• Білім-ғылым
  • 01 Қазан, 2012

Мамандықты кім таңдайды?

Қазіргі таңда мамандық таңдау тым қиын. Болашақта әнші, биші, жазушы боламын дейтіндерге кейбір замандастарым біртүрлі қарайды. Жан қалауындағы мамандықтан көрі, заман қалауындағы  кәсіп дұрыс дейді үлкендер жағы. Қайсы дұрыс, қайсы бұрыс, білмей далмыз.

Жалпы мамандық таңдау ата-ананың құзырындағы шаруа ма, әлде?..

Бірде сыныптастарыммен осы төңіректе әңгімелесіп қалған едім. Сол сырласудың ықшамдалған нұсқасын «Үркер»  журналының оқырмандарымен бөліскенді жөн санадым.

Шералы Толымбеков:

– Шынымды айтсам, мен дәрігерлер отбасының баласымын. Бүлдіршін кезімнен таза жүріп, таза тұруға дағдыландым. Дәрі-дәрмектің түр-түрін, оның қандай сырқатқа қолданылатынын да тәп-тәуір білемін. Қан қысымын өлшеуде де білемін кішкентайымнан. Содан шығар дәрігер болғым келген. Алайда ата-анам менің бұл шешіміме қарсы. Олар менің болашақта қаржыгер болғанымды қалайды. Үлкендерді де тыңдағаным дұрыс қой деймін.

Нұрғалым Укиев:

– Өзіңіз білесіз қазір біздің елде оқуға түсу үлкен проблемаға айналып барады. Жыл сайын жоғарыда отырған ағаларымыз әйтеуір бір нәрсе ойлап табуда. Бұл оқушылар үшін әрине қиын жағдай. Оқуға түсу үшін кем дегенде 70 балл алу қажет, ҰБТ мәселесі күрт өзгерді. Бір кезде оқуға түсу үшін 45 балл жинау керек болса, қазір өздеріңізге белгілі 70 балл шамасы болып тұр. Яғни бұл бұрынғыдай аға-көкелерінің арқасында емес, тек қана оқуға қабілеті бар, оқимын деген оқушыға ғана жоғары оқу орнына есік ашылады деген сөз.

Менің мектеп бітіруіме де аз қалған жоқ. Осы кезден бастап мамандық таңдауға қамдануым керек.

Мұнай саласында қызмет етсем дейтін арманым бар. Өздеріңізге белгілі «Қазмұнайгаз» компаниясы мені өте қызықтырады. Бірақ бір нәрсе қатты мазалайды. Өз жерімізде тұрып, сол компания өнімінің тек қана 10%-ы ғана біздің елімізге тиесілі. Ал қалған 90% шетелдіктердің үлесінде. Бұл ойланатын жағдай. Келешекте Құдай қаласа оқып, жетіліп сол компанияның акционері болсам деген арманым  бар. Содан соң жоғарыда мазалаған сұрақтың шешімін табуға барынша күш жұмсаған болар едім.

Әнуар Төленді:

–Болашақ мамандығымды мен өзім таңдадым. Өскенде әлемдік экономика саласында жұмыс істеймін деген мақсат қойдым алдыма. Сол арманыма жету үшін бар күшімді саламын.

Неліктен  бұл мамандықты таңдадың деген сұрақ туындайды? Ең бастысы, экономика саласында жұмыс істеу үшін математиканы жақсы білу керек.  Сонымен қатар логика жақсы дамыған болу керек. Тез әрі дұрыс шешім қабылдау қабілетің болу керек. Осыдан басқа есте сақтау, қабілетің мықты, ой өрісің кең болу қажет. Болашақта экономика саласында жұмыс істейтінімді түсіндім. Бұл салада істей жүріп, әлемдегі барлық мемлекеттердің жағдайын, табиғатын, пайдалы қазбалар ресурстарын, импортын, экспотын, халықтың белсенділігін және экономикасын көруге болады. Егер мен әлемдік экономика саласында жұмыс істесем, кем дегенде 3 тілді білуім керек. Қазір соған талпыныс жасап жатырмын.

Бұл мамандықты таңдауыма ата-анам қарсы болған жоқ. Анам да, әкем де сеніп, шешіміммен келісті. Мен олардың сенімдерін ақтауға тырысамын.

Аяулым Нұртілеуова:

– Әрине, әр адамның алдына қойған мақсаты, арманы болады. Иә, менің де өз арманым, алға қойған мақсатым бар. Мен кішкентай кезімнен стюардесса болуды армандадым. Бірақ ен бірінші анамның арманын орындауым керекпін. Ал ол менің дәрігер болғанымды қалайды. Мектеп қабырғасынан кейін дәрігер болуға бірінші қадам басамын. Ал сосын өз арманымды 3 курстан кейін орындаймын. Мен осы алдыға қойған мақсаттардың бәрін орындауға қол жеткізуге тырысамын. Дәрігер болу да менің жаныма жақын мамандықтардың бірі. Мен ол мамандықты таңдай отырып, адамдарға көмек көрсете алатыныма қуанамын.

Бектөре Әбдірахманов:

Менің таңдауым заң қызметкері болу. Бұл мамандықты таңдау себебім, ол менің көңіліме жақын, өте қатты ұнайды. Бұл мамандықты таңдағаныма әке-шешем қолдау көрсетті.

Әсем Әлмұхамбетова:

– Кішкентай кезімнен дәрігер болғым келді. Мен таңдаған мамандықтың тікелей адамдармен байланысты екенін білемін. Бұл шешіміме жанұям ешқашан қарсы болған емес. Әйтсе де осы 16 жасыма дейін мамандық таңдау мәселесіне онша мән берген емеспін.

Мектеп бітіруіме аз қалғаннан ба, қазір осы мәселеге өте үлкен жауапкершілікпен қараймын.

Міне, менің замандастарымның мамандық таңдаудағы пікірлері осындай. Олардың осы пікірлерінен болашағына бейжай қарай алмайтындығын аңғаруға болады. Басқа да замандастарым мамандық таңдауда қателеспесе екен деймін.

Сауалнаманы жүргізген:

Гүлім Рысқұлова

Алматы қаласындағы №141мектептің

10 «б» класының оқушысы.

450 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы