• Бас мақала
  • 23 Мамыр, 2019

Бір ауыз сөз

Кейде бір ауыз сөз адамның бүкіл өмірін немесе барша тағдырын өзгертуге себепші болатынына көзім анық жетті... Ия, әлқисса әңгімемді, бәрін басынан бастайын. Мен тау баурайындағы екі-үш мың ғана жергілікті тұрғыны бар шағын ауылда дүниеге келген қыз баламын. Тәй-тәй басып ес білгеннен білгенім – әкем орта мектептің директоры, анам үйдегі балалар тәрбиешісі, аспазшы, қысқасы үй шаруашылығының бастығы. Қазіргі бай отбасындағы әйелдер жалғыз тал бір баласына тәрбиеші, оқытушы, үй тазалаушы жалдап әлек болса, анамыз болса он баланы жалғыз өзі тәрбиелеп баққан бесас-пап адам. Мен мектепте оқып жүрген кез - Кеңес үкіметінің билеп-төстеп тұрған қахарлы жылдары. Мектептегі бүкіл оқушылар бастауыш сыныптан бастап, жоғары сыныпқа жеткенше, «Ұлы Ленин бабамыз, Ұлы Ленин данамыз» деп ән саламыз, «оқы, оқы және оқы» деген күн көсем Лениннің сөзін таңдайымыз тақылдап, жатқа айтамыз. Бірінші сыныптағы оқушылар – октябрятпыз. Кеудемізге кішкентай значок белгіні мақтанышпен тағамыз, ол белгіде салынған орақ пен балғаның және бала кездегі кішкентай Лениннің бұйра бас шашты, сүйкімді суреті. Үшінші сыныптан бастап-шымқай қып-қызыл галстук таққан пионерміз. Ал, бесінші сыныпта – комсомолмыз. Оқушы болғанымызға қарамай комсомол жарнасын төлейміз, абырой болғанда көп емес, бар болғаны – бес тиын. Ол кездері бес тиынға бес қорап сіріңке алуға болатын заман. Мен мектепте жақсы оқитын болғандықтан комсомол комитетінің төрағасымын. Комсомолдар жиыны бола қалса, оң қолымыздағы алақанымызды тік ұстап, шекемізге қойып, рапорт береміз. Неге екені белгісіз, «Біз комсомол – әрқашан дайынбыз!» деп, ант береміз. Кейде орыс тілінде, «Будь готов» десе, «всегда готов» деп, таңдайымыз тақ етіп бірден жауап береміз. Сол балалық шағымызда неге дайын болу керектігімізді аса түсінген емеспіз, әйтеуір үйренген әдетімізше дәп солай ант беретініміз әлі есімде. Менің әкем Ұлы Отан соғысының ардагері, қарт коммунист. Әрі мектеп директоры болған соң мектеп қабырғасында атеист болып, «құдай жоқ» деп оқушыларға түсіндіретін. Үйге келіп, алладан кешірім сұрап, құран оқып отырушы еді жарықтық. Неге екені белгісіз, ес білгеннен бастап, мен әкемді «аға», анамды «тәте» дейтінмін. – Аға, сіз бізге «құдай жоқ» деп айтасыз, үйге келіп құран оқисыз. Бұл қалай? – деп, бала көңілмен алаңдап, таңдана сұрайтынмын. – Қызым, қазір қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі. Артық бір сөз айтсаң Итжеккенге айдап жібереді немесе «Халық жауы» деп көзіңді құртатын аса қатал заман. Сондықтан, олардың айтқанымен жүруге мәжбүрміз, қызым. – Алла бізді жаратпаса адамдар қайдан шыққан? – Қазір Дарвиннің ілімі бойынша маймылдан шықты деп жүр, бірақ бұл өтірік. Пенделерін жаратқан бір Алла. – Онда неге шындықты айтпайсыз, аға? – Өйтіп айтсам менің көзімді құртады, қызым. Сен әкеңнің тірі жүргенін қалайсың ба? – Әрине, аға. – Ендеше мектептегі балалардың көзінше мұндай сұрақтар қойма. Келістік пе, қызым. – Жарайды, келістік аға. Қалауыңыз білсін, – деп, самарқау күйі үй жаттығуларын орындауға кірісем. Алайда, әкемнің жұмбақтап айтқан сөздері көкейімде. «Неге шындықты айтуға болмайды. Айтса, неге жазалайды?» деген көптеген сұрақтар мазалайды. Алайда, бастауыш сынып оқушысы бұл сұрақтардың шешімін таппайтыны бәрімізге белгілі жайт. Бір сәт көшеге шығып, жан-жақтағы балалар қосылып ойнаған боламыз. Қазіргі кездегідей бүлдіршіндерге арналған қызылды - жасылды ойыншықтар жоқ. Кейде шүберекті буып алып, бір аяғымызбен қақпақылдап жерге түсірмей «ләңгі» тебеміз. Колхоз директоры Разақберлиннің қызы Мадина мен көрші тұратын қойма меңгерушісі, әрі тері жинағыш Шаймыраштың қызы Батимаш пен Ғалия ұстап жүрген қып-қызыл резеңке добы мен әдемі қуыршағына қызыға қараймыз. Өйткені, басқа балаларда ойыншықтар жоқ. Соғыстан соңғы жылдар. Ауыл тұрғындары ішер ас, киер киімге жарымай жүрген жоқшылық заман. Біздің үйде де ауыл тұрғындары сияқты кедейшілік. Мен өз басым орта мектепті бітіргенше жаңа киімді сирек кидім. Көбінесе үлкен әпкелерім Күләш, Гүлбану, Гүлзададан қалған киім-кешектерді кием. Әрине, сондықтан, маған кезек жеткенше үш әпкем киіп тозығы жеткен, етік, жеңі қырқылған ескі көйлектер. Сол кездері, соғыстан соңғы жылдары шынтағына жамау салған көйлектерді, тізесіне жамау жапсырған шалбарларды қысылып-қымтырылсақ та амалсыз мектепке киіп барамыз. Тек қана колхоз директоры мен қойма меңгерушісінің балалары ғана су жаңа киім киіп, көзімізді қызықтыратыны бар. Ал, басқа балалар жамау-жасқау киім киіп-ақ есейдік. Менің әкем қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін. Әрі ақындық өнері бар болатын. Ол кісінің өлеңдері аудандық, облыстық, кейде республикалық мерзімді бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып тұратын. Алайда, он баланы асырау оңай шаруа емес. Әкем ақындық өнерінен гөрі бала тәрбиесіне беріле кіріскен адам. Бәрімізге уақыт тауып, күнделікті сабақтарымызды тексереді. Менің әдебиетке құштар екенімді біліп, көптеген кітаптар әкеліп беретін. Әлі есімде, әкем «Көшпенділер» сияқты кітаптарды бергенде, менің кәмелеттік жасқа жетпеген оқушы екенімді ескеріп, кейбір беттерін бүктеп қоятын. – Қызым, мына мен бүктеп қойған беттерді оқыма, түсіндің бе? – Неге, аға? – Ол беттерді есейгенде оқисың. Үлкен аға, тәтелеріңнің ара-қатынасы туралы жазылған. Әзірге сен ондай жайттарды оқуыңа болмайды. – Жарайды, аға, – деймін амалсыз. – Бүктелген беттерді оқымауға уәде бересің бе, қызым? – Әрине, уәде берем, – дегеніммен бала-лық құштарлығым жеңіп, әкеме көрсетпей жасырын оқуға бел буам. Әкем берген кітапты алып, бөлмемнің есігін кілттеп жауып, алдымен кітаптың бүктелген беттерін ашып оқуға кірісем. Сөйтсем, бұл беттерде ханның тоқалымен кездесу сәттері сияқты ерлі-зайыптылардың ара-қатынасы ашық суреттеліпті. Сонымен мен бүктелген беттерді оқып тауысып, бөлмемнен жайбарақат шығып, кітапты басынан бастап, асықпай оқуға кірісем. – Қызым, кітапты оқып біттің бе? – Ия, оқып шықтым, – деп, кітапты әкеме берем. Бірінші кластан бастап бірге оқыған, және үйіміз іргелес Роза Нүсіпова құрбым мен сияқты кітапқұмар. – Бақыт, түнімен таң атқанша оқып шығайын. Әкең әкеліп берген кітабыңды бере тұршы, – деп, таңға дейін көз ілмей оқып, ертесіне сабаққа барып, артқы партада қалғып-мүлгіп отыратын. Өйткені, қазіргі кездегідей теледидар, компьютер жоқ. Ауылдағы кішкентай клубта анда-санда үндінің екі сериялы «Екі дос», «Махаббат туралы», «Тасқа өскен гүл» сияқты фильмдеріне тайлы-тұяғымызбен, кәрі-жасымыз бірдей барып, клубқа сыймағанымыз есік-терезеден сығалап қарап, бір жасап қалатынбыз. Біз, оқушылар, фильмге кіретін бес-он тиын таппай сергелдеңге түсіп, тауық қораға кіріп жұмыртқа іздеп сандаламыз, ол жерден таппасақ үйдегі бірлі-екілі жұмыртқаны сатсақ та, әйтеуір ебін тауып, клубқа баратынбыз. Фильмнен қатты әсер алған апаларымыз жаулықтарымен көзін сүртіп, жылап-сықтап алатыны бар. Үндінің фильмдерінің бір жақсысы – ылғи киноның соңында жақсылық зұлымдықты жеңіп, кейіпкерлері бақытты болып аяқталатын. Біз, әлі балалық көңілдегі жан-дүниесі пәк балалар, ылғи зұлымдықты жақсылық жеңеді екен деген ой түйетінбіз. Кейінірек есейген соң шынайы өмірде жамандық атаулыны әділеттік, жақсылық әмсе жеңе бермейтінін білдік. – Кешегі үнді фильміндегі Гопалдың бір өзі он бұзақыны қалай жеңіп кетті, ә? Керемет күшті екен. Саған ұнады ма? – Маған «Қаңғыбас» – Бродяга фильмін-дегі ән ұнады. Мен алғашқы әуенін жаттап алдым. «Я бродяга, я бродяга, аааааа, – деп, сыныптасымыз Ерік Боранбаев құйқылжытып ән сала бастайды. – Әрине, сен ол киноға үш рет бардың. Содан кейін жаттап алдың, – деп, бәріміз бір айға дейін сол фильм жайлы әсерімізді бөлісеміз. Бар көрген қызығымыз үндінің кинолары болған соң, бір айға дейін айтатын әңгімеміз соның төңірегі. Уақыт өте келе әңгімеміз таусылып, келесі үнді киноларын асыға күтеміз. Ал, жан құрбым Роза Нүсіпова екеуміз қолымызға сирек түсетін кітаптарды оқып, рахаттанып қаламыз. Шағын ауылымызда кітапхана жоқ. Біреудің қолынан кітап көрсек жата жабысамыз. – Бір күнге кітабыңды бере тұршы. Таңертең әкеліп береміз. Комсомолдық шын сөзім! – деп, ант-су ішеміз. – Мұндай қалың кітап-романды таң атқанша қалай бітіресіңдер? Егер сөздеріңде тұрсаңдар берер едім. – Анамның ақ сүтімен ант етемін, – деп, ең қасиетті анасымен ант етіп, Роза кітапты әрең қолға түсіреді. Сол күні Роза екеуміз кешкі тамақ ішпей, түнімен ұйықтамай, сол кітапты таң атқанша оқып бітіреміз. Шағын ауылда тұрсақ та қиялымызбен көкке самғап, бірталай әдеби майталмандардың кітабын оқитынбыз. Көпке дейін сол кітаптың әсерінен айыға алмай, Роза екеуміз кейіпкерлердің әр қылығына сүйінетінбіз. Кейде кітапта баяндалатын жағымсыз кейіпкерлердің оспадар қылықтарынан түңілетінбіз. Сұрапыл соғыстан кейін туған біздер, уақыттың зырылдап өте шыққанын байқамай қалдық. Орта мектепті үздік бітіріп, жоғары оқу орнына аттанатын кез келді. Бір күні әкем ойламаған жерде тосын сұрақ қойды. – Қызым, қай оқуға түскің келіп жүр? – деп сұрады ол. – Мен КазГУ-ге түскім келеді, аға. – Қай факультетіне? – Журналистика факультетіне барам. – Қызым, біздің туысқанымыз ЖенПИ-де оқытушы болып қызмет істеп жүр. Сен ақылға кел, мен сол Қапан ағаңа ертіп апарып, сені оқуға түсірейін. – Аға, мен ЖенПИ-де оқығым келмейді, өзім қалаған жоғары оқу орнына барғым келеді. – Мен ол жерде ешкімді танымаймын. Естуімше, таныстар арқылы ғана жоғары оқу орнына түсуге болады екен. – Бәрібір бағымды сынап көрейін, аға. – Айтқаныңнан қайтпайтын әдетің-ай, қызым. Жарайды, менің майдандас досым Халық жазушысы Әзілхан ағаңмен ақылдасып көрейік. – О, «Махаббат, қызық, мол жылдардың» авторы Әзілхан Нұршайықов аға ма? – Ия, екеуміз Ұлы Отан соғысында майданда бірге болдық қой, қызым. Майдандас құрдасым Әзілхан өте жақсы адам. Қан майданда жүріп, қолынан қаламын тастамаған ержүрек жауынгер. – Майдандас досың сені қолдайтын болар, аға? Әрине, «әкеңнің тілін алуың керек, алыстағы айға қол созба, әке-шешең саған жамандық ойламайды» дейтінін ішім сезіп тұр, әке. – Алдын-ала жол кеспе, қызым. Бара көрерміз, – деген әкем екеуміз Алматы қаласы-ның орталығындағы Әзағаның үйіне келдік. Майдандас, ескі достар құшақтасып, төс қағыстырып амандасты. Мен екеуіне қарап, состиып тұр едім. – Кіре ғой, қызым. Қысылма, төрге шығып отыр, – деген Халима апамыз, бота көзі күлімдеп, дастархан мәзіріне кірісті. Халима апамыз мұншама шебер болар ма, әп-сәтте буы бұрқырап қуырдақ пісіріп, шай дайындай қойды. – Шайға келіңіздер, – деп, жылы жымиып, дастархан басына шақырды. Халима апай дастархан мәзірін лезде жасап, әрқайсымызға көңіл бөліп, құрақ ұшады. Ауылдан келген ұяңдау қыз, менің бір шетте тамаққа қол соз-бай отырғанымды бірден байқады. – Қызым, дастарханға жақын отыр. Өз үйіңдей сезініп, тамақ ал, – деп, менің табағыма тамақ сала бастады. – Рахмет, апай. Өзім салып алайын, – деп, дастарханға жақындап отырып, қарным ашып қалған мен де Халима апай дайындаған дәмді тамақты жей бастадым. Әкем мен Әзілхан аға дастархан басында қаймақ қатқан күрең қызыл үнді шайын терлеп-тепшіп ішіп отырып, майдандағы естеліктерін айта бастады. – Невель қаласының түбіндегі қанды шайқаста талай достарымыздан айырылғаны-мыз есіңде ме, Әзеке? – Әрине. Ол күндерді ұмыту мүмкін емес. Сол Невель қаласындағы шайқаста Мәншүк Мәметова қарындасымыздан айырылдық. Қайран қаракөз қарындасымыз сол кезде бар болғаны он сегізде екен. – Ия, ержүрек қызымыз он екіде бір гүлі ашылмай өмірден өтті. Соның бәрі сұм соғыстың кесірі, – деп, майдандас достар елжіреп көздеріне жас алды. – Мәншүк қарындасымызды қызғыштай қорып, басқа жігіттер қырындап жүрмесін деп, Қалиссар Қабдуллин мен Изат түнде тыныққан кезімізде жертөледе қорғап жатушы еді. Есіңде ме? – Әрине, есімде, Әзеке. Өзің Мәншүк қарындасымыз туралы өлең шығарып едің. Сол күні мен де қолыма оқ тиіп, әскери госпитальға түскен едім. Жаудың оғы үлкен тамырдың ішіне кіріп қадалып қалыпты. Хирургтер оқты ала алмады. «Егер бұл оқты алсақ, тамырдағы қанды тоқтата алмай қаламыз» деп, сол күйі қалдырды. Қазір күн бұлттанса ауырып, сыздап есімді шығарады. – Қабеке, жаудың оғы әлі денеңде жүр екен ғой, қап! Ештеме етпейді, туған жерге аман-есен оралдық, – деп, дем бере сөйледі. Бұдан кейін майдан даласында шейіт болған, туған жерге жете алмай, жат жердің топырағы бұйырған марқұм майдандас достары жайлы ұзақ-ұзақ тебіренді. Әңгіме сәл саябырсыған кезде әкем мен туралы әңгіме бастады. – Менің ортаншы қызым – Бақыт. ЖенПИ-де танысым болғандықтан сол оқуға апармақшы едім, «болашақта журналист, жазушы болам», КазГУ-дің журналистика факультетіне барам деп айтқаныма көнбей қырсығып отыр. Ол жерде танысымыз жоқ, соры қайнап құлап қайта ма деп, өзіңмен ақылдасуға келдім, Әзеке. – Мектепте қалай оқып еді, Қабеке? – Үздік оқушы. – Онда несіне қорқып отырсың? Нартәуе-кел деп, қалаған жоғары оқу орнына барсын. Бетінен қақпа, Қабеке. – Таныссыз түсе ала ма? Қалай ойлайсың? – Несі бар, «таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» демей ме, бағы жанса, тамыр-таныссыз-ақ түсіп кетуі әбден мүмкін. – Ендеше КазГУ-іңе барып, құжатыңды тапсыр, қызым. Болашақта Әзілхан ағаң сияқты жазушы болар ма екенсің, – деп, маған бой бермеген әкем майдандас досының бір ауыз сөзін жерге тастамай, бірден көнді. – Ой, бәрекелді! Талабыңа нұр жаусын! – деп, Әзілхан аға маған аса мейіріммен қарады. – Рахмет, аға, – деп, бұл жолы әкемнің майдандас досына өзгеше құрметпен қарағам. Өйткені, бұл кісі әкемді қолдап, ЖенПИ-ге бар, қарағым. Әкең дұрыс айтады, -деп айта ма деп, алдын-ала қауіптеніп отырғам. Ал, Әзілхан аға «баланың қалауы болсын. Өзі таңдаған оқуға барсын» деген соң, соңғы бір-екі айда менің өтінішіме құлақ аспаған әкем майдандас досының бір ауыз сөзіне тоқтап, маған КазГУ-ге баруыма рұқсат бергеніне балаша қуандым. Әзілхан аға мен Халима тәтемді бір көргеннен-ақ жақсы көріп кеттім. Дәл сол сәтте Әзілхан аға менің жаңа өміріме жолдама алып бергендей күйде болдым, өйткені, ол кездегі балалар ата-анамыздың сөзін екі етпей орындайтын тілалғыш, елгезек бала болатынбыз. Егер әкем сол күйі райынан қайтпағанда, өзім қаламаған жоғары оқу орнында оқуыма тура келетін еді, әрине. Әкем мені Никольск базарының жанындағы университеттің жатақханасына орналастырып, ауылға қайтты. Өзім сияқты абитуриент талапкерлер топырлап жүр. Бәріміздің арманымыз – жоғары оқу орнына түсіп, студент болу. Менің жанымда педагогикалық училищені қызыл дипломмен бітіріп келген Райхан Ахметова деген Павлодар жақтың қызы. Екеуміз күні-түні кітаптан бас алмаймыз. – Райхан, шіркін, оқуға түсіп кетсек бізден бақытты адам болмас еді! – деп қиялдаймын. – Әрине, түсеміз, Бақыт, – деп сенімді жауап береді Райхан. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме, мен де әп-сәтте көңілденем. – Айтқаның келсін, Райхаш, – деп, досымның жақсы сөзіне ішім жылып, қуанып қалам. Емтихан күндері жақындаған сайын дегбіріміз қалмай, қайта-қайта кітапқа шұқшиып, түнде кофені қою қылып әзірлеп, соны ішіп, таңға дейін ұйықтамай оқитын болдық. Әсіресе, ертең емтихан болатын күні ұйқымыз шайдай ашылып, бізден біржола ұйқы қашатын. Түн ортасында ғана Райхан кітаптарын жиып, оқыстан тіл қататын. – Бақыт, аздап көз шырымын алайық, әйтпесе, білгенімізді ұмытып қалуымыз ғажап емес, – деп, Райхан сабырлы кейіпте ақыл айтатын. Қанша айтқанмен педучилищені бітірген құрбымның көрген-білгені мол. Сондықтан, мен оп-оңай сөзге келместен келісе кетем. – Жарайды, тынығып алайық, – деп, жұмсақ жастыққа жантая кетеміз. Сөйтіп жүріп барлық емтиханды жақсы бағаларға тапсырдық. – Университетке оқуға түскен студенттердің тізімі ертең ертемен бас ғимараттың алдында ілулі тұрады екен, – дедім. – Бақыт, ертерек барайық, – деп, Райхан екеуміз таң алакеуімнен тұрып барсақ, әлі ешкім жоқ екен. – Біраз күте тұрайық, – деп, жақын арадан кофе іштік. Тағатымыз таусылып, қайта келсек, жұрттың қарасы көбейіпті. Жұрттың бәрі тізімді көруге ұмтылып, үлкен, кішісі бар андағайлап лап берді. – Ойбай аяғымды бастың! – Байқасаңшы, – деп, бір-біріне кейіген жастар. – Екеуміз тізімде бар екенбіз. Сүйінші, Бақыт! – деген Райханның қуанышты дауысын естіп, құстай ұштым. Сөйтсем, шынымен аты-жөніміз жазылып тұр екен. Бақыттан басымыз айналып, жатақханаға қарай қолұстасып жүгіре жөнелдік. Жүзіміз бал-бұл жанып, екі езуіміз екі жаққа кетіп, мәз болып күле береміз. – Алақай! Райхан, бұл түсіміз емес пе?! – Шынымен оқуға түстік, Бақыт! Біз енді Қазақтың мемлекеттік ұлттық университетінің студентіміз! – Ия, біз арманымызға қол жеткіздік, досым! – Әрине, күні-түні кітаптан бас алмай оқыдық. – Райхан, біз қандай бақыттымыз! – Ия, әрине, бақытты жандармыз. Үй ішімізден әке-шешемізден сүйінші сұрап, телефонмен хабарласайық, Бақыт. – Қазір, – деп, сөзге келместен досыма еріп, телефонмен сөйлесу пунктіне жөнелдік. Ол кездері, 1972 жылдары ұялы телефон, компьютер атымен жоқ болатын. Үйде орнатылған телефонға бірер сағат бұрын тапсырыс беріп, кезегіңді сағаттар бойы күтіп отыратын кез болатын. Телефон трубкасын әкем көтерді. – Әке, мен КазГУ-ге түстім, сүйінші. – Бәсе, менің қызым жоғары оқу орнына өз күшімен түсуі мүмкін деп, майдандас досым Әзекең айтып еді. Айтқаны келді, аузы дуалы екен, – деп, әкем қуанды. Айтқанынан қайтпайтын, бірбеткей әкемді бір-ақ ауыз сөзімен көндірген әкемнің майдандас досы Әзілхан Нұршайықов сынды ел ағасының дұрыс бағыт сілтеуіне мен қуандым. Менің әкем Қабылхан Мерекенов 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған жылы сексен бес жасында қайтыс болды. Әзілхан аға маған көңіл айтып, былай деді: – Бақыт, сенің әкең жаудың соңғы оғын өзімен бірге көрге алып кетті. Сендер сұм соғысты көрмей-ақ қойыңдар. Майдандас досымның жаны жаннатта болсын, – деп, көзіне жас алды. Әкем қайтыс болған соң майдандас досы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әзілхан Нұршайықов маған қамқорлық жасап, жүрегі ауырып жүргеніне қарамастан алғашқы «Адам тағдыры» кітабыма алғысөз жазып, әкелік ақ жол тіледі. Әзілхан ағаның «Махаббат, қызық, мол жылдар», «Аңыз бен ақиқат» сияқты өлмес туындылары халқына қалдырған мол мұрасы. Әзілхан аға менің өміріме де темірқазық жұлдызындай дұрыс бағыт-бағдар көрсете білді. Ия, менің әкемнің майдандас досы Әзілхан ағаның бір ауыз сөзі менің бүкіл өмірімнің оң өзгеріске бет бұруына себеп болды. Бір ауыз сөз...

Бақыт Мерекенова, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

774 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы