• Білім-ғылым
  • 25 Желтоқсан, 2013

Адам санасындағы арпалыс Төлен Әбдіковтің «Парсат майданы» повесіндегі екіұдайлық мәселесі

Әйгерім ӘБДІБАЕВА

1990 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара ауданында дүниеге келген. 2008 жылы Сырбек Кәттебеков атындағы орта мектепті бітіріп, 2008-2012 жылдар аралығында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Филология факультетінде білім алған. Қазір аталған жоғары оқу орнының 2-курс магистранты.

Екіұдайлық  мәселесі – әдебиетте бұрыннан  бар  құбылыс. Мұның  жарқын  үлгілерін орыс  және батыс  әдебиетіндегі  туындылардан көруге болады.

Бір  адамның  екіге  бөлінуі (раздвоение  личности) – философиялық  тұрғыдан  алғанда  өте  күрделі  құбылыс, ал  көркем  өнерде, әдебиетте  өмірдегі  қайшылықтарды,  кейде  ашық  айтуға  бола  бермейтін  әлеуметтік,  саяси,  қоғамдық,  рухани  келеңсіздіктерді тереңінен  көрсету  үшін  кейіпкерді  екіге  жарып,  екеуін  айтыстырып, тартыстырып  суреттейтін   аллегориялық  тәсіл.  Жазушы  тіршілікте  болып  жатқан  істерге  немесе  саяси-әлеуметтік т.б. жағымсыз  құбылыстар  мен  оқиғаларға  деген  өзінің   көзқарасын  білдіру   үшін  осы  тәсілді  қолданып,  психологиялық  шығарма  тудырады.

Жазушы Т.Әбдіковтің адам бойындағы «қостұлғалылық», ішкі психология тақырыбына жазылған туындысы – 2002 жылы жарық көрген «Парасат майданы» атты повесі.

 «Парасат майданы» – шын мәнінідегі терең философиялық туынды. Автор зұлымдық,  жамандық  атаулының  бәрі  ең  әуелі  адам  санасында қалыптасып,  содан  соң  ғана  жүзеге  асады деген  пікірді  ұстанады. Адамның  жақсылыққа, адамгершілікке  деген  сенімі, ой  тазалығына  ұмтылуы  шығармада  маңызды  орынға  ие.

Төлен  Әбдіковтің  аталған  повесіне  талдау  жасай  отырып, оның арқалаған  негізгі  тақырыбы  рухани  кемелдену  мәселесі  екендігін байқауға болады.  Адамның рухани тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуі, тазаруы, рухани кемелділікке жетуі – көне заманнан бері көптеген ойшылдарды толғандырып келген мәселе. Тәндік құмарлықтарды жеңу арқылы жаңа рухани деңгейге көтерілу, әулиелік сипатқа ие болу – көптеген діни-философиялық мектептердің көтерген өзекті тақырыбы.

Жазушы  рухани  кемелділікке  жету  үшін  адам  өз-өзіне  үңіліп, өзінің  ішкі  ойын, ішкі ойы  арқылы  іс-әрекетін  түзеп, жаман  ниеттерден, пиғылдардан  арылып, адамгершілік  биік  мұраттарды ту  етуі, ең алдымен, өз-өзімен  күресіп,  жағымсыз  қасиеттерден  арылуы, өз  бойындағы  зұлымдық  бастауларына  тосқауыл  қойып, оларды  түбегейлі  жоя  білуі    тиіс  деп  есептейді.  Адамдар  жауды  сырттан  іздеп,  өмір бойы  сол сыртқы  жаулармен  арпалысып  емес, өзімен,   бойындағы кемшіліктерімен күресіп,  өзінде  бұғып  отырған   жауды  жеңіп, сол арқылы  адамдық  болмысын  сақтап  қалуы  керек  дегенді  айтады.  Осылайша, өз-өзіне, өзінің  ішкі  меніне, өз  бойындағы  жамандық  атаулыға  қарсы  парасат  майданын  ашады.  Жазушының  көркем  туындысы  арқылы  қалың  оқырман  қауымға  айтпақ  болған  ойы да – осы.

Автор осы  повесінде  бостандық,  соның  ішінде адам  бостандығы  жайлы  да  өз  ойын  білдіреді. Рухани  кемелдікке  жету  арқылы  ғана  адам  шын  бостандыққа ие болады. Повесте бұл мәселе жайлы да қарама-қайшы пікірлер  орын алады. Бейтаныс құрбы адамның  нағыз бостандығы оның еркін тұсап, оған өмірде  қалағанын  жасауға  жол  бермейтін  ескі  ұғымдардан, қалыптасқан қағидалардан арылғанда  ғана  келеді  деп  есептейді.  Ал  күнделік   иесі  бұған  кереғар  пікір  айтады. Бостандық адамның өзінде, оның ішкі  ойының, жан  дүниесінің тазалығында. Жазушының  ойынша, өз-өзіңді  жеңіп, нәпсіңді  ауыздықтай  білу – нағыз ерлік.

Повесте сюжет негізгі қызмет атқармайды, мұнда негізігі  тартыс  кейіпкердің өз болмысында,  психологиялық ахуалы мен өмірдің, адам  болмысының сан  түрлі  сауалдарын  шешуге тырысқан  өзінің  ішкі   дүниесінде  өрбиді.  Яғни,  шығарманың   коллизиясы  өзге  адамдар  арасында  емес, екіге жарылған бір жанның өз санасында  дамиды. Туындыдағы күнделік  иесі мен бейтаныс құрбының арасындағы тартыстан, айқастан қарама-қайшылықтың адамгершілік-моральдық, қоғамдық-әлеуметтік астарын  аңғарамыз. Жамандық  пен  зұлымдық  атаулыны  да  теріс  көрмейтін  бейтаныс  құрбы  француз  ақыны  Шарль  Бодлердің  «Зұлымдық  гүлдерін»  құныға  оқиды.  Оның  да  өзіндік  себебі  бар. Бодлер  Ұлы  ұқсастықтар  заңына  жаңа  мазмұн  берді. Оның  негізгі  көркемдік  тәсілі  антитеза  емес, қарама-қарсылықтарды  өзара  теңгеру, ұқсастыру, сабақтастыру  болатын. Бодлер үшін  жамандық  дегеніміз жақсылық  және  керісінше, өлім  дегеніміз  өмір  және  керісінше, ізгілік  дегеніміз  зұлымдық, және  керісінше  тазалық  дегеніміз  күнаһарлық  және  керісінше  - яғни, «шын  мәнінде  төменде  не  тұрса, ол  жоғарыдағыға  ұқсас».

Ал  күнделік  иесі: «... кереғар  екі  күш  қалайша өздерінің  мән-мағыналарынан  айрылуға  тиісті?  Неге  ақ  пен  қара,  адал  мен  арам,  ізгілік  пен  қиянат  іштей  былығып,  бір-бірімен  мидай  араласуы  керек? Екеуі  бір  табаққа  сыймайтын  құбылыс. Алайда  екеуінің  бір  табақта жатқаны  кімге керек  болуы  мүмкін? Осының  бәрі, меніңше,  адалға  да, арамға  да,  ізгілікке де,  қиянатқа  да жататын  рухани  қосмекенділірдің  көбеюінен», – деп толғанады. Повестегі  кейіпкердің  адамның  рухани  құндылықтары  жайлы ойларынан   автордың   өз  ішкі  толғаныстарын,  оның  өзін  қинаған  сан  түрлі  сауалдарды,  мәселелерді  көреміз.   Жазушы  қазақ  әдебиетіне  «рухани  қосмекенділер» деген  жаңа  термин  енгізіп  отыр. Олар бірыңғай  жексұрындар  емес,  бойында  аз да  болса  жақсы  қасиеті  бар  жексұрындар.  Ең  қатерлі  адамдар  да - осылар.  Автор  өз  туындысында  осы пікірді  ұстанады.

Осындай  қасиеттерді,  қоғамдағы  келеңсіздіктерді  елден  ерте  ұғынған, бұларға  қарсы  күрес  жариялаған  бір  адам  шығып  еді, ол  да  болса  ауру,  қоғам үшін жынды, қауіпті. Повесте кейіпкердің  есінен  адасуы  философиялық сипатқа ие.  Жеке  адам  басындағы  қайшылық  арқылы  қоғамның  рухани өміріндегі қайшылықтардың  шынайы  болмысы  суреттеледі.

Туындыдағы кейіпкер болмысының екіге жарылуы айқын. Күнделік иесі, жүйке ауруына шалдығып, ауруханада жатқан жас жігіт күн сайын әлдекімнен хат алып отырады. Және өзін «бейтаныс құрбы» деп таныстырған ол, мұның күнделіктегі жазбаларымен, ішкі әлемі, жан дүниесімен толықтай таныс. Бұл жағдай күнделік иесін шошытады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, туындыда сюжет маңызды орында емес. Оқиға екіге жарылып, өз-өзіне хат жазған, екі түрлі көзқарастың, екі түрлі пікір мен сезімнің жетегіне ерген кейіпкердің ойы арқылы өрбиді. Әуелде хат жазып, бұған пікір бөлісуді ұсынған бейтаныс құрбыдан шошынғанымен, бас кейіпкер бертін келе өзінің жаңа танысымен әр түрлі мәселелер жөнінде ой бөлісіп кетеді. Олар бір-бірімен өмір, қоғам, адам, адамгершілік мұраттар жөнінде таласқа түсіп, бірдей пікірге келе алмай, бірінің ойын бірі терістейді. Екеуінің ойы өмір мен өлім, ізгілік пен зұлымдық, рухани құндылықтар, ар-ұят, адамгершілік мұраттар, тіпті, сұлулыққа келгенде де бір-бірімен қабыспай, қақ жарылады. Шығарманы алғаш оқып шыққанда  екеуінің де пікірімен келіскендей боласың. Көп жағдайда күнделік иесінің ойын құптағыныңмен, бейтаныс құрбының да пайымдаулары жөн көрініп жатады. Кейіпкердің өзі де сол екі ойдың бірін толық дұрыстай алмай, екіге бөлініп жатқандай көрінеді.

Мұндағы кейіпкердің екіге жарылуы санасынан тыс жүзеге асады. Бір бойына өзіне қарсы пікір ұстанған тағы біреудің орнығып алғанын күнделік иесі білмейді. Ол бейтаныс құрбының мұның бүкіл ойы, барша іс-әрекетімен қайдан таныс екенін түсінбей, оны өзімен кездесуге де шақырады. Алайда, мұнымен хат жазып жүрген ешқандай да бейтаныс құрбы емес, өзі екенін ұққанда, кейіпкер өз-өзінен безіп кеткендей күй кешеді. Себебі, өзі ұлықтап жүрген ізгі мұраттарға қарсы болып, оны жоққа шығарғысы келетін жанның өз бойында өмір сүретінін мойындағысы келмейді.

Күнделік иесі – қоғамдағы жағдайларды, ондағы орын алып жатқан келеңсіздіктерді қабылдай алмай, жатсынған жан. Әлемдегі адамзат балысының рухани күйреу жолына түскенін көрген ол, сол дүниенің ешбіріне көндіге алмай, мазасыз ойларға берілді. Өзгелер  қалыпты жағдай деп қараған нәрселердің бәрі мұның жанын азапқа салды, басқалар бас қатырып ойланбаған дүниеге бұл ойланды. Сондай ойлардың шырмауына қамалып, жан күйзелісіне ұшырады, жүйке ауруына шалдықты. Бейтаныс құрбы – оның өзінің екінші ойын, көзқарасын бойына жиған екінші «мені». Жаны күйзеліске түскен кейіпкер, мүмкін, осыған дейінгі табынып келген мұраттарымыз дұрыс емес, ізгілік, махаббат, адалдық  деген ұғымдар қате қалыптасқан шығар, олардан мүмкін бас тарту керек болар, сонда рухани азғындыққа жиіркенішпен қарамас едік деген ойын екінші «мені» бейтаныс құрбы арқылы береді. Мұндай жағдайда қоғамды  жайлаған кеселді ойлап, күнделік иесі де жан ауруына шалдықпас  еді. Осындай дүниелер, кереғар ойлар мазалаған кейіпкер екіге жарылып кетті. Күнделік иесіне екінші «мені» бейтаныс құрбының айтқан пікірлері де дұрыс боп көрінді. Себебі, ол нақты екіге жарылды. Бір күндері таңертең  күнделік иесі болып оянып, мазасыз ойлар жетегіне еріп, әлемдегі болып жатқан жағдайлардан түңіліп, өз ойларымен ғана тұйықталып жүрсе, келесі күні бейтаныс құрбы боп оянып, жадырап күліп, адамдармен жиі әңгімелесіп, тіпті, алғаш хатты да өзі жазды. Дегенмен, повесть соңында  күнделік иесін қорқытқан зұлым ойлардың иесі өз бойында отырғанын білген кейіпкер өзі қадірлеген  рухани  құндылықтарды сақтап  қалу  мақсатында  тосын  шешімге келеді. Ешкімге  ұқсамайтын, оқшау  кейіпкердің  бойындағы  басты қасиет – қандай жағдайда  болмасын арының  тазалығын  сақтап  қалуға  деген  ұмтылысы,  адамгершілік  мұратына  ададығы.  Тығырықтан  шығудың  мұндай  жолын  құп  көрмегінімізбен,  бұл  оның  өз  қалауы,  өз  таңдауы  екенін  жоққа  шығара  алмаймыз. Өз  өлімі  арқылы  бойындағы  жамандықтың  салтанат  құруына  жол  бермей,  ізгілікке  деген  сенімін ұлықтап  отырған  кейіпкердің бұл  шешімін  рухани  жеңісі  деп  бағалауға  болады. Өйткені  адамзатты  жаппай  қырғынға  ұшырататын соғыстан  қатері  кем  емес ақыл-парасат  майданы  шықты.  Егер  бұл  майданда ізгілік  жеңіске  жетпесе, адамзаттың  рухани  күйреу  дәуірі  басталады.

Туындыда берілетін кейіпкер түсінің де үлкен астарлы мәні бар тәрізді. «Түнде өте жайсыз түс көрдім. Қараңғы коридормен келе жатыр екенмін деймін. Жолда жатқан – зат иә тіреу екені белгісіз – әлдебір кедергілерді айналып өтіп, құлап қалмау үшін әлсін-әлсін сипалап, қолымды қабырғаға тіреймін. Шамасы, бірдеңеге асығып келемін. Бір кезде әлдеқандай өткір зат – қабырғаға қадаулы тұрған қанжар болуы мүмкін – мойнымды орып өтті. Еш жерім ауырмаған соң, ілгері жүре бергем, кенет басымның бұлғақтап кеткенін сезіп, қолыммен ұстай алдым. Басым боп-бос – бір теріге ғана ілігіп тұр. Бір қолыммен қабырғаны сипалап, бір қолыммен басымды ұстап ілгері жылжимын. Жүруге ыңғайсыз, сәл сүрінсем, басымды түсіріп алатын секілдімін. Қараңғы коридордың таусылатын түрі жоқ. Осынау жанды қинаған азапты жүріс енді ешқашан бітпейтіндей болып көрінді...Бір уақытта қонақ үй секілді ғимараттың ішіне кірдім. Фойедегі орындыққа отырып, басымды ілігіп тұрған жерінен біржолата жұлып алып, келесі орындыққа қойдым. Өтіп бара жатқандар маған бұрылып қарайтын секілді. Ыңғайсызданып басымды газетпен жаба салдым. «Мынау ұят болды-ау, - деймін ішімнен. – Мұны қайтіп жасырамын?».

Бас кейіпкерінің осы жұмбақ түсі арқылы да жазушы бүгінгі қоғамның бетіне шыққан, еш жасыруға келмейтін рухани құлдырауды, рухани азғындауды жеткізіп тұрғандай. Басы боп-бос бір теріге ілініп тұрса да, күнделік иесі еш ауырсынбайды. Ілгері жылжуын жалғастырады. Сол секілді бүгін қаншама қоғамды жайлаған азғындауларды, сорақылықтарды адамзат баласы басынан кешіріп отырса да, еш ауырсынбай, еш жері сыздамай, ойланбай қалыпты дүниедей қабылдап жатқаны жасырын емес. Ендігі жерде шығармадан фойеге шыққан соң басын біржола жұлып алып, келесі орындыққа газетпен жауып қоя салған кейіпкер әрекетін байқаймыз. Ол бассыз да бәрін көріп, біліп отыр. Бассыз да тіршілгін үзбей отыр. Бүгінгі адамзат қоғамында да рухани мұраттар, құндылықтар жылы жабылып, ешкімнің керегіне жарап жатқан жоқ. Адамдар руханилықтан бас тартып-ақ, оны қажетсінбей-ақ өмір суруге, тіршілігін жалғастыруға бет ала бастады. Кейіпкер басын қанша газетпен қымтаса да, оның бассыз екені білінбей қалып жатқан жоқ. Сол тәрізді адамдардың руханилықтан безуі, рухани мұраттардың, ізгі қасиеттердің аяққа тапталуы – бүгінгі адамзат әлемінің әбден жасыруға келмейтін, ап-анық дерті, ең қауіпті індетіне айналып отыр. Бұл да жазушының бүгінгі әлем құрыса, тек рухани азғындаудан құриды деген  ойын дәлелдей түскендей. 

Сонымен, шығарма    бойындағы  екіұдайлық – бүгінгі идеалынан  айрылып,  жар  жағалаған  қоғамның бет-бейнесі.

1886 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы