• Білім-ғылым
  • 10 Тамыз, 2016

КӨРІНБЕЙТІН ЖҰЛДЫЗДАРДЫҢ СӘУЛЕСІ

Сейдулла Садықов, 
Түркістан Қазақ-Түрік университеті
«Қазақ филологиясы» кафедрасының 
профессоры, Қазақстан Журналистер 
одағы сыйлығының лауреаты

Қаумалаған шәкірттердің ортасында жүріп, ізгі ниет, пәк көңілмен ақ қанатты армандардың бастау-бұлақ көзін ашуға деген әрекет-құлшыныстарыңның нәтижелеріне шүкіршілік етесің. Мына бір жолдар нышан бере бастаған хош иісті раушан гүліндей әсер қалдырады...  
«Сейдулла ағай!
Бүгін қыстың ең соңғы күні. Қия алмай қамығып отыр ма екен, аспан ботадай боздап ебіл-дебілі шығып жауындатып тұр.

Ертең көктем.
Сіз бір мақалаңыздың соңын: «Осынау қасиетті қалаға ақ қанат арман жетектеп келген шәкірттерім Адам болғай!» деп бітіретін едіңіз ғой, мен де сол шәкірттеріңіздің бірі ретінде ұстаздық іңкәр сеніміңізді ақтап, АДАМ болатыныма сеніңіз. 
Ағай, мен Сізді ертеңгі көктем мерекесімен құттықтаймын. Алла қашанда өз мейірімімен қорғап жүрсін. 
Аман болыңыз! 
Ақиқатты ақ ту ғып өктем үні, 
Жаныңыздың кетпесін пәк тембілі. 
Шәкірттік тілегім бар Сізге, аға, 
Бақ, Ырыс, Құт әкелсін көктем күні.

Даңқыңыз дария боп еленетін,
Қаламыңыз арттырсын берекесін.
Көгілдір көктем мәңгі күліп тұрсын, 
Көтеріп көңіліңіздің керегесін!».
                             (Лира Қоныс, 2002).

Қасиетті Түркістанның бір азаматы ретінде киелі шаһардың күнделікті тыныс-тіршілігінің бел ортасында жүріп, болашақ ізбасарларға тәлім-тәрбие беруден асқан бақыт бар ма?! Сол шәкірттерің ұстазына өлең арнап, жырдан шашу шашып жатса шуақты сезімге бөленерсің... Шәкірт жүрегінің лүпілін тыңдап көрелік...
Сейдулла аға көңілде гүл көктетіп,
Гүл көктетіп, шындығын іздеп кетіп.
Ақиқаттың арлы үні жаңғырады, 
Жалғандықтың көз жасын дірдектетіп.

Паң қырандай жүретін самғап та тік, 
Самғап та тік, сөз-тұлпар ойнақтатып.
Сейдулла аға туралы сыр айтады, 
Ескі сүрлеу, соқпақтар жайнап жатып.

Түймедей сөзі түйе жығатұғын, 
Сұмдықтың сырып тастап сұрапылын.
Көкейінен күн көрінген Сейдулла аға,
Шәкіртке арнап айтқан мың ақылын... 

Жаныма ұстаз құйған нұр талаппен, 
Нұр талаппен келемін күн санап мен.
Алуан түсті өлеңмен өрнек салып, 
Келбетіңді кестелеп жыр-сабақпен.

Қазбауыр бұлттай мұңды тұмшалаумен, 
Өр үні асқақ шығып мұнша даумен.
Шәкіртіңмін, ізетпен бас иемін, 
Өзіңдей мәрмәр шың боп тұрсам мен!..
Анықтама: Бұл жолдардың авторы Журналистика бөлімін 2002 жылы бітірген  шәкіртім Лира Қоныс еліміздегі айтулы жазушылардың санатында, «Тарлан» сыйлығының иегері, бірнеше кітаптың авторы. Евразия Ұлттық университетінде журналист мамандарын даярлаумен айналысып жүрген ұстаз, филология ғылымдарының кандидаты Л.Қоныс қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америкада білім алып жүр.
Десте-десте жыр жолдары. Шәкірттердің ұстазға деген ыстық ілтипаты, шынайы құрмет сезімі. Бұдан артық не керек?! Кей-кейде осы жырларды оқып отырып, жаным күлтеленеді, сезім моншақтарының от-ағыны өн бойымнан жүріп өткендей болады. Сонау сағым жылдарды сағынышпен еске аламын, көз алдыма сүйікті шәкірттерімнің балаң да балғын жүздері келеді. Құдды бір шүпірлеген сарыауыз балапандардың таңғы шықтай мөп-мөлдір пәк көңіл көкжиектерінің керегесі түріліп бара жатқандай күй кешемін... Кезінде мына бір жыр жолдарын шәкірттерім журналыма білдірмей қалдырып кетіп еді. Көз жүгіртіп көрейік...
Тұңғиық мынау зар заман,
Ізің бар бізге жалғаған.
Запыран құсқан ұлы аға, 
Шеріне ертең зар болам.

Өмір ғой мынау шерменде, 
Жырлауды бізге бергенде. 
Қазақтың бүкіл шерлі үні, 
Тірілді сізді көргенде.

Төрткүл дүние қаралы,
Дүрліге алып барады.
Кеудесін өксік тырнаған,
Ұстаздың жаны жаралы. 

Мейіріңе ыстық жылынам, 
Шырқырап тусын құлын ән. 
Қара сөздің қуып қаймағын,
Қолымды жайдым, құбылам.

Жалынам, жаным, тәңірім,
Тірліктің тыңдап бар үнін.
Арманға қарай қол созсам,
Жағып қой ұстаз сағымын.         

(Шәкіртіңіз Әділбай Бақытхан, ФЖК-011, 1 наурыз 2013)

Ағатай, ағатай-ау...
Ағатай, ағатай-ау өктем демі,
Көңілім жадыраған көктем еді.
Өзіңе бір жырымды арнасам деп, 
Ойланып жүрген едім көптен бері.

Жат өлке жанға маза жай таппадым, 
Санамды суық жүздер шайқап қалдың.
Өзге орта жауратқанмен жылына алар,
Жылылық дидарыңнан байқап қалдым. 

Бұл неткен жайсаңдылық, жаның аңғал, 
Бойыңнан бар қасиет табыла алар.
Шынайы сезімдерді биік қойған,   
Өзіңдей бар екен-ау ағатайлар!
                                     (Шәкіртіңіз Ғалымжан Сәрсеков, ФЖК-011, 21 ақпан, 2011)

Ұмытпасам, осыдан он бес жылдай уақыт бұрын ғой деймін. Талантты ақын Болат Шарахымбайдың қойған сауалы әлі есімде. – Аға, - деген еді ол, - біздің «Қазақ әдебиеті» газетіне жазғы өндірістік тәжірибеден өтуге Алматы, Астана, Қарағанды, Қызылорда секілді қалалардағы журналистика факультеттері мен бөлімдерінің студенттері де келіп жатады. Солардың арасында Түркістаннан келген студенттердің қабілет-қарымы, дарыны ерекше назарға ілінеді. Соның мәнін қалай түсінуге болады?
Адамзат баласының тарихында әлдеқашан қалыптасқан түркі әлемі деген қастерлі ұғымның түпқазығы, рухани шаңырағы, ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидың Отаны – қасиетті Түркістанда бабалар рухы мәңгі жаңғырығып жатыр. 
Біздің басты мақсатымыз - жүрек түкпірінде иман ұялаған, бойларында асқақ рух бар, ата-бабалар дәстүрін берік ұстанған, Түркістанның киелі топырағына табынатын, туған жерін, елін шексіз сүйетін, кәсіби мамандығына адал жастарға заманауи тәрбие беру. Осы ізгілікпен көмкерілген асыл ой-армандар қасиетті Түркістанда жүзеге асып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Біз осылай ойлаймыз. Ақын інім Болаттың сауалына осы төңіректе жауап беруге тырыстық... 
Биыл университетіміздің шаңырақ көтергеніне ширек ғасыр, ал Журналистика бөлімінің ашылғанына жиырма екі жыл.Журналистика мамандығын ашудың басы-қасында болғаным бағым болар...
Кезінде қасиетті топырақтағы оқу орнының табалдырығын имене аттаған балауса шәкірттеріміздің арасынан тамаша журналистер, талантты ақын-жазушылар шықты. Дәрістерімізді, ұстаздық ақыл-кеңестерімізді ибалықпен тыңдап өскен сол балғын шәкірттеріміздің жүздері әлі де көз алдымызда.      
Қазір қалың оқырманға кеңінен танымал болып, әдеби ортаны мойындатқан ақын-жазушылар, журналист-публицистер Лира Қоныс, Айгүл Сейілова, Жолдыбай Базар, Гүлмира Садықова, Айдар Құлжанов, Нәзира Байырбекова, Жадыра Нармаханова, Дәурен Әбдіраманов, Әбдірахман Қыдырбек, Ғабит Сапарбек, Мақсұт Айтжанов, тележүргізуші Ғани Жәпішев, радиожурналист Азамат Тілепов, тағы да басқа кезінде өзіміз үміт күткен сүйікті шәкірттеріміз біз аңсаған биіктен көрініп жүр. Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстаннан» бастап, барлық республикалық беделді газет-журналдарда, «Қазақстан», «Хабар», «Қазақстан-Шымкент», «31 канал», « Таң» телеарналарында, Қазақ радиосында, Ақпарат агенттігінде, Тәуелсіз басылымдарда шәкірттеріміздің абыроймен қызмет етіп жүргенін ризалықпен айта аламыз. Олардың қай-қайсысын болмасын қасиетті Түркістандағы ұлы бабалар рухы жебеп, қолдап жүргендей сезінеміз.
Жылдар жылжып өтіп жатыр. Кей-кейде жұлдыздары жыпырлаған түнгі аспанға ұзақ-ұзақ қараймын. Миллион-миллион жұлдыздар. Ойлаймын: көрінбейтін де миллиондаған жұлдыздар да бар-ау. Аспан дегеніңіз тұңғиық әлем ғой. Сол көрінбейтін жұлдыздардың аппақ нұры, алтын сәулесі бір-бірімен тұтаса келе алтын белбеудей Құс жолын құрайтын болар. 
Ақ қанатты арман жетегінде жер-дүниені шарлап жүрген шәкірттерімді көрінбейтін жұлдыздардың алтын сәулесі демей көріңіз...

 

 

 

527 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы