• Білім-ғылым
  • 07 Ақпан, 2012

Желтоқсан оқиғасы қазақ лирикасында

Гүлжаһан Орда

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының  жетекші ғылыми қызметкері

Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін үздік белгімен бітіргеннен (1992) бері М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында тұрақты қызмет етеді (қазіргі таңда жетекші ғылыми қызметкер).

Филология ғылымдарының кандидаты (1996).

Жас ғалымдарға арналған М.О.Әуезов сыйлығының лауреаты (2002).

Әдебиеттану ғылымы бойынша доцент (2010).

Филология ғылымдарының докторы (2010)

«Алаштың бір ардағы» (1998), «Көркем ойдың құдіреті» (2007), «Мүсілім Базарбаев зерттеулері және әдебиеттану ғылымының мәселелері» (2010) атты монографиялармен бірге 200-ден аса мақаланың, төмедегідей ұжымдық зерттеулердің жауапты шығарушысы және негізгі авторларының бірі:

Мемлкеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты ұжымдық еңбектің 8, 9 томдары авторларының бірі (2004-2005).

Еліміз егемендік алғаннан бергі уақытта қазақ әдебиеті дамудың жаңа белесіне көтерілді. Бұл тұста қазақ жазушылары тоталитаризм қыспағынан босап, еркін тыныстауға бет алды. Тәуелсіздік жазушыларға сөз бостандығын алып келді. Сөз бостандығы қазақ жазушыларына кеңестік дәуірде еркін бара алмаған, кең қозғай алмаған тақырыптарға қайта үңілуге мүмкіндік берді. Кеңестік жүйе тыйым салған тақырыптың бірі – Желтоқсан оқиғасы (1986 ж).

Желтоқсанның 20 жылдығы қарсаңында Д.А.Қонаев қоры шығарған 10 томдық сүбелі еңбек пен Т.Айтбайұлы құрастырған 3 томдық «Желтоқсан» атты жинақтың, Қайым – Мұнар Табеевтің «Қазақтың Желтоқсаны»,  осы оқиғаны ғылыми тұрғыда зерттеп жүрген тарихшы Төлепберген Болатбектің «Біз білмейтін Желтоқсан»  атты еңбектерінің қатары соңғы жылдары тың зерттеулермен толығуда. «Декабрь. 1986 год» (Документальная хроника (В сборник включены самые основные документы и материалы, касающихся Декабрского события 1986 года в Казахстане) атты деректі құжаттардың барлығы дерлік сол оқиғаның шындығын сан қырынан ашып көрсетуде. Желтоқсанның талайларға ой салғандығын осындай тарихи құжаттар жинағы мен деректі шығармалардан байқауға негіз бар. Қазақ халқының тарихынан үлкен орын алған бұл оқиға ұлттық намысы бар ақын-жазушылардың бәріне дерлік түгелдей қалам ұстатты. Сондықтан да қазақ әдебиеті Желтоқсан туралы ірілі-ұсақты поэзиялық, прозалық, драмалық туындылармен толықты. Оны әр жылдары жазылған шағын лирикалар арқылы сөз етуге болады.

Аға буын ақындардың ішінен Қадыр Мырза-әлидің  «Заман-ай» атты поэмасында дендеп кеткен ХХ ғасырдың дертіне жолығамыз. Поэманың «Жанталас және Желтоқсан» атты тарауы Желтоқсан оқиғасына негізделді. «Жаратқанның осы ма теңгермегі! Жастай солды жайсаңдар, Көгермеді», «Ұлы қазан әкелген жақсылықты, Кіші қазан түк қоймай тартып алды» деген жолдармен қанды оқиғаны мегзеген ақын оған терең барған жоқ. Себебі кеңестік дәуір тұсында ол туралы жазбақ түгіл, ойлауға тиым салынған болатын. Сондықтан бұл тараудың мазмұны аты айтып тұрған дәрежедегі мәселені көтере алмады. Оны ашық жаза алмаған қаламгерлер оны мегзеп бейнелеу арқылы оқырманға қайғылы қаза жөнінде ой салып отырды.

Кейінгі жылдары еліміз егемендік алған соң, бұл оқиғаға үлкенді-кішілі біраз шығармалар арналды. Солардың ішінде Ж.Бөдешұлы «1986. Желтоқсан» өлеңінде ХХ ғасырдың соңғы ширегінде азаттық үшін болған соңғы күреске былайша жан бітірді:

Желтоқсанның желі ызғарлы,

Көшені бойлап қан ақты.

Шашынан сүйреп қыздарды,

Ұлдарды итке талатты.

Езгіден кеткен еті өліп,

Ел тіріліп, оянды.

Еркіндік еңсе көтеріп,

Бұрышқа тықты ноянды [1, 74].

1986 жылғы ақ қар, көк мұзда болған бұл оқиға қазағым, елім деген қаламгерлердің бәрін де бей-жай қалдыра алмады. Ал, ұлтшылдығымен, патриоттығымен танылған Жәркен ақын бұл тақырыпты жаны күйзеле, тебірене отырып жырлады. Ақынның шағын лирикасындағы осы ой кейінгі жылдары эпикалық шығармаларына да негіз болды.

«Ғасырлар сарыны» өлеңінде тәуелсіздіктің арғы-бергі тарихына көз жүгіртсе, «Күзетте» бақташының аспанға оқ атпауын сұрайды. Маужырап ұйқыда жатқан тыныштыққа оқ атқандардың оңбайтынын ескерткен ол күзетшінің түн тыныштығын бұзбауын ескертеді. «Қонаевтың қаруы» атты өлеңде Д.А.Қонаевтың қаруы қоян мен қырғауылға ғана оқталса, Г.Н.Колбиннің қаруы қазақ жастарына қаратыла атылғанына күйінген ақын «Шын көсемнің қолына түскен қару – Адамзат баласына атылмайды» деген түйін жасайды. Ақын осы ой арқылы оқырмандарына ел басқарғандардың барлығы бірдей көсем бола  бермейтіндігін ескертеді.

Қазақтың ақын қыздары да бұл тақырыпты жырлауға өз үлестерін қосты. Желтоқсан оқиғасына М.Айтхожина «Желтоқсанның желі гулеп» деген өлеңінде:

Жастарға толып кетті түрмелері,

Еске алсам оны тілім күрмеледі.

Жасқанып өз жерінде,

Жәбір көріп,

Қашанғы құлдық ұрып жүрмек еді [2], – деп тәуелсіздік жолында жастардың басын бәйгеге тіккеніне көңіл аударды.

Қазақ халқын күллі әлемге танытқан оқиғаның еліміздің тәуелсіздік алуына өз септігін тигізгені белгілі. Олай болса, ақынның  «айырар келді кезің ақ-қараны, Қашанғы сені біреу басқарады. Бар кілті бақытыңның өз қолында, Енді сенің ғасырың басталады!..» деп қазақ халқының тәуелсіздігінің мәңгілік болуын баса айтуы да орынды.

«Аласа емес, Қырандар! Құлайды өрден» деп, ата-бабалардың найзаның ұшымен қорғаған жерін көз алартқандардан қорғау керектігін баса айтқан ақын тәуелсіздігіміздің баянды болуын үнемі жырға қосып, егемендік жолында  аянбай еңбек етіп келеді. Ал К.Ахметова «Ұмытуға бола ма сол дауысты» атты өлеңінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына жан бітіріп, табиғаты нәзік қыздардың ерлігін, жауынгер қазақ халқының ұрпағын «Желтоқсанның дауылы шайқағанда Құлатпады арулар ар-намысты» деп жырлады. Осы оқиға тұсында қазақ қыздары қайсарлығымен, өрлігімен танылды. Сондықтан да қаракөздеріміздің  ерлігін қалам ұстаған үлкенді-кішілі ақындардың барлығы мақтан етті. Ж.Тұсайұлының «Ар-намыстан жаратқан ба Қазағымның бар қызын?!» деп жырлауы да сондықтан.

А.Бақтыгереева осы оқиғадан кейін, Жазушылар одағына кездесуге келген Г.Н.Колбинге кеңестік дәуір тұсында шовинизмнен тайсалмай «Мен қазақпын!» деп жар салған Жұбан Молдағалиевтің: «Замандаспыз – деді оған, қатар жүрген. Желтоқсанның көргенше он алтысын, Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен» деген сөзін арқау ете отырып, майдангер ақынның  Ерлігін жырға қосты. Осы оқиға туралы топтамалардың қазақ әдебиетінде ақындығымен танылған Жұбанның азаматтық қырын аша түсері заңды.

Ұрпағыма халім бар не дер енді,

Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.

Қыздарымды сүйретіп бұрымынан

Ит таласын деп пе едім немеремді?..

Деп үйреттің мәңгүртсің: бәрің надан,

Тіл мен діннен айрылды елім, бабам,

Кеше алаңда сабаған – сенің тегің,

Ал таяқты жегендер менің балам [3, 252-253], – деп Ұлы Отан соғысының төрт жылына төтеп берген ақынның белін Желотқсанның ызғары қайыстырғанын ақын қыз жеткізе жырлады. Жұбан ақынның осы ерлігін ақындардың барлығы дерлік жырға қосты. Осы қатарда Ш.Сариевтің «Желтоқсан» өлеңін атауға болады. Ол «Тәуелсіздік» атты өлеңінде Желтоқсан оқиғасын  тәуелсіздіктің тірегі етіп көрсетті.

Тәуелсіздік!

Мен сені,

Алатау шыңынан көрдім,

Желтоқсанда қара жамылған

Қазақ жастарының

мұңынан

көрдім.

Жәудіреп жанарлары ұрып-соғыла

Айдалып түрмеге жатқанында,

Ұлы көштің соңынан ердім.

Тәуелсіздік! Мен сені

Алматының

көз жасынан

көрдім... [4, 132]

Желтоқсан жырларын толықтыратын шығармалар қатарында Қ.Аманжолдың «Желтоқсаным!» өлеңін атауға болады. Ақын Желтоқсандағы жастардың тірлігін ар-намыстың өлшемі ретінде бағалап, діліміз бен тілімізге бостандық пен азаттықты алып келгенін баса айтты. Ақын сонымен бірге арада өткен жиырма бес жыл уақытта сол ерлік үшін күрес рухын жалғастыра алдық па? деген сауал тастайды. «Желтоқсаным! Бостандықта – боданмын, Азаттықта – алаңмын! Бордай үгіп намысты, Құмға сіңіп жоғалдым» деген ақын сөзі Желтоқсан оқиғасының күні бүгінге дейін әділ бағасын ала алмай жүргенін еске түсірсе:

Желтоқсаным!

Жүрек әлі мұз бен қар,

Жібімеген ызғар бар,

Күншуағың – алданыш,

Көңілдегі сызды аңғар [5, 64], – деген жолдар Желтоқсанның талай жүректерді жаралап, көңілге кетпес сыз салғанының нанымды суреті.

Мұндай мысалдарды тәуелсіздік тұсындағы қазақ поэзиясынан көптеп келтіруге болады. Кеңестік империяның дәуірлеп тұрған шағында барлық кеңес ақындары тәрізді қазақ ақындары да «қазағым», «ұлтым» деген сөзді қорқа соқтап айтушы еді. Ал бұл оқиға отызыншы жылдардағы жаппай қудалауды енді ұмыта бастаған халыққа оңай тиген жоқ. Қазақ ақындары ол  туралы айтуға да, жазуға да жасқанып, әрі-сәрі күй кешкені белгілі. Бірақ поэзия өзінің жауынгер жанр екендігін бұл жолы да байқатты. Қағаз бетіне түскен қаншама жыр жолдары оқырманына дер шағында жете алмай бұлқынды. Сол бір алапат күндер алаңда болғандардың жүрегін жаралап, қазағының, ұлтының өзге ұлттың алдында тізе бүккендігін қанжылап жырға қосты. Сондай ақындардың бірі желтоқсанның зардабын тартқан – Болат Шарахымбай. Қаралы күнді көзімен көрген жандардың бірі болғандықтан, ақын жүрек оқиғаның ізін суытпай жатып қағаз бетіне түсірді. Оның қанды оқиғаның ертеңіне жазылған «1986 жыл. Желтоқсан» атты өлеңін оқып отырған жанның көз алдынан сол күндер бейне бір елес тәрізді үздік-создық өтіп жатады. Көзбен көрген шындық қана осылай жырланбақ.

Өгей қала. Өгей жұрт. Өгей бәрі,

Өгей дүние өгейсіп қарайды әні, –

Көше толы сенделген тірі өліктер,

Сары орыстың кездігі сорайғалы,

Өгей дүние. Өгей жұрт. Өгей бәрі [6], –

деп басталған өлең «Өгей дүние. Өгей жұрт. Өгей бәрі..» деп аяқталады.  Бір шумақта «өгей» сөзін сегіз рет қайталаған ақын осы сөзге ерекше мән берген. Бұл өз елінде өгей баланың күйін кешкен, қазақ халқының шынайы бейнесі еді. Жас шыбықтары қыршынынан қиылып жатқанда, қолдан келер дәрмені болмай, жоғары жаққа жәутеңдеген қазақтың аянышты күйі сол қалпында шынайы бейнеленді. Ақын айтса айтқандай, оқиға басып-жаншылған соң, оған қатысушылардың барлығы да қара тізімге алынып, қуғын-сүргінге ұшырады. Отаршыл империя алаңда болғандардың өршіл рухын қарумен, күшпен езіп-шаншыды. Бірақ ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі «орыстардың» ойранын ашық жазған мұндай өлеңдерді баспа бетіне шығару мүмкін болмағандықтан осы жыр жолдары авторымен бірге біраз уақыт қараңғы қапаста бұлқынып бақты. Еліміз тәуелсіздік алған соң, Желтоқсан шындығына жан бітірген шығармалар оқырманына қарай бет түзеді.

Қазақ біткеннің өзге ұлттардың жертөлесін жалдап тұратындығы  егемендік алғанымызға 20 жыл болса да жойыла қойған жоқ. Ал ХХ ғасырдың сексенінші жылдарында қазақтардың жертөлелерді ғана мекен еткенін Б.Шарахымбайдың «Тиіп кетсең едені сықырлаған, Жеркепеде жатырмын үн шығармай» деген жолдары және бір еске салады. «Қоқсық пенен бықсыққа» араласқан қаланың сүреңсіз тіршілігін көрген табиғат ананың өзі мұңға батып, бұл сұмдықты қара жердің өзі көтере алмай белі қайқаңдады:

Қала жатыр қансырап кіндігінен,

Жеті күнде жерініп тірлігінен.

Кекке уланған кеудесі керіс тарта,

Қақ жартысы басының сынды білем.

Қопарылып кеудемнен мұң құлады,

Мың сан ойдан миым да мыңғырады.

Қабырғасы сөгіліп қара жердің,

Шыңырауда бір шындық шыңғырады... [6]

Қазақстанның астанасында болған бұл сұмдық қаланы ғана емес, қазақ халқын қансыратқаны белгілі. «Ғұмырнамам жазылып жатыр менің, Желтоқсанның қып-қызыл қаныменен» деген сөзді желтоқсанның зардабын тартқан адам ғана айта алса керек. Бір жылдан кейін жазылған «Желтоқсан» өлеңінде ақынның бір жылға созылған сұрақ-жауап, тергеуден жүйкесі тозып, шаршағанын байқаймыз:

Қасиетті Ерлік пен шуақты Арман,

Рухымды кайтып бер құлап қалған.

Құтқара гөр кеудемді –

Тәңірімді,

Шақша басты дал қылған сұрақтардан [6].

Осылайша тірі пенделерден көмек болмасын білген ол бір Алладан «Жебей көр, болсаң Құдай! Азаттықты аңсаған менің демім» деп, медет сұрайды. «Азаттықты аңсаған менің демім, Бітетін де шығар-ау дәл осылай!» деп күйзелгенмен, жауынгер халықтың өр ұланы басына қандай қиыншылық түссе де, мойымайды. Азаттық пен бостандық жолындағы бұл күреспен мақтанған ол «Жер бетінің үстін бір шаң қылармын. Қазағымды сөйтіп бір бар қылармын!» деген өршілдік рух танытады. «Мен жастарға сенемін» деп М.Жұмабаев айтқандай, қазақ халқының рухы күшті жастары 1986 жылы бостандық, азаттық үшін күреске шыққанын, ол күрестің нәтижелі болғанын қазақ ақындары соңғы жиырма жыл бедерінде айтып та, жазып та келе жатыр. Ақын «Желтоқсанның 17-сі қандай күн? немесе ұлым Елдардың сұрағына жауап» атты өлең-эссесінде жыл сайын алаңға барып, құрбандарға тағзым етіп гүл шоғын қоюдың дәстүрге айналып келе жатқанын айта отырып, сол күннің қандай күн екенін бүгінгі жас ұрпаққа түсіндірудің қажет екеніне көңіл аударады. Ақын 17-Желтоқсанды:

Сыны дер ем азап пен жанталастың,

Азаттығын аңсаған Алты Алаштың.

Үш жүз жылдық қатқан кек, зар мен ыза,

Қабырғамды күйреткен қара басқыр... [6], – деп түсіндіре келіп, «бүгiнгi күн – ұзақ жылдар бойғы арман-аңсарымыздың бастауы болған халқымыздың ақжолтай күні» деген тұжырым жасайды. Ақынның «бүгінгі күнге» он екі рет санамалап берген анықтамасының барлығы да дөп басып айтылғаны анық.  Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен ардагерлерін құрметтеуге арналған Ә.Сәрсенбаевтың «Сен, құрметте оны!» атты өлеңін мектеп оқушылары 9-Мамыр Жеңіс күні қарсаңында жатқа айтып жатады.  Б.Шарахымбайдың «Сен, құрметте оны!» атты өлеңін мектеп бағдарламасына енгізуге негіз бар. Қазақстан тәуелсіздігі күні аталып өтетін 17-Желтоқсан қарсаңында мектеп оқушылары осы өлеңді әртүрлі ортада жатқа айтып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, бұл – азаттық жолында құрбан болған және жапа шеккен замандастарымызды құрметтеуге арналған, егемен қазақ елінің болашақ ұрпағын отаншылдыққа, патриоттыққа баулитыныөлең.  Кеңестік дәуірдің ақыны Ә.Сәрсенбаевтың:

Сен, құрметте оны!

Түсіндің бе қарағым?

Ол ақшаға сатқан жоқ,

Тізеден кесіп аяғын.

Еріккеннен де ұстап жүрген жоқ.

Қолтықтағы ұзын таяғын...

Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?

Сенің келешегің үшін берді ол

азаттық жолында аяғын!, – деген өлеңі мен ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі азаттық үшін күрестің құрбандарын құрметтеуге шақырған Б.Шарахымбайдың:

Сен, құрметте оны!

Алдыңда сенің артық қой оның нар басы,

Құрбандық болып қапыда кетті қаншасы.

Тәуелсіз елдің тәуекел ісі шынында,

Жанартау сынды жарылса соның арқасы [7], –  деген өлеңі бөліп-жаруға келмейтін бір-бірімен сабақтасып жатқан туындылар. Мұның өзі қазақ поэзиясындағы дәстүр жалғастығын танытады.  Сондықтан да екі ғасырда, екі қоғамда жазылған екі өлеңнің айтары бір. Ол – қазақтың бүгінгі тәуелсіздігі, азаттығы жолында шаһид болғандар мен жазықсыз жапа шеккендерді құрметтеу, сыйлау, олардың ерен ерлігін үлгі-өнеге тұту.

Желтоқсанның жанды картинасын жасағандардың қатарында Аманғазы Кәріпжанәулеті сынды Желтоқсан зардабын тартқан ақынның да алар орны бөлек. Қанды оқиғаны көзімен көріп, жүрегімен сезінген Аманғазының кез-келген шығармасы желтоқсанның ызғары тәрізді бойыңды мұздатып ала жөнеледі. Аталған оқиғаны азаттық, тәуелсіздік жолындағы шешуші күрес ретінде таныған ол «Дәуірлердің сыпырған жон терісіне» жан бітіріп, азаттықтың оңайлықпен келмегенін тілге тиек етеді. «Намысыңды жүрегіңе құндақта» деген ақын қазақ баласын намысты болуға шақырады.  Сол тұстағы шындыққа жан бітіруде Аманғазы «Желтоқсанның төлі едік түнекте өнген», «Ердің бірі», «Қайрат кім?», «Толассыз бодандық», «Алаңдағы жарық», «Ортақ сырқат», «Шеңгелдер», т.б. шағын лирикаларында біршама жетістікке жетті. «Шеңгелдерде» 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына жан бітірген ол «Жарып өтіп талқан қылдық жендеттің, Иықтасқан қабат-қабат тізбегін», «Өрт сөндіргіш сөндіре алмай шегінді, Көзімізде лапылдаған оттарды» деп бейнеледі. Бірақ кезінде көлік өтпейтін Брежнев алаңының бүгінгі күйі ақынды ғана емес, жалпы елді алаңдатып жүргені белгілі. Оны ақын «Топырағымен алаңның төпеледік, Боздақтарым төгілген қала сыртын» деп бейнеледі. Оның шағын лирикасының бірсыпырасы – Желтоқсанның құрбандарына арналған арнау өлеңдер. Ләззат Асановаға арналған «Ләззаттың басына барғанда» өлеңінде мезгілсіз дүниеден өткен қазақ қызын «Танытам деп ұлтының ұлықтығын, Қиянатта көз жұмды қылықты күн» деп дәріптесе, Сәбира Мұхаметжановаға арналған «Кезікпедім» өлеңінде «Тарбағатай түлеткен екеумізді, Шындық, бірақ, шыңына жеткізбеді» деп сыр шертеді. «Басқа тиіп, бастағы сұрақты ұрды» деген Кенжегүл Молданазароваға арналған өлеңінде «Сыйдырмаған сорлы өмір жас арудың, Көз жасына тұншығып бара жатты» деп отаршылдыққа қарсы азаттық үшін күресте шейіт болған қазақ қыздарының ерлігін дәріптесе, Түгелбай Тәшеновке арналған «Ердің бірі» өлеңінде «Еркіндікпен ашылсын деп аспаным, Жай оғындай жарқ еттің де қас-қағым, Жазатайым қайырылып қанатың, Жаныңды әкеп абақтыға тастадың» дейді. Қазіргі таңда қазақ ақындары осылайша Желтоқсан қаһармандарының көркем бейнесін жасап, олардың ерлігін дәріптеуде. Мәселен, «Қайрат кім» өлеңінде «Қ.Рысқұлбеков деген кім соншалықты дүрліктіретіндей? Ерлік жасаған Төлеген емес, Мәншүк емес...» дегендерге қарата Қайраттың елі үшін құрбан болғанын: «Мақтанар ем: қазақтың сұңғылалы, Болса егер де Қайраттай мың қыраны!» [8] деп жырлады. Осы мысалдар ХХІ ғасырдағы қазақ поэзиясының жаңа бейнелермен толығып, байып жатқанын байқатады.

Әдебиетке қоғам мен ел өміріндегі оқиғалар негіз болатынын ескеретін болсақ, жоғарыда сөз болған шығармалар ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ тарихынан үлкен орын алған Желтоқсан шындығын көркем бейнелеген туындылар екені даусыз. Осылайша тәуелсіздік тұсындағы қазақ лирикасы жаңа тақырыппен, дәлірек айтсақ Желтоқсан шындығымен толыға түсті.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бөдешұлы Ж. Бұрылыс. – Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. – 296 б.
  2. 2. Айтхожина М. Желтоқсанның желі гулеп.
  3. Бақтыгереева А. Ақ Шағала. Өлеңдер. – Алматы: Өлке, 2001. – 252-253-б.
  4. Cариев Ш. Тәуелсіздік.
  5. Аманжол Қ. Мешітті ғалам. – Алматы: Алатау» баспа-полиграфиялық корпорациясы, 2009. – 136 б.
  6. Шарахымбай Б. «Желтоқсан» атты шоғырлы өлеңдерінен // Желтоқсан ақиқаты. – 08.09.2011 ж.
  7. Шарахымбай Б. Сен, құрметте оны! // Желтоқсан ақиқаты, 08.09.2011. – 11-б.
  8. Кәріпжанәулеті А. Желтоқсанның төлі едік түнекте өнген // Жалын. – №12. – 2009. – 20-22 б.

385 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №8

25 Тамыз, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы