• Cұхбаттар
  • 26 Наурыз, 2015

МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ – БІЛІМДІ ҰРПАҚТА

Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе – білім ұяларын Назарбаев зияткерлік мектебінің оқыту дәрежесіне жеткізу екені анық. Осы орайда Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашевамен тілші арасындағы болған әңгіме алып шаһардың білім беру ісіндегі қол жеткізген табыстарын, алда атқарылар істерін жан-жақты саралайды.

-Рахат Сейдахметқызы, Алматы қаласының білім саласын басқарғаныңызға бірнеше жылдың жүзі болды. 2014 жыл Білім жылы деп жарияланған еді. Қазіргі таңда өткен жылды қорытындылап, жаңа жылға аяқ бастық. Осы бір сәтте қандай жетістіктерді ауыз толтырып айтуға болады?  
- Жалпы өткен жыл Алматы қаласының білім саласы үшін жемісті жылдардың бірі болды деп айтуымызға болады. Өздеріңіз білесіздер, біздің елімізде  ғылыми білімді насихаттау және оқушылардың білім алуға қызығушылығын арттыру, дарынды балаларды анықтауға қажетті жағдай жасау мақсатында  жалпы білім беретін пәндерден олимпиадалар, ғылыми жоба конкурстары өтеді. Сондай республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында Алматы қаласының командасы алдыңғы қатарда, атап айтқанда  9 жыл қатарынан республикалық жалпы білім беретін пәндерден олимпиадаларда, сондай-ақ 12-ші жыл қатарынан республикалық ғылыми жобалар конкурстарында 1-ші командалық орынды жеңіп келеді. 2014 жылы халықаралық, республикалық олимпиадаларда, оқушылардың ғылыми жоба конкурстарында Алматы қаласының оқушылары 418 (халықаралық деңгейде – 280, республикалық деңгейде – 138) жүлделі орынға ие болды.
Оқушылардың білім жетістіктерін сырттай бағалау (ары қарай БЖСБ) 2014 жылғы 15-28 сәуір аралығында Алматы қаласының 23 мектеп базасында өтті. БЖСБ-да 9-шы сыныптардан 1281 оқушы қатысты. Оның қазақ тілінде оқитыны – 336 адам, орыс тілінде оқитыны – 945 адам. Қала бойынша 2014 жылғы БЖСБ-дың орташа балы – 53-ті құрады (мүмкін болғаны 80). БЖСБ-дың орташа балы өткен жылмен салыстырғанда 3 баллға өсті.
Оқушылардың білім жетістіктерін сырттай бағалаудың қорытындысы бойынша Алматы қаласы 2014 жылы да  бірінші орынды иеленді. 2014 жылы ҰБТ-ге 4900 мектеп бітіруші қатысты (қазақ тілінде оқитыны – 2338, орыс тілінде оқитыны – 2562 адам).  
Өткен жылы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы барлық негізгі параметрлер бойынша 2013 жылғы көрсеткіштерден жоғары болды.  Орташа балл – 93,4, яғни 2013 жылмен салыстырғанда 6,2 балға жоғары. 100-ден жоғары балл жинақтаған  мектеп бітіруші саны – 1831, яғни өткен жылдармен салыстырғанда  14,1%-ға артты. Жалпы орта білім туралы «Алтын белгі» аттестатын алуға 229 үміткердің 184-і өз білімдерін дәлелдеді, яғни  көрсеткіш  9,6 пайызға артты. Алматы қаласы бойынша ең жоғарғы 125 балды №159 гимназия түлегі Марат Әсия мен №178 лицей түлегі Әбдіжапар Айғаным жинақтады. 124 баллдан 5 түлек жинақтады (№90 лицейден – 2, №34 гимназиядан – 1, №173 лицейден – 1, №176 мектеп-гимназиядан - 1). ҰБТ қорытындысы бойынша республика көлемінде Алматы қаласы үшінші жыл қатарынан бірінші орынға ие болды.
Сонымен қатар 2014 жылы қалалық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауы өткізілді. Конкурстың нәтижесінде қала әкімінің грантын №39 мамандандырылған лицей иеленді. Аталған мектепке жергілікті бюджеттен 14 млн. 928 мың теңге көлемінде грант бөлінді.
«Алматы қаласында білім беруді дамыту жылы» аясында Білім басқармасының бұйрығымен атаулы мектептер құрылды. Бұл мектептер 2014-2015 оқу жылының 1 қыркүйегінен өз жұмыстарын бастады.
№159 гимназияда тарих пәнінің мұғалімі Г.С. Асанбекованың, №178 лицейде математика пәнінің мұғалімі З.Н.Қиябаеваның шығармашылық лабораториясы қала мұғалімдері арасында тәжірибе алмасу бойынша тренингтер, оқыту семинарларын, ашық сабақтар өткізетін ғылыми-әдістемелік база болып табылады.
- «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген даналық сөз бар. Білімді ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың біліктілігіне ерекше назар аударылады емес пе?! Мұғалімдерді жоғары деңгейлік курстардан өткізу ісі қалай жүргізілуде?
-2012 жылдан бастап мұғалімдердің біліктілігін арттыру жаңа форматта өткізіліп келеді.
Алматы қаласы бойынша 3 жылдың ішінде үш деңгейлік курстардан, атап айтсақ 3-ші деңгейлік курстан – 256, 2-ші дейгейлік курстан – 300, 1-ші дейгейлік курстан – 1331, барлығы  1887 мұғалім өтті. Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектебі базасында жаңа форматтағы біліктілігін арттыру курстарынан 74 мектеп басшылары мен олардың орынбасарлары өтті.
-Халық санының өсуіне байланысты шаһарда балабақшаға деген сұраныс әлі де өзекті. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеуде қандай шаралар, тың жобалар атқарылмақшы?
-«Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2014 жылы 4 мектептің аумағында (№58, 96, 115, 129) және «Саялы» шағынауданында барлығы 800 орынға арналған балабақшалар салынып, есігін ашты. Алматы облысынан 2 мемлекеттік, 21 жекеменшік балабақша іске қосылды.  626 орынға арналған 12 жекеменшік балабақша мен 1757 орынға арналған 16 жекеменшік шағын орталықтар балдырғандарды  қабылдай бастады. Жалға берілген 12 топтық  250 орынға арналған  бір балабақша және №114 балабақшадағы 50 орындық 2 топ қайтарылды.
Сонымен, өткен жылы  балабақшаларға 4630 орын қосылды.  Осыған орай, 2014 жылдың ішінде кезекте тұрған 1 мен 6 жас аралығындағы бала саны 2596-ға, 3-6 жастағылар – 1483-ке азайды.
Елбасы  «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Жолдауында  3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесіне басты назар аударды.
Осыған байланысты мектепке дейінгі ұйымдарда  орын тапшылығын азайту мақсатында 18 балабақшаның құрылыс жұмыстары басталған болатын, оның 11-і жергілікті, 7-уі республикалық бюджет есебінен. Бүгінгі күнде 18-дің  біреуі ашылды, 17-сінде құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Қала бойынша 49007 бала 301 балабақша мен 43 жекеменшік шағын орталықтарға барады, бірақ бүгінгі күнде кезекте тұрған 1 мен 6 жастағы балалар саны – 52 240, соның ішінде 3 пен 6 жас аралығында – 21 620 бала бар.
- Қала бойынша 6 мектепте бірнеше пәндер ағылшын тілінде жүргізіледі екен. Үш тілде оқытатын білім ұялары да баршылық. Мұндай мектептердің мемлекеттік тілдің қолданысын нығайтудағы ықпалы қаншалықты.
- Алматы қаласында  №№8, 34, 140, 159 мектептерде және қазақ-түрік лицейлерінде жалпы білім беретін пәндер үш тілде оқытылады. №8 гимназияда – жаратылыстану, география; №34 гимназия мен №140 мектеп-гимназияда  – биология; №159 гимназияда – математика; қазақ-түрік лицейлерінде – математика, физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады. Барлығы 1402 бала қамтылған.
    Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларына сәйкес қазақ тілі аптасына 2-3 сағаттан оқытылады. Сонымен қатар, бұл мектептерде гимназия компоненті, факультатив сағаттарының есебінен «Шешендік өнер», «Тіл дамыту», тағы басқа арнайы курстары ұйымдастырылған.
    Қалада қазақ тілін оқытуға ерекше назар аударылған. Тек Алматы қаласында қазақ мектептерінде қазақ тілі пәнін сыныптағы оқушыларды екі топқа бөліп оқытады. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен қосымша  921 млн. 678 мың теңге бөлінді. Сондықтан қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында қаламызда барлық жағдай жасалған.    
- Қала әкімінің 1000 ұстазды марапаттағанынан хабардармыз. Біздің журналымызбен аттас «Үркер» төсбелгісін алған оқушылар мен «Жыл мұғалімі» атанған мұғалімдердің кейбіреулері туралы мәліметтер келтірсеңіз екен...
    -2009 жылы алғашқы рет ғылым, бейнелеу өнері саласында халықаралық, республикалық олимпиадалардың, жарыстар-дың жүлдегерлері атанған дарынды балаларға Алматы қаласының әкімі Есімов Ахметжан Смағұлұлы арнайы «Үркер» төсбелгісін бекітті.
«Үркер» төсбелгісімен 2009 жылы қала мектептерінің 78 оқушысы марапатталған болса, өткен жылы 350 оқушы жүлдегер атанды. Яғни, көрсеткіш 4,5 есеге артты деген сөз.
«Алматы қаласында білім беруді дамыту жылы» аясында Білім беру қызметкерлерінің тамыз кеңесінде Алматы қаласының әкімі шығармашылықпен жұмыс істейтін, креативті 1000 үздік мұғалімге  300 мың теңгені құрайтын бір реттік ақшалай сыйақы тапсырды. Оған жергілікті бюджеттен 329 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді.
    Мұғалім мамандығының мәртебесін көтеру және оны насихаттау мақсатында «Үздік педагог» конкурсы өткізілді. Қалалық конкурстың қорытындысы бойынша республикалық комиссияның қарауына 8 жеңімпаздың материалдары ұсынылды.     Республика көлемінде жеңімпаз атанған 48 мұғалімнің 5-еуі Алматы қаласынан болды. Жеңімпаздардың арасында екі физика пәнінің мұғалімі (Шадиев Қайратбек Хамзаханұлы - №159 гимназия, Шажабаева Күлжан Сауытқызы - №175 гимназия), бір математика пәнінің мұғалімі (Пак Олег Владимирович - №134 лицей), бір музыка пәнінің мұғалімі (Ерболған Ғалиябану Қожабекқызы - №172 мектеп-гимназия) және туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің арнайы пәндер оқытушысы (Тульбаев Фархад Сейітұлы) болды. Қатысқан әр мұғалімге 1 млн. 850 мың теңгені құрайтын сертификат тапсырылды.
-Әңгімеңізге рахмет. Қала оқушы-ларының білім жетістіктері, әрине ең алдымен, білікті ұстаздар еңбегінің жемісі ғой. Ендеше, ұрпақ тәрбиесі ешқашан ақсамасын деген тілек қосамыз.

Сұхбатты жүргізген
Салтанат ҚАЖЫКЕН

 

 

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы