• Cұхбаттар
  • 02 Мамыр, 2020

БІЗ КӨМЕККЕ ДАЙЫНБЫЗ

Ақнұр ШАЯХМЕТ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «волонтер жылы» деп жариялаған еді. Жыл басынан ауқымды жобалар қолға алынып, нәтижелі істер жасалуда. Ел аумағында 200-ден аса арнайы ұйым құрылып, 50 мыңдай адам волонтерлік қызметте бас қосты. Волонтерлік қызмет жас талғамайды. Дей тұрғанмен, президент бекіткен жылдың бастау көзі – жастар. Бірі саясатқа белсене араласады, бірі өз білімін бөлісіп, енді бірі жүрегінің мейірімін мұқтаж жандарға ұсынады. Сондай жастың бірі – Елеуова Жанна. Ол «Шапағат» қайырымдылық қорының негізін қалаушы волонтер. Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің 2 курс студенті. 2019 жылдан бастап қайырымдылық қор ашып, тағдырдың тәлкегіне түскен талайға жәрдемдесіп жүр. Жүрегі мейірімге толы, жанашыр жанның өзімен тілдескен едік:

– Сәлеметсіз бе Жанна. «Шапағат» қайырымдылық қорының тарихын, негізгі мақсатын айтып берсеңіз? – Армысыз. Біздің «Шапағат» қайыр-ымдылық қоры 2019 жылы құрылып, қарқынды жұмыс жасауда. Қайырымдылық қорымыздың мақсаты көмекке зәру жандарға қол ұшын созып, демеу болу. Біз тек адамдарға қаржылай емес, рухани да қолдау жасауға тырысамыз. Арнайы бағдарламалар, қойылымдар ұйымдастырып, көңілдеріндегі мұңдарын, өкініштерін жеңуге жәрдемдесеміз. – Қордың белгілі бір бағыты бар ма? Қандай адамдарға көмек көрсетесіздер? – Жоқ, біз таңдап-талғамаймыз. Қарттар үйі, балалар үйі, зағип жандар, мүгедек жандар болсын, барлығына көмек көрсетуге әрқашан дайынбыз. Көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға да қолдан келгенше жәрдемдесеміз. – Қорларыңызға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі ме? – Бізге мемлекет тарапынан да, университеттен де ешқандай көмек көрсетілмейді. Себебі, біз жеке қайырымдылық қоры болып, нәтижелі жұмыс жасаймыз. – Сіздерге қаржылай көмек көрсететін кәсіпкер, әнші, актер бар ма? Қаражатты қайдан аласыздар? – Иә, қайырымдылыққа қаржы аударып отыратын бірнеше кәсіпкерлер бар. Қазақстанның бірнеше фабрикасынан тек ақшалай емес, заттай да көмектесіп жатады. Сонымен қатар, көбіне мешіт жамағаттары қаражат аударады. Дегенмен, тұрақты демеушіміз жоқ. – Қайырымдылық қорға уақытын бөліп, қолдау көрсететін волонтерлерді іздеу қиын болмады ма? – Негізінде «Шапағат» қайырымдылық қоры ашылғанын әлеуметтік желіде жарияладық. Көбіне Шет тілдер және іскерлік карьера университетінен 40 шақты студент келді. Соның ішінен «мен көмекке дайынмын» деп келген, жауапкершілігі бар жандардың бәрін қабылдадық. Қазір «Шапағат» қайырымдылық қорында 30 волонтер студентіміз бар. – Алдағы уақытқа жоспарланған қор-дың игі істерімен бөліссеңіз? – Жақында ғана қайыр-ымдылық қордың мүшелерімен алдағы үш айдың жоспарын құрдық. Басты мақсат балалар үйі мен қарттар үйіне, зағип жандарға барып, арнайы дайындаған концерттік бағдарламамызды қойып, қуантып қайту. Одан кейін, алдымызда үлкен жәрмеңке тұр. Сол жәрмеңке арқылы көп балалы, аз қамтылған отбасылар, жалғыз басты аналар, әкелерге көмектесуді жоспарлап отырмыз. – Сіздің ойыңызша, волонтерлік қызметтің еліміз үшін маңызы қандай? – Волонтерлер барлық жағдайда керек деп ойлаймын. Қайырымдылық болсын, саясат болсын, білім беру саласы болсын, бұл қызметтің өз орны бар. Елімізде қаншама мұқтаж жандар бар. Біз ол кісілерге адами жағынан қолдау білдіруіміз керек. Бүгінде волонтерлер тек қайырымдылық қорлар арқылы емес, жеке тұлға ретінде де жеке дара көмек көрсетуде. Оның өзі еліміздің үлкен жетістігі деп білемін. – Жақсылық жасау, нәтижелі іс бастау көптің қолынан келе бермейді. Адамдарға көмек көрсетіп, нәтижесін көргенде қандай сезімде болсыз? – Ол сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Өмірге жаңа келгендей, ерекше жағдайда боласың. Әр адамға жақсылық жасаған сайын өмірге деген құштарлық еселеніп, тағы да бір жақсылықтың бастамасына қадам басасың. Мен әр адам осы сезімді сезініп, өмірден шабыттанса дер едім! – Керемет. Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Ақнұр ШАЯХМЕТ

2436 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы