• Қоғам
  • 05 Ақпан, 2024

Чемпион

   Жыл аяғында Маңғыстау облысының орталығы  Ақтау қаласында Қазақстан Республикасы құқық қорғау, арнайы және күш-құрылымдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері арасында Ішкі істер министрлігінің және «Динамо» ДШСҚ Орталық Кеңесінің самбо күресінен  Х ведомствоаралық  спартакиадасы өтті. Онда облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Аян Дүйсембаев дүбірлі доданың ойдағыдай өтуіне байланысты жылы лебізін білдірді.
      – Баршаңызды республикалық спартакиаданың сәтті аяқталуымен шын жүректен құттықтай отырып, әрдайым жеңісті күндерде кездесуді тілеймін. Жарыс жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы, барлық қатысушылар өздерінің спорттық бабында екенін тағы бір байқатты. Полиция қызметкерлерінің арасында да спорт десе ішкен асын жерге қоятын мықты спортшылар көп. Олардың қатары артып, бүгінгідей сайыстарда суырылып алға шығып, жеңімпаз бола беруіне тілектестік білдіремін, – деді Аян Дүйсембаев.
Айта кетейік, Аян Сәбитұлының өзі де дзюдодан КСРО және қазақ күресінен Қазақ КСР-інің спорт шебері.
Жарысқа 31 команда, 217 спортшы қатысып,  бақ сынады. Олардың ішінде бес әлем чемпионы, тоғыз халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бір Қазақстан Республикасының  еңбек сіңірген спорт шебері, 
сондай-ақ 53 спорт шебері бар.
Департаменттер арасындағы жарыс қорытын-дысы бойынша Маңғыстау облысы  Полиция департаментінің құрама командасы жүлделі бірінші орынды иеленді. Екінші орын Астана қаласының командасына бұйырды. Ал Алматы қаласының  спортшылары үшінші орынды еншіледі.
      «Динамо» қоғамының ведомствоаралық спартакиадасының нәтижелеріне сәйкес Ішкі істер министрлігінің командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды  «Динамо» спорт қоғамының командасы, үшінші орынды Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан командасы иеленді.
         Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медальдар, диплом және кубоктармен, сондай-ақ сый-сияпат-пен марапатталды. Төрешілер мен сайысты ұйымдастырушылардың жұмыстары да ерекше атап өтілді.
Бұған дейін де талай жарыстарда топ жарған Әбу-Бәкір Сәкенұлы бұл жолы да өзінің шеберлігі шыңдалғанын тағы бір паш етті. Ол өз салмақ дәрежесі бойынша Қазақстан чемпионы атанды.
Самбо күресінен спорт шебері Әбу-Бәкір биыл ғана  Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің  Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясын тәмамдап, Маңғыстау облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа күрес басқармасына жедел уәкіл болып қызметке орналасқан болатын.
– Қызметпен бірге спортты қатар алып жүру оңай емес. Бірақ  қанша қиын болса да мен күрестен қол үзбеймін. Арманым – әлем чемпионы болу. Осы мақсатқа жету жолында талмай тер төгуге тура келеді. Бұл ретте асқар тау әкем мен жаттықтырушыларым дем беріп, қанаттандырып отырады. Олардың сенімі мені алға жетелейді. Жаңа биіктерден көрінуге жігер береді, – дейді республика чемпионы атанған Әбу-Бәкір.
Ол самбо ғана емес, қазақша күрес бойынша да мерейі үстем болып жүрген палуан. Айталық, Орал қаласында өткен «Ұлы дала рухы» атты фестивальде қазақша күрестен өнер көрсетіп, 90 келі салмақта жүлделі үшінші орынды иеленген болатын. Сонымен бірге Әбу-Бәкір ұлттық ат спорты түрлерінен де кенде емес. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 2000-2003 жылы туылған жастар арасында аударыспақтан Қазақстан Республикасының ХV чемпионатында 85 келі дәрежесінде жеңімпаз атанған оның спорт сайыстарында алар асуы әлі алда екені анық.
    Әбу-Бәкірдің туған жері  Маңғыстау облысының Жыңғылды ауылы. Бала жасынан спортты серік етті.
 – Әлі есімде, екінші сыныпта оқып жүргенімде  күрес залына келдім. Мені күрес бірден баурап алды. Сабақтан бос уақытымның бәрі жаттығуға кететін. Боз кілем үстінде борша-борша терлеп, күрестің қыр-сырын терең меңгеруге тырыстым. Бұл спорт түрі адамды шымыр етумен бірге қиындыққа төзе білуге тәрбиелейді.  Алғашқы бапкерім – әкем Сәкен Қоразұлы. Ол кісі ұзақ жыл Қаржы полициясында қызмет етті, полиция полковнигі. Әкем де, анам да әрдайым менің қолдаушым. Керек десеңіз, атам да бала кезімнен маған демеу болды. Жарыс болған соң, кейде жеңіліс табасың. Сондай кезде көңіл-күйің түсіп, жігерің жасып қалатыны жасырын емес. Осындай сәтте ата-анам, атам жігерімді қайрайтын. Еңсемнің түспеуін қалайтын. Он үш жасымнан бастап  жарыстарға қатысып келемін. Алғашқы жекпе-жегім 42 келі салмақта өтті. Сол додада үшінші орынды иелендім. Мен үшін бұл үлкен жеңіс еді. Содан бері дайындықты тоқтатқан емеспін, – дейді 
Әбу-Бәкір Сәкенұлы. 
Жиырма жасында дзюдо, қазақша күрес, самбодан спорт шебері атанып үлгерген жас спортшы  еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан жарыстарға ұдайы қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Алдымен Ақтау және Атырау қалаларының чемпионы болды. Онан кейін халықаралық жарыстарда топ жарды. Әзірбайжан елінде, Ресейде өткізілген жарыстарда жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл ретте  бапкері Берік Жұмағалиевтің еңбегі зор. Болашағы зор екенін байқаған бапкері оны додалы жарыстардан қалдырған емес. Қарағанды академиясында оқып жүргенде  Саят Тишмағамбетов жаттықтырды. Оның да еңбегі ерен. Жалпы, академия басшылығы жігерлі жастың спортпен етене айналысуына барлық мүмкіндік жасады. Соның нәтижесінде Әбу-Бәкір биік белестерді бағындыра білді. Ал қазір Маңғыстау облысы Полиция департаментінің басшылығы жас спортшыға барынша қолдау көрсетіп, спорттық жетістіктерінің жалғаса беруіне жол ашып отыр. Биіктерден көріне бер, жас чемпион  Әбу-Бәкір Сәбитұлы!
                                       

Бек АСЫЛ
 

3141 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы