• Білім-ғылым
  • 15 Наурыз, 2016

Міндетім – жеке тұлға қалыптастыру

Кәмшат Елеулиева 

Алматы облысы, Ұйғыр ауданында дүниеге келген. 2003 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Қазақ филологиясы» факультетін тәмамдаған. Қазіргі таңда Алматы  темір жол көлігі колледжінің оқытушысы. Бірнеше мақалалары мен өлеңдері аудандық, қалалық, республикалық басылымдарда жарық көрген. 

Ұстаз болу – жүректің батырлығы, 
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы. 
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,  
Ұстаз болу – адамның асылдығы, — деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, ұстаз ақылды, мейірімді, батыл, білімді, жан-жақты болу керек. Әрине, ұстаз жүгі – ауыр жүк. Сол себепті де ұстазға «Өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялайтын жан», — деп Ж.Ж.Руссо баға берген болатын.
   Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың: «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»,  - дегені бәрімізге мәлім. Еліміз өркениетті елдер қатарынан орын алып, ұрпағымыз қоғам қажеттілігіне сай болып жатса, бұл - ұстаздар еңбегінің жемісі. Олай дейтінім ақынды да, батырды да, алыпты да, дананы да, тіпті баланы да ұстаздар тәрбиелейді. Ұстазы қандай болса, қоғамы да сондай болмақ делінген бұлжымас заңдылық ерте уақыттардың өзінде–ақ белгілі болды. 
      Мен - ұстазбын, мен - оқытушымын, мен жас ұрпақты келешекке жетелеп апаратын - тәрбиешімін. Оқытушы ретінде алдымда отырған студенттерді ертеңгі күні білімді, адамгершілігі мол, қоғамымызды өркендетуге қабілеті мен қарымы жететін азамат, жеке тұлға тәрбиелеу үшін, оларды өз бетімен білім алуға, терең ойлап, ойын дұрыс жеткізе білуге үйретудемін.
     Менің оқытушы ретінде міндетім - жеке тұлғаны қалыптастыруға атсалысу, қоғамның бір бөлшегі жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындату, оларды өмірден өз орнын табуға көмектесу, бағыт - бағдар беру. Осы қиын да қызық мамандық мені ешқашан жалықтырған жоқ, қайта өмір сүруге күннен — күнге құлшынысымды арттырып, жаңа жолдар мен шешімдерді, жаңа әдіс — тәсілдерді іздеуге итермелейді.  
Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту - заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын әдіс - тәсілдер баршылық. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында жиі қолданылып отырған жаңа әдіс - тәсілдердің бірі оқушылардың жазу мен оқуда сын тұрғысынан ойлау қабілетін қалыптастыру  және ақпараттық - коммуникативтік технологияларға бағытталған әдіс-тәсілдер. Осындай әдістеме негізінде оқушыларға қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәндерінен терең де тиянақты білім беруді өз тәжірибемде жиі қолданамын. Атап айтсақ, 2012-2015 жылдар аралығында
•    «Қазақстан – 2050: Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының  басты бағыты» атты тақырыпта 1-2 курс студенттері арасында өткізілген конференция;
•    «Ойын технологиясы» арқылы оқушылардың ынтасын дамыту» тақырыбында жас мамандар арасында өткізілген семинар сабағы;
•    «Қазақ тілі» атты теміржол мамандығы бойынша білім алатын студенттерге арнап дайындалып жатқан көмекші құрал;
•    «Мәңгі өлмес жырларымен із қалдырған»… тақырыбындағы колледж студенттері арасында өткізілген әдеби-сазды кеш; 
•    «Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім!..» атты 1-курстар арасында өткізген мәнерлеп оқу сайысы;
•     «Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ» атты студенттерді  ата - бабамыздан қалған өсиет сөздер, мақал-мәтелдер  арқылы ойын нақты әрі дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге,  салмақты ой айтуға үйретуге бағытталған сайыс сабағы;
•    «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында дидактикалық  ойындар мен  танымдық ойындарды пайдаланудың  тиімділігі» атты педагогикалық оқылымға жасалған баяндамам;
•     «Мен және болашақ» атты «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» стратегиясына арналған сайыс-конференция;
•    «Мақала жазу үлгісі» атты семинар сабағы;
•    Колледжішілік, аудандық, халықаралық басылымдарда жарық көрген мақаларым мен өлеңдерім т.б. жасаған жұмыстарымның айқын дәлелі болмақ.
Осындай жұмыстар арқылы ең әуелі оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы артады, бір-бірімен пікір алмасып, сөздік қоры молаяды, еркін сөйлеу, өз ойларын жеткізе білу дағдылары қалыптасады, оқулықпен жұмыс істеуге, бір - біріне жүйелі сұрақтар қоя білуге дағдыланады. 
Менің қызмет жолындағы педагогикалық ұстанымым - ел есінде бір жыл қалғың келсе - ас бер, он жыл қалғың келсе - ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе - бала тәрбиеле. Мен үшін ең қастерлі де, қасиетті мамандық ол - ұстаздық. Халқымызда «Жас келсе - іске» деген керемет сөз бар. Демек мен бойымдағы жастық жігерімді, күш - қуатымды, жаңашылдығымды шәкірт тәрбиелеуге жұмсауым керек. Болашақта өз студенттерімді биік белестерден көрсем, сол үшін өзімнің кішкене де болса үлесім тиген болса, мен өзімді бақытты ұстаз, бақытты адам деп білемін. 
Ұстаздық еткен 12 жыл ішінде мен өз іс - тәжірибемді түйіндей келе төмендегідей ой қорыттым. Егеменді еліміздің ертеңі жастарға жүйелі білім, тәлімді - тәрбие беруде халық педагогикасының мән - маңызы күн өткен сайын артып келеді. Оқытушы - баланың жеке тұлғасын қалыптастырушысы, маңызды тәлім - тәрбие өнегесінің бастаушысы, жарқын үлгісі, бала қиялын самғатып, арманын көкке ұсындырушы басты тұлға. Бүгінгі жас өркеннің ертеңгі әлеуметтік - саяси қоғам мүшесі ретінде қалыптасуында тәлім - тәрбиенің маңызы зор екендігі белгілі. 
Ендеше қоғамдағы қол жеткен тәрбиелік жақсы дәстүр атаулыны пайдаланып, биік адамгершілік қасиеттерге баулу, тәрбиелеу – оқытушының басты міндеті. «Ұстаз шәкіртке күн болып көрініп, нұр болып төгілуі керек» - демекші,  жаңа ғасыр мұғалімінің  бойында  сергектік, байқағыштық, сезімталдық, әділдік, байсалдылық, сабыр сақтау  сияқты қасиеттер  тоғыса  келе, олар мейірімділік  атты  ұлы ұғыммен ұштасып жатса ғана  біз діттеген мақсат - мүддемізге  жетіп, «ҰСТАЗ» деген  ардақты атаудың шын  иегері болатынымызға  кәміл сенемін.

АДАМГЕРШІЛІГІ МОЛ,  РУХЫ БИІК, 
ТӨЗІМДІ ТҰЛҒА ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ  ТӘРБИЕНІҢ МАҢЫЗЫ

Қазақ халқында «Тәрбие - тал бесіктен» деген нақыл сөз бар. Бұл сөзден адам үшін тәрбиенің  маңызды рөл атқаратынын байқаймыз.
Тәрбие ұғымын әркім әр түрлі түсінеді. Қазақ халқы бала тәрбиесіне, біліміне қашанда ерекше мән берген. Ел болам деген халық, болашағын бесігін түзетуден бастайды. Жалпы, қандай тәрбие болса да, оның басты мақсаты - адамды қайырымдылыққа баулу, елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Білім мен тәрбие ажырамас  егіз  ұғым, оларды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды.  Әрине, тәрбие жалаң болмауға тиіс, жалаң тәрбие қашан да қауқарсыз. Ұлы данышпан Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білімнің күні қараң», «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген даналық сөздері осының дәлелі болса керек. Сондықтан бүгінгі бәсекеге қабілетті  қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның  мұң – мұқтажын өтерлік, білім-ғылым нәрін берумен қатар, өз халқымыздың  тағылым қағидаларын жеке тұрғыда үйретіп, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды, отаншыл азамат етіп тәрбиелеу көзделінеді.  Себебі, бүгінгі бала ертеңгі ата-ана, бала тәрбиелеуші, халық өкілі, ел намысын қорғаушы, ата-бабаларымыздың  ізін  жалғастырушы. Еліміздің дербес мемлекет ретінде дамуы қоғамның болашақ ұрпақтарын ұлттық ерекшеліктерімен тәрбиелеуді қажет етіп отыр. Ал халқымыз ежелгі тәлім-тәрбие тұжырымдамасында «Тәрбие дегеніміз -  халықтың ғасырлар бойы жинақтап, іріктеп алған озық дәстүрлерін жас ұрпақтың бойына сіңіру» – деп көрсетуі бүгінгі әрбір қазақ баласын өзінің діні мен діліне сай үйлесімді тәрбиелеуді көздейді. Демек, егемен еліміздің еңсесін биік ұстап, өзгеге есесін жібермеу үшін білімді де жігерлі, саналы да сауатты, сонымен қатар  тәрбиелі, рухы биік, төзімді  ұрпақ керек. 
Қай ғасырда болсын, саналы да сауатты, ұлтжанды, рухы биік, ақыл - парасаты мол, мәдени – ғылыми өрісі кең, төзімді  тұлғаны тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндет болып саналған.  Ал, ХХI ғасыр - бәсеке ғасыры, бұл бәсеке енжарлықты, керітартпалықты көтермейді. Еліміз егемендігін алып, өзін бүкіл әлемге мойындата бастаған бұл кезеңде біздің қоғам дарынды, қабілетті, жан-жақты жетілген адамдар мен  ұлттық құндылықты әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті, өзіндік жеке көзқарасы қалыптасқан тұлғаларды қажет етеді.  
Дана халқымыз тәрбиелік мәні зор  әдет – ғұрпымызды,  салт – дәстүрімізді  пайдалана отырып, баланы шынайы  адамгершілік, табандылық  қасиеттерге баулып, тәрбиелеуді мақсат етіп отырған. Ұрпақ бойындағы осы қасиеттерді қалыптастыру  талабы  қазіргі білім беру орындарының алдына ерекше міндеттер қоюда. Өйткені өмір сүру қаншалықты күрделі болса, алдындағы мақсатынан айнымай, жолда кездескен қиындықты өз бетімен шеше алатын, адами мінез – құлық қасиеттерін басқара алатын, өмір сүруге бейімделген, тұрақты тұлғаны  тәрбиелеу оңай мәселе  емес. Демек, алдымен  жас ұрпақтың бойында  ар - намыс, мінез – құлық, шыдамдылық қасиеттерін қалыптастырып, ұлттық рухани құндылықтарымыз арқылы  әлемдік  өркениетке жету үшін халықтың асыл мұраларын пайдаланудың маңызы зор. 
Қорыта келгенде, егемен еліміздің келешегі мен кемел білімі  ұлағатты тәрбиеге байланысты. Бүгінгі біздің алдымызда тұрған негізгі міндет – Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсетілгендей, «Патриотизм, адамгершілік нормалары, өнегелік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, дене және рухани саулық, заңға мойынсұнушылық - осы құндылықтарға барлық білім беру мекемелері баулуы тиіс».
Қазіргі жаһандану ғасырында бүкіл әлемді мойындата алатын ұрпақты тәрбиелеу қажеттілігі туды. Осы орайда «Жылы сөз тәрбиенің кілті де, құлпы да, сондықтан жылы сөз сөйлеуге әр кез дайын бол» деп даналарымыз айтқандай, жылы сөзімізбен, әдет-ғұрып, салт-санамызды сақтай отырып, қазіргі заманға, болашағымызға  лайықты, өзін – өзі дамыта алатын, кездескен қиындықтарды шеше алатын тұлға тәрбиелеп, бала жүрегінен орын таба білейік!

 

 

 

435 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы