• Cұхбаттар
  • 21 Ақпан, 2022

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: БІЗГЕ КЕРЕГІ – ТЕК ҚАНА АҚИҚАТ

Көп жылдардан бері тікелей эфирлерде сұхбат беріп, билік пен халық арасында көпір болып, толымды ойларымен көзге түсіп, жұртқа ой салған депутаттың бірі – Нұртөре Жүсіп. Біз де Сенат  депутатына  көкейде  жүрген  бірқатар  сауалдарымызды қойып көрдік.

– Нұртөре Байтелесұлы, елімізде бұндай жағдай қалай орын алды?

– Еліміздің тарихында біз алғаш рет осындай аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Бұл – Тәуелсіздікке төнген қатер еді. Сын сағатта Мемлекет басшысы шұғыл әрекет етіп, террорлық шабуылға тойтарыс берді.  Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қ.Тоқаев мұны «Ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатігез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық», – деп бағалады.

«Қаңтар дүрбелеңі», «Қаңтар қасіреті», «Алматы трагедиясы» деген атпен тарихымыздың бетіне қаралы әріптермен енген оқиғаның  себеп-салдарын саралап, осыны ұйымдастырушыларды жазалап, бүкіл зардаптарды жойып, өткеннен сабақ алу  – алдымызда тұрған өте маңызды міндет.

– Елдегі тыныштыққа жауапты ҰҚК, ІІМ, Прокуратураның бір-бірімен байланысы әлсіз бе? Етене жақын органдардың бір-бірін қолдауынсыз елге осыншама содыр әкеліп, жаттықтырып, қарумен қамтамасыз ету мүмкін бе?

– Бұл сауалға жауапты құзырлы органдар беретін болады.  Қазір ҰҚК-ның бұрынғы басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалып, мемлекетке опасыздық жасады деген ауыр айып тағылды. Ақиқат ашылады. Халық шындықты білетін уақыт алда.

– Әлеуметтік желіде алуан түрлі пікір айтылып жатыр. Ақиқаты қайсы, өтірігі қайсы? Осыны жұрт қалай ажыратады?

– Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі ақпарат шығып жатыр. Бір-біріне қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар да тарап кеткенін көріп отырмыз. Мемлекеттік ақпарат саясатына ашықтық керек. Әсіресе, әлеуметтік желіде кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып, көрінеу жаңсақ ақпарат таратады. Кейбіреулер  әдейі ақпаратты бұрмалап, елді арандату мақсатында жағдайды одан бетер ушықтырады. Бізге керегі – тек қана ақиқат. Сол себепті, оқиғаларды мұқият зерттеу, сарапқа салу, одан сабақ алу қажет.

– Осыған дейін елімізде бір емес, бірнеше рет әскери қару-жарақ қоймасы жарылғаны белгілі. Оған кешегі лаңкестердің қатысы болуы мүмкін бе, қалай ойлайсыз?

– Оқиғалар тізбегі бір-біріне қатысты болуы да мүмкін. Болмауы да мүмкін. Мұны тергеп, тексеру кезінде құқық қорғау органдары анықтайтын болады.

– Бұған дейін Мемлекет басшысы халыққа жолдаған Үндеуінде лаңкестік агрессияға тойтарыс беру және жағдайды тұрақтандыру жөніндегі барлық шара туралы хабардар еткен еді. Президент билікті толық өз қолына алды.  Азаматтар, қоғам және элита үшін ертеңгі күннің бағыт-бағдарын белгілеп берді. Алдан не күтеміз?

– Президент баршамызды үлкен жасампаз процеске – жаңа Қазақстанды құруға үндеді. Бұл не деген сөз? Қоғам алға жылжуы үшін барлық салауатты қоғамдық-саяси күштерді  бір мақсатқа біріктіру керек.  «Жаңа Қазақстан» деген нені білдіреді? Бұл кейбір сарапшылар ұсынғандай, мемлекеттік аппаратты жаңарту ғана емес. Бұл, ең алдымен, қоғамдық құндылықтарды қайта жаңғырту. Радикализмнен, экстремал көзқарастар мен әрекеттерден бас тарту, шығармашылық мотивті нығайту. Қоғамда орын алған барлық былық-шылықтан тазару. Кемшіліктерді жедел түзеу. Бұл кезең-кезеңімен және жүйелі реформаларды жалғастыруды білдіреді.

– Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!

15313 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы