• Білім-ғылым
  • 27 Қазан, 2011

Сыр палуаны – «Қазақстан барысы»

Олар бір-біріне барлай, тесіле қарасты. Қайтсе де, жеңуді ойлаған қос қарсылас осы сәт ұқсас көрінген. Екеуінің де бастары үлкен. Бет пішіндері кесек. Мойындары жауырынмен тұтаса жалғасып жатқан, жуан. Құлақтары жатаған, бүріктеу. Жауырындары арыстан жалданып, күдірейді. Дидарлары қолаша қошқылданып, күреңітті. Бас салуға қамданған «Сыр қыранының» бір сәт кеудесі көріктей боп күмпиіп, көрер көзге апайтөстеніп сала берді. Қарсы шабуылға сайланған «Әулиеата арланының» да осы мезет кеуде тұсынан үлкен кеседей көк еттері ойнап шыға келген. Адам денесіндегі күллі бұлшық ет атойлап, құдіретті шайқастың боларын сезіп, аттан салғандай. Зал толы жұрт сілтідей тынды. Мың сан көз арбауға түскендей, қыбырсыз қадалған. Осының бәрі бірер секундқа ғана созылды. Ішегін тартып, тына қалған көрермен балуандардың қолдары бір-бірінің иықтарына сарт еткенде, қайта соққан борандай гу етті...

Кезінде Сәкен жырлаған «өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом» балуандар еліміздің әр қиырынан бас қалаға жиналды. Мұнда жүлде қорының көлемі жөнінен Қазақ елінің тарихында бұрын-соңды болмаған ұлы жарыс өтетіндігі жарияланған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін ұйымдастырылған қазақ күресінен «Қазақстан барысы» додасының бас жүлдесіне 150 мың доллар тігілген екен. Бұл – 22 миллион теңге. Бас жүлде иесіне миллиондармен қоса, «Алтын белбеу» берілді, сол жеңімпазды тәрбиелеген бапкерге 50 мың доллар табыс етілді. Екінші тұғырға табан тіреген балуанға 30 мың АҚШ доллары көлемінде ақша ұсынылды және оның беліне «Күміс белбеу» тағылды. Оның бапкері болса, 10 мың доллар алады екен. Ал үшінші орынға іліккен спортшы 10 мың долларға және «Қола белбеуге» ие болды. Оның бапкері соның жартысындай, яғни 5 мың доллар қаржыны иеленбек.

Тағы да ілгері оза кетіп, бірден айтып қоялық, ұйымдастырушылар осы жарысты жыл сайын өткізіп, дәстүрлі етуге бел байлапты. Мұны олар сайыс үстінде жария етті. Егер олар осы уәдесінде тұрса, ұлттық күресіміздің қадірі мен қошеметі тіпті олимпиялық спорт түрлерінен де асып түспек! Өйткені Олимпиада бағдарламасына енген сайыстар сайыпқырандарының өзіне осынша қомақты сыйға қол жеткізуге деген мүмкіндік төрт жылда бір-ақ рет беріледі емес пе?! Қазақтың бағына біткен күресімізге қандай құрмет жасасақ та, жарасса керек! Біле білсеңіз, ұлттық бұл жарыс түрі –  жас ұрпақты ерлік, батырлық пен батылдық дәстүрінде баулудың ғибратты құралы қызметін атқарады.

Сонымен тамызда Астанада өткен балуандардың ұлы аламанында «Қазақстан барысы» атағы бәйгеге тігілді. Мұндай мәртебені иеленуге 60 балуан үміт артыпты. Осының алдында Қазақстанның әр ауылында, аудан орталықтарында, облыс деңгейінде іріктеу сындары өткізілген екен. Соларда сайдың тасындай сайыпқыран балуандар анықталып, ілгері озған. Жігіттердің ең осалы ортан жілікті опыратындай еді!

Осынау ғаламат жобаның дүниеге келуіне коммерциялық телеарнаның басшысы Арман Шораев мұрындық болыпты. Ал «Қазақстан барысы» жарысын Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырған. Оны Туризм және спорт министрлігі қолдаған көрінеді. Осы орайда сайыс кезінде жүргізуші Қызылорда облысының әкімі Болатбек Қуандықовтың қомақты қаржы бөлгізгендігін атап өтті.

Ақырғы сынға балуандар аң терісін жамылып, сән-салтанатпен шықты. Ақыры «Әулиеата арланының» тұтқыр уысынан бір сәтке сытылып шыққан «Сыр қыраны» серпіле бере, қайта ұмтылды да, тез жұмылып үлгермеген оны бір жауырынымен сұлатып түсірді. Осы жартылай жеңіс кейін «Қазақстан барысы» жүлдесінің тағдырын шешіп кеткен еді.

1986 жылы туған, бойы 186 см, салмағы 121 келі, қазақ күресінен спорт шебері, дзюдодан Қазақстанның 2008, 2009 және 2010 жылдардағы чемпионы, Қорқыт ата университетінің студенті Ұлан Рысқұл Қызылорда өңірінің мерейін үстем етті. Оған салтанатты жағдайда «Қазақстан барысы» атағы, «Алтын белбеу» және 150 мың АҚШ доллары табыс етілді. «Сыр қыраны» жеңістен кейінгі тұңғыш сұхбатында бұл жеңісін өз бапкеріне –  Садық Мұстафаевқа арнайтынын айтты. «Маған қолдау көрсеткен көрермендерге көп-көп рақмет!» деді Ұлан Рысқұл.

Жамбылдық Бейбіт Ыстыбаев болса, «Күміс белбеуді» олжалады.

Ал үшінші орын үшін таласта шығысқазақстандық Шалқар Жоламанов астаналық Арман Әбеуовтың 26 секундта жауырынын кілемге тигізіп, таза жеңіске жетті.

Енді жұртшылық бұл аламанның алда да жалғасын тауып, дәстүрлі түрде өте бастауын күтеді. Өйткені Олимпиада ойындары сынды дүбірлі жарыстардың дүрмегіне ілікпей, күнтізбесіне енбеген соң, қазақ күресі басқа спорт түрлерінің тасасында қалғандай күйде еді.

Айхан Шәріп

428 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы