• Cұхбаттар
  • 28 Шілде, 2019

Жақсылыққа талпыну мәртебе

Жақында автобус аялдамасының орындығында оқшау жатқан қалың дәптерге көзім түсті. Қағаз көрсек шұқшия қалатын дағдымен еріксіз парақтап көрдім. Иесі туралы деректер де бар екен. Көркем кесте төгу мен тоқу өнеріне, ісмерлікке үйреніп жүрген Алматы қаласындағы №13 мектептің оқушысының сызбаларына қарап сүйсінбеу мүмкін еместей еді. Сондықтан да уақыт өткізбей ұялы телефонмен хабарласып, хал сұрадым.

– Менің маңайымда жақсы адамдар көп. Олар: әке-шешем, аға, әпкем, туыстарым, ұстаздарым, достарым, көршілерім. Сіз де солардың қатарына жатасыз. Өйткені, күнделігімді көріп, көтердіңіз. Қазір адам құлап жатса қасынан мән бермей өте шығатындар да бар ғой, – деді бейтаныс қыз байсалды үнмен. Оның орнықты үні бейжай қалдырмады. Осыдан соң күнделікке ұқсас дәптерінен көп жәйді біліп алғандықтан бетпе-бет сөйлесіп көргім келді. Жақынырақ танысуды әрі ұмытып кеткен асыл дүниесін қолына табыс етуді ұйғардым. Ол мені кешкісін «Шаңырақ» ықшам ауданына баратын қоғамдық көліктің соңғы бекетінен күтіп алды. Ашық мінезді, қарапайым, қағылез қыз көңілдегісін бүкпесіз жеткізді. Мен білетін оқушы қыздардың алды шет елге, соңы Алакөлге, Бурабайға, т.б. демалыс орындарына кетіп жатыр. Алуа болса ауылға асығады. Мен осыған қуандым. Оның үстіне сағына білу, етжақындарын аялау, сыйлау, қадіріне жету дегеніміз ғажап сезім ғой. Тау етегіндегі ауылды суретке салуы да бекер емес болғаны ғой. – Ағылшын тілінен сабақ беретін әпкем Әлия тұрмыста, бала-шағалы. Бөлме гүлдерін баптап өсіретін әпкемнің өнегелі істері жетерлік. Ағам Мақсаттың мамандығы инженер-электрик, таяуда диплом алмақшы. Біз «Шаңырақ» ықшам ауданында тұрамыз. Ал, төртінші сыныпқа дейін ұстаздық еткен Гүлсана Мұратбаева апайды әлі күнге дейін өзіме үлгі етемін. Ұмытқан жоқпын. Әншілерден Әйгерім Қалаубаева, Мәдина Сәдуақасова, Әйгерім Мамыроваларды ерекше ұнатамын. Кейде әнші, кейде суретші болғым келеді. Кейде жазушы, кейде домбырашы, кейде суретші болғым келеді. Қатты қуанған немесе ренжіген кезде ойларымды қағазға түсіремін. Мектептегі домбыра үйірмесіне қатысамын. Дос-тарым көп. Солардың ішінен әсіресе Нұрия Абдукаримова мен Сабина Чалтабайды, сосын Алтынай мен Жанеляны құрмет тұтамын. Ал, жақсы адамдардың әрқайсынан үйренерім көп. Ендеше менің жаман адам болуға хақым жоқ, – деді Алуа Мантай тебіреніп тұрып. Менің есімнен көпке дейін қаршадай қыздың саналы пікірлері кетпей қойды.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы