• Білім-ғылым
  • 21 Желтоқсан, 2011

Бір жарым бөлме (әңгіме)

Әуелі екі бөлме деп еді, олай болмай шықты. Кілтті тапсырған көкірегі аяққаптай, шалбарланып алған бәденді де бөкселі әйел қызыл жолақпен белінен бір тартылған ордер-қағазға шұқшиып: «Сіздердікі бір жарым бөлме. Екеу боп есептеледі», – деді. «Сонда екеу болғанда ауыстырып алар едік, – деп қиналды Кендебай. – Құдайдың құртқаны-ай, ә! Осындай үлгіні қояйық, бұндайда сорлайтын тек қазақ» деп қанша айттым үстімнен қарайтындарға. Көнбеді, көнгілері келмеді. «Москва бекіткен малосемейка» деп бой бермеді. Не де болса Орынбасар-Олегке ештеңе білдірмеу керек».

– Ои-и-и, жаным!.. Шыдамаймын... қойшы енді... не могу!..

«Сусап қалған екен де. – Кендебайдың қызғаныш аралас жан сезімі бірте-бірте суына бастады. – Өтеді, кетеді. Адам ғой, адамға тән айқай... – Ол бәрін кешіре бастады. – Менен бәрібір қайран болмайтынын біліп... бірақ, бір жарым бөлме болмағанда... арасы алшақ, дуалы кірпіш, дауыс естілмейтіндей. Ой, жарымаған қазағым-ай, жарытпаған Мәскеуім-ай, өзім осы үйлерді соқтым, қаланың көркіне көрік қостым. Енді азабын өзім тартып жатырмын...».

– А-а-а!.. Шыдамаймын!.. – жан айқайы тәтті естілді.

– Мамамды біреу ұрып жатыр. Барайық. – Бес жасар Орынбасар бұлқынып еді, төсек тартып жатқан әкесі жіңішке білегінен тастай ғып ұстап ап жібермеді. – Қояды. Қазір-ақ қояды. Кетеді келген адам...

Бала аң-таң. Шешесіне болысайық десе, әкесі жібермейді, ал шешесінің жандаусы шығып жатысы анау. Ол әкесін адам құрлы көрмейді. Әсіресе, соңғы кездері аралары мүлдем суысып кетті. Әкесі төсекте таңулы, бұрынғыдай өзі соққан циркке де апара алмай қалды. Өзін қол арбамен біреу итеріп жүру керек. Мұны мешел дейді. Әкесі сонда да екі езуі жиырылып, күлкісінен танбайды. Өзі итеріп көрейін деп еді, қол арбаны қозғалта алмады. Шешесі бақырып жіберді: «Жұлының үзіледі. Ауырды итерме. Біреуіңнің жұлының үзілгені аз еді, енді екеу болайын дедіңдер ме!..». Шешесі Натальяның тілі ащы, әкесі еркелетіп Наташа дейді. Орыс қызы, орысша сөйлейді. Әкесі Кендебай – қазақ. Өзі екеуінің арасынан шыққан дүбара. Осы күндері қай жағына бұрыларын білмей жүр. Әкесін жанындай жақсы көреді. Өзі соққан цирктің ашылуына апарды. Сонда мойнына мінгізіп ап ортаға шықты, дәл сол кезде бұдан бақытты бала жоқ еді жер бетінде. Ыстықкөлге де апарды. Мамасы екеуін қайыққа отырғызып, өзі есіп, бүкіл көлді жүзіп шықты. Сонда мамасы әкесінің бұлт-бұлт еткен бұлшық етіне есі кете қараушы еді. Қазір олай емес, түтігіп, ызалана, тіпті жек көре қарайды. Бәріне кінәлі бұзықтар. Көшеде, «Столичный» гастрономының дәл алдында, Кендебай екі досымен түн жамылып келе жатқанда, алдынан бір топ шашы ұзындар шығып, бұларға бас салған. Екі досы елпең етіп зытып кеткен, бұл жасөспірімдерді сөзге шақырып, көнбегенін қолын қайырып жөн көрсетпекші болғанда, біреуі артынан кеп жұлыннан пышақ ұрған. Жұлыннан тарайтын жүйке істен шығып, екі аяқ салбырап қалды, әкесі арбаға таңылды. Шешесі шыдап-шыдап кеп, кейде талтүсте үйге біреуді ертіп келетін боп жүр. Бір жарым бөлменің жарты бөлмесі солардың жанайқайына толады. Қазір де әйелдің үздіккен үні құмығып-құмығып барып басылды. Орынбасар түсіне алмады. «Бұнысы несі... папам тұрғанда бөтен еркекті ертіп кеп?..» деп бес жасар баланың басы қатты. Папасы алабұртып, басын темір кереуетке әлсін-әлсін соғып, бұның жіңішке білегінен тастай ғып ұстаған күйі қолы қарысып қалғандай. Өң-жүзі қап-қара күйге еніп, қимылсыз қалды. Ана жақтың есігі ашылған кезде қарысып қалған қолы білегінен босай бастады. «Қол болғанда қандай, күректей ғой папамның қолы, ұстағанда мытып жіберетін тастай қатты қол. Осы қолмен әлгі мамамды шырылдатып жатқанды бір ұрса ғой, тұрмай қалар еді. Бірақ, папам ондайға бармайды. Әлде өзінің де рұқсаты бар секілді ме, әйтеуір мен білмейтін бір түсініксіз дүние...».

Су сарылдап болғасын сыртқы есік ашылып, әлгі шығып кетті.

– Құмарың қанды ма? – деді Кендебай жайраңдап ішке кірген әйеліне сұлық жатқан күйі.

– С вашего позволения, – деп шешесі қутыңдап қалды. Бұрынғыдай емес, қабағының қыртыс-тыртысы жазылып, өзін қунақ сезінетіндей.

– Наташа, – деді әкесі етбеттеп жатқан күйі, – бұдан былай үйге әкелме. Ол алып барсын апаратын жеріне. Мені де аясаңшы. Көзкөрген едік қой...

– Менің бір жарым бөлме үйім бар. Мен біреуге еріп, қонақүйге барып қонақтай алмаймын. Мен Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы, Ленин орденді азаматтың әйелімін. Менің де әкем өлгеннен кейін мамам үйге әкелетін, – деген кезде темір кереует сықыр етіп, етбеттеген жігіт ағасы шалқасына аударылды.

– Сен өлмей-ақ өлтіріп отырсың ғой... – деп, жұп-жуан жүндес білегімен көз жанарын қалқалады.

– Сен менің шешемді, Ефросиня Матвеевнаны көрдің ғой, мен соның қызы – Наталья Ахромеевнамын. Әркім көргенін істейді. Сендердің «шешесін көріп қызын ал» деген мәтелдерің бар емес пе.

– Онда мен мүгедектер үйіне кеттім. Бір жарым бөлменің қызығын өзің көре ғой.

– Осы үйді неге кеңітіп алмадың?! Жұрттың бәріне үй соқтың, өзіңе келгенде кең дүние тарылып қалды. Сендер, қазақтар, осындайсыңдар. Жақсылықтарыңды өзгеге істеп, өздеріңе келгенде тарылып қаласыңдар. Үй алсаңдар не бірінші, не бесінші қабаттан аласыңдар. Интернационалистпіз деп мәз боласыңдар, біз сияқты эгоист болу керек. Бір жарым бөлме үйі бар интернационалист... – қутыңдап шыққан шешесінің жүзі әпсәтте қарақошқыл тартып, түтіге бастады. Әкесінің төсекке байланғанына бір жыл болмай жатып шешесінің сөзі өзгерді. Ал әкесінің аға-інілері – ешқайсысы есіктен сығаламайды, бәрінің бауырларына өкпесі бардай, өзі ес білгелі бір де бір рет бас сұққан емес. Әкесі төсек тартқалы бері: «Альбомды әперші» деп, бауырларының жансыз бейнесіне шұқшиып қарап жатады. Бір рет кимешек киген кәрі кемпірдің суретіне көз жасы тамып та кетті. Күректей алақанымен бір тамшы жасты сипап тастады. «Анасы ғой. Сағынған болар, сірә. Мен де мамамды кешке жұмыстан келгенше сағынып қаламын. Бірақ, әкеме істеп жүргені дұрыс емес. Ол жарым бөлмеде рахаттанып жанайқайға басып жатқанда әкем құтты бір өзінің жаны ауырып жатқандай тістеніп алады. Шешесінің даусы басылып, сар-р етіп су аққанда тіс тиген ернінен қан шығып кетеді. Неге сонша тістенеді екен?! Шешемдікі дұрыс емес».

– Бүгін қағаздарымды тапсырам. Ертең кетем. Орынбасарға дұрыс қара. Жаман қылығыңды көрсетпе!..

– Олег екеуміз артыңнан барып тұрамыз ғой, – деп шешесі жарамсақтанып жылы сөйлей бастады.

Әкесінің бір жарым бөлмеден кеткеннен басқа амалы қалмағандай.

***

Бір күн емес, екі күннен кейін достары кеп Кендебайды алып кетті. Орынбасарды бірге алып жүрді. «Мен де барам, – деп шешесі бар әдемісін киіп ере шықты. – Олег екеуміз артыңнан барып тұрамыз ғой. Қай жерде жатқанын көріп қайтайық».

Қала шетіндегі бір қабатты мыржықы үй. Алдында таяқ сүйеніп, ақсаңдай басқан, тапал орындыққа отырып әңгімелескен қарттар, шұқшиып қарасаң, жасамыстары да бар. Әкесінің ендігі тұрағы осы екенін Орынбасар сезді. Өйткені, киім-кешегі, таяғы, арбасы, тіпті үңіліп қарап жататын көне сурет альбомына дейін ала кетті. Альбомда мамасы екеуінің алма ағашының түбінде құшақтасып тұрып түскен суреті бар еді. Орынбасар бір қыбын тауып, сол суреттің көзін жоймақшы. Бала санасына сол сурет жыртылса бәрі де жеңілдейтіндей, өмір өзгеретіндей көрінді.

Наташа мүгедектер үйінің алдына келген бетте: «Мен жұмыстан кешігем. Целую!» – деп сұқ саусағын ерніне тигізіп, көрініс жасап кетіп қалды. Баланы жолдастары үйге апарып саламыз, деді. Әкесі жаңа қонысқа орналасты. Қасындағы көршісі өзінен гөрі кәрілеу, қос балдақты көккөз орыс екен. Бәрін біліп алғасын:

– Ои-и-й, күйеу бала, әйелің қазақ болса сені осында жібермес еді, – деді балдақ ұшымен еденді тық-тық ұрып, шығып бара жатқанда.

Бала санасы бәрін де түсініп тұр, бірақ айтып жеткізе алмайды. Көргенін айтып берсе де аздық етпес еді. «Бір жарым бөлмеде тығылысып, мамамды айқайлатқан біреудің аярлығын естіп жатқанша... Қандай жылы жүзді адамдар». Әкесінің дүние-мүлкін екі досы орналастырып жатқанда көне альбомды шабаданнан алып, бас жақтағы әбдіренің үстіне қойып еді, Орынбасар апыл-ғұпыл ашты да, әлгі суретті тауып алды. Сабағынан иілген алма ағашының түбі. Әкесі шешесінің жіңішке белінен қымтай ұстап тұр. Ол да әкесіне қарай ұмсынған. Екеуі де риясыз күлімсіреп тұр... Орынбасар желімделген суреттің ұшын тауып алып, жоғары қарай көтерді де, дар еткізіп жұлып алды. Желімделген жерде суреттің жұғыны қалды. Жұп-жұқа боп сыдырылып түскен жансыз бейнені алақанға сап умаждап, анадай жердегі қоқыс жәшікке атып жіберді.

– Сені емес, мамамды көргім келмейді...

– Бала да болса бәле,– деп досы арқасынан қақты.

Кендебай селт ойланып, ұлы мен шешесінің бір үйде қалай тұратынын көз алдына әкелді. «Өмір өзгерер, бәлкім, менің бауырларымның қолына кетер» деп, мүгедектер үйіне жамбас тигізіп жатып жаны тызылдады.

***

Шешесіне ілесіп бір рет қана, сосын әкесінің балташы досы Мүсәдүрге ілесіп мүгедектер үйіне барып жүрді. Анасы сонан кейін баруды қойған да сияқты, әйтеуір мерекелерде үйіне әкелген жоқ, інісі Ерденбай ғана 1-Май мен 7-қарашада шеруден кейін өз үйіне алып кететін. Өзін де қоса апаратын. Сонда ешқайсысы төл басы Кендебайға тағдыр туралы тіс жарып ештеңе демейтін, тек алдына асын қойып, сыздықтатып сырасын құйып, өткен-кеткенді айтып көңілін демдеп, жұмыс күні басталғанда мүгедектер үйіне қайта апарып тастайтын.

Орынбасар бірінші сыныпқа барды. Мойны мен иығының арасы атшаптырым, аспаннан ұшқыш тарелкамен түскен ғарыш адамы секілді, бір ерең-серең еткен ерекше бала өсіп келе жатты. Әкесі төртпақ, бірақ мынаның тұрқы, тіпті, ұзын қырқылғандай сып-сидам. Мінез-құлқы да біртүрлі. Туған-туыстары: «Аумаған Кендебайдың өзі ғой», – дейді. – Мәскеу барып оқып, келінді орыстан алып... Әйтпесе, арғы атамызда қалмақтан қатын алған ешкім жоқ екен. Алғандар айтады, олар ер-азаматын басына көтеріп ұстайтын, деп. Алматының дәл түбінде тұрып, қатынға жарымай... Сөздің мәнісіне түсінсе, шешесі Алматының түбінің қызы екен. Ал өзі ше? Өзін құрбы-құрдастары келіп-кетіп жатқан ғарыш қонақтарына теңеп: «Инопланетянин» дейді.

Ағайын-туыстың арасындағы осыдай кереғар сауалдарды сөйлесе нық сөйлейтін, бойы қазірдің өзінде сорайып, 180 см-ді өлшеп тұрған Орынбасар әкесіне қойғалы жүр еді, бір жолы артынан барғанда, әлгі көне альбомды қолға ұстап отырып, жұлынып қалған суреттің орнына көзі түсіп кетіп, көкейіндегіні айтып салды.

– Неге қазақтан алмадыңыз?! Мәскеуде оқыған қазақ көп екен ғой.

– Мәселе Мәскеуде емес, сүюде. Лев Толстой айтады, «Ер-азаматтар өзіме ұнайтын әйелді таңдадым деп ойлайды. Қателеседі. Шынында, әйелдер өзіне қажетті еркекті таңдайды», дейді. Мен де біреудің таңдауына тап болдым.

– Мойындайсың ғой.

– Мойындамағанда...

– Ал, менің осыдан кейін, сені көргеннен кейін үйленгім келмейді. Бала болсам да бәрі есімде...

Баласы одан әрі сөз таластырғысы келмей тұрып кетті. «Төсекке таңулы жатып айтып отырған сөзінің түрін қара. «Мәселе сүюде» дейді. Қайткенде де менің әкем төзімді, мен төзімділікті әкемнен үйренуім керек. Тағдыр оны жазалады. Шешемді кім жазалар екен?!». Оның көңілінде анасына деген өшпенділіктің бір қара білтесі лып ете қалды. «Оның да кезі келер. «Кендебайдың жалғыз баласы біртүрлі» дейтіндер бар...». Оның әзірге көргені де, естігені де, ойлағаны да осы еді.

***

Сол жолы соңғы баруы екен. Әкесі бір күннен кейін көз жұмды. Орынбасар өкінген жоқ, ойындағысын айтып, көңіліндегісін ақтарды, күткен жауабын алды, әке мен бала арасында аяусыз әңгіме болды. Әттең, өмірдің тоны қандай қысқа. Өлгеннен кейін көп ұзамай тұрған үйіне ескерткіш-тақта орнатамыз деп еді, енді бұл үйдің сұлбасы қалмай сүріліп кетейін деп тұр, орнына атышулы фирма жаңа үй соғады, асты азық-түлік дүкені болады, дейді. Орынбасар шешесіне айтты:

– Мен жаңа үйді дәл осы орыннан аламын. Бір жарым бөлмеде де тұрғанбыз...

– Бергенін ала берейік те, – деп еді:

– Мен дәл осы жерде тұрамын. Әкемнің жамбасы тиген, әкемнің ыңқылы мен сенің жанайқайыңды естіген жерде... – дегенде, кексе тарта бастаған шешесі тіл қата алмай тұрып қалды. Осы не айтып отыр дегендей, жиырмаға келген жалғыз ұлдың аузына жалтақ-жалтақ қарай берді.

Әкесінің бұрынғы балташы досы қазір қалалық әкімдікте істейді, сол бәрін реттеді, дәл сол аумақтағы бір жарым бөлменің орны даңғарадай үш бөлмелі үй болды; құданың құдіреті, табалдырық та, шығар есік те бұрынғы орнында. Қабырғаға тақтайша ілінді. «Бұл үйде өмірінің соңғы жылдары Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген құрылысшысы, Ленин орденінің иегері Кендебай Оқаев тұрған». «Бұларың әкемнің мүгедектер үйінде жан тапсырғанын білмейтін болып шықты ғой». Орынбасардың миығы тартты. Тақтаны үн-түнсіз іліп кетті, ешқандай салтанат болмады, анығын айтса, ешкім білмей де қалды, тек Қазақ радиосы таңғы ақпараттан аз-кем хабардар етті, қалғандары жұмған аузын ашпады. Өмірдің кермек дәмін таңдайымен татып қалған ұл болса осыған да тәуба айтты. «Қазір еткен еңбекті елейтін заман ба? Өткеннің бәрі өрмекшінің ізі, жаңа тарих жасалып жатқан заманда... Әне, қара, әкемнің аты-жөні, туған-өлген жылы тасқа қашап жазылып, зәңкиген жаңа үйдің қабырғасында ілулі тұр. Әкемнің өзі айтпақшы – «Шүкір!».

Ол сол жерге табаны қайта тигеніне, әкесі таудай боп отыратын аулада өзі де отыратынына қуанды, бір жарым бөлмедегі сидаң көріністер мен сыр атаулы көкірегінде қатпар-қатпар қақ болып тұрып қалса да, көне қонысқа келгелі Орынбасардың көңілі тоқ. Қайта көшіп келген күні терезесі көшеге қараған бөлмеде тұрып:

– Папам дәл осы жерде жатты. Менің жіңішке білегімнен тастай ғып ұстап ап, жібермейтін, – деді.

Шешесі түсіне қойған жоқ.

Шәй үстінде:

– Неге білегіңнен тастай ғып ұстап ап, жібермейтін? – деді таң-тамаша қалып.

– Сені жарты бөлмеде біреу ұрып-соғып жататын. Саған барып ара түспесін деп... – ұлы есейген көңілдің ескегін есіп, бір нүктеге шұқшия қарады. Көзі белгісіз ноқатқа сүңгіп кіріп кетті де, лықсып қайта шықты. Қимылсыз, қозғалыссыз күйде қатып қалған тас мүсін дерсің. Әскерден жүйке дәрігеріне қаралу керек деген қорытындымен қалдырған. «Бала кезінде басына не заттай ауыр салмақ, не жүйкеге әсер еткен ауыр салмақ түскен» деген айбақ-сайбақ жалғыз сөйлем баланы Отан қорғаудан да босатты. Сонан бері жүйке дәрігерінің есебінде тұрады. Оның емі – «ерте тұрып жүгіру, адамдармен қақтығысқа келмей, аз сөйлесіп, ашу шақырмау керек». Осыны оқыған Орынбасар ішек-сілесі қатып күлді. «Әкем көрмеген қызықтың бәрін мен көретін болдым. Әкемнің сөзімен айтқанда: «Тәуба, көрсеткеніңе шүкір!» деп, тағы да көне альбомды қолға алып, зіңгіттей қара жігіттің мұңайып отырып жалғыз түскен суретіне шұқшиған.

– Мен төзімділікті әкемнен үйрендім, – деді жаңа үйдегі алғашқы шәй үстінде. – Әкем көресінің бәрін көрді, бұ дүниеде ең бір көрмеуге тиіс нәрсенің бәрін көрді. Неткен төзімді. Мен ондай емеспін.

– Не көрінді сонша?! Оқуыңды бітір.

– Оқуды екінің бірі бітіреді. Бірақ, жұрттың бәрі төзімді емес.

– Әкеңде жақсы қасиеттер көп еді. Сен де әкеңдей болсайшы...

– Әкемнің жақсы қасиеттерін енді есіңе алып отырсың ба? Әкесі қандай болса, баласы да сондай болуы керек пе? Бұл не? Жазылмаған ереже ме?! Сен, мама, неге осы өз ұлтыңның өкіліне тимедің?

– Кендебай да қалалық. Алматының түбінен. Тілінде айырма жоқ. Біз бір-бірімізді ұнаттық.

– Әуелі сен ұнаттың ғой, сақалды шал Толстой айтпақшы...

– Иә, мен ұнаттым. Қыз өз ұнатқанын таңдайды. Оған еркек мәз болады, өзім ұнаттым деп... Тіпті де олай емес. Ол менің әке-шешеме көмектесіп тұрды, үй соғып берді.

– Солар әкемнің жаназасына келді ме, соңғы сапарға шығарып салды ма?!

– Қайдағыны айтпай тыныш отыршы. Бәрінің сүйегі қурап кеткенде...

– Ал, сен, әкемнің мұсылмандығынан қорыққан жоқсың ба? – деп баласы шешесіне сынай қарады.

– Ол кезде бір-ақ ұлт жасаймыз деген ұран болатын. Біз соның жемісіміз.

– Бір-ақ ұлт, бір әйел, бір еркек... Екеуі қосылып, бір ұлттың өкілін өмірге әкеле ме?! Сен, мама, әкемді сүйгеннен кейін оның дініне неге кірмедің? Толстой да шіркеуден кетіп, мұсылмандықты қабылдаған ғой.

– Ол кезде ондай қажеттілік жоқ-тұғын. Біз дамыған, коммунизмге қарай бет түзеген ел болатынбыз.

– Дін – апиын, – дейсің ғой.

Шешесі түсіне алмай көзінің астымен қарады.

– Нәпсілерің де жан-жақты дамыды ғой...

Шешесі қарсы алдында отырған ұзын шашы удар-дуар, үйрек мойны бір бөлек, қушиған иығы бір бөлек сып-сидам ұлына көзінің астымен қарап, қолы дірілдеп, сыздықтата шәй құйды. «Осы бір құдай қарғаған бір жарым бөлменің орнынан басқа жаққа көшу керек пе еді» деп те ойлап қойды.

– Бір жарым бөлмедегі әкемнің жан күйзелісі жадымда. Құдай Адамды олай қинамасын. Сен мешелдігін бетіне басып, еркек қызғанышына май құйып, жанын шырқыраттың. Әдейі істедің бе? Ол – еркек қой. Оның үстіне мұсылман баласы. Жат қылыққа көзінше әдейі бардың ба?

– Мен жаспын ғой, Олег.

– Мен де жаспын. Жиырмаға енді келдім. Осы, мама, мен мұсылманмын ба, христианмын ба? Мені неге сүндеттемедіңдер?

– Оны әкеңнен сұра.

– Әкем үлгере алды ма? Жанымен қайғы боп, сенің азабыңмен-ақ арпалысып өтті.

Шешесі шәйнектің үшкір шүмегінен сыздықтатып шәй құйған күйі ұлына көз алмай қарап қалды. Шәй құяйын ба, құймайын ба деп те сұрамады. «Осыны туысқанына жіберіп, біражола қазақ қылсам ба екен. Бұл да айтқанын істеген сайын басқа шығып барады. Сусамыр болды бесіктен белі шықпай жатып. Тамақты таңдап ішті. Енді... кең үйге көшіп келген күні жан-дүниемді жауапқа тартып отырысы мынау».

– Сүндеттелсе, етек қатынасында әрі пайдалы, әрі ыңғайлы дейді ғой.

– Оны кім айтып жүр?

– Қыздар...

– Қайдам...

Шәй ішілмей қалды.

Шешесі етегін шалбарланып, еден жуды.

Орынбасар алма ағашының түбінде әкесі мен шешесі құшақтасып түскен суреттің тағы біреуін басқа альбомнан көріп, әкесінің бейнесін бөліп ап үлкейтіп, жаңа үйдің қабырғасына іліп қойған. Диванда шалқасынан түскен күйі сол жансыз бейнеге көз алмай қарап жатыр. «Тірлікке қол ұшын тигізейін демейді. Бұл ертең біреумен қалай түтін түтетеді...». Шешесінің сөзі естілген кезде Күн батып, көз байланып қалған еді.

***

Түннің бір уағында Наташаның бөлмесіне сорайып біреу кіріп келе жатты. Дәл бір теледидардан көрген ғарыш Адамы секілді сып-сидам. Есіктен бас сұққан бетте әйелдің төсегіне аңтарыла қарап тұрып қалды. Терезеден түскен жарықтан еркектің жалаңаш денесі сәулеге малынып, жарқырап кетті.  Наташа бірден өткенін ойлады. «Бірақ, онда бір жарым бөлме-тұғын. Сонда талайды жалаңаш көріп едім. Қарсы есікте Кендебай бәрін біліп жататын... деп, жылт еткен қиялы үмітсіз сәуле боп жылыстай бергенде Олег сөйлеп қоя берді.

– Мен сүндеттелуім керек. Мен қайткенде де әйелмен мұсылман боп кездесуім керек.

– Сен қазір нешедесің? Білесің бе?

– Сүндет жасқа қарамайды. Бір кертіп тастау деген хирург үшін түк те емес. Әйтпесе мұсылманша... Сендер өздеріңнен басқаның бақытын ойлайсыңдар ма?!

– Онда әкеңнің бауырларына барып, жағдайыңды айт...

Жалаңаш дене әйелге төне түсті. Ол енді ұлынан сескенген жоқ, ойына тұсау сап, қайтарып тастауға бекінді. «Тағы  не сұрар екен?».

– Сен таңдап, талғап жүріп әкемнің етегінен ұстадың ғой. Шын сүйдің бе? Оның мұсылмандығынан, сүндетке отырғандығынан артықшылық сезіндің бе?

– Әйелдер өзі ұнатқан еркекті таңдайды деп айттым ғой. Ал еркектер өзім ұнатқан әйелді таңдадым деп ойлайды. Сенің әкең де қателесті. Өтті, кетті. Ал сүндеттелген-сүндеттелмегенін әуелде білген жоқпын. Бізге бәрібір болатын.

– Сендерге әлі күнге бәрібір. Мен әкемнен төзімділікті үйрендім. Осы үйдің орнындағы бір жарым бөлмеде сен оны тірідей өлтірдің. Жұлынын бұзықтар үзді, жанын сен шырқыраттың. Сен онымен некеде тұрып, неге үйге бөтен біреуді ертіп келдің?

– Мен өзіме ұнаған адамды ертіп келдім.

– Сөйтіп, көзін бақырайтып қойып, көзіне шөп салдың. Осы мен саған ұнаймын ба? Мен де жиырмаға келдім, егер ұнасам, сен мені ауыздандыршы. Сен бәрібір әкемді сыйламаған былғаныш әйелсің ғой...

– Сен менің баламсың ғой.

– Мен де еркекпін...

Әйел алабұрта бастады. Қараңғы бөлмедегі жарқыраған жас дене сырттан түскен жарықпен бір сиқырлы сәулеге малынып, біртүрлі жанына жақын тартып, өзінің де жандүниесі майдай езіліп, тіпті есеңгіреп бара жатқандай.

– Олег, айтқаныңның бәрін орындайын, тек бұрынғы, бір жарым бөлмеде өткен өмірімді еске салмашы, – деп қараңғыда көзін сата қарады.

Орынбасар алға бір аттап, айқайлап жіберді.

– Сен сол бір жарым бөлмеде әкемнің төзімін сынап едің. Үш бөлмеде сенің төзіміңді мен сынаймын. Сен ескі үйде де, жаңа үйде де бәріне дайын әйелсің. Ертең сотқа барып, бір бөлмені өз иелігіңе алып қалуға арыз жаз. Мен төзімділікті әкемнен үйрендім деп тағы да қайталаймын. Енді төзе алмаймын.

Шешесінің алдында қылдай жіңішке мойны бір бөлек, қушиып шығып кеткен екі иығы бір бөлек, қол-аяғы сып-сидам, ербең-ербең еткен еркек бейне арлы-берлі сөйлеп жүр. Анасы әрең дегенде есін жиды. Бұл дүниеде ненің де болса бодауы болатынын жаңа білгендей, баласының есейіп кеткеніне де енді ғана көзі жеткендей. «Ерең-серең еткен мынаның қаны тегін қан емес, мына жүрісі тегін жүріс емес...». Бұрылып кетіп, қайта кеп, жартылай жалаңаш шешесінің алдына қою түнде қара қалам мен ақ қағаз қойды.

– Аудандық халық сотына деп баста...

Сидам саусақтар қыса ұстап, дір-дір еткен қара қаламнан ақ қағазға қиқы-жиқы әріптер түсе бастады. Әр сөзді ызалана аузынан шығарып, қолмен қойғандай ғып сөйлем құраған еркекке есеңгіреп отырған жартылай жалаңаш әйел есек дәмемен қарайды.

559 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы