• Мәдениет
  • 25 Наурыз, 2017

«ҚАЗАҚСТАН, БӘРІ СЕНІҢ ЖЕҢІСІҢ»

«Айтыстың атасы» атанған көрнекті ақын Жүрсін Ерманның бастамасымен Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Универсиада құрметіне ұйымдастырылған «Өнер алды – қызыл тіл» атты студенттер айтысында бас жүлдеге ие болған Қанат МЫРЗАХАН мен Мөлдір АЙТБАЙ арасындағы өтірік өлең бойынша айтысты беруді жөн көріп отырмыз. Қанат Мырзахан 1993 жылы Жамбыл облысының Жуалы ауданында дүниеге келген. Қазір Алматыдағы Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университетінің 4-курс студенті. Мөлдір Айтбай 1991 жылы Қызылорда қаласында туған. Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті филология факультетінің түлегі. «Жауһар жырлар» жинағының авторы.

ҚАНАТ: Бұл Қанат талай жерде ой ақтарды, Тайландтта тамада боп той атқарды. Енді міне айтысқа келіп қалдым, Тастап Маямидегі маевкамды. Шұғайыптың оң қолы Жүрсін Ерман Айтысқа қабылдапты заявкамды. Сүре айтысты бермеді мына маған, Білмейсің деп сүре мен аяттарды. Өтірік айтыс жаса деп мына тұрған Майкл Джексон тастады маяктарды. Көрерменмен алайын сəлемдесіп, Уақыт та біраз жерге таяп қалды. Айналайын ағайын, қош аман бол, Осымен біздің айтыс аяқталды.

Сөйлейін қызыл тілді сайлап алып, Қашамын тақырыптан қайда барып. Өтірік айтыс деген жақсы нəрсе, Тайға мініп келесің айға барып. Кəдімгі айтыс болса мына қызға Көңілім аумайтыны айдан анық. Мөлдірдің сұлулығын сипаттайын, Осы өтірік айтысты пайдаланып.

Жеребеге Мөлдірдей түсті əдемім, Əдеміме ежелден құштар едім. Ақ жүзің ақ мамықтай аппақ екен, Ақ қардай аппақ шығар ішкі əлемің. Қолың да, аяғың да ұзын екен, Тек қана бойың боп тұр қысқа жерің. Анандидың əжесі болғаныңмен, Анджилина Джоулиге ұқсап едің. Он төрт бала туғаның байқалмайды, Фигураң тоқсан алпыс тұста дедім. Сендей нəзік адамды көргенім жоқ, Қылдай болды беліңді қысқан едім. Күніменен отырып диетаға, Түніменен ораза ұстап едің. Саған қарап үп деуге қорқып тұрмын, Үзіліп кете ме деп қыпша белің.

Қалайсың қарсыласым Монти деген, Кеп тұрған Африкадан конькименен. Африкаң алай-дүлей боран екен, Жер жоқ деп естідік қой қар тимеген. Аптап ыстық ақпанда таң қалдың ба, Қазақтар қалай жүр деп шортименен. Монти келді деп мені алып келді, Сабақта отыр едім əн-күй деген. Мынау кім деп таңырқап отырмысың, Қазақтың сұлуы едім манты илеген. Миллионер студентпін бос уақытта Гүл сатамын паркте Горькии деген. Монтижан, танысайық атым – Жанат, Жетінші курс оқимын ЖемПИде мен.

МӨЛДІР:

Он жыл бойы талаймен алысқан ем, Адамның кейпіндегі арыстан ем. Қасыма Жанат келіп жайғасыпты, Онша-мұнша тышқанмен алыспап ем. ЖенПИ де жетінші курс оқимын деп, Менімен ойда жоқта танысқан ең. Африкадан келдің деп қателеспе, Негізі туылғанмын ғарышта мен. Оқуынды айтып сен мақтанбашы, Мен сенен ол жағынан қалыспап ем. Жеті курс бойына оқып жүрсең, Құдай-ау сен не деген данышпан ең. Сен ЖенПИ де оқысаң жетінші курс, Магистратурада оқимын Марста мен. Армысың Алматылық ызғарлы жұрт, Кеп қалдық алдарына тұз-дəм бұрып. Құшақтарың не деген ыстық еді, Жылындым-ау Марста мұздап жүріп. Группаластарым сіздерге өкпелеп жүр, Телефонмен жеткізді звон қылып. Қатысайық деп өтініш білдіргенде, Тізімге қоспапты ғой қыздар күліп. Планетасы басқаша демесеңдер, Оларда сырғанайды мұзда жүріп. Бес құрлықтың жиып ап біліктісін, Жатырсыңдар тарихқа із қалдырып. Уникальный Универсиада жасадыңдар, Өзге ғаламшарлықтың барлығын қызғандырып.

Сен сөйтіп Алматыға төресің бе, Коньки менен шаңғыны тебесің бе? Мен саған бір ұсыныс айтайыншы, Момын жігіт едің ғой көнесің бе? Келесі Универсиада Марста өтпек, Имандай шын сөзім бұл сенесің бе? Тізімге жер шарынан сені қосам, Мен ол жақтың танимын егесін де. Тау тасы Алматыдан айнымайды, Потом өзің келгесін көресіңде. Ракетаға билетің мойынымда, Не істейсің, төрт жылдан соң келесің бе?

ҚАНАТ:

Ракетаңды өзім-ақ жалдайын деп, Марсқа шақырдың-ау бəрі дайын деп. Ракетаңды қайтейін барам десем, Ұшатын трактормен, комбайын көп. Марстың адамдары бір түрлі екен, Сол жағы отыр маған сəл уайым боп. Киімсіз тыржалаңаш жүреді екен, Табиғи сұлулықты таңдайын деп. Киіммен жүрген адам сотталад деп, Айтып келді барғандар мəн-жайын дөп. Сені де жалаңаш жүр деп естідім, Заңына қарсы келе алмаймын деп. Сен қайда жерге түсіп киініпсің, Жердегі қазақтардан қалмайын деп. Енді гəрі Марсқа шақырмашы, Мен саған бірден айтам бармаймын деп Марсқа барып алып сендер құсап, Тыржалаңаш жүретін жағдайым жоқ.

Мен əлем мойындаған қайраткермін, Қазаққа аспандағы айды ап бердім. Бауыржан Бəйбек əкімнің ағасы едім, Ініме талай жерде бəйге ап бердім. Великпенен жүргенің ұят қой деп, Бауыржанға Мерседес майбах бердім. Қытайдан мұнай алып, қаймақ бердім, Жапоннан Тойота алып тайлақ бердім. Күзді күн Ресейге барғанымда Кремлге айбат шегіп сайрап келдім . Еділ менен Орынбор біздікі деп, Еліме жатқа кеткен жайды ап бердім. Жириновскийдың жұлып ап ұзын тілін, Аямай аяқ қолын байлап келдім. Қайтарымда Сирияға соғайын деп, Белімді тəуекелге байлап көрдім. Сирияға аттанған қазақтардың Барлығын алдыма сап айдап келдім. Ал өткенде АҚШ-қа сапар шегіп, Құрбан айт мерекесін тойлап келдім. Шварценеггер көтерген зілтемірді, Ары бері лақтырып ойнап көрдім. Пенсияда қарап отпай етік тік деп, Обамаға ине менен оймақ бердім. Трамплиннен тым жақсы секіред деп, Трампты президент қып сайлап келдім.

Айтайын жаңалықты талдап өріп, Бұл қазақ ежелден-ақ саудагер ұлт. Өзіміз ауаменен тамақтанып, Макаронды жатырмыз малға беріп. 8 миллион қазақтың 100 миллиарды, Отыр ғой бүгін міне залға келіп. Ұлтымның көбейгені соншалықты, Тастадық Индияны шаңға көміп. Қазағым өз жеріне симағасын, Қытайлар жатыр жерін жалға беріп. Біздерге тоқал болып тиіп жатыр, Қыздарын ақша беріп алдап едік. Қазақтың қысық көзді келіндері, Боп жатыр құмырсқа емес, нанға жерік. Əрбір қазақ қытайдан қыз алсын деп, Өзгеріс енгізбейміз заңға неғып. Фараби Конфуцимен құда болса, Əлемді соғыссыз-ақ жаулар едік.

Монтижан айтылатын сырлар қайда, Жер шары саған мойын бұрғандай ма? Марсыңда ушыққан мəселе көп, Естігенде таң қалдым бұл мəн жайға. Көбісі өзге тілде сөйлейді екен, Ана тілде сөйлеуге тіл бармай ма. Шетелдерден аямай қарыз алған Билігіңді ел-жұртың сынға алмай ма? Уақытша тіркеу деген пайда болып, Жерлестерің ренжіпті бұл жағдайға. Гейклубтар көбейіп жатыр дейді, Ұлдарың қыз секілді қылмаңдай ма? Сəбилерін қоқысқа тастап кеткен, Апырай қыздарыңа дым болмай ма? Монти досым, Марсың не боп кеткен, Азғындықтың шегінде тұрғандай ма? Осындай мəселенің бірі де жоқ, Біздің Қазақстаннан үлгі алмай ма?...

МӨЛДІР:

Ақыры мақтануды тізгендейміз, Сенің айтқан сөзіңе біз көнбейміз. Планетамыз басқаша демесеңдер, Негізі біздер де дәл сіздердейміз. Сәл ғана айырмашылық бар, ол тек қана – Ешқашан қыс пен және күз көрмейміз. Юпитер мен Сатурнға сатамыз деп, Жерімізден тас түгіл мұз бермейміз. Балалар алтынменен ойнап жүреді, Қымбатшылық тамырын үзгендейміз. Баламызды шет елде оқытам деп, Ай жақтан таныс тамыр ізденбейміз. Бәріміз бір атаның баласымыз, Южан, север, ру менен жүз бөлмейміз. Бастысы ұрпақпенен намысты ойлар, Нептун мен Плутонға қыз бермейміз.

Несіне жауап таппай тарығамыз, Жалаңаш десе қалай жабығамыз. Сен біз жақтың дәстүрін білмейсің ғой, Сондықтан жала жауып неғымаңыз. Біз жақта ауа райы өте ыстық, Жеңіл желпі бір нәрсе жамыламыз. Онсыз да үш мың градус ыстық күнде Мақтадан киім киіп неғыламыз. Жалаңаш көрінетін себебі сол – Біздер тек адамдардың терісін жамыламыз.

Уа, халқым, бәрің өзің куәсіңдер, Құлаққа тек шындықты құясыңдар. Жанат досым үйленді екі ай бұрын, Айтыстан соң аямай жуасыңдар. Екі айда екі мыңнан асып кетті, Өмірге әкеліпті кіл асылдар. Шұғайып мың үшінші баласы екен, Ағайын соған назар бұрасыңдар. Марста мың екі жүз адам тұрады, Ал енді менің жайымды ұғасыңдар. Екі айда екі мың бала тудырсаңдар, Жер шарына қалайша сиясыңдар. Бес жүз балаң залда отыр әкешім деп, Өздерің щыңға салған ұясыңдар. Осы жерде бұл досым түрегелсін, Ақиқат болып жатса бұл егер шын. Монти досың сол жағын біле берсін, Өтірік деп күлгендер күле берсін. Мен мынаны Марсқа апармаймын, «Марс» деген шоколод жеп жүре берсін. Дәл осы қарқыныңмен кете берсең, Марсты үш-ақ күнде Қазақстан қылып жібересің. ҚАНАТ:

Əке атандым айтысқа құр келмедім, Түнімен əйеліме күн бермедім. Бала жасау заводын ашып қойдым, Бұрышына үйдегі бір бөлменің. Баламның көп екенін жасырмаймын, Сен бірақ жалған сөйлеп түр бермедің. 2 айда 2000 бала тудырдың деп, Монтижан тым өтірік бұл жерлерің. 2000 екендігін қайдан білдің, Сен түгіл өзім санап үлгермедім.

Елімде Универсиада дəріптелген, Жазылып кілең алтын əріптермен. Қоржынымыз толуда алтындармен Алтауын өзім ұтып салып келгем. Біздің спортшылардың бəрі қазақ, Мен оны өз көзіммен барып көргем. Тенистен Денис Тенің алтын алды, Ауылдың қазағы ғой ауып келген. Дмитри Рейхертта қандасымыз, Көкпарда бірінші боп шауып келген. Қарагөз қазақ қызы Юлия мен Алинаның жеңісін халық көрген. Осыларды тудырған мақтанамын Шықтым деп қазақ деген данқты елден. Қаракөз қандастарым аман болсын, Қазаққа алтын медаль алып берген.

Қаңтарда гүлдеп тұрған өрік талша, Жалған сөйлеп жарыстық зорыққанша. Өтірік айтуды енді доғарайын, Ұят қой біреу-міреу сеніп қалса. Ерманов пен Байбекке ризамын, Төл өнерге кіргізді көрік қанша. Мүмкүндікті ешқаншан жібермейді, Айтысты өткізетін повыт болса. Халқымыздың айтысын ардақтады, Жатса да Универсияда болып қанша. Қазақтың спортқа да көңілі толмас, Айтыскер ақындармен толыққанша. Біз де айтыс өте ме деп елеңдейміз, Айтулы бір іс шара болып қалса. Ағайын осыменен қош аман бол, Экспоның айтысында жолыққанша.

МӨЛДІР:

Отырсың мені сонша қинап неден, Бұл жерге мен өзіңді сыйлап кеп ем. Баламды өзім санап үлгермедім, Дейсің бе, сен туралы мәлімет жинап кеп ем. Екі мыңдай бауырым бар деп айтты, Жюриде отырған тұңғышың Ринат деген.

Отанға сезім мөлдіреп тұрсын, Қазақ деп жүрек елжіреп тұрсын, Планетаның қыр, құзында да, Қазақтың туы желбіреп тұрсын. Спортшылар барын салды ел үшін, Басшылар да жанын салды ел үшін, Қазақстан, бәрі сенің жемісің. Ел үшін, бәрі ел үшін.

Бүкіл қазақ тақым қысты Тен үшін, Денис Тен де барын салды ел үшін, Алдын күні алтын алды Денисің, Ал құтты болсын жеңісің. Аямай бір қол соқшы ағайын Тен үшін және мен үшін, Айтысын қолдап ел үшін.

775 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы