккіш келеді. Осыны да ұмытпаған жөн.
Адамдар ауылдан көшкенімен, ауыл ешқайда көшпейді. Сондықтан ел бесігі болған ауылдарды сақтап қалудың қам-қарекетін жасаған жөн. Егер ауылдардың әлеуметтік мәселелері ойдағыдай шешіліп, қарастырылған қаражатты жемқорлар жарты жолдан жымқырып алып кетпей, ауылдарға жеткілікті бөлінетін болса, тіршілікке қолайлы жағдай жасалса, үлкен де, кіші де ауылға баратынына күмәнім жоқ. Олар ауылда күнкөріс қиын болғандықтан қалаға қарай көшіп жатыр.
– Ержан Рақымұлы, «7 JOL» мейрамханасы мен қонақ үй кешенінің алдындағы жол бойында аналарды ардақтауға, елді, туған жерді құрметтеуге, адамдар арасындағы сыйластыққа сызат түсірмеуге үндейтін қанатты, өсиетті сөздер жазылған көрнекі тақтайлар көзге бірден түседі екен. Бұл да сіздің бастамаңыз ба?
– Иә, бастап беріп едім, жігіттер жалғастырды. Барлығы бір стильде, бір көлемде дайындалды. Жол бойымен ары-бері өткен жолаушылар бір көз тоқтатып өтсе, ой салатындай ұлағатты сөздер ғой бәрі. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, аналарымызға анда-санда хабарласуға мұршамыз болмай, мұрнымыздан шаншылып жүретініміз жасырын емес. Олар үшін бала есейіп кетсе де бала, алаңдап отырады. Балаларының аман болғанын қалайды, дауысын естігісі келеді, сағынады. Сондықтан күнделікті қауырт тіршіліктің арасында бір минут уақыт тауып, аналарымыздың хал-жағдайын біліп, амандық-саулық сұрассақ марқайып қалмай ма?
Жаңа ауылдардағы жан жабырқататын жағдайлар жайлы әңгіме қозғадық. Осы қалада жүрген жандардың басым бөлігі ауылдың жігіттері. Ал солардың көбі кіндік қаны тамып, өсіп-өнген ауылына жылдар бойы ат ізін салмайды, хабар-ошар алмайды. Оларға да «Барып қайт, балам, ауылға!» деп ой тастап жатсақ, ешқандай сөкеттігі жоқ шығар. Негізі ниет түзу.
– Сізге жұмыс барысында ешқандай қиындық кездескен жоқ па?
– Кездесті. Бірақ ақыл пен еңбектің арқасында бәрін жеңе білдік. Ұлы Абай атамыз былай дейді ғой:
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
– Әңгімеңіздің ауанына қарағанда, Ұлы Абайды жиі оқисыз-ау, шамасы?
– Иә, уақыт болғанда, өлеңдері мен қара сөздерін қайталап оқуға тырысамын.
– Ал бизнеске қатысты кітаптарды оқисыз ба?
– Әлбетте, онсыз болмайды ғой. Заман ағысынан, уақыттан қалыс қалуға болмайды. Бизнес те тұнып тұрған тұңғиық әлем, беймәлім қыр-сыры көп. Оған қанығу үшін оқу керек.
Әңгімелескен Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ
Шымкент қаласы
4145 рет
көрсетілді0
пікір