• Мәдениет
  • 24 Қыркүйек, 2021

Жер жаннаты Жетісудың ғажайыбы

Табиғат ана қазақ жеріне келгенде жомарттық танытыпты: ұлан-ғайыр жерімізде аппақ қар жамылған биік шыңдар мен жасыл жайлау да, шет-шегі жоқ аңызақ құмды өлке де, жайқалған жазық дала да, сыңсыған қалың орман да, жағасы көкмайса әсем көлдер мен өзендер де бар. Бұл байлық қазір экотуризм деп аталатын туристік саяхаттың ерекше түріне сұранып-ақ тұр. Экотуризм   танымдық, сауықтырушылық сипатымен бірге экологиялық білім беру және ағарту  мақсатын көздейтіндіктен, қоршаған ортаны қорғауды да қамтиды. Саяхаттың мұндай түрінде  ұлттық саябақтар, қорықтар, ерекше қорғалатын мекендерге қызығушылық өте жоғары. Әзірге адам аяғы жетпеген немесе күнделікті қолданыстан аман қалған табиғи қорықтарда ғана тұмса табиғат таза сақталған және мұндай аймақтар экологиялық туризмді қалайтындар үшін таптырмас жер. Осындай ерекше мекеннің бірі – жер жаннаты Жетісудың маржаны – Жоңғар Алатауы ұлттық паркі.

Мемлекеттік ұлттық саябақтар табиғат байлығын қорғаудың бір түріне жатады. Ерекше қорғалатын бұл аумақтарда табиғатты қалпына келтіру, экологиялық білім мен тәрбие беру мәселесіне  ерекше  көңіл  бөлінеді.  Кейбір  учаскелерде арнайы рұқсат бойынша белгілі бір мөлшерде аң аулауға да жағдай жасалған. Бүгінде ерекше қорғалатын аумақтарда 160 маршрут туристерге қызмет көрсетеді.

Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі 2010 жылы құрылған. Жетісу Алатауы жотасының солтүстік беткейінде батыстан шығысқа қарай 300 шақырымға созылып жатыр. Парк аумағы – 356 022 гектар. Мұнда ең биік шың – теңіз деңгейінен 4622 метр биіктіктегі Семенов-Тянь-Шань шыңы. Ұлттық парктің негізгі мақсаты – табиғи таулы ландшафты сақтау және қалпына келтіру. Парктің флорасы мен фаунасы өте бай. Мұнда сүтқоректілердің 52 түрі, құстардың  238 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 8 түрі, қосмекенділердің 2 түрі кездеседі. Жоңғар Алатауы аумағында орналасқан археологиялық ескерткіштер ерте темір дәуіріне жатады. Қыста қар қалың жауа-ды, тау шыңдарын қысы-жазы мұз басып жатыр. Жер жаннаты Жетісудің бір байлығы – осы мұздықтардан бастау алатын өзендер. Көксу, Ырғайты, Лепсі, Қаратал, Сарқан, Ақсу өзендері Балқаш көліне құяды. Атақты Жоңғар қақпасы асуы осында. Жоңғар қақпасы арқылы Ебі желі соғады.

Жоңғар Алатауының қайталанбас ерекше-лігі – мұнда екі бірдей өсімдіктер әлемі – сібірлік және далалық аймақ флорасы түйіскен. Шыршалы орман мен субальпі шалғыны көздің жауын алады. Марал, аю, еліктер мекендейді. Жабайы жеміс-жидектерге өте бай. Әлемге Қазақстанды алманың отаны деп танытқан жабайы алма ағаштары тау бөктерінде ну тоғай болып өсіп тұр. Ғылымда Сиверс алмасы деп аталатын бұл жемісті Жоңғар Алатауының бренді деуге болады. Өйткені Жер шарындағы Сиверс алмасы популяциясының 45 пайызы осы паркте. Ұлттық парктің Сарқан бөлімшесінің бүкіл аумағы 133 846 гектар болса, оның 1600 гектарын Сиверс алмасы және басқа жабайы жеміс ағаштары алып жатыр. Осы бөлімшенің директоры Қуаныш Ақылбаев: «Біздің парктің негізгі міндеті – Сиверс алмасын сақтау және жаңғырту. Қазіргі уақытта жабайы алма өсетін аумақты ұлғайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл сайын паркте 30 гектарға алма көшеттерін отырғызамыз. Бүгінгі күнге дейін 214 гектар жерге алма ағашы отырғызылды» дейді.

Тауды өрлеп биіктей өскен сайын алманың дәмі, қасиеттері, сыртқы жағдайларға төзімділігі арта түседі екен. Қазіргі алманың түрлі сұрыптарының барлығы осы жабайы алманы будандастыру негізінде алынады. Сондықтан да шет елдердің Қазақстандағы жабайы алмаға қызығушылығы өте жоғары. Жоңғар Алатауының Сиверс алмасының атамекені екендігінің өзі бұл маңға туристердің ағылуына себеп. Бұл жөнінде Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық паркінің бас директоры Марат Нұрғазыұлы Қабиев былай дейді: «Қазіргі уақытта Ұлттық парк қызметінің бір бағыты – экотуризмді дамыту. Соған орай 11 маршрут ашылып отыр. Орталықтан шалғайда, үлкен шаһарлардан қашықта орналасқандықтан біздің парктің табиғаты таза, тұмса қалпында сақталған. Өсімдіктер мен жануарлар дүниесі де өзгеше». Сондықтан да Жоңғар Алатауы  туристерге өте тартымды болып отыр.

Дегенмен, адам аяғы басқан жерде табиғатқа нұқсан келетіні де белгілі. Бұл тұрғыда қоршаған ортаға зиян тигізбеу басты назарда болуға тиіс. Мәселен, АҚШ пен Қытайда мұндай орындарға туристер ағыны қатаң шектеледі екен.  Әлбетте, туристерге қызмет көрсету, жағдай жасау кезінде табиғатты сақтау бірінші орында тұруы заңды. Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде де экотуризмді дамыту осы өңірдің қайталанбас құндылығына мысқалдай зиянын тигізбей жүргізілуі керек. 

 

18595 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы