• Айтарым бар...
  • 05 Ақпан, 2024

Жазықсыз жанар

Әйгерім Иебекова –Жетісу облысы, Ақсу ауданында  дүниеге келген.Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетінің түлегі. «Жетісу университеті» газетінің бас редакторы. 
 

Базар маңындағы ию-қию жұртпен жағаласып, ентелей басып келе жатыр едім, иығымнан біреу түрткендей болды. Қайшыласқан көп адамның қолы тиіп кеткен шығар деп, мән бермей жүре бердім. Жеңіл ғана салалы саусақтар жон арқама қайта жармасты. Жалт бұрылсам, Салтанат екен. 
– Қалайсың,  құрбым,  таныдың ба? – деп,  күнде көрісіп жүрген адамдай ыржиып қарап тұр. 
Апыр-ай, қанша жасқа келсе де, адамның көз жанары мен дауысы өзгермейді екен. 
Танығанда қандай, Салтанатым-ау, сенің құлақ түбінде қалып қойған қоңыр үніңді ұмыту мүмкін емес қой.   Түрің де сол қалпы, – дедім. Аздап толғаны, қайратты қолаң шашын шолтитып, қураған қамыстай сап-сары қылып күйдіріп, бояп тастағаны  болмаса, рас, құрбымның түрінде бәлендей өзгеріс жоқ. 
–  Мен ше, өзгергенмін бе? –  деп сұрап қойдым оның құшағынан босап жатып. 
Сен де дым өзгермепсің, бәз-баяғы қалпың. Тал шыбықтай бойыңа шыр бітсеші  – деп, ол қолын бір сілтеп қалды. 
Арада  талай уақыт өтсе де, қос құрбы бір-бірімізді күнде көріп жүрген адамдарша жадырай күлісіп, арқа-жарқа болып, орталықтағы кәуапханаға барып жайғастық. 
– Қалай, ел-жұрт тегіс аман ба? Ауыл жаққа бір барып қайту керек еді. Не жаңалық бар өзі? – дедім  туған жерге ат басын салмай кеткенім енді есіме түскендей. 
Ауылдың тең жартысы қазір осы қалада ғой. Аз ғана түтін қалған ауылда не жаңалық болсын. 
– Қойшы, неге бәрі қалаға үдере көшкен? Қайта қазір ауыл жақсы емес пе,  тыныш...
Енді... жақсы болса, сен келіп тұрсайшы. Салтанат ақсиған тістерін көрсетіп, сықылықтай   күлді. 
Кәкібайлар не істеп жүр, көріп тұрасың ба? – дедім сасқанымнан басқа сөз айтудың ретін таппай, бала шақтағы ескі достарды еске алғандай болып. 
Олар да осында ғой. Қайда-а-а, шатаспасам, көшіп кеткендеріне он жылдан асқан шығар. 
Он жыл дейді?  Ойбой, кеше сияқты еді мектеп бітіргеніміз, құда-аа-ай, аттай он бес жыл өтіпті де кетіпті, ә? – Сол кезде ғана жасымыздың отыздан асып кеткені есімізге түскендей, таңғалысып, күліп алдық.  – Бұл шіркін уақытты уысында ұстап тұрар кім бар? Атқан оқтай, шапқан аттай зымыран ғой, таң атса,  кеш батады – дедік уақытқа уәж айтқандай болып.  
Сәдуова  Майра не істеп жүр? – деп қайта сұрадым. Сыныптастарымды түгендеп әлекпін.   
Олар өткен жылы азын-аулақ малын сатып, жиған-тергенін қосып, осы қаладағы жаңа ауданнан ипотекаға үй алды. Е, ауылда не сән қалды дейсің қазір. Темір жол мен мектептен басқа дым жоқ.  Тіпті мектепте оқитын бала жоқ, жабылар-жабылмас күйде отыр. Бұрынғыдай мал бағатын иен-тегін жайылым да  жоқ.  Жайылымы жоқ ауылдың жайы өзіңе белгілі. – Қос құрбы сыныптастарымызды бір түгендеп, күйі кеткен ауыл қасіретін айтып  болған соң, өз жайымызға қайтып оралдық. Мен оған отбасым жайлы, өзімнің  машақаты көп  мұғалімдік қызметім жайлы айтып, аз-маз шағымданып алдым. Ол болса, өзінің өткен өмірімен бөлісіп, сағынышын тарқатқандай болды. Осы кезде даяшы алдымызға буы бұрқыраған, қой етінен жасалған кәуап алып келді. Салтанат есіне әлдене түскендей маған қарап, қутыңдап күліп жіберді де, «иттің етінен жасалған кәуап жегеніміз есіңде ме?» – деп  қойып қалды.  Қашанда маймөңкелей алмайтын, тік мінезді досыма жалт қарадым. Жүрегіме біреу ине сұққандай  дыз ете қалды. Сәл үнсіздіктен соң: 
– Түу, айтпашы? Құдай өзі кешірсін! «Көрмеген астың бәрі адал!» демеуші ме еді? Біздің қандай жазығымыз бар? Берген соң жедік қой, – деп  тергеуші алдында отырған айыптыдай ақтала жөнелдім. 
– Ұшынып, жаман ауырған жоқпын ба?! Бәрінен де Құтжолды айтсаңшы... Ойласам, әлі күнге дейін жүрегім ауырады... 
      – Сен де қайдағы-жайдағыны еске салып... – дедім жақтырмаған сыңай таңытып. –  «Ит – жеті ырыстың бірі» ғой...
Санамнан өшіріп тастаған осы бір жайсыз жайтты еріксіз есіме түсіріп, қайталай берген құрбыма ашуым келді. Тұрып кетіп қалар ма едім, құлын-тайдай тебісіп қатар өскен бір жылдың төлі едік.  Әріпті қатар таныған  сыныптасым, ұзақ жыл көріспеген сыралғы досым болған соң сыпайылық танытып, сабыр сақтадым. Дәмін бірге татқанымызбен, екеуміздің де балалығымыздың куәсі болғанымен,  Құтжол менің итім. Оның  ауыр сөздері жаныма қатты батты.  Мен міз бақпай отыра берген соң: 
 –  Е,  сол күндердің өзі бір дәурен екен ғой, – деп Салтанат қалта телефонын қолына алып, бір  шұқшиды да, қайта орнына қойды.
Менің ойым ауылға сапар шегіп, өткен шаққа еріксіз орала берді...

***

Біздің ауыл табиғаты таңғажайып, сулы-нулы  өлке болмаса да, өзіндік бір сиқыры бар еді. Шетсіз, шексіз жазиралы жазығында талай асыр салған ыстық ұя, құтты мекенімді ойласам әлі жүрегім сыздайды. Табиғаты қатал континентті жердің халқы да сондай төзімді келеді емес пе. Тоғыз жолдың торабында жүйткіген пойыздай дауыл мінезді,  суығыңды да,  ыстығыңды да шыбын шаққан құрлы көрмейтін, шыныққан, шымыр еді. Пойыз демекші, аядай ауыл арқылы Новосібір-Фрунзе (Бішкек), Алматы-Үрімші, Өскемен-Алматы, Семей-Алматы бағытындағы шығыс пен оңтүстік арасында қатынайтын жолаушылар пойызы мен көмір, темір, ағаш дейсің бе, небір жүк тиеген вагондар күн демей, түн демей дамылсыз өтіп жататын. Сондықтан да шығар, ауылды ойласам құлағыма алыстан ақырып кеп, өңкілдеп өте шығатын жүрдек пойыздың дауысы, сарт-сұрт қозғалған рельстердің екпіні келеді. 
Ауыл сыртында бір шоқ жиде ағашы болатын.  Шоқ ағаштан оқшау үлкен жиде жыл сайын мәуесін төгіп, адамзат атаулыға ізет көрсеткендей күміс түстес жапырақтары жерге иіліп, дараланып тұрушы еді. Үлкен дарақтың жерде жатқан жуан бұтағына он шақты бала сыйып кететінбіз. Табиғат-ананың құдіреті шексіз ғой, жыландай  созылып, жер бауырлай өсіп, сатылай  көтерілген жиденің түу басына өрмелей шығамыз. Инедей өткір  тікенектеріне талай аяқ-қолымызды сырып, табанымызды қыршып едік. Қан сорғалап, тоқтамай жатса да,  дәмді жидені аузымыз кепкенше жейміз. Жан-жақтан қанша жұлмаласақ та, сәбиіне төсін тосқан анадай мәуелі ағаш былқ етпей жата беретін. 
Торсиып пісіп тұрған жидені уыстап алып, ауызыңа бір-ақ жұтасың да, сүйегімен қосып мыж-мыжын шығарасың.  Шайнап-шайнап, әбден сөлін алған соң, бір-ақ түкіре саласың. Осылай ауызың құрғап сала береді. Кеш бата қолымызға ұстаған бір бұтақ жидені үзімдеп жеп, ауылға қарай аяңдаймыз. Қалың ағаштың саясында тілін салақтатып, бізге қарап жататын Құтжол қуана құйрығың бұлғаңдатып, әлденеге асыққандай  ауылға қарай бізден бұрын ұша жөнеледі. 
–  Құтжол, кә-кә! – деп, алысқа ұзап кеткен қарауылымызды қайта жанымызға шақырып аламыз. Ол да шаршамайды,  артқа  қайтып кеп, кілем төсегендей түктеніп жатқан жасыл шалғынға бір аунап алады да, пыр етіп қонған торғайларды қуалап, қайта жүгіріп кетеді. 
Құтжолды күшік кезінде әкем қапқа салып, көрші совхоздан алып келіп еді. Төбет иттің жаңа туған күшігі екен. Сүтке тойып алып, томпиып ұйықтап жатқан жерінен көрсетпей қойнына тығып алыпты. Ағайынға итті сыйламайды, ұрлап алады, «итше ырылдасып қаламыз» деген баяғы қазақы ырым болса керек.  
Алақай, әкем маған күсік алып келді, күсік! – деп сіңлім алақайлап секіріп жүр. Атын – Болсық қоямыз, – деп, аузынан сүті ағып, томпиып ұйықтап жатқан сүп-сүйкімді күшікті қыңсылатып, ары-бері жұлқылай жөнелді. 
–  Неге Борсық? – деген сұрағымызға, «өйткені ол болсық сияқты аппақ,  топ-томпақ» деп, бәрімізді ду күлдірген болатын.
Борсық емес,  Құтжол болады!  –  дедім өзімнің үлкендігімді көрсетіп, үстемдік танытып. – Тым жақсы итке «Борсық» деген ат беру оны қорлау емес пе? – дедім ділмарланып. 
–  Мейлі,  Құтжол-ақ болсын,  –  деді  әкеміз осы жолы менің сөзімді құп көріп. Иттің жолы құтты болсын деп ырымдаса керек.  
Расында, отбасымызға құт болып қонған қоңыр күшік бірер жылдың ішінде бұзаудай қоңыр төбетке айналды. Құтжол әкеммен бірге малға барады, үй қарауылдайды. Біздің үйдің ғана емес, көршінің де үйін күзетеді. Бәріміздің сенімді серігіміздей, кім қайда барса, соның жанынан табылатын.
Тазы  мен қазақы төбеттен тараған иттің ерекше  тұрқын көрген жұрт таң қалысатын. «Неткен әдемі ит, сатыңдаршы?» – деп қолқа салғандар да болды. Бірақ, Құтжол ат басындай алтынға да қимайтын иттің сырттаны еді. 
Бірде шешем «қонақ шақырғанда шыны ыдысым ауысып кетіпті» деп, мені  ауылдың арғы  басында  тұратын  Нұрилә деген кісінің  үйіне  жұмсады. Қолыма қытайдың  ала сөмкесін қыстырып, ауыл шетінде оқшау тұрған Нұрилә тәтенің үйіне келдім. Үйге кіруге жүрексіндім. Биік шарбақтан қабаған иті арс-арс үреді, аулада тірі адам баласы жоқ сияқты. Шалқар түсте,  шыжыған ыстықта қандай есі дұрыс адам жүрсін, үйінде ұйықтап жатқан болуы керек. Үй иесі шықпағасын, есігін ашып, ішке бас сұққаным сол еді, иті шылбырдан босап кеткен екен,  маған қарай атыла  жөнелмесі бар ма. Жүрегім атқақтап, аузыма тығылды. Жерден үлкен тас алып, лақтырып кеп жібердім. Иттің ығатын түрі жоқ. Үй иесі шығып, жанымды аман алып қалмас па екен дегендей,  мен де айбат көрсетіп, «Жат, жат! Кет, кет деймін!» –  деп ауланы басыма көтеріп айқайлап жатырмын. Бұл ит  адамды жарып тастайтынын талай естігем. Адамның ойы жүйрік қой, жанымды шүберекке түйіп жүріп, «Өлімнің басқа түрі бұйырмағандай, ертең мұқым ауыл мені итке таланып өліпті деп сөз ететін болды ғой!  Бөтен үйдің ауласында итке таланып, ажал құшу деген не масқара? Тапа-тал түсте, шыжыған ыстықта бөтен үйде  ол не істеп жүр десе ше?  Ауысып кеткен бір тал шыны аяқты қайтарып алуға барыпты. Ұят-ай, десеңші.  Осы жолы аман қалсам, үйдегілер қандай жерге жұмсаса да бармаспын!» – деп ойлап үлгердім. 
Сол мезетте күтпеген жерден Құтжол шыға келіп, қабаған иттің алдын бөгеп тұра қалды. Мен қашамын деп, сүріне-қабына артқа шегіншектеп барып, жерде шұбатылған темір шынжырға шалынып жығылдым. Жалма-жан көтеріле бергенім сол еді, қабаған ит маған төніп келеді екен. Бітті, өлген тұсым осы екен деп ойладым.  Жан тәтті ғой. Жоқ, жан тәтті емес, намыс өртеп барады. Ашу мен үрей қатар келген тұста адам бәріне болсын даяр екен. Дәл қазір қолымда үлкен мылтық болса, ойланбастан шүріппені басып, мына жауызды қақ шекеден бірақ атуға бармын. Осы кезде Құтжол жүгіріп келіп, оның артқы сирағынан тістеп алды. Сұмырай иттің шаңқ еткен жан дауысы шықты. Мен артқа шегініп, шарбақтың есігін тарс жауып, ытылып үлгердім. 
Қайдағы бір шыны ыдыс үшін, итке талана жаздап, бұлқан-талқан болып, «кесесі құрысын!» –  деп  үйге қайттым. Үрейім сейілсе де, ыза мен   намыс қысып,  зарлап келемін. Үйге жақындағанда ғана  Құтжол есіме түсті. Соңыма қарасам үсті-басы қан-жоса болып,  ауылға қарай ақсаңдап келеді екен. Қожайыны үшін жанын аямай, тайыншадай иттің талауында қалып қойған өз итіме жүрегім ауырды. Оны тастап қашқаным үшін ұялдым.
Құтжол қабаған емес. Сондықтан біз оны бос қоятынбыз. Бірақ кез келген итпен айқасқа түссе, жеңіле бермейтін азулы еді. 
Ал қарсыласы – тісқаққан кәрі неміс овчарка-сының оңай жау емес екенін бүкіл ауыл біледі. Сәл болмағанда Құтжолдың парша-паршасын шығарар еді. 
Құтжол қыңсылап келіп, үйшігіне кіріп жатып қалды. Шақырып едім, жаныма жоламай  қойды. Әкем Құтжолдың жарақаттанған жерлеріне дәрі жағып, дәкемен таңып тастады. Қазақ «Ит жанды» деп бекер айтпаған ғой, үш-төрт күннен соң қарауылымыз аттай шауып, өз жұмысына қайта кірісті. 
Мені бір ажалдан аман алып қалған Құтжолдың бұл ерлігін  отбасымызбен көпке дейін айтып жүрдік. Бірақ иттің жақсылығы жылдар жылыстап өткен сайын құмға сіңген судай ұмыт болды.   
Мен мектеп бітірген жылы біздің отбасы қалаға көшетін болды. Құтжол қартайды. Жүні түсіп, аяғын сүйретіп әрең жүр. Бірақ біз ол жайлы мүлде ойлаған жоқпыз. Үйдегілердің басты мәселесі – сіңілімді жақсы мектепке орналастыру, үй-жайды, барлық малды сату, қора-қопсыны бұзып реттеу. Ендігі қала өміріне бейімделу. Қаланың көп қабатты үйіне сүйегін сүйретіп әрең жүрген кәрі итті алып бара алмайтынымыз айдан анық еді. 
Көшетін күні заттарымызды буып, тиесу үшін асарға бүкіл ауыл жиналды. Мәре-сәре болып жатқанымызды көріп, Құтжол да қуанып, көңілді жүрді. Өзі зорға жүрсе де, құйрығын бұлғаңдатып, билеп қояды. Бұл жолы да қонақ шақырып, той жасағалы жатыр деп ойласа керек. Көлік жылжыр сәтте ғана, әкем Құтжолды көршілерге  аманаттады. 
–  Несіне алаңдайсыңдар, Құтжол  өзіміздің ит қой. Қонысымыз аралас, қойымыз қоралас, құдай қосқан көршіміздің бір итін аш қалдырмаспыз, – деді  Күләндә әже. Ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай түгел жиналып, бізді  ұзатылған қыздай шығарып салды. Алдымен жүк көлігі, соңынан жеңіл көлікпен ерген біз туған жерді артқа тастап ызғыта жөнелдік. Құтжол соңымыздан қалмай, біразға дейін ілесіп келді де, ауыл сыртындағы айналма жолдың тұсына келгенде шоқиып отыра қалды. Ол біз қалаға қыдырып барып-қайтқан кезде де дәл осылай шығарып салып, кеш бата  осы жол үстінде  бізді күтіп алушы еді. 
Мен көліктің артқы терезесінен қарап едім, жанарымыз түйісе кетті.   Оның мұңлы көздерінен мөлт етіп үзіліп түскен бір тамшы жас санамды шырмап үлгерді. Ит екеш иттің де түйсік, сезімі қандай еді?!  Туған жерден, менен не жамандық көрдіңдер дегендей жазықсыз жанарымен мөлиіп,  қарап қояды. 
«Қап, мен онымен жөндеп қоштаспаған да екенмін. Мейлі, таяу күндері келемін ғой» – деп ойладым. Ол басын төмен салған күйі аз отырды да, атып тұрып, ақсаңдай басып, ауылға қарай бет алды. Бізге өкпеледі ме, әлде қош айтысты ма, ол жағын түсінбедім. Бірақ көрші Күләнда тәтенің айтуынша, ол сол күні кешке жол тосуға шықпаған екен. Тамақ та ішпей, үйшігіне кіріп жатып қалыпты.
Ойлағандай, араға бір ай салып, мектеп түлектері соңғы рет бас қосамыз деген соң, ауылға келдім. Бәріміз бос қалған ескі клубқа жиналдық. Үлкен дастарқан жайылыпты.  
Марқа қозының уылжып піскен сірнесіне тыңқиып тойып алған сәтте ортаға екінші ас келді. 
–  Сірнеден кейін кәуапты қалай жейміз, – деп отырсыңдар ғой,  мұндай асты күнде жеп жүрген жоқсыңдар, ең құрыса дәмін татыңдар!  –  деп біздің көшеде тұратын Кәкібай буы бұрқыраған,  ыстық кәуапты ортаға қойды. – Өзім тұздап, өзім қақтап пісірдім. Ал қане,  біздің де дәмнен ауыз тиіңдер!
Жасы бізден үлкен болса да, «жас түлектердің құрметіне» деп зыр жүгіріп, қызмет етіп жүрген Кәкібайдың елгезектігіне  бұл жолы да тәнті болдық. Өзгесің деп өзегінен теппей, барлық ұлт пен ұлысқа  құшақ ашқан мейірбан ауылдың тұрғындарына деген зор құрметі деп ұқтық. Кәкібайдың ұлты кәріс. Жақсылық қылсаң сыпыра қыл деп, бауырға басқан әрбір ұлт пен ұлысқа өзімсініп ат қойып, айдар таққан  қазақ кең халық қой.  Ауыл адамдары  анасы Ираға – Ырысты, Коляға  –  Кәкібай деп  құрметті есім берген. Олай болса, ұлт тұрмақ, жүзге бөлінбейтін мұндай ауылда кіндік қаны тамған Кәкібай  да осынау ұлан-ғайыр өлкенің төл баласы. Тегі кәріс болғанмен, жаны – қазақ. 
Сол кезде Асылхан «кәрі малдың еті болса да, жұмсақ шығыпты,  аспаз жігітке рақмет» – деп Кәкібайға қарап бір көзін қысып қойды.
Қутыңдап, әр сөзден ілік іздеп отыратын Дархан Асылханның сөзін іліп әкетті.     
І-ммм, кәуаптың дәмі расымен де ерекше, тіл үйіреді екен. Тамаққа қоспайтын бәлесі жоқ қой бұлардың, – деп мақтап отырып, мақтамен осып  өтті.  
Кәкібай да міз бақпастан: 
– Рақмет, Асеке, Дәке, қызметім қажет болса, хабарласыңыздар. Мектеп бітірушілер, сіздердің құрметтеріңізге!  – деп, қазақшаны судай сапыратын  әдетімен оң қолын  кеудесіне қойып,  ишарат білдіріп жатыр. 
Қазақ ауылына сіңісіп кеткен ат төбеліндей кәріс ұлтының  ұлы қасиеті де осы – өзінің ұлттық асын әсте ұмытпайтындығында. Кәкібай корей тағамдарын ерекше ықыласпен даярлайды.  Иә, кәріс халқының асханасы көшпенділер еліне де жат емес. Сәбізден, күріштен, орамжапырақтан жасалған барлық тағамдарына үйреніп алдық. Бұл жолғы кәуабы да кавказдықтардыкінен мүлдем өзгеше еді. Жастар түк қалдырмай, жалап-жұқтап жеп тастадық. Мен де бір-екі түйірін асап үлгердім.
 –   Кәке, рақмет! Асыңыз ерекше дәмді болыпты  –   деп, бәріміз жан-жақтан жамырай  рақметімізді жау-дырып жатырмыз. 
Осы сәтте:
 –  Кәке, саған кәрей асханасын ашу керек – деп, Дархан да қостай жөнелді де: – Мейрамханаңның атын «Қос бармақ»  деп қойсаң болады»,   – деп тілінің тікенегін батырып,  соңын қылжаққа айналдырып жіберді.  
Қап, мына бәлені-ай,  асын ішіп, аяғына түкіргендей болды ғой – деп қалдық. Ол онымен тоқта-мады. 
Ит атқыштармен келісім-шарт жаса да, бизнесіңді бастап кет, – деп, қалжыңдаған болып, қарқ-қарқ күліп тағы да түйреп өтті.
 Осы кезде Салтанат мені бүйірден түртіп қалды. – Құрысын, мына кәуапты жемей-ақ қояйықшы, секемденіп қалдым, – деді сыбырлап. Мен жеуімді дереу тоқтатсам да, сыныптастарымның қағытпа сөздеріне аса мән бермедім. Қысыр сөз, орынсыз күлкіні  ермек етіп, езулері жиылмайтын бұл жастарға дауа бар ма? 
Кеш көңілді өтті. Өмір атты  алып айдынға жел-кен салған жалынды жастар университет бітірген соң, дәл осы жерде қайта бас қосамыз деп уағдаластық. Бала қиялымызға қанат бітіріп, бес жылдан кейін ауылымызға біріміз дәрігер, біріміз бизнесмен, біріміз ұшқыш атанып оралатын боп шештік. 
– Бес жыл! Аз уақыт емес! Ол кезде бәріміз балалы-шағалы, аға-тәтелер боламыз, – деді ақ жүректі сыныптасым Айдос. «Ал менің бір ұл, бір қызым және қалада зәулім қонақ үйім болады» – деді Майра да қалыспай. Ал, мен болсам...Ал, мен...
Бәріміз былғанбаған аппақ парақтай кіршіксіз көңілімізден шыққан арман-қиялымызды айтып, болашағымызды қалауымызша қолдан жасап әлекпіз. Біз өмірді барар жеріне айна-қатесіз түзу  жеткізетін темір жолдың жылтыраған  қос релісіндей теп-тегіс, ап-айқын деп түсіндік.
Мен сол күні кластасым Салтанаттың үйіне қонып, ертеңінде Құтжолды көріп  қайтпақ  оймен,  үй жаққа келдім.
–   Қалай, аман-есен жайғасып алдыңдар ма? – деп, мал жайғап жүрген көршім құшақ жайып, құрақ ұшып қарсы алды. Үй арасында үй жоқ іргелес тұрған көршімді, балалық шағым өткен таныс жерді көргенде көзіме еріксіз жас іркіліп, шыңырауда бұғып жатқан сағынышым атойлап сала берді.
Қал-жағдай  сұрасқан соң, «Құтжол көрінбейді ғой» –  дедім Күләнда әжеге. 
А-а,  ол ма... Тамақты осы жерден ішеді де, кетіп қалады.  Бірақ, кеше келмеген соң өзім барып, итаяғына тамақ құйып кетіп ем, ауырып жүр ме, ішпепті. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді», – деуші еді, соңғы күндері қашқақтап жүр. Бұл жазған да қартайды ғой, қанша өмірі қалды дейсің – деді. Мен жүгіріп өз үйіме келдім. 
 «Үй сатылады» деген жазуы бар дарбазаны аштым да, бос қалған боз үйіме аянышпен қарадым. Қайран алтын босағам!  Қаңырап әлі қанша тұрар екенсің? Шалғайда жатқан ауылдағы үйді жуық арада кім  сатып ала қойсын?  Иесіз үйдің оты жанбайды деуші еді. Үлкен қара қазанның орны үңірейіп  тұр.  
 Бұл қазан-ошақ басында талай қызық дәурен өтіп еді ғой.  Маздап жанған оттың қасында анамның қолына қарап, жерге түскен ыстық бауырсағын күтіп Құтжол жататын. Бұл қазан-ошақ басында Құтжол иесінен талай таяқ та жеп еді. Өмірдің кейбір сәттері көз алдыма көлбеңдеп келе бергені.
Пенде шіркіннің өзінен артық баптап-қорып,  көзінің қарашығындай  сақтайтын бір заты,  дүние-мүлкі болады емес пе. Біздің үйде анам «марқұм әжемнің көзі» деп, ерекше күтіп, қаққылап отыратын ескі текемет болатын. Өзінің тұсында ілініп тұратын қошқар мүйіз бейнеленген текеметті анам күн көзіне жиі шығарушы еді. Сондай күндердің бірінде Құтжол жаюлы тұрған текеметке секіріп, алдыңғы қос бармағының ізін қалдырып, былғап  тастады.  
«Өй, мына итті-ай, құртты ғой!» – деп, қатты ашуланған анам жерде жатқан  үлкен ағашпен Құтжолды салып кеп қалды. Томардай ағаш тобық тұсына дөп тиген Құтжол жаны көзіне көрініп, шаңқ ете қалды да,  бір аяғын көтеріп қаша жөнелді. Түкке түсінбеген мақұлық, арыраққа барып, бір сәт қыңсылап отырды да, анамның жанына қайтып келіп, аяғына қайта оратылды. Басын  кезек-кезек шайқап, қыңсылап жылады. 
Қазан-ошақ басында бауырсақ пісіріп жатқан анама: 
–  Ол сізден текеметті былғап алғаны үшін кешірім сұрап жатыр, – дедім. 
–  Е, кешірмей қайтейін, болар іс болды, бояуы сіңді. Текеметті қайта жуып, кептіру керек енді, –  деді де, анам  Құтжолға қарай бір түйір бауырсақты лақтырып кеп жіберді. Құтжол ұша жөнелген 
ып-ыстық ақ бауырсақты қарғып барып, қағып алды да бір-ақ жұтты.  
Сосын алғыс айтқандай  жүгіріп кеп, менің бетімнен жалап-жалап жіберді. Мұны көрген анам, «түу, жушы қане, бетіңді» деп, жиіркеніп,  жерге түкіріп жатыр. «Жумаймын, оның аузы тап-таза» дедім, маңдайымды оның тұмсығына тосып.  Оны түсінген Құтжол да еркелеп, маған қарап  құйрығын бұлғап қояды. Итімнің сол еркелігін сағынған сияқтымын. Бүгін соңғы рет  басынан сипап, оның жұп-жұмсақ тұмсығына маңдайымды тосып, қоштасып  қайтпақшымын.
– Құтжол! – деп шақырып едім, еш дыбыс шықпады. Көңілім алаң, ішім аласапыран болып, түні бойы маза бермеген қаупім расталатындай, жүрек құрғыр атқақтап тұр. Адамның ішкі түйсігі алдамайды екен, қораға кіріп келіп, Құтжолдың жерде жатқан төрт сирағы мен басын көріп шошып кеттім. Тістері ақсиып, көздері жабылмай қатып қалыпты. Босағада сілейіп тұрып қалдым. Біздің қора ит соятын қасапханаға айналған сияқты. Пышақ, қайрақ, бағандағы салбырап тұрған желі арқан – бәрі соны айғақтап тұрғандай сұрқай көрініс тапқан.  
Қалаға көшер алдында көршіміз Галя жоғалып кеткен итінің бас-сирағын құшақтап,  бүкіл ауылды басына көтеріп жылап, айқай-шу шығарғаны есіме түсті. Өмірі бір-бірімен шәй деспей, бір-бірінің ала жібін аттамай, айрандай ұйып отырған ауыл тұрғындары бұл масқараны кімнен көрерін білмей абдырап қалған еді. 
«Бұл  байғұс итімді іздемеген жерім жоқ. Сөйтсем, малша бауыздап,  бас-сирағын  ауыл  сыртына лақтырып кеткен, аноу жақтан тауып алдым», – деп  зар еңіреп жылады да, екі қолға бір күрек таппай жұмыссыз жүрген ауыл жастарын  сыбай жөнелді. – Мен біліп тұрмын, бұл адамдардың қолынан келген қатыгездік – деп, артынша шорт кесіп, кесім шығарды. Анам сол кезде: «Кетші ары, қайдағыны айтпай. Ел аман, жұрт тынышта ит жегені несі? Ырылдаған итті қалай бауыздайды, тауық болса бір сәрі» – деді сенбестік танытып. 
–  Өй, сендер қай заманда өмір сүресіңдер, теледидар көрмейсіңдер ме? Иттің басына қап кигізіп, бір ұрып, есінен таңдырады емес пе? Содан соң бауыздап, терісін сыпырып, етін жақсылап тұздайды. Түрлі қоспаны салып отырып, тағам даярлағанда ненің еті екенін айыра да алмай қаласың, – деген сөзі бізге  қисынсыз ертегі болып көрініп еді. 
– Үй, жетпегірлер-ай! Как вы могли, бедная собака – деп, сөзінің соңын орысша-қазақша араластырып еңіреп қоя берді. 
Анық-қанығын білмей жатып,  олай  қарғанып-сіленбе! Басқа-басқа, бұл темір жол тұрғындары  ашаршылық заманында  да ит жемеген, асын адалынан ішкен! – деп, Күләнда әже осы сәтте сөзге килікті. 
Не болды  саған, жаман ырым бастап, сонша жоқтап?! Адам емес, ит өліпті. Жалғыз ірі қарамды жалғыз тұяғымның асына сойғанда да дәл сендей боздап, құдайға қарсы келген емеспін! – деп өзіне шүйлікті. 
Иә, иә, ит үшін сонша жыламашы Галяжан, не де болса артын күтейік. Бас аман болса ит табылады, – деп қостай жөнелді жиналған жұрт. 
Бұл жерде жазықсыз хайуанның көз жасын айтып ебіл-дебіл болған жалғыз басты  орыс кемпірдің жанын түсінген тек мен ғана болдым. Жалғыз-жарым күн кешіп, бақшасында әңгіме айтып, қауқылдасып жүретін адал серігінен айырылған оңай ма? Шерменде әйел қолындағы қапқа салынған иттің бас-сирағын көрсетіп, әркімнің үйіне бір барады. Шошыған жұрт, «есің дұрыс па?»  дегендей  қарағысы келмей алыстан қашады. Ақыры кінәліні іздеп таба алмаған Галя сырттан жау келген жоқ деп, ауылдағы  өзі қасапшы, өзі аспаз жігіт  Кәкібайға шүйліккен.  
Жан дүниесі қазақ боп кеткен жігітке «сен ит жедің!»  деу   иманға күмән келтіргенмен бірдей  ауыр жаза еді. 
Мұсылман арасында өсіп, туғалы арам асқа аузын былғамаса да, ауылды дүрліктірген мына жайт басына бәле болып жабысты. Ойламаған жерден басы бәлеге қалған Кәкібай «Жеген жоқпыз итіңізді!» деп азар да безер болды. Жалғыз анасының атымен ант-су ішті. Анаға табынбайтын, ананы құрметтемейтін ұлт жоқ. Амалы құрыған Галя қолын бір сілтеп, бұрылып кете барды. Жылап жүріп итін өз ауласына көмді. Түймедейді түйедей қылып, әркімге бір барып арыз-шағым айтатын Галяның бұл қылығын Кәкібай  көңіліне алып, ренжіді ме, білмеймін.  Тек бұл оқиғадан кейін жастар оны келемеждеп, өлім-жітім, той-томалақта білек сыбанып, қазан-ошаққа араласып кеткен аспазшы жігітке «ненің етінен жасалған?», – деп, мазақ қылатынды шығарған.
Бала кезден бірге өскен достарының жат көңіл, жаман ойы жоқ, тек қағытпа  әзіл-қалжың екенін білетін Кәкібай да бұған ренжімейді. Тоң-торыс мінезі жоқ жігіт әділетсіз үкімге мойынсұнған  бейкүнәдай  үнсіз езу тартып қана құтылатын. Кәкібай  күлген кезде маржан тістері тізіліп, онсыз да сығыр көздері одан сайын  жиырылып жоқ болып кететін. 
Бүгін міне кешегі Галяның күйін кешіп мен тұрмын. Ойым сан-саққа жүгірді. Кешегі дастарқан басындағы қағытпа  қалжыңдары тегін  болмады-ау. Ауылдастарымды жамандыққа қимаймын, бірақ, күмән мен күдік сейілер емес. Не де болса, адамның қолымен жасалған тірлік. Бірақ, кім болуы мүмкін?
«Кім болса да, бұл қай басынғандары, ең құрыса ізін жасырса болмас па еді?» – деп ашуландым. Қайда барамын? Кімге айтамын? Қалт-құлт басып әрең жүрген Күләнда әжеге ме? Әлде жаны қалмай күтіп алып, сый-құрмет көрсеткен Кәкібайға ма? Болар іс болды.  Құтжол өз ажалымен өле алмады.  Енді босқа сөзді шығын қылып, уәж айтудың өзі бекер. Көшкен жұртта қалып қойған кәрі итіңді не деп  бұлдайсың? 
Құтжолдың бас-сирағын қапқа салып алып, ауыл шетіндегі жиде ағашына келдім. Оны өзі саялап жататын жиденің түбіне көмдім де, егіле жыладым. Бәрінен бұрын бала кезден бірге өскен адал досымның «етін жегенім» рас болса, одан асқан арсыздық бар ма? Бүкіл тіршілік атаулының естісі қылып жаратқан – адам деген ардақты атты арқалап жүру қандай қиын еді?  
Қасиетті туған жер, өзі өсірген перзентін тал бесігінде тербетіп, аялағысы-ақ келетін тәрізді. Жұпар шашқан ауасы сарайымды ашып, самал желі кекілімді артқа қайырып, маңдайымнан сипап қояды. 
Мәуелі жиде жайқалып өсіп тұр екен. Біз мінгесетін дөң бұтағына биыл да жиде мол шығыпты. «Бұл жерде ойнақ салған бала да, жүргірген аң,  ұшқан құс, жусаған төрт түлік мал – бәрі  уақытша.  Тек біз – мәңгілікпіз» дегендей қасқайып қарап жатыр. Тіршілік деген осы шығар. 
Жоқ, қу тіршілік деген әне... үлкен қара жолдың үстінде жүк салғышын қызыл етке толтырып алған жеңіл көлік маң даланы артқа тастап, үлкен қалаға ызғытып барады.
 

2414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы