• Бас мақала
  • 30 Мамыр, 2020

ЭТЮДТЕР

Тау тұлға

Біздің қаланың қай нүктесінен қарасаңыз да, мәңгілік қар жамылған ақбас Алатаудың мұзарт шыңдарын көресіз. Ұшар биігі алып найзаның ұшындай сүйірленіп, көк аспанға шаншылып қалған үшкір шыңдардың үстінде жалғыз-ақ адам қалқайып тұратын орын қалатын секілді... Біз, әрине, Алатаусыз Алматыны, Алматысыз Алатауды елестете алмаймыз. Содан да болар, Алматыда өмір сүріп, Алатаудың бөктерінен о дүниеге аттанған жандардың тағдыры да осынау қала мен таудың тағдырымен тамырлас сияқты көрінеді. Жүз жылда, бәлкім, мың жылда бір-ақ рет дүниеге келетін ұлы суреткер, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның тұлғасы да міне, осы Алатау секілді биіктеп-биіктеп барды да, Алла Тағаланың өлшеп берген ғұмыры үзілер тұста егеулі найзаның ұшындай жіңішкеріп, ел тіршілігінен алыстап, жападан-жалғыз ой кешіп отыратын жұдырықтай ғана ақсақалға айналды. Ұлт мүддесі үшін арпалысқан шақта арыстандай айбат шегіп, жолбарыстай қайрат көрсеткен кешегі жылдармен үнсіз қоштасып, әне, ана-а-ау «Самал» мөлтек ауданындағы пәтерінің терезесінен тауға қарап, ойға шоматын болды. Шер-ағаң жайғасқан диванға қарама-қарсы беттегі қызғыш-қоңыр шкафтың үстінде кіп-кішкентай, дөп-дөңгелек сағат тұрушы еді. Ол кісі әлсін-әлсін оған да қарап қоятын-ды. Себебі кіп-кішкентай сағат айдай әлемнің тамыршысындай сыртылдап, кезегімен таң атып, күн батып, өмір өтіп жатқанын үнемі еске салып тұрады. Ақ тұманға оранған тау секілді, күндердің бір күнінде Шер-ағаң ғайып болды... Тап сол сәтте қызғыш-қоңыр шкафтың үстіндегі кіп-кішкентай сағат та тоқтады. Оның тілі әлі күнге дейін кешкі 18 сағат 28 минутты көрсетеді. Бұл да бір тылсым дүние... Қазақ елі қазір Шер-ағаңның даусын сағынады. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің залында Шер-ағаңдай ұлт мүддесін қайыспай қорғаған жан сирек. Қазақ елі қазір алмас қылыштай жарқылдаған ақиқатты, шындықты күтеді. Өкінішке қарай, Шер-ағаңның қаламы жазуды тоқтатқалы қашан... Өзі айтқандай, бұл да: «Бір кем дүние...» Бәлкім, мың кем дүние!..

Қозығұйрықтың күлкісі

Түні бойы себелеп жаңбыр жауды. Жып-жылы, мөп-мөлдір тамшылар көктем лебін қалаға да жеткізді-ау, әйтеуір. «Шіркін, далада қазір қозығұйрықтың мезгілі басталған шығар!» деген ой келді маған. Көңіл түкпіріндегі бір сағыныш оянып кетіп, ұйқым шайдай ашылды. Көк-жасыл адырдағы аппақ-аппақ қозығұйрықтар елестеді көз алдыма. Үстімдегі көрпемді серпіп тастап, сыртқа беттедім. «Тү-уһ, не деген тазалық мынау!» Қаланың ауасы мұндай керім болғанда, даланың ауасы, шіркін, дертке дауа, жанға шипа болмаушы ма еді! Кенет ту сыртымнан: «Неге оянып кеттің?» деген ақсақалдың даусы естілді. «Мынау жаңбыр... – дедім ақырын ғана үн қатып. – Жып-жылы боп жауғанын қараңызшы.» «Иә-ә, – деді ақсақал менің қасыма келіп, тізе бүгіп, қатарласа отырып жатып. – Бұл – диқанның ырысы ғой!» «Қозығұйрық қаптап шығып жатқан болар». «Әрине». «Шіркін, теріп қайтар ма едік...» «Несі бар, – деді ақсақал мырс етіп. – Барайық. Терейік. Оят, ана балаларды!» «Ой, – дедім мен басымды шайқап. – Ояна қоймас олар...» «Неге? Керек болса, тепкілеп оят. Осы сендер қызықсыңдар-ай... Алдын-ала өздерің кесіп-пішіп, уайымдап, долбарлап... бәрін кейінге қалдыра беруге құмарсыңдар!» Ақсақалдың сөзі қамшы болды ма, білмеймін, әп деп, орнымнан атып тұрдым. Осыдан соң-ақ үй ішінде ешкім де дұрыстап түсіне қоймаған бір қарбалас басталды. «Тұрыңдар! Киініңдер!» – деп балаларды жұлқылап жүрмін. Олар болса, «ы-ыы» деп ыңырсып, ары қарай аунап түседі. Сонда да тоқтамаймын. «Не-е!», «А-а?!» – дейді олар түкке түсінбей. «Қозығұйрық теруге барамыз!» – деймін. Қысқасы, біз жиналып, қаладан шыққанда жаңбыр да басылып, шығыс жақтан жарқырап Шолпан жұлдыз туып келе жатқан-ды. Шынымды айтсам, біраз жылдан бері еліміздегі тынымсыз жүргізіліп жатқан «Жол картасы» бағдарламасының рақатын алғаш рет осы жолы көрдім. Адырдағы асфальт теп-тегіс. Бір бұдыры жоқ. Жаңбыр суымен жуылып, айнадай боп жалтырап жатыр. Қозығұйрық өседі-ау деген құмдауыт қызыл жоталарға, ары кетсе – бір-бір жарым сағатта жетіп келдік. Түн қараңғылығы әлі сетіней қоймаған шақ. Жалпақ даланың көкжиегі сәл ғана түріліп, төңірек енді-енді ғана бозамық тарта бастаған. Ақсақал екеуміз сыртқа шығып, таза ауа жұтып, керіліп-созылып алдық та, машинада бір-біріне сүйеніп, қисайып, бүктетіліп ұйықтап жатқан балаларға бір-бір кесе шай беріп, ұйқысын ашып алайық деп ұйғардық. «Дұрыс, – деді ақсақал қолын ысқылап. – Ең алдымен, еңбекшілердің жағдайын жасау керек. Қазір қозығұйрықты пытырлатып теретін де осылар ғой!» Сонсоң мен көк шөптің үстіне шағын ғана ақ дастарқан жайдым. Сөйттім де, үйден ала шыққан азын-аулақ азығымызды қойдым. Термостан құйылған ыстық шайды ішіп, күтірлетіп кәмпит-күлше жеп отырған балалар бір-біріне қарап жымыңдай бастады. Осы сәтте бізге таяу маңнан, көзге көрінер-көрінбес бозғылт кеңістіктің арасынан қолында ала сөмкесі бар бір бейтаныс апа елес сияқты бұлдырап шыға келді де: «Амансыңдар ма, – деді басын иіп. – Рұқсат болса, бір кесе шәй ішсем...» «Иә, келіңіз,» дедік біз. Ыстық шайдан бір-екі ұрттап, тамағын жібітіп алған ол: «Иә, айдалада неғып отырған жансыңдар?» деп сұрады. «Қозығұйрық теруге келіп ек, – дедік. – Таңғы шайымызды ішіп, енді кіріссек пе деп...» Ол кісі сөзімді аяқтатпай, «пыф-ф» деп, ішіп отырған шайына шашалып қала жаздады. Со сол-ақ екен, күлкінің тиегі ағытылды да кетті. Біз де күліп жатырмыз. Ол да күліп жатыр. Тек ара-арасында: «Ой, ішім-ай, – деп қояды көзінен жас ағып. – Шай ішіп, асықпай тереміз деуін қарашы-ай бұлардың! Үйбай-ау, қазіргі заманда әрбір қозығұйрықтың түбінде бір-бір адам ұйықтап жататынын білмеуші ме еңдер. Базарда бұның кіләсі – 2 500 теңге. Ойбай, ішім-ай... күлкіден өлтірдіңдер ғой әбден!..»

Тауға ғашық қала

Ақ тұманға оранып, Алатау көзден таса болды. Тап сол сәтте тау бөктеріндегі қала да қабағын түйіп, қалың ойға шомды. Көше-көшедегі көліктердің жүрісі теже-ліп, қоңызға айналып кеткендей. Иін тірескен кептелістердегі қыбыр-жыбыр қозғалыста мән де, мағына да жоқ. Сулы-сілең тротуарлардағы қолшатыр көтерген жұрт сары ала жапырақтары әлдеқашан саудырап төгіліп, арса-арса бұтақтары сидиып-сидиып қалған аянышты ағаштармен баяғыдан тағдырлас, мұңдас, сырлас секілді. Бұл қала ешқашан күн көзін көрмеген, ал тұрғындары ешқашан көңілі жадырап күлмеген бе дерсің... Себебі қолшатыр астындағы жүргіншілердің жүзі сұсты, қабағы қату. Кенет күн батыс жақтан салқын самал соқты. Көк жүзін тұтас торлап алған қорғасын түсті бұлттар баяу қозғалып, шығысқа қарай жылжыды. Аздан соң күннің көзі ашылып, жер бетіне жып-жылы шуақ шашты. Алатауды бүркеген ақ тұман сейілді. Тау шыңдары моншадан жаңа ғана шыққандай тазарып, шымқай көк түске малынып, мөлдіреп қалды. Сол сәтте қала да нұрланып, жүзіне күлкі үйіріліп, ерекше бір қуанышқа бөленді. Бұрын қалай байқамағанбыз, Тәңір-ау, біздің қала тауға ғашық екен ғой!

Ақсақал және ақ теңіз

Әкем екеуміз жазғытұрым Анталияға демалуға келдік. Ол кісі таңертеңгілік қонақүйдің балконынан теңізге, кемелерге, көшедегі апельсин, лимон ағаштарына, құмырсқаның илеуіндей құжынап жатқан жағажайға қызықтай қарап тұрып басын шайқады. Сол сәтте тілімнің ұшына бір әзілдің орала кеткені. – Иә, қалай, қарт коммунист? Капитализм-нің жетістіктеріне таңдай қағып тұрсыз ба? – дедім күліп. Әкем жымиды. Оның да көңілінде бір әзілдің тұтанғанын сездім. Бірақ, үн қатпады. Сабыр сақтады. Бәлкім, кейінге қалдырды. Тек, түс кезінде ғана ептеп көңілі жадырап, серпіліп: – Сендер бізді кінәламаңдар, – деді маған. – Жүйе – жүйесімен, кие – киесімен. Бірақ... сендер ол кезде де нан жеп, айран-сүт ішкендеріңді ұмытпаңдар. Біз сияқты қара шаруа қай кезде де егінін егіп, малын баққан. Содан басқа жазығымыз жоқ... Бұл, әрине, даусыз шындық еді.

***

Екі күннен соң әкемнің іші пысып, зеріге бастады. Себебі, мұнда екеумізден басқа қазақша сөйлейтін тірі жан жоқ. Қонақ үйдегі демалушылардың тоқсан тоғыз пайызы еуропалықтар. «Тең теңімен, тезек қабымен» дегендей, ол кісіге емін-еркін отырып, емен-жарқын әңгімелесетін өзі қатарлы бір ақсақал керек-ақ. Кешкілік жағажайда бір неміс шалмен «тілдесіп» көрмек болып еді, онысынан түк шықпады. Себебі әлгі шетелдік құрдасы «Ымды түсінбеген – дымды түсінбейдінің» керін келтіріп, әкеміздің қолына, қимылына қарап ыржалақтап күле берді. Сонсоң теңіз жағасындағы сәкіге келіп жайғасып, ақ бас толқындары тербетіліп, аунақшып жатқан көгілдір айдынның көкжиекпен астасып жатқан бір қиырына қарап, ұзақ ойға шомып қалды. Жағажайдағы алтын құмды табаныммен сызып, ары-бері жүріп келдім де, оның жанына қайта оралып: – Не ойлапотырсыз? – деп сұрадым. – Е-е, шырағым-ай, – деді әкем ақырын ғана күрсініп. – Теңіз де біздің даламыз сияқты кең екен ғой!..

Кернейдегі мұң

Арбатқа келсеңіз, әр түрлі әуен тыңдайсыз. Алайда, бүгінгі естілген үрмелі аспаптың үні басқа музыкалық аспаптардан әлдеқайда басым түсіп жатты. Оны ойнап отырған қарт музыканттың дудыраған аппақ сақал-шашы құдды бір таудан құлаған қар көшкінінің суретін әкеледі көз алдыңа. Ал қарттың қасында сол «көшкіннен» түк те қаймықпай, басына ақ бөкебай шәлі тартқан шүйкедей ғана кемпірі отыр. Оның үстіндегі сұр пальтосы кезінде жұрт қызығатындай-ақ сәнді киім болғанға ұсайды. Бірақ қазір өңі түсіп, жаға-жеңінің ұшы қырқылып, ескіріп қалған. Екеуінің алдында аузы ашық ескі қобдиша жатыр. Оған анда-санда сылдыр етіп тиын-тебен түседі. Бұл тыңдаушылардың оларға деген ризашылығы ма, аяушылығы ма, түсіну қиын... Ерлі-зайыпты қарттардың бүгін Арбатқа амалсыздан шыққаны, иә болмаса, екеуі бірдей үйде құр қарап отырғанша, көшеден аз да болса табыс табуға бел буғаны – ол да бізге беймәлім. Сақал-шашы аппақ музыкант әуелде батыстық классикадан үзіп-үзіп біраз әуен орындады. Тыңдаушыларға Алматының Арбаты бір сәтке Венаны елестетіп, одан соң Парижді, Мәскеуді еміс-еміс еске салғандай болды. Ашық жатқан қобдишаға әредік-әредік сыңғырлап ұсақ теңгелер түсіп жатты. Кенет қарт баршамызға таныс, жанымызға жақын, көңілімізге ыстық «Қазақ вальсін» құйқылжыта жөнелді. Май туса, гүлдер шешек атса жазда... Тыңдаған жұрттың қабағы жазылып, жүзі жадырап, желтоқсан айында аяқ астынан күн жылынып, айналадағы ағаштар жапырақ жая бастағандай таң-тамаша күйге бөленді. Арбаттың бойымен аяңдап, қыдырыстап жүрген көп аяқтар кідіріп, әуен төгілген жаққа қарай бұрылды. Ескі қобдишаға енді сыңғырлаған ұсақ теңгелермен қосыла шытырлаған жаңа банкноттар да түсе бастады. Саксафонның кернейінен ұшып шыққан қазақ музыкасының классикасы көк аспанға самғап бара жатқандай бір қызық көрініс пайда болды.

Картина

Көңілінде бір мұң бар еді... Кенет көз ұшынан бұлдырап көрінген көгілдір таулар күлімсіреп, шатқал-шатқалдағы қарағайлар мен шыршалар қол бұлғап, ал одан беріректегі күркіреген асау өзеннің арнасынан қоңырсалқын, жанға жайлы леп есіп, ішкі сарайы тазарып, жеңілдеп қалғандай болды. Беткей-беткейдегі ақ жұмыртқадай киіз үйлердің маңайындағы қазан-ошақ, сарғыш жез самаурын, өреге жайылған сөре-сөре құрт, арша күбі, желідегі құлын, өзен бойына арқандалған күрең бие – бәрі-бәрі бірегей үндестік тауып, сен аңсаған тыныш та таза дүние осы емес пе еді деп шақырады. Содан соң әлгі үйлердің қыр желкесіндегі бір түп алма ағашы мен жалы күдірейіп, шұрқырай кісінеп, қырға қарай өріп бара жатқан бір үйір жылқы да тіпті, көз тартып, көңілін елеңдетіп, қиқу салып жүгіре жөнелгісі келді. Оның бар ғой, оның... таза ауа жұтқысы келді, қымыз ішкісі келді сіміріп. Қазан-ошақ жақтан шыққан сүр еттің иісі танауын қытықтады. Сары самаурынға қарап та, аппақ құртқа қарап та тамсанды. Ыстық-ыстық шай ішіп, талмап-талмап малта сорғысы келді. Ал желідегі құлын баяғыда-а, осыдан жүз жыл бұрын жоғалтқан балалық шағын есіне салды. Күркіреп аққан асау өзеннің шетіндегі қойтастарға жабысып, сұп-суық суға бір сүңгіп алғысы келді. Сосын ерні-ерніне тимей, қалтырап-дірілдеп келіп күншуаққа, көкмайсаның үстіне аунап жата кеткісі келді. Тағы бір сәтте күрең атқа қарғып мініп, құйғытып шаба жөнелмек болып еді... Кенет ту сыртынан ақырын ғана: «Аласыз ба?» деп үн қатқан келіншектің даусы ойын бөліп жіберді. Япыр-ау, жаңа ғана еліктіріп, жан-дүниесін сиқырлап алған көркем дүние әп-сәтте кенептегі картинаға айналып шыға келіпті. «Оу, мен Арбатта... иә, иә, Алматыдағы Арбатқа қойылған картиналар галереясының алдында тұр екенмін ғой!» деген ой түртіп өтті санасын. Күн болса, шағырмақ еді. Аппақ қарға шағылысып, жалт-жұлт етіп жатқан-ды. Мезгіл болса, қыс ортасы. Қаладағы ары-бері ағылған жұрттың ашық алаңдағы галереяға қайырылып, бір сәт көз тоқтатып қарауға да мұршасы жоқ-ты. Ал әлгі картиналарды сатып тұрған орта бойлы, тығыншықтай келіншек аяз сорып қызарған иегін пальтосының жағасына тығып алып, бүрісіп, бұйығып тұрып: «Аласыз ба?» деп сұрайды ақырын ғана. Ол да, ұялған болар сірә, ақырын ғана үн қатып: «Қанша тұрады?» – деп сұрады. «Қырық мың теңге, – деді келіншек. – Уступка жасауға болады, ағай...» Ол түсініксіздеу кейіпте басын шайқады. Бұл оның «ала алмаймын» дегені ме, жоқ әлде, өзі ұмыта бастаған таң-тамаша табиғат аясындағы тіршілікті көріп, таңғалғаны ма, кім білсін, әйтеуір, сол күйі жұмбақ болып қала берді...

Болашақтың батыры

Көше қиылысынан шыға келіп, қойқаңдап алдымызға түскен «джиптің» артқы терезесіндегі «Қазақ халқына + 1 батыр!» деген жазуды көріп, езу тарттық. Ұлды болған екен-ау! Рульдегі жігіттің көңіл-күйі көлікке бірден әсер еткені анық. Жүйткіп-ақ келеді. Бағдаршамның қызылына кілт тоқтап, жасылы жанғанда сілкіне жөнеледі. Қазекемнің мұндайда: «Әйелі ұл тапқандай қуанып!» дейтін әзілі еріксіз еске түседі. Біз отырған машинаның руліндегі жігіт басын шайқап: «Қуаныштың да өз орны бар емес пе, – дейді әлгі жүргізушіден сақтанып келе жатқанын сездіріп. – Бүйте берсе, бірнәрсеге ұшырап қалуы әбден мүмкін ғой». Әрине, мынау мегаполистегі көше қозғалысы ешкімнің де еркелігін көтере алмайды. Ерсілі-қарсылы ағылған машиналардың тізгінінде шиыршық атып бір-бір Жүйке отырғанын естен шығармаңыз. Олардың бірінің шамына ши жүгіртсеңіз, мың көлікке кесіріңіз тиюі мүмкін. Әйткенмен, артқы орындықта жалғыз өзі отырған балуан тұлғалы, жомарт мінезді досымыз кеңк-кеңк күліп: «Әй, жігіттер, бәрінен де анау терезедегі жазудың салмағы ауыр емес пе?! – дейді гүжілдеп. – Жаңа ғана дүниеге келген сәбиді болашақта батыр етіп тәрбиелеуден артық жауапкершілік бар ма, сірә?..» Осыдан соң оның сөзін әрқайсымыз өзімізше таразылап, үнсіз қалдық. Кім білсін, біз туғанда да әкеміз батыр болады деп қуанған шығар деген ой іштей мазалап келе жатты...

Кеуіл мен көңіл

– Көрдің бе, кеуіл гүлдепті!.. Маған оның даусы дірілдеп, толқып, үзіліп-үзіліп жеткендей болды. Таңдана қарап, үн қата алмай қалдым. Ақ құба өңді, ботагөз, ерке қыздың ерекше сүйкімі екенін мен сол сәтте алғаш рет байқадым. Оның өзі де мынау жап-жасыл кеуілдің аппақ гүлдеріне ұқсайтынын айтқым келді. Бірақ, аңдаусызда үф деп қалсам, ақ көбелекке айналып, ұша жөнелетіндей үлбіреп тұрған сұлулықты үркітіп алармын деп қорықтым. Қыр жақтан белесебетімді жетектеп түсіп келе жатқанымда да оған қайта-қайта қарай бердім, қарай бердім. Ақ құба жүзі қызарып, алға басқан адымы кері кетіп, кібіртіктеп, ұяла бастағанын сезсем де, сезбегендей болдым. Себебі одан енді көзімді ала алмайтынымды білдім. Кенет ол маған жалт қарап: – Мен енді сенің белесебетіңе мінбеймін, – деді. – Неге? Аузым ашылып, қалт тоқтай қалдым. Мәссаған!.. Ол екеумізді таныстырған да, достастырған да осы белесебет емес пе еді. Өйткені, ауылдағы ең жаңа, ең тәуір белесебет менікі ғой. Ол үндемеді. Сықылықтап күліп, ауылға қарай жүгіре жөнелді. Ал мен болсам, әлі де аң-таңмын. Себебі, оның өзі емес пе еді, бүгін: «Қыр жаққа шығып, ешкім көрмейтін жерде мені белесебетіңе мінгізші», деген... Қазір ойлаймын, ол менің өзіне қадала қараған көзімнен емес, қыз жүрегіндегі алғаш оянған өзгеше бір құпия сезімнен ұялды-ау деп. Бала кездегі сол бір ұяң, кіршіксіз таза сезімнің көңіл түкпірінде бұйығып, алаңсыз ұйықтап жатқанын мен бүгін тағы да сезіп тұрған сияқтымын. Өйткені, биыл жазға салым жап-жасыл боп жайқалып, аппақ гүлін ашқан бекзат, паң кеуілді көргенде, жүрегім және бір шым ете қалғанын қарасаңызшы. Құдай-ау, екі арада біз кешіп өте алмайтын уақыт теңізі пайда болды емес пе. Бірақ мына кеуілдің соған қарамай, тү-у баяғы тәтті күнді еске салып, көңілімді толқытып тұрғанын көрмейсіз бе... Бәлкім, білерсіз, бәлкім, білмессіз, кеуіл дегеніміз – кең далада өсетін көпжылдық өсімдік қой. Түйежантақ секілді оның да тамыры тереңге жайылып, жер астындағы су көздерінен нәр алып жатады. Аппақ гүлдері желге ұшып, түйін салғаннан кейін, кіп-кішкентай қарбыз секілді жемістері күннен-күнге үлкейіп, бармақтай-бармақтай болып піседі де, өз-өзінен жарылып, қып-қызыл шырыны жерге тамады. Бала күнімізде біз оның да дәмін татып көргенбіз. Сәл-пәл кермектеу болады. Енді міне, елу жылдан соң, сол баяғы ауылға қайта оралып, сол баяғы кеуілге қызыға қараймын-ай. Оның аппақ гүлдері бала кездегі ақ құба, ботагөз, ерке қызға ұқсайды. Қайран, кеуіл, қайран, көңіл...

Нұрғали ОРАЗ

524 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы