• Айтарым бар...
  • 05 Ақпан, 2024

Тас тілген Тайбурылдың тұяғымен, Көңілдің көкке өрлейді арғымағы!

Мұхарбек Жәкейұлы, 1974 жылы 2 қазанда Торғай облысы, Жангелдин ауданы, Көкалат ауылында дүниеге келген. 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде аға офицер, бөлім, басқарма бастығы болып қызмет атқарған. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің Медиа орталығында қызмет істейді. Бірқатар ән мәтіндерінің авторы. 

 

Күй болып төгіледі күзгі нотам

Кешірек кезіктірген бізді, ботам,
Мен осы қаздар қайтқан күзді ұнатам.
Сарғайған жапырақтың сыбдырынан,
Күй болып төгіледі күзгі нотам.

Кім айтты көңілсіз деп күздің әні?
Күзсіз де айналамның мұңлы бәрі.
Көшіне қайтқан құстың көз талдырып,
Төбемде тұнық аспан тұнжырады.

Бөлеген жылуына жанымды ізгі,
Күздің де келбетіне сағым жүзді.
Жабырқап жаным жалғыз қалғанымен,
Бәрібір жақсы көрем, жаным, күзді!

Түсімде талықсыған күзді көрем,
(Толқынға талай қарсы жүзді кемем).
Іңірде ізі қалған қарашадан,  
Көшірме бар болғаны біздің өлең.

Өлең дейді сөз басын...

Батқан күндей көнердім,
Бастан дәурен озғасын.
Әжімінде әлемнің,
Құрғап қалған көз жасым.

Күйсіз кеуде қаңсыған, 
Күрсінеді күзгі бақ.
Жүрегімді жаншыған,
Жауабы жоқ жүз сұрақ.
Баянсыз ба бұл жалған,
Жақпайсың кей туысқа.
Жылдарым көп ұрланған, 
Түспес қайтып уысқа.

Түнді ұйқысыз өткерем,
Оңашада ой – түрме.
...Тереземді қақты өлең,
Күздің қызыл кейпінде.

***

Хабары кешіктірген келді күздің,
Жолымыз түйісер ме енді біздің?
...Кешкі бақ тұнжырайды баяғыша, 
Жасырған құпиясын меңді қыздың.

Малынып сағынышқа күздің лебі,
Қол бұлғап шақыра ма бізді ілгері?
Бұл бақта қалып қойған әне бір жыл,
Қызарып батқан күндей қыздың реңі.

Көңілі күреңіткен күзгі далам,
Бір күлсе, арылар ек біз күнәдан.
Сыңсиды сырлы қайың сыр сақтаған,
Есіне ап сол бір кешті қыз жылаған.

Сезімің бүршік атып, күз гүлдеген,
Бұл бақта не сиқыр бар біз білмеген?
Бақ жайлы, бақыт жайлы ұмытпақ ем,
Ұйқыдан бүгін тағы тұрғызды өлең!

Естелік өзің жайлы көнергесін,
Бұл тағдыр бұлдар дейсің менен несін?
Бес күндік сапарыңды тауысқанмен,
Өлмейтін өлеңдесің!

Таң сәріде

Таң сәріде 
Тал басынан қар ұшты,
Ақ жаймасы суымаған әлі ыстық.
Мейірлене сүйгізді де меңінен,
Медбике қыз ұйықтап кетті талықсып...

Таң сәріде
Аспан кезіп, ай құштым,
Қайтем енді, сезімге мас байғұспын.
Тәтті ұйқының құшағында балбырап,
Қалып қойды ақ жамылғы... Сарғыш мұң.

Шарпып өткен есімді алып от-демі,
Дертке дауа дегенімен тәтті ерін...
Таң сәріде мені іздейді елегзіп,
Ақ парағы ашық қалған дәптерім.

Арманым ғой адасқан бала кезде

Ақын жаны болсын ба ғазалға кем?
Өткеремін ұйқысыз тағы түнді.
Торғай жайлы бір өлең жаза алмап ем,
Торғай қызы оятты шабытымды.

Тәтті қиял құшағын жаяр маған,
Оған деген сезімнің дәмі балдай.
Ақ жүзіне алаңсыз ай аунаған,
Жұлдыз біткен елпілдер жаны қалмай.

Көктеменің шөліркеп жаңбырына,
Қызғалдақтай ашылған қырда жаңа.
Ақ маңдайы малынған таң нұрына,
Мойыл көзі мөп-мөлдір мұңнан ада.

Беймаза күй кеудемде сан құбылып,
Оңашада отырам ойды ұстап ап...
Қара өлеңім бойына қан жүгіріп,
Оған құштар боп алды сарғыш парақ.

Тағдырыммен тағы да таң қылармын,
Керек емес ештеңе маған өзге!
...Астанадан оны іздеп қаңғырармын,
Арманым ғой адасқан бала кезде.


***

Есік қағып, есімді алып тағы түн,
Тереземнен телміреді табытым.
Айығып-ақ кетер едім бұл дерттен,
Айыбыма Алла кессе ақ үкім.

Қатар тосқан уы менен шекерін,
Қу дүние көрсетсін бе көтенін?
Жас толтырып жанарына жас қыздың,
Жас ғұмырды қиып бір күн кетемін.

Одан кейін мен де көктің тұрғыны,
Сағынғанда жердегі сол құрбыны,
Ақ бұлттардың арасымен жасырын,
Алып-ұшып кеп қалармын бір күні.

Ұлығышын қарашы деп сөкпе сен,
Ажалмен де тура қарап, беттесем!
...Дүр сілкініп кейде осылай қоймасам,
Үнсіз тынып, уақытқа кетті есем!

Абыралы
Қалады сол жағымда Абыралы,
Аршадан әшекейін тағынады.

Бауыржан Жақып

Арқада таудың көркі Абыралы,
Көшкен бұлт әміріне бағынады.
Жұпары жусан сіңген жанға дауа,
Баурайы тірлік кешкен мағыналы.

Сарқылмас дәмі балдай «Қайнар бұлақ»,
Ағады сылдыр қағып таудан құлап.
Құлпырып шыға келер құр аттайын,
Құлыны желісінде байлаулы қап!

«Басқайнар», «Аяққайнар», «Қызылқайнар», 
Сусасаң шөл қандырар қымыздай бал.
Аршасы тау басында тасты ерітіп,
Қурайы қыр басында сыбызғы ойнар.

Жүргізіп бұлтқа билік тау қыраны,
Төбеңнен күмістен нұр жаудырады.
Тас тілген Тайбурылдың тұяғымен,
Көңілдің көкке өрлейді арғымағы! 

Тоқтатар еркін таудың еркесін не? 
Арқары – бурыл бұлттың өркешінде.
Төсіне қия-құздың оңай орғып,
Ойнаған жақпар тастың желкесінде!

«Аршадан әшекейін тағынады»,
Арқада таудың көркі Абыралы.
Жұпарын жусан сіңген бір жұтқан жан,
Келгенше қайта айналып сағынады!

Тағдыры болсадағы мұнша мұңды,
Тұлғасын аласартпай тым сабырлы
күн кешкен
Абыралы мәңгілік қой
Қара жер аман тұрса піл сауырлы!


«Жаңа өмірден» басталатын жол басы
Әмірхан Абдуллиннің 
рухына бағыштаймын

Жаңалықтың жаршысына айналған,
«Жаңа өмірді» парақтасам сарғайған.
Балаң жырым көзіме оттай басылар,
«М.Жәкеев» деп қысыла қол қойған.

Менің титтей мәртебемді өсірген,
Бұл оқиға шықсын қалай есімнен?!
Тырнақалды туындымның тұсауы,
«Жаңа өмірдің» батасын ап кесілген.

Шимайларым – көтеретін басыма,
Қоймаса да нөмір сайын басыла.
Туған жердің шежіресін шертетін,
«Жаңа өмірді» күтуші едім асыға.

Қатар шапқан жүйрігі мен жорғасы,
Кілең жайсаң, жақсылардың ордасы.
Талай жастың талантымен тас жарған,
«Жаңа өмірден» басталатын жол басы. 

Айтатындай ағаларға наз-өкпе,
Өгейсітіп тепкен емес өзекке.
Соған қарап ойлаушы едім кейде мен,
Кімдер жұмыс істейді деп газетте?
Бал қымыздай дәмі кетпес таңдайдан,
Очеркі оза шапқан шалғайдан.
Толағайдай тау көтерген бір өзі,
Басшысы кім?
Редактор қандай жан?..

Қамқорлығы талабымды ұштаған,
Кәдімгідей беруші еді күш маған.
Таудай биік, тереңдігі теңіздей,
«Ә.Абдуллин» болар, сірә, күшті адам?..

Таң қалдырар тірлігі мен бірлігі,
Ауыл едік аудандағы үлгілі.
Алыстағы Алматыдан аңсатқан,
Жазушы ағам келе қалды бір күні.

Жан емеспін ештеңеге алаңдар,
Шығармасын жатқа соғар шамам бар.
Қойшығара көкемізге ілескен,
Торғайдан ба, бір бейтаныс адам бар.

Шынашақтай, шыр бітпеген болмысы,
Қаламында жатқан қуат, зор күші. 
Сонда білдім «Тау көтерген Толағай», 
Редактор ағай екен ол кісі. 

Ілгеріден ізгілікке жаны бай,
Інілерін өтсін қалай танымай.
Тұлғалығы таудай биік сол кісі,
Тал бойында бір міні жоқ тарыдай.

«Жаңа өмірден» жаңа өмірін бастаған, 
Кейін құшақ жайды маған астанам. 
Алматыда жүрсе-дағы Торғайын,
Сол ағайды ұмытпады жас қалам! 

Туған шақтан тағдыр жазған маңдайға, 
Әр адамның бір парызы болмай ма! 
Туған елдің таудай жүгін көтеріп, 
Толағайдай терін төкті ол Торғайға! 

Дәуір сырын қашап кеткен қаламы, 
Ұмытпаймыз Әмірхандай ағаны! 
Архивтерде қазына боп мұрасы, 
Жүректерде әз бейнесі қалады!

***

Оза шауып кетті демей кім дара,
Тазша бала хикаясын бір қара.
Тәтті ертегі тыңдап өскен отыз жыл,
«Токиодан оздық» дей ме бір бала?
Тауқыметін тартпағасын тұрмыстың,
Таң қалмаңыз, бай баласы кімді ұқсын?
«Сексен бес мың тақияңа тар ма?», – деп, 
Айды аспанға шығарды ғой бір міскін.

Ет үйреніп, естіп небір сұмдықты,
Сүреміз де сүреңсіз сол тірлікті.
Өзеурейді өз қағынан жеріген:
«Өкпелесең, көшіп кет!», – деп бір мықты.

Таудай болып кетседағы күнәміз,
Сыртқа күліп, іштей үнсіз тынамыз.
Әлін білмес әлектердің тілінде,
Әлі талай сүріне ме бұл ауыз?..

Берік досқа

Cәл Тынышбайша
Келмес күндер, көп шалыс,
Кейде есіңе түседі.
Мың тоғыз жүз тоқсан үш,
Сентябрьдің үші еді.

Он сегіздің бар әні,
Бозбала едік, дүр едік.
Таудан биік талабы,
Студент боп жүр едік.

Алматыдай шаһардан,
Жатқанымен шалғайда.
Шалдарынан бата алған,
Кеп тұрамыз Торғайға.

Оралғанбыз қоңданып,
Бұл жолы да елден біз.
Несібелі болды анық,
Тауық жылы келген күз.

Кезіп жүрміз қаланы,
Кеткен жандай есесі.
Шаңы шығып қалады,
Арқалықтың көшесі.

Жан емеспін зеріккен,
Жүргенім жоқ із кесіп.
Кім ойлаған Берікпен,
Қаламын деп жүздесіп.
Дараламас даңқың да,
Сол ақ Берік баяғы.
Аңғал-саңғал қалпында,
Досқа құшақ жаяды.

Деп көріп ем ақырын:
«Бір отырыс жасайық».
Қостай кетті батырың:
«Бірер шөлмек несі айып?..».

Жаз күніндей жайдары,
Сентябрьдің үші еді.
Жел ескен күн айдары,
Жиі есіме түседі.

Бөсеміз-ау, бөсеміз,
Тұрған жандай көк тіреп.
Шарап толы кесеміз,
Басымызға тепті кеп.

Сәл масайсақ сөкпеші,
Айтылды ғой көп тілек.
Буфетші қыз бөксесі,
Бізден гөрі ептірек.

Шешім деген қас-қағым,
Жас күніңде желік көп.
Бір ұсыныс тастадым:
«Алматыға ертіп кет!

Ораласың аз күнде,
Білем, аздап бар күмән».
Дедім тағы: «КазГУ-де
Оқиды ғой Марғұлан».

Буфетші қыз жүр билеп,
Біз асықтық кассаға.
Міне, қызық, бір билет
Бұйырып тұр қасқаға.

Ұшағымыз оралған,
Москва мен Оралдан.
Көп кешікпей Алатау:
«Қош келдің!» деп қол алған.
Біздер үшін бұл қызық,
Болсадағы бір біткен.
Елді өре тұрғызып,
Ағайын жүр дүрліккен.

Үш күн өтті үреймен,
Өтті тағы бір апта.
Амандығын тілейді ел,
Хабары жоқ бірақта.

Қасыма ерген серігім,
Еркесі екен қонақтың. 
Алматыда Берігім,
Болды мейман он-ақ күн.

Одан бері, досым-ай, 
Талай-талай су ақты. 
Еске аламыз осылай,
Есер шақты шуақты. 

Қалам сілтеп арманға, 
Хат алысқан күндер-ай!
Алматыдай заңғарға, 
Қатар ұшқан күндер-ай!

Жер ортасын басқанда, 
Көңіл көкке самғасын! 
Өмір атты аспанда, 
Қанатымыз талмасын!

2036 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы