• Білім-ғылым
  • 19 Қаңтар, 2017

Елімнің өркендеуіне қосар үлесім қандай болмақ?

«Бүгінгі заманда өзінің асқақ арманына тек жаңаша ойлайтын, ерік-жігері мол, өзіне сенімді адамдар ғана қол жеткізе алады». Нұрсұлтан Назарбаев

Әлихан Жанарбек 

1994 жылы Алматы қаласында туған. Абылайхан атындағы Қазақ Халықаралық Әлем тілдері университетінің түлегі. «Қазақ газеттері» ЖШС-інде сайт маманы болып қызмет атқарады.

Тар жол тайғақ кешумен келген  Тәуелсіздік  бізге шаттық пен бақыт сыйлады. Міне,егемендігімізді ту етіп , еңселі ел болғанымызға жиырма бес жыл толып отыр. Ұлт–азаттық көтерілістер, Ұлы Отан соғысы мен желтоқсан оқиғасы, қатал сынақтан өткен жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында, біз өмір сүру бақытына ие болдық. Ел тізгінін ұстаған Елбасының  сарабдал саясаты қазақ елін биіктетті. Қазақстан мемлекетіндегі бейбітшілік пен тұрақтылық,ынтымақ пен бірлік - басты қағидаларының арқасында осындай жетістіктерге қол жеткіздік. Әрине, тәуелсіздік жылдары көп істер атқарылды. Жас мемлекетімізде саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім қалыптасып, Қазақ халқының береке, бірлігі артты.Білім мен ғылым,технологияның дамыған заманында мектептер мен жоғары білім беретін университеттер,балабақшалар салынып жатыр.Сан түрлі мамандықтар ашылып, ,ел дамуына үлес қосатын азаматтар өсіп келеді. Алаш арысы Мағжанның: «Мен жастарға сенемін»-деп үміт еткен жастарының алды болып ержеттік. Ендігі мақсат, бабаларымыздан қалған ұлы мұрат, Қазақ елінің гүлденуіне өз үлесімізді қосу. Қазақ атын әлемге кеңінен таратып, мәртебесін асқақтату.  Ал, менің, елімнің өркендеуіне қосар үлесім қандай болмақ? Өмірдің өзі арманнан басталады. Менің бала күннен арманым- өмірдің қайнаған ортасында жүретін журналист ағаларымдай болу еді. Арманымнан ешқашан айныған емеспін. Алдыма биік мақсат қойдым.  Ақыры журналистиканың ауылына аяқ бастым.Солар секілді қызмет атқарсам деген ниет басым болды. Күні кеше  Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде  жүрналистика факультетін тамамдадым. Қолымызға диплом алып  бір қуандық.  Ақпарат айдынында қызмет етуге жолдама алған курстас достармен қимастықпен қоштастық.Олардың  келешекте еліміздің  қалаулы азаматтары боларына сенемін. Университетте төрт жыл оқыған білімімнің  бір кәдеге жарайтынына сенімдімін.Өйткені бойда  өз мамандығыма деген сүйіспеншілігім бар,қуат пен жігер, болашаққа үміт пен сенім бар. Тізбектей келе айтқым келетіні, нағыз маман атану жолындағы алған білімімді кәдеге жарату, өз бетінше үздіксіз білім алу дағдыларын меңгеру, бәсекеге қабілетті болу, өз мамандығыма деген адалдық –  отансүйгіштіктің құрамдас бөліктері деп түсінемін. Ахмет атамыз айтқан , «Газет- халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген ұранды ту еткен  «Қазақ газеттері» ЖШС- не қарасты  «Үркер» журналында сайт редакторы ретінде жұмысқа кіріскенімді өзім үшін бір жетістік деп білемін. Қазіргі таңда елімізде және   жаһанда болып жатқан тың жаңалықтармен әлеуметтік желі арқылы оқырмандармен бөлісіп пікір алмасып отырамын. Аракідік белгілі бір тақырыптар аясында мақала жазып, ақ парақ бетіне өз ойымды түсіремін. Журналист өз творчествосы арқылы қоғамға қызмет етеді, билік пен халықты байланыстырушы дәнекер болады. Оған қоса, өмірдегі құбылыстардың мәнін түсіне білу де үлкен қасиет деп ойлаймын. Қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіп жазу дұрыс қана емес, міндет. Ал бұл үшін алдымен білім мен қабілет керек. Идеяға толы материалдар жазып, жұрттың назарын аудара білген жөн. Қалың көпшіліктің назарын аудару деген оның санасына әсер ету, халық арасында белгілі бір пікір қалдыру, қоғамдық оймен санасу. Демек, журналистің қолында белгілі бір ұғымда билік бар деген сөз. Билік пен халықты байланыстыратын алтын көпір жан- жақтылықты талап етеді. Ендеше мен «басшылардың көмекшісі» бола жүріп, ел ішіндегі күрмеуі қиын мәселелердің шешім табуына көмектесемін. Менің айтпағым,  Қазақстан мемлекетінің ертеңгі болашағы  жастарға , яғни бізге тәуелді. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген ұстанымы бүгінде біздің жолбасшымызға айналып отыр. Тәуелсіздік құрдастарына осынау мерейлі сәтте ортаға сауал тастағым келеді: Осы жылдарда өзің қуанатындай қандай тірлік тындыра алдың? 25 жылда қол жеткізген жетістігің қандай? Біздің «Үркер» журналын, басқа да жастарға арналған басылымдарды оқисың ба? Кел, пікір алысайық.  Біз ортаға ой тастадық, өздеріңнен пікір күтеміз, құрметті жас дос!

991 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы