• Айтарым бар...
  • 28 Ақпан, 2024

Сөз – алғыс, Сөз – қарғыс, Сөз – тәрбие...

Болат Бопайұлы,
 жазушы, этнограф

Рас, қазақ «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деп әдемі-ақ айтқан. Міне, тілдің небір күрделі де қиын сипаттарын қысқа ғана маржан сөзбен дәлелдей салыпты... Бұған иланбасқа болмас.
          Қазақтың ана тілі дәл осындай құдіретімен құнды. Бұлбұлдай сайраған шешендер тілімен судырап төгілген ғажайьш сөз меруерттеріне шек келтіруге болмайды. Егер анаңыз «Ботам, жасың ұзақ болсын, мерейің өссін!   Құлыным, таудай табысты бол! Ақеркем, жаңа шыққан күндей бол, жарқыраған айдай бол!» деп, сізді құлай сүйіп, құтты құшағына алып, бал тілімен еркелетсе, күн астында сізден бақытты адам болмас еді. Ал, керісінше, сізге тіл тікенін қадап, «Жетпей желкең қиылғыр! Көктей орылғыр! Кеудеңді қара тас бассын! Көзіңе құм құйылсын! Жүзің күйіп, жүзқара бол!» деп, нәлет жаудырып, қарғап-сілесе, онда сіз ана құшағынан сытылып шығып, алты қат аспаннан, жеті қат жерден кірерге тесік таба алмай, тіл уынан тірідей өлер едіңіз. Пенде үшін ең үлкен мерей – үлкендерден бата алып, елдің, халықтың алғысына, құрметіне бөлену. Тірлікте одан артық рақат жоқ. Ал, ең қиыны – қарғыс естіп, ел алдында тірідей өлу. Мына дүниеде бұдан асқан қорлық болмақ емес.
         Міне, тілге тиек еткелі отырған «Алғыс», «Қарғыс» – аталатын осынау егіз ұғымдарымыздың мағыналары бір-біріне мүлдем қарама-қарсы. Алғыс ақ батасын ақтарып, бал сөзден мерей төксе, қарғыс-нәлет жаудырғыш, у сөзбен өлтіре арбайды. Қазақ тілдің осы сипаттарына қарай отырып, бір жүректің екінші жүрекке ыстық ықыласын арнап, адам рухының мерейін жоғары көтеріп, өмірге жігерлендіре, болашаққа үміттендіре айтылатын тәтті тілек сөздерді «алғыс» деп атады да, адам рухына соққы беретін, өмірден түңілдіретін, жағымсыз қылықтарға қарсы айтылған ащы сөздерді «қарғыс» деп атады. Сөйтіп, қазақ жақсылық істеген адамдарға алғыс айтып мадақтайтын, опасыз, жауыз адамдарға қарғыс жаудыратын болған.    
           Мұнда алғыс болсын, мейлі, қарғыс болсын, жай сөзбен емес, шешен тілмен айтуды шарт еткен. Алғыс та, қарғыс та белгілі адамға, табиғатқа, әртүрлі шаруашылыққа, тіпті, өмірдегі нәрселердің бәріне арнайы айтылады. Осы тұрғыдан келеміз де, алғыс пен қарғысты шешендік сөздердің бір саласына жатқызамыз. Неге? Ауыз әдебиетіміздің шұрайлы саласы шешендік сөздердің кенже зерттелгені былай тұрсын, қазақтың алғыстары мен қарғыстары  ел аузынан жыйыла бастағанына да, тым ұзақ болған жоқ. «Мұра», «Шалғын» журналдары жариялаған бата, тілек, алғыс сөздері, болмаса қарғыс сөздер атымен жазба бетін көрген емес. Әуелі шешендік сөздерді арнайы зерттеп, осы саладан кітап шығарып үлгерген мамандарымыздың еңбектерін ақтарсақ та «қарғыс» туралы ештеңе айтылмайды.
          Бұдан бұрын біздің елде шешендікке қатысты сөздерді жинау барысында алғыстарды «асыл мұра» деп, азды-көпті жинап, журналдарға немесе айырым кітаптарда жарияладық. Ал қарғыстарды «жексұрын сөз» деп ілікке алмадық. Нәтижеде қарғыс та шешендік арнаудың бір бұтағы екенін ескермедік.
         Сан ғасыр сарабынан өтіп, бізге ауызша сақталып жеткен шешендік өнердің баршасы бірдей әлеуметтік мүддені көздеп, қорғап, қолдап, қоғам, халық тағдырына әсер ететін сұлу-сымбатты сөздер бола бермеуі мүмкін ғой. Кейбір шешендердің сөздері жеке адамға, жеке оқиғаға, жеке мәселеге, жеке іс-әрекетке, жеке шаруашылыққа қатысты айтылуы ықтимал. Сол себептен шешендік сөздердің көп бөлімі зерттеліп, жазба бетіне түссе де, кейбір жеке адам, жеке іс-әрекетке, жеке шаруашылыкқа арнап айтқан түрі, күні бүгін де жазба бетін көрмей, әлі де ауызша айтылып, көкірекке жатталып келеді. Әсіресе, алғыс пен қарғыс сияқты түрлері жазба бетін көрмегендіктен, бабалардан қалған небір ғажайып алғыстар мен қарғыстар ұмыт болып барады. Алғыс пен қарғысқа да бірдің екіге бөліну заңы бойынша талдау жасағанымыз жөн.  Қазақ тіліндегі алғыс пен қарғыс адам өміріндегі жақсы мен жаманды парықтандыратын сара сөздер, яғни шешендік арнаудың екі бұтағы. Сондықтан да алғыс пен қарғысты арнайы бір тақырып етіп зерттеудің ешқандай артықтығы жоқ деп санаймын.
          Шешендік өнерді тұтастай алып, зер сала зерттеп өткен қазақ ғалымы Балтабай Адамбаев мырза Қазақтың шешендік сөз өнеріне былайша тоқталғаны бар:«Шешеңдік өнер қай жерде, қай елде сөзге бостандық, еркіндік болса, жүйелі сөзге жұртшылық құлақ асса, міне, сол жерде, сол елде ғана дамыды. Керісінше ақыл-ойға, сөзбен тілге қысым жасаған, шек қойған жерде, елде дамымайды. Бір тәуір жері біздің қазақ елінде, ақындық пен шешендікті қасиетті өнер санап, «өнер алды қызыл тіл» деп орақ ауыз, от тілді адамдарды қолдап-қуаттап отырған. Әуелі кезекті сөзін айта алмаған адамға «ауызға келген түкірік, қайта жұтса мәкүрік», «сөзбен сөзге жауап қайырмаса, сөздің атасы өледі» деп, кімнен болса да тартынбай-тайсалмай сөйлеуді дәріптеп отырған» дейді. Сөз еркіндігі бар, күллі қазақ елінде алғыс пен қарғыстың небір кереметтері айтылған екен-ау! Алдымен алғысқа тоқтайын. Жаңалық пен жақсылыққа «құтты болсын айту», қаза мен қайғыға «арты қайырлы болсын» деп көңіл айту – қазақтың ежелден келе жатқан әдет-ғұрпы. Жолаушы келгенде «қош келдіңіз, аман жеттіңіз» деп қарсы алу, кеткеңде «жолыңыз болсын, аман жетіңіз» деп, ақжол айтып шығарып салу жаңа салтымызға да жат емес. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, тілектестік сөзге бөлек орын берген. Халқымызда мұндай бата, алғысты бейнелейтін шешендік сөздің сан алуан түрі бар. Мәселен, қазақ халқы «ас адамның арқауы», «астан ешкім үлкен емес» деп, заттық игіліктің адам өміріңдегі шешуші мәнін дұрыс танып, астың алды-артында жақсы тілек, игі ниеттерін білдіретін болған.
Дастарқаннан ас кетпесін,
Бастарыңнан бақ кетпесін,
Кетпес ырыс, кең пейіл берсін,
Балаларың көп болсын,
Бақыттары баянды болсын! – деп  келетін қазақтың бата, тілек, алғыстары, сонау ескі дәуірден қазірге дейін құнын жоймай келе жатқан, халықтың үміті мен келешекке сенімін білдіретін жарқын ниет, игі тілектерінің куәсі. «Алғыспен ел көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деп, елдің алғысын, үлкеннің батасын алуды қазақ жоғары бағалаған. Әрі арлы, арайлы алғыс сөздерінің жігерлендірушілік, дем берушілік, рухтандырушылық күш-қуатына кәміл сенген.
Алтын ерлі ақ боз ат,
Астыңда жүріп арысын.
Қолаң шашты, қой көзді,
Таңдап алған бұраң бел,
Қасыңда жатып кәрісін.
Алладан тілеп айтқан сөз,
Алтындай басыңа дарысын!!!
       Бұл алғыс сөз ердің басын еркелетіп, есіл бақыт, баянды байлық, орнықты бақ тілеп тұр. Осы батаны қанжығалы Шәңкі қайтарғанда «Бүкіл денем шымырлап, буын-буыным жіпсіп тұрды» – деген екен  Бөлтірік шешен.
         Рас, мұндай бата естіп, алғыс алған адамның біреуі үміттенеді, біреуі түрленіп үкіленеді. Біреуі талаптанады, талғарға талпынады. Халық даналығынан туған мұндай бата-тілек сөздердің бүгіндері ұрпақ тәрбиесінде де атқарар рөлі өте маңызды болмақ. Бата, тілек, алғыс кейде жоғарыда айтылғандай жеке адамға арналса, кейде тұтас отбасына, онда қонақ болып отырған жалпы жамағатқа арнайы айтылады. Мысалы:
 Дұшпанның табасынан сақта,
Достың күлкі қылуынан сақта.
Ағайынның аласынан сақта,
Ей, Алла, қазанның қарасынан сақта, 
Жақынның жаласынан сақта.
Қатынның қаласынан сақта,
Баланың пәлесінен сақта.
Қыздың қырынан сақта,
Сиқырдың сырынан сақта.
Жердің де, көктің де,
Батыстың да, шығыстың да,
Мұсылманның да, кәпірдің де,
Алыстың да, жақынның да,
Төрткүл дүниенің бәрінің де,
Пәле мен жаласынан сақта!!! – деп келетін бата-тілек сөздері жалпыға бірдей айтылып, иелі сөзден жүйелі бақ-бақыт тіленеді. Аспан астындағы, жер үстіндегі бар жамандықтан, жадылықтан сақтау, жақсылыққа бастау батасы беріледі.
     Халықтың бата, тілек сөздері, алдымен, жас ұрпақтарды жетелі, зерделі, келісті болуын тілейді. Жерін, елін қорғауға дайын тас түлек болып ер жетуін қалайды. Нәресте дүниеге келгеңде, оған ат қойғанда, ұлы үйленгеңде, қызын ұзатқанда, жолға, аңға, қан майданға аттанғанда, не қиын алыс сапарға шыққанда, ас келгенде, ас қайырғанда, мал сойғанда, бие байлағанда, көші-қонда, ұлыстың ұлы күніңде, қаралы не қуанышты шақтарда, жақсы іс бастағаңда, үлкен сый-құрмет көрсеткенде, басқа да жағдайлардың бәрінде ақ бата беріп, алғыс айтады.
          Баланы бауыр ет, бақытына балайтын қазақ халқы нәрестелердің құлағын жақсы сөз, жарым ырыспен ашады. Оларды тіл балымен мәпелеп, сөз сырына шомылдырады. Олардың жарқын болашағына ақжол тілейді. Ұл болса, қас батыр болып өсуін, қыз болса, ай мен күндей сұлу, ақылды болғанын қалайды. Бұл әдет-салт қазаққа ескі дәуірден басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді.  «Қорқыт ата» кітабының «Байбөріұлы Бамсы Байрақ туралы жыр» деген тарауын оқығанда Байбөрінің ұлына Қорқыт Ата бата беріп, ат қойып, атақ арнайды:
Сөзімді тыңда Байбөрі,
Тәңірі саған ұл берді.
Жастайынан бақ берді,
Ұзын болсын өмірі,
Баса берсін ілгері.
Ұран сап жауға шапқанда,
Жолын Тәңірі қолдасын!
Батырдың қайрат күшіне,
Еш көлденең болмасын!
Баланың аты Бамсы Байрақ болсын,
Атын мен қойдым, жасын Алла берсін,
Әмин, құтты болсын!!!
Міне, осы бата арқылы қойылған атта үш түрлі үлкен мән жатыр. Біріншіден, Қорқыт киелі, дуалы ауызды адам, екіншіден, шешен-шежіре, дана-даңғыл, ақылгөй, парасатты ата. Үшіншіден, ат қойылған Бамсы Байрақ жауынгер, бөлек туылған, елден ерен ұрпақ. Осындай мәндер арқылы қазақ халқының балаға бата сөзбен ат қойып, алғыс білдіруі жайдан-жай емес. Қайта сол баланың арғы тұқымының текті, киелі екенін түсіндіреді. Құдды сол секілді баланы жан жүрегіне, бақытына балайтын қазақ әйелдері нәрестені алғаш бесікке бөлегенде әндетіп, сылап-сипап отырып-ақ, ақ бесікке бөлеп, ақ батамен ұйықтатады:
Мойынымдағы тұмарым,
Тарқамасын құмарым.
Тағдыр берген алсын деп,
Ақ бесікке салсын деп,
Бесігіңе жата ғой,
Тәтті ұйқыға бата ғой.
Балам, жатсын бесікке,
Пәлесі қалсын есікте.
Әлди, әлди, әлди-ай!!!
           Рас, «Әуелі дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп Абай айтқандай, қазақ халқында жырдың түрі қанша көп болса, алғыс сөзі де сонша көп. Тұрмыста балаға қатысты қандай қимыл-қылық болса, соның бәріне арналған алғыс, ақ бата, ізгі тілек бар. Балаларын әдетті, иманды, ақылды өсіруге дағдыланған халық оларға жаңа киім кигізгенде мынадай баталы жырмен тілек білдіреді:
Жағасы жайлы болсын,
Етегі майлы болсын.
Киімің тоза берсін,
Өмірің оза берсін!!!
Қандай әдемі, уыз тілек!
«Баласы атқа шапса, үйдегі анасы тақымын қысып отырады» дегендейін, баланың алғаш атқа мінуі ата-анаға шексіз қуаныш, зор бақыт, үлкен мерей саналады. «Ат мінді, азамат болды» деп мақтанып, төбесі көкке жетіп қуанып, қарық болады да қалады. Осы сәтте де ағынан жарылып, атқа қонған баласына ақ батасын ақтарады:
Азамат етіп өсірдім,
Астына ат мінгіздім,
Қамшысын беріп қолына,
Атты өзіне ұрғыздым.
Бақыт тілеп жолына,
Батамды бердім оңына.
Ата-ана үшін шалқыған,
Бұл қуаныш емес пе?!
Атыңмен шауып кете ғой,
Мұратыңа жете ғой!
Алдыңнан бағың ашылсын,
Мерей нұры шашылсын.
Тақымың таймас мықты бол,
Бар ісіңе ұқыпты бол.
Достарыңа серік бол,
Ел-жұртыңа көрік бол, – деп атқа алғаш мінген баласына ағынан жарылып ақ батасын беріп, мықтылық тілесе, ұл баланы сүндетке отырғызғанда:
Ата-бабадан қалған сүндетті,
Ата-ананың орындауы міндеті.
Ұлы думан той жасау,
Осы салттың құдіреті.
Сүндет қайырлы болсын,
Тілеу қабыл болсын!
Той – тойға ұлассын,
Бақыт – бақытқа жалғассын! – деп бата берген.
         Қазақ халқы меймандос халық. Үйге қонақ келсе «құт қонады», «ырыс тасиды» деп сенеді. Сөйтіп, үйге келген қонақтың кім екендігіне қарамастан кең дастарқан жайып, төрінен орын сыйлап, ағыл-тегіл күтіп алады. Қазақ үйіне келген қонақты жақсы күтіп қана қоймай, оның рухани көңіл-күйін де көтеріп, сауық-сайран, ойын-күлкі, жыр-думанға бөлеп, дастарқанды ән мен сәнге айналдырады. «Ауылдың алты ауызы», «Қыдырманның қырық ауызы» деген ойын салты ескіден басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Келген қонақ та «Ақ дастарқан», «Ата дастарқан» деп, алдына қойылған тағамдардан тамсана дәм татып, ауыз тиіп, сыбағаны жоғары бағалайды. Үй иелері қонақтан дастарқанға бата сұрайды. Бата сұрау да, бата беру де қазақ салтында, қонақ жолында занды да орыңды әдет-ғұрып. Сондай дастарқан баталарының бірі мынау:
Өркенді бол, қойлы бол,
Ашық-жарқын ойлы бол.
Қарағым, асың дайын мұнда келсем,
Оте бер, айдан аман, жылдан есен!!!
        Бұл баталар сан үйде, сан дастарқанда, сан адамға қайталанып айтылып, талай отбасы, талай адамның мерейін өсіріп, өмірге жігерлендіріп келе жатқан ақ ниеттен туған жүрекжарды сөздер, достық-қайырымдылықтың куәсі. Қонаққа жайсыз, қу үйлердің қонақ күтуге сараң қылығын батагөй бабаларымыз бен дуалы ауызды шешендеріміз әзіл-оспақпен мінеп-шенеп, оларды меймандостыққа баулиды. Мына баталар соны дәлелдейді:
Ақ лақтың мүйізі апырық та жапырық,
Қандай қатын сауды екен,
Бәйге атындай қатырып.
Көке, жасық лақты сойғаныңша қоя бер, 
Көжеңді бер, одан да көтере-көтере 
сапырып.
       Мұны тамаққа өкпелеуден емес, қайта үй иесінің қытымыр, қонаққа жайсыз жаман мінез-құлқын өзгерту үшін айтылған бата деп тану қажет.
Алғыс пен бата сөздерінің парқы бар ма?
Әрине, бар. Бата – алғыс айтудың, тілек білдірудің бір түрі. Бірақ, екеуінде мынадай парық бар. Алғыс көбінесе әлеуметке, халыққа көмегі тиген, жақсылық көрсеткен кісіге риза болғанда, кейде топты жерде, кейде жеке жерде айтылады.
          Ал бата сөзі көбінесе дастарқан басында, ас-тұзға, дәм-тағамға, шаңыраққа немесе ақсарбас қой, көк қасқа тайға, той-томалаққа қарата айтылады. Кейде тұтас ауылға, не қонақ өзі қонып отырған отбасы мүшелеріне қарата береді. Кейде алғыс секілді жақсылыққа, жақсылық істеген адамға қарата көпті көрген қариялар өмір тәжірибесіне сүйене отырып, жақсы тілек айтып, ақ батасын ақтарады. Бұл жағынан бата алғысқа ұқсап кетеді. Бірақ алғыс аз сөзбен айтылып, жақсы лебіз нақты білдіріледі. Мысалы, «жаныңа жамандық бермесін, қарағым», «мәртебең өссін», «мың жаса», «рақмет», «жасың ұзақ болсын», «ұрпақты бол», міне, бұл алғыстар қазақ халқының мейірім түскен адамға айтатын, ақ жол тілеп арнайтын сөздер. Мұндай алғыс сөздер көңіл дән риза болып, марқайып өскен мезгілде айтылады.
         Ал бата-тілекке келсек, бата көбінде емен- жарқын ашық айтылса да, кей тұстарда жасырын, астарлай айтылатын кездері де көбірек ұшырайды. Алғыста ондай астыртын мағына болмайды. Алғыс тек тура мағынада ғана жақсы адамдарға қарата қолданылады. Бата жақсы адамдарға да, жаман адамдарға да арнайы айтылады. Бата жаман мінезді адамдарға берілгенде, кері мағынада айтылады да, мазмұныңда қарғыс жатады. Алғыс көбіңде қара сөз түрінде немесе өлең жолдарының бір-екі тармағы секілді тұрақты тіркесте келсе, бата – өлең  секілді поэзия түрінде келеді. Буын, бунақ, ұйқас, ырғақ, шумақ болады. Кем дегенде екі тармақты болып келеді. Бұл жердегі бунақ, буын ұйқастардың өлең жолдарындай біркелкі болып келуі шарт емес. Тек ой бүтіндігі мен тіл көркемдігі үйлесімді де жанды келуі, мазмұнының терең айтылуы басты шарт етіледі.
           Біз әлгінде бата жағымсыз адамдарға қолданылғанда кері мағынада қолданылады деген едік. Еңді соны бір мысалмен дәлелдей кетейік. Медеу деген шешен бір байдың тойына барғанда бай оны кемсітіп, жаман лашыққа түсіреді де, кәрі ешкінің басын тартады.  Медеуден жасы кіші Жамал бай мен Қасым зәңгіні құрметтеп- қошеметтеп, байдың өз үйіне түсіреді. Адамдарды алалап бөліп отырған ниеттерін сезген Медеу, адамды байлығына, шеніне қарай бөліп әкелген байдың той табағына:
Бұл тойға Жамал менен Қасым келді, 
Жетпістің жетісіне жасым келді.
Бұл тойда менен үлкен тағы кім бар,
Мүйізін шапқан кәрі ешкінің басын берді. 
Сый емес тартқан табақ қорлауға тең, 
Тәңірі оған түсірсін «жасынды» елді.
Қорлыққа шыдар Медеу мен емеспін,
Байеке, өзің кемір басыңды енді! –
деп бата беріп жүріп кеткен екен.
        Міне, мұнда бата алғыс болмай, айыптау болып келген. Байдың қазақтың үлкендерді құрметтеу сынды жақсы салт-дәстүрлеріне қайшы қараулығын, надандығын әшкерелеуге арналған. Егер бата кері мағына алса, қарғысқа айналады да кетеді. Әзірше, алғыс пен бата сөздерді осы белгілеріне қарай парықтауды жөн көрдік.
           Енді қарғыс қақында аялдайық. Қазақ халқы жамандыққа, бұзақы адамдарға назаланғанда қарғыс жаудырады. Мәселен, «Көкшешек бол», «көгала келіп, атың өшсін», «барғаныңнан келме», «жалғызыңнан жайра» деп, нәлет жаудырады. Дәмін қызғанып, берекені қашыратын дүние құмарларды «дәміңді ит жесін», «дәм атсын», «басың аста қалсын», «асқа жарыл», «итаяғыңды жалағыр» деп сыбайды. Ал асын ішіп, аяғын былғайтын тоғышарларды «дәм-тұз атқыр», «ішкенің бойыңа қонбағыр», «арамтамақ қайыршы», «жарымай қал», «ішің кепкір» деп қарғайды... «Айналайын, құлыным, ойнай ғой, әншейін күлің үйіліп қана қалсын», дейтін жымсыма қарғыстар да болады. Дүниедегі қарғыстың ең жаманы – «жымсыма қарғыс». Сырты мақтау, мүсіркеу сияқты болғанымен, ішкі астары толған – у. Қазақта қарғысты қайтарудың да қарымдары болған. Мысалы, «Қарғыс қара тасқа, қара тілегі далаға кетсін», «қарғысы қара басына көрінсін», «тілегені өз басына көрінсін», «жағыңа жылан жұмыртқалағыр», «аузыңа қара қан толсын» деп, орынсыз көрген қарғысты қарғыспен қайтарады. «Жүйелі қарғыс жүйесін табады, жүйесіз қарғыс иесін табады» деген халық мақалы да, жүйесіз айтылған қарғысты қайтарудың мықты дәлелі.
         Қазақ халқы жаны кейігенде алдындағы бағып жүрген малына да қарғыс жаудырады. Мысалы, «арам қатқыр», «қасқыр жегір», «пәле келгір», «ақ болғыр» деп, жалпы төрт түлік малға қарата қарғыс қолданса, әр түліктің бас-басына қарғыс айтады. «Тулақ боп қал, тулақ болғыр» деген қарғысты жылқы түлігіне, «Боздап қал, боздап қалғыр» деп түйе түлігіне, «Кебенек келсін, кебенек келгір» деп ешкі түлігіне, «Қарасан келсін, қарасан келгір» деп сиыр түлігіне, ал «Топалаң келсін, топалаң келгір» деген қарғысты қой түлігіне қарата қолданады.
Қарап отырсаң, малға қолданған қарғыс пен адамға қаратқан қарғыстың орасан зор парқы бар. Малға қарата қолданылған қарғыстардың бәрі ауру-індет төңірегінде болып, оларға сана-сезімге қаратпай, тек ауру тілеген. Малға қаратқан қарғыстардағы тағы бір өзгешелік – қарғыстарды қосарлап айту арқылы сөздің эмоциялық мәнін күшейтіп отырған.
         Қазақтар жеті қазынаның бірі деп таниды ит екеш итті де тынышсыз болғанда, «ұлып қал, ұлып қалғыр», «абалап қал, абалап қалғыр» деп қарғайды. Мұндай ауыр сөзбен сыбау, қарғау қазақ өмірінде ескі дәуірден қазірге дейін жалғасып келе жатқан, бір түрлі сөйлеу машығына айналған үйреншікті әдет.
          Қазақ табиғаттың жағымсыз тартаң күндеріне де қарғыс айтады. «Ызыңдаған күнің құрысын», «Сіркіреген жаңбырың бар болғай», «Қап-қара түнің құрысын», «Қаптаған топан суың құрысын», «Сілкінген жердің бетін ары қылсын» дейді. Мұнда қазақ халқы өзінің қарапайым бақылау тәжірибесіне сүйене отырып, экологиялық теңдікті тым ертеден-ақ қорғаған. Жаратылыстың әдемі қалпын, табиғаттың сұлу көркін, ондағы алуан түрлі құстар мен өсімдіктерге беталды соқтықпау керек екендігін түсіндіру үшін торғай аузынан мынадай қарғыс береді:
Торғай деген атым бар,
Бір жапырақ етім бар.
Жұмыртқамды шақсаңдар,
Әкең жауға кеткенде,
Шешең өліп, жетім қал!
         Қазақ қарғыстары мазмұн жағынан сан алуан, формасы жағынан күрделі болып келеді. Түрі жағынан да өмірдегі барлық қимылдарды түгелдей қамтып, жамандық атаулының бәріне қарата айтыла береді. Әуелі үйренуден безіп, өнер білімді ұмытып, ес-ақылы бүтіндей ойынға ауған балаларды «ойының осылсын, ойының осылғыр», «бес тастың астында қалғыр», «ойының құрысын, ойының құрғыр» деп, бар зейін-зердесі ойынға ауған, далабезер «көк шешектерді» қарғайды. Кейбір ар-намысын сатып, ұжданынан айрылған намыссыз қыздарды да қатты тілмен қарғап, жамандықтан біржолата тыйылуды тілейді.Мысалы, «Жүзің күйіп жүз қара болғыр». «Байың өліп, бағың сөнгір». «Ақ бетің тілінгір», «Албасты басып, айғыр тістегір», «Күн тимесіңе, дым тимесін». Кейде баукеспе ұры, елге күн бермеген қарақшыларды:
Басқан ізіңе шөп шықпасын,
Ұрлаған қолың кем болсын, – деп  қарғаған.   
     Қазақ осылайша ұрының жер-жебіріне жетіп, жексұрын сөзбен жездей қақтап, ар алдында айыбын бетіне басып, тірідей өлтіреді. Бұдан қазақ халқының ұрлыққа, жамандыққа қас, адал халық екендігін түсінумен бірге ұрыны сөз тозағына лақтырып, тіл уымен тәрбиелей білген даналығын да тануға болады.
         Қазақ қарғыс сөздерінің мазмұнында осын- дай ауыспалы тәрбиелік мағына, қорқыту сынды сес жатады. Ал қарғыстар формалық жақтан да сан алуан болып келеді. Кейде қара сөз түрінде де кезігеді: «Оңбай кет», «адамдықтан азған айуан», «өмірдің жегі құрты, жұрттың селдей аққан көз жасы мен жосып аққан қызыл қаны атсын сені» деп келсе, кейде өлең түрінде ұйқасып, үндесіп келеді. Онда 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, тіпті одан да көп тармақтар тобын шоғырлаңдырып айту арқылы жасалады:
    «Жетпей желкең қиылсын! Сары мейіз болып қатып қал! Сары төсек болып жатып қал!» – деген сияқты кете береді.
           Қазақ халқы жағымсыз адамдарға қарата осындай қарғыстар қолданып, олардың бойындағы барлық кереғарлықты қарғыс арқылы жерлеп, өмірден мүлде өшіруді көздеген.
 Қазақ халқы өзінің ұзақ тірлігінде алуан түрлі шаруашылықпен шұғылданып, талай-талай өмір соқпақтарын басынан өткізді. Жаугершілік заманда құсалы да қаралы күндер, тауқыметті тұрмыс кешірді. Осындай ел тағдырына куә болар оқиғалар халықтық тіл өнері арқылы образды көрініс тауып, қазақ қарғыстарынан да байқалып отырды. Ел тарихына байланысты мұндай қарғыстар үш түрлі жағдайда қолданылғаны анық. Бірі – елді жау шауып, жерін, мал-мүлкін тонап, тұзағын құрған басқыншы жауға, олар туғызған соғыс алапаттарына қарғыс айтқан. Бұл қарғыстар өте зәрлі тілден туып, жауды жеті қат жер астына жастандырады. «Қыз Жібек» жырында Төлегендей ардан жаралған азамат пен сұлулық шұғыласынан туған Қыз Жібектей арудың мөлдір махаббаттың жыландай зәрлі қастандықпен бұзған, махаббаттың ақ періштелерін бір-бірінен айырған, Төлегенді атып өлтірген Бекежандай жендеттерді, кеудесінен күні сөніп, ақ махаббаты қара түнге айналған Қыз Жібектей шерлі ару көз жасын селдете отырып қарғайды:
– Адыра қалғыр Бекежан,
Көрме дүние жарықтан.
Екі көзің қызарып,
Ішіпсің иттей қызыл қан.
Тәңірің сені қарғасын,
Абжылан арбасын.
Тәңірім мені жаратса,
Қатын-балаң зарласын.
Басыңа қиын іс түсіп,
Қасыңа адам бармасын.
Дүниеден көрген қызығың,
Ажалыңа арналсын.
Жамандық алып жағаңнан,
Алды-артынды қармасын.
Жиған-терген дүниең,
Шаян боп шағып қинасын!!!
          Рас-ау. Мына қарғысты Төлегенді өлтірген қанішер, жендет Бекежан емес, бүгінгі күннің оқырманы естігенде де түршігеді. Жаныңа у құйып жібергендей сайсүйегің сырқырайды. Жаның талып-талып ауырады. Төлегендей арысты қанға бояған Бекежанға өзің де қоса қарғыс айтасың. Ақ та пәк махаббатынан айырылған жазықсыз бейкүнә Жібек қызға, нәзік, шерлі аруға аяушылық білдіресің. Көзіңнен де мөлт-мөлт жас төгесің.
         Міне, қазақ қарғыстарында осындай шиеленіскен үлкен-үлкен қақтығыс, тартыс жатады. Мұңда арсыздық пен күн шұғыласындай ізгілік ортасындағы қайшылықтың сипаты ашылып жатыр. Біз бұдан тек қарғыс айтудың сипатын ғана түсініп қоймай, қайта өткен замандағы ел тарихын, бастан өткізген өмір тауқыметтерін де арыдан танимыз.

2919 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы