• Білім-ғылым
  • 22 Қыркүйек, 2017

Сағат ӘШІМБАЕВ «...әдебиет жалаң публицистика емес...»

...алпысқа жеткен адамның жиырма жылы ұйқыға, оның бес жылы түс көруге кететін көрінеді. Сағат Әшімбаев Қалағанын бере алмай тәмам көптің, Жаман боп тұр көңілім, жаман боп тұр. Қалам менен қағаздың қарғысына Қалатындай қайтерсің заман боп тұр. Жаңа-жаңа жүргендер жаға басып, Жанды алқымнан алады жағаласып. Көркемсөзді жайлау деп мамық сүйреп, Тауға беттеп барады қара басып. Соры қалың болды екен оның нағып, Түс көреді төсекте момын халық. Құлын жырдың еті емес, көбігімен елді алдаймыз, Ой болса орындалып... Көп қабатты үйлерге көп қарадым, Шамы жанған шаңырақ жоқ, қарағым. Жұлдыз – мұңлы, Ой – жүдеу, Дүние – сұлық, Дегендей-ақ жөн шығар тоқтағаның. Күрсінгендей болады күрең далам, Күрсінісін қуат жоқ білер маған. Сарғыш тартқан Сағаттың кітабымен сырласайын, қол созып жібер, балам... Жарас СӘРСЕК   Бұрынғы-соңғы мен ілгергі-кейінді қазақ ақындарының ішінде әзірге Абайдан асырып ұлттық мінезіміз бен психологиямыздағы, тіршілігіміздегі кейбір тоғышарлық қылықтарымызды әшкерелеп берген ақын туған емес, туса да болған емес! *** «Жұт жеті ағайынды» дегендей, рухани жұт-тоғышарлық – одан да көп, нағыз «қызыл көздің» өзі. Енді сол «ағайындарының» түр-түсі қандай? Олар: көзқарастағы тайыздық, мінездегі өзімшілдік, дүниетанымдағы дүмшелік, сезімдегі желбуаздық, сөздегі екіұштылық, ниеттегі арамдық пен ашкөзділік, көңілдегі көрсоқырлық пен пейілдегі тарлық, көкейдегі тойымсыздық, жүрістегі сұйықтық, позициядағы самарқау бейтараптық, әрекеттегі жалтақтық, қарым-қатынастағы есеп пен пайдакүнемдік, принциптегі солқылдақтық, мақсат-мұраттағы жер бауырлаған ұсақтық, сенімдегі немқұрайдылық. Осының бәрі тоғышарлық «аурудың» басты-басты симптомдары. Сондықтан да бұларға қарсы күрес азаматтық жауапкершіліктің бірден-бір негізгі шарты болуға тиіс! *** Жалпы, сол дәуірдегі дара туған, дара тұрған ұлы Азамат Абай жанына өз кезіндегі жамандық атты анайы құбылыстың бел баласы тоғышарлық пен немқұрайдылық аз батпағаны белгілі. Содан да болар ол «қаны қара бір жанмын, жаны жара» деп ашына айтуға еріксіз мәжбүр болған. «Ой кіргелі тимеді ерік өзіме» деп өзі айтқандай, Абайдың өз уақытының ұлы ойшыл азаматы ретінде тоғышарлыққа қарсы күрестен бойын аулақ сала алмауы заңды да еді. Оның осы күрескерлік-азаматтық бағытынан ешбір таймауы бүгінгі біздерге үлгі етіп үкілеп ұстайтын аса қастерлі қасиеті деп білеміз. Әрине, ұлы Абай қанша күрескенмен тоғышарлықты жалғыз өзі жеңуі мүмкін емес еді, сөйтсе де тоғышарлықтың да Абайды мысқалдай болса да жеңе алмағандығын өнеге ретінде айтуға тиіспіз. *** Біз әдетте Қазақстан территориясының үлкендігін басқаларға елестету үшін оған Батыс Европаның пәленше мемлекеті сыйып кетеді деген шартты салыстыруға жиі жүгінеміз. Біздіңше бұл салыстыру ешқандай да азаматтық және патриоттық сезімдерді оятып, оны тәрбиелемейді. Ендігі жерде республикамыздың рухани мәдениетіне қанша елді сыйындырып, қанша жұртты сүйіндіріп отырмыз деген фактілерге жүгінуіміз керек. Еш уақытта да жердің үлкендігі ұлттық сана-сезім үлкендігінің үлгісі болған емес және болмайды да! *** Кітапқа деген көзқарас әдебиетке, тілге деген көзқараспен тікелей байланысты. Өйткені әдебиет тіл арқылы жасалады да, ал тіл сол әдебиет арқылы дамып отырады. Демек, әдебиетке деген сүйіспеншілік ана тілге деген ұлы махаббатпен ұласып жатқан сабақтас ұғымдар. Бірі жоқ жерде екіншісінің болуы мүмкін емес. Ал екеуіне деген сүйіспеншілік азаматтықтың басты факторы боп саналады. *** Бір сәт ойланып көріңізші, шынында да, тіршілік атаулы тілден басталмай ма?! Тілсіз жерде тіршіліктің мәні де, сәні де жоқ екендігін дәлелдеп жатудың өзі артық. Олай болса, тіл – тіршіліктің тірегі екендігі ешқандай да дәлелдеуді қажет етпейтін ұлы аксиома! Жердің сәні ел болса, елдің сәні өз тіліне деген шынайы сүйіспеншіліктен көрінетіндігіне «көзі ашық, көкірегі ояу» адам таласа қоймас. Сол сияқты тілге деген немқұрайдылық айналып келгенде, болашаққа деген немқұрайдылық... *** Азаматтық пен адамгершілік! Бұлар бірінсіз бірі жоқ біртұтас ұғым. Тіпті бұл екеуі бір-бірінен бөлуге келмейтін түп негізі бір егіз ұғым. Немесе олар бір медальдың қос беті десе де болады. Нағыз азаматтықтың қуат алар қайнар көзі, арнасы терең адамгершілік болса, ал адамгершіліктің ақшаңқан апогейі азаматтық екені анық. Ал, екеуінің өзара бірлігінен саналылықтың ең жоғарғы сатысы күрескерлік сезім немесе патриоттық сезім келіп шығады. «Азаматтық формуласы» атты мақаласынан, 1983 жыл. *** Рухани мәдениет қазынасына жататын асыл мұраның бірі әдебиет екені мәлім. Өйткені әдебиеттің атқаратын эстетикалық, этикалық орасан зор қызметіне ештеңе де теңесе алмайды. Тәрбиелік, тәлімдік һәм өмір танытушылық мәнін былай қойғанда, халық мерейін қаншама көтеріп тастайды десеңізші! *** Сын туралы сөз – алдымен әдебиет туралы сөз болу керек. «Сынның дәрежесі – жалпы әдебиеттік білімнің дәрежесін көрсетеді». Бұл – А.С.Пушкиннің концепциясы. Бұл пікір бүгінде аксиомаға айналып кеткен. Сын – әдебиеттану ғылымының фундаменті. Әдебиет адамтану ғылымы десек, сын әдебиеттану ғылымының философиясы. Әдебиет халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан этикет, этикасы болса, сын сол халықтың эстетикасы. «Сын даму, қозғалыс үстіндегі эстетика». Яғни, В.Г.Белинский сынның қозғалыс, даму үстіндегі эстетика екендігін осылай талғаған. *** Сыншы әдебиет процесін сырттай сырдаң бақылаушы емес, әдебиет көшін байсалды, байыпты бағыттаушы санаткер санындағы қалам иесі болуға тиіс. Ол әдебиеттің алдында тұрған қиын да қызық проблемаларды ортаға салып, негізгі міндеттерді көрсетіп отыруы керек. Сондай сыншы ғана жазушылардың ойшыл озық замандасы, оқушылардың ойлы да ұлағатты ұстазы бола алады. *** Сыншыға арнап жазушы кітап жазыпты дегенді әлі естіген жоқпыз, ал сыншы жазушы үшін әрі оқушы үшін жазады, былайша айтқанда, екеуінің арасындағы азулы арбитр немесе көркемдік ойдың көпірі екендігі уақыт дәлелдеген шындық. *** Абайды тағылым тұту дегеніміз – Абай тағылымынан шындап үлгі-өнеге алу, тәлім-тәрбие көру. Абай айтқан жаныңа жара салар жамандықтардан, яғни кеселді әрекет, кесірлі пейіл, кесапат мінездерден бойыңды да, ойыңды да көш бойы аулақ ұстау, оларға жол бермеу, жол бергенге сенікі жөн деп айтпау деп білеміз. Екінші жағынан, Абай тағылымына тағзым ету – Абай айтқан адам баласына тән сыры мен сымбаты тең түскен жақсы қасиеттерге «болмасақ та ұқсап бағып» оларды қастерлей білу, жақсылыққа жол ашу, парасатқа құштарлықты дәріптеу, адалдық пен шындық мүддесі жолында мүлт кетпеу, адам тағдырына аяушылықпен қарай білу, азаматтық һәм адамгершілік дәстүрлерді көзіміздің қарашығындай қорғай білу болып табылады. Қысқасы, Абай тағылымынан үйрену деген сөз өз өміріңе және өзгелерге де Абайдың көзімен әділ баға беруге үйрену, барыңды да, жоғыңды да Абай таразысына салып өлшеп көру, Абай көрсеткен кемшіліктерге кеңшілік бермеу дегенді баса айтқымыз келеді. Абайдыің бізге беретіні сол, біздің одан тек батпандап ала білуіміз ғана. Абай біздің еркімізден тыс құпиясы мол құбылыс, ал біз шындап өмір сүргіміз келсе, оның еркінен тыс өмір сүре алмаймыз. Осыны ұмытпауымыз керек. *** Ежелгі бір Шығыс аңызының соңында «өсек айтқанның жолын кес, сын айтқанның, шын айтқанның қолын шеш» деген ұлағатты түйін бар екен. Ойға көп нәрсені алдыратын және ойландыратын түйін. *** Сын – өнер. Сын – уақыт қажеттілігінен туған, қоғамдық, эстетикалык, философиялық ой-сананың өзгеше бір формасы. *** Сынды үлкен өнер тұтып, осы жолда барлық мүмкіндігін сарп етуді көздемеген адамнан сынға еш уақытта пайда келмейді. *** Біздің түсінігімізше, әдебиет Абай айтатын «Сырты абыз, іші желқабыздың» өнері емес, таланты тасқан, адамгершілігі асқан адамның азаматтық терең парасаттылығынан туатын өнер. Яғни, талант пен адамгершілік өзара тығыз ұштасып, өзі азаматтық асыл қасиетпен астасып келген жағдайда ғана өнер өнегеге, өнеге өлмес өнерге айналып кететіндігі күмәнсіз нәрсе. Сонда ғана сөз бен істің арасындағы алмағайып алшақтықтың жоқтығына сеніп, яғни сөзіне қарап өзін, өзіне қарап сөзін қалай сыйламай тұра аласың. Сонда ғана әдебиет ардың ісі, адамгершіліктің айнасы, азаматтықтың трибунасы екендігіне сенген үстіне сене түсетініңе дау болмаса керек. *** Сонау қисыны кеткен кер замандағы бостандықты, еркіндікті, ерікті ел болуды аңсаудың гимні – «Сарыарқаны» тыңдап немесе оны орындап қана қою жеткіліксіз. Сол дауылпаз күйді дүниеге әкелген адамның өзімен де көркем шығарма арқылы дидарласу, жанының құпия сырына үңілу де қажет болады. *** Көркем әдебиет – кеудесі ояу, көзі ашық, көңілі жарық адам баласының қаузап тұшынар рухани талшығы. Онсыз адам жаны қапас та, нұр-сәулесіз, ойы селдір де буалдыр шөл, сезімі сіңілтір де қоңылтак дер едік. Ендеше көркем сын да әдебиет секілді рухани талшық. Оны әдебиеттен бөліп-жарып жалқы елестетуге ешбір болмайды. Олар ажырамас өзара бірлікте. Қиюы бөлек болғанмен қисыны бір дүниелер. Үлкен сынды үлкен әдебиет тудырады. *** Ойды нар кескендей батыл айту сыншының негізгі қасиетінің бірі. Онсыз қандай сыншы болмасын сынар қанат құс сияқты. *** Артық айтып жіберу – жас сыншының өсу процесіне тән нәрсе. Даму түзу сызық бойымен ғана жүрмейді. Қайшылықтың өзі – маркстік философия бойынша, даму емес пе? Кезінде ұлы сыншы Д.И.Писаревтің өзі А.С.Пушкиннің ақындығына шек келтіріп сын жазбап па еді. *** Жастар толқыны лек-легімен қосылып жатпаған әдебиет айдынынан айырылып, айбары мұқалып, деңгейі тартыла бастаған теңіз іспеттес. Өйткені бүкіл әдебиетті жасаушы бір ғана автор емес. Аспан да сансыз үлкен-қішілі жұлдыздарымен көрікті әрі әсем емес пе?! *** Кейде жазушы болу үшін тілді білу жеткілікті немесе ол негізгі шарт десіп жатады. Осының өзі сыңаржақты. Жазушы үшін басты кредо тіл емес, болмысында талант болып туылу бірінші фактор. Жазушыға әдеттен тыс зерделілікті, көрегендікті, сезім түйсікті табиғаттың өзі өлшеп, өте сараңдықпен шақтап береді ғой. *** «Қолың көтере алмас шоқпарды беліне бойлама» дейді халық мақалы. Осы мақал әдебиетке де жуық келеді. Кейбір жас прозаиктеріміз тақырыпты шамасына лайыктап таңдай алмайды. «Жылтырағанның бәрі алтын емес», талғамсыз қарайды. Алдымен автор өзі жақсы білетін, содан бір белді идеялар ұсынатын, айтпасына болмайтын тақырыпты жазуы керек екені қашаннан белгілі ғой. Бірақ осы жай жылдам ұмытыла береді. Жүректен шықпаған нәрсе қалай жүректерге жол таба алсын. *** Туған босағасын сағынбаған туған жерін еш уақытта сағына алмайды. Туған жерге деген махаббаттан да адамның моральдық бет-бейнесі көрінеді. Туған жерге деген махаббаттан – туған халқыңа деген ұлы махаббат басталмақ. *** Творчество – рухани сүйіспеншіліктің ең жоғары түрі. *** Біздің әдеби атмосферада ұшырасып қалатын аурудың бір түрі бар. Ол болмай жатып толдым деп тоқмейілсу, ілгерілеу жолы ізденіс екенін естен шығарып алу. Биіктеу жолы – білімділік екенін ескермеу. Содан келеді де, бұдан он жыл бұрынғы дәрежесінен аса алмай жүреді. *** Өлеңнің жаны сұлулық қой. Бұл атам заманнан айтылып келе жатқан ақиқат. Ал оны қайталамасқа құдіретіңіз қайсы. Сұлулық өлеңнің ғана емес, өмірдің де мәңгілік сәні. Өлең сол өмірдің үзліп түскен мөлдір тамшысы, бөлшегі. *** Шын мәніндегі сұлу поэзияда искусствоның басқа салаларының элементтері қойындасып жүреді. Мәселен, сұлу өлеңдерде архитектурадағы симметрия, музыкадағы үн гармониясы, живописьтегі әрлі, нәрлі бояулар құбылысы, тағысын-тағылар болады. Бұлар өлеңге ерекше нұр, ажар береді. Сұлулық бар жерде образ да бар. Біріншісі жоқ жерде екіншісі де жоқ. Екеуі тіпті егіз ұғым, бөле жаруға келмейді. Ақын деген сөздің екінші мағынасы – парасатты ойдың иесі, абзал азамат, халық мұң-мүддесін сөйлеп, жоғын жоқтап, қамын көздеген ер десе де артық емес. Ақын қашан да өз көкейіндегіні халықтық ой, сезіммен қабыстыра жырлағанда, сол бұқараның атынан сөйлегенде ғана азамат атанып, есімі тарихта қалмақ. Рудакидың, Сағдидың, Жәмидің, Хафиздің, т.б. халық жүрегінде берік орын алып келе жатуының себебі осында болса керек. *** Роман – әлемдік әдебиет тарихында көшбасшылық рольге ие болған жанр. Роман салиқалы да салмақты өмір шыңдығын өлшеуге арналған әдебиеттің ең үлкен таразысы іспетті. Роман өмірді кең планда алып, оны тереңнен қамтып көрсетеді, ал соған сәйкес жазылу технологаясы да аса күрделі, кілті оңайлықпен қолға түсіп, тізгін бермейтін жанр. *** Әдебиет халық ар-ожданының көркемдік бейнеленуі екендігі, оның этикалық, эстетикалық мұрат-мақсаттары ең алдымен әдебиетте көрінетіндігі қашаннан айтылып келеді. Бір халықты екінші халыққа кеңінен таныстырып, оларды өзара табыстыратын, бір-бірін өзара шын пейілден құрметтеуге үндейтін, қысқасы, рухани теңестіретін өнер екені мәлім. Оның ішінде әдебиеттің көтерер жүгі, атқарар қызметі ерекше. *** Әдебиет тарихы – халық тарихы. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Ендеше, халық бар жерде әдебиеттің сахнадан түсуі мүмкін емес. Әдебиетті халықтың ой-сана өсуінің, халықтың рухани дамып, кемелденуінің көркемдік тарихы дейміз. Өйткені, жалпы алғандағы азаматтық ой-сананың оянуы да, өсуі де алдымен сол халықтың әдебиетінде көрініс табады. *** Әдебиет халықтың рухани асыл қазынасы болғанмен, оны жасаушы – сол халықтың арасынан шыққан дарынды да қайраткер азаматтары. Сондықтан да жеке адамдар жасаған әдебиет дүниесін мыңдар, миллиондар оқиды. Сондағы ұлағатты ойлардан өмірлік өнеге, үлгі алады. Міне, әдебиеттің қүдіреті, оның әлеуметтік зор тәрбиелік мәні осында жатыр. *** Жазушы көз көргендерін сол қалпында бейнелеп қана қоймайды. Өмірден алатыны, өз жанынан қосатыны анық. Былайша қарағанда шығарма жазушының идеалы мен антиидеалының көрінісі. Өйткені жазушы ең алдымен күрескер азамат. Алдаспаны – қаламы мен парықты сөз. Жазушы жаны сүйген құбылысты мадақтап, жиренгенін мансұқ етеді. Оның бұл ойы шығармада бүркеулі жататыны анық. Өйткені әдебиет жалаң публицистика емес, онда идея образға айналып кетеді. *** Шығарма өміршеңдігі – жалпы әдебиет жасампаздығы. Жазушы мерейі өз кезінің рухын көрсететін элеуметтік мәселелерді көтеруімен, бейнелеуімен тығыз байланысты. Шығармада әлеуметтік салмақ жоқ жерде оның өрісі ұзақ еместігі аян.

850 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы