• Білім-ғылым
  • 19 Ақпан, 2015

Ислам СӘРСЕНБЕК – тума талант

Құдайға шүкір, білімді, жігерлі, мәдениетті жас өрендеріміздің қатары жыл санап көбейіп келеді. Сондай өнерпаздардың бірі Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ислам Сәрсенбек деуге толық негіз бар.  
-Менің ұлымның өмірге келуінің өзі бір төтенше жағдай. Түсімде алтын балық ұстап алыппын, оған Ислам деп,-деп ат қойып жатыр екенмін. Содан көп ұзамай дүниеге сәби әкелдім. Есімін Халифа Алтай ата мен Бәтима әжеміз Ислам деп қоюды ұйғарды. Кейінірек тұсауын да осы кісілер кесті,-дейді Исламның анасы Гүлстан Зейноллақызы өткен кездерді аса бір толғаныспен есіне алып.
Бес жасқа толған кезінде теледидардан «Адай» күйін естіп анасына «Мен де домбырашы болғым келеді» деп қиғылық салыпты. Бірде бір туысқанының үйіне қонаққа барғанда домбыраны көріп Ислам айырылмай қойыпты. Ақыры сол сынық домбыраны үйіне алып келеді. Содан кейін үй ішінде киелі ұлттық аспапты саусағымен шертіп, дыңғырлатып жүретін болған екен. Домбыраға деген ерекше ықыласын байқаған ата-анасы оны мектептегі домбыра үйірмесіне жаздырады. Бастауыш сыныпта жүргенде-ақ талай байқауларға қатысқан Исламбек өсе келе аудандық, қалалық, республикалық өнер жарыстарында бәйгені бермеді. Кейін Исламның талантын таныған өнерпаздар оны елімізге танымал күйші Айгүл Үлкенбаеваға көрсетуге кеңес береді. Сөйтіп дәулескер күйшінің өнер студиясында дәріс алады. 
2008 жылы Тайландта, Индонезияда өткен бүкіләлемдік өнер фестивалінде лауреат атанды. Ал, 2011 жылы Израильде болған әлем халықтары шығармашылықтарына арналған байқауда аспапта ойнау бойынша бас жүлдені жеңіп алды. 2012 жылы Испанияда, Францияда өткен бүкіләлемдік балалар мен жасөспірімдер байқауының жүлдегері болды. Осылайша көптеген шет елдерде қазақтың қара домбырасының құдіретті әуен төге алатынын көрсете білді. Ислам Сәрсенбектің домбыра шертуіне сөйтіп әлем халықтары сүйсінді. 
-Он саусағынан күй төгілген осындай шәкіртіміздің бар болғанына мақтанамыз,-дейді мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік істер жөніндегі орынбасары Гүлзира Молдабайқызы. 
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей Ислам қолы сәл қалт етсе сурет салу, мұзда сырғанау, шахмат, жүзу, домбыра жасау, би үйірмелеріне де қатысады. Ешқашан шаршадым деп айтпайды. Ойына бірнәрсе алды ма, содан әрдайым нәтиже шығаруға тырысады.  
Таяуда білім ұясында жас таланттың шығармашылық кеші өтті. Исламның 17 жасқа толуына әрі өнерін шыңдау мақсатына орай өткізілген осынау концертті «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дарынды домбырашы Айгүл Нариманқызының өзі жүргізіп отырды. А.Жұбанов атындағы өнер мектебінің қобызшылары, №2 Оқушылар үйіндегі домбыра оркестрінің жетекшісі Тасқын Әлімбайдың шәкірті, халықаралық байқаулардың   жеңімпазы  Жаншырақ  Тұрсынәлі,  Олимпиадалық комитет төрағасының орынбасары Анатөлі Құлназарұлы,  «Керулен» ансамблінің ұжымы және тағы басқа өнерпаздар қатысқан басқосуда көпшілік Исламға ақ жол тіледі, өнеріне сүйсінді. Қазіргі таңда Ислам мектепті ойдағыдай аяқтау мен ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары дәрежеде тапсыру үшін үлкен әзірлік үстінде.
Ендеше, іске сәт, Ислам! Өнерің өрге жүзсін! Еліміздің бағына туған баланың болашағы жарқын болғай! 
 
Салтанат ҚАЖЫКЕН  

349 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы