• Қоғам
  • 05 Ақпан, 2024

Көз алдымыздағы көріністер

ҚАПАЛАНБАҢЫЗ, ҚАРИЯ

Ауа райының жайлы сәтін пайдаланып, бой жазуға сыртқа шыққан бетім еді. Сенбі әрі таңертеңгілік мезгіл болғандықтан шығар,  бақ ішінде серуендеп жүрген жандардың қарасы аз. Айналаға бейқам көз тастап, асықпай адымдап келе жатыр едім, қарсы алдымнан екі кісі жолықты. Бірі – көзінде қара көзілдірік, балдаққа сүйеніп, аяғын әрең-әрең басып келе жатқан егде кісі. Екіншісі – оны қолтығынан демеген, елудің шамасындағы әйел адам. «Әкесі мен қызы болар» деп ойладым. Адам көрмегендей тесіле қарап қалсам керек, әйел әуелі амандасып алды да:
 – Бұл кісі көзі көрмесе де, құлағы естімесе де, тесіле қараған адамды сезіп қояды, – деді.
 Қапелімде қандай жауап айтарымды білмей, сасқалақтап қалдым.
 – Айыпқа бұйырмаңыздар, жаман ойым жоқ, – дедім. Аузыма түскені осы болды. – Әкең екеуіңізді ренжітсем, кешіріңіздер.
 – Бұл кісі әкем емес. Бірақ, әкемдей болып кеткен кісі. Бір-бірімізге бауыр басқанымыз соншалық, аптасына екі-үш мәрте жолықпасақ, сағынып қаламыз. Арасында осылай таза ауаға шығып, серуендейтініміз бар. Ауа райы жақсы күндері ағамыздың көңіл-хошы болып, ағыл-тегіл әңгіме айтады, бір желпініп, кең тыныстап қалады. Балдақпен жүру қиын болса да, орындықта отырғанды қаламайды, аяңдап серуендегенді жақсы көреді. Үйге қайтқысы келмейді.
«Үлкен кісінің мінез-құлқын әбден біліп алған екен-ау» деп ойладым. Осы сәтте ағамыз тіл қатты:
– Қызым, таныстардың бірін жолықтырдың-ау деймін. Мен танымаймын ба?
– Жоқ, аға, сіз танымайсыз. 
Қатты дауыстап айтты. Сосын маған қарап:
– Бұл кісі мені «қызым» дейді. Жақын бауырларым мен туыстарымның барлығын біледі. Жақындарымның бірі ме деп жатқаны ғой.
Аяңдап алға қарай қозғалдық. Әңгімесін жалғастырды.
– Мен әлеуметтік қызметкермін. Ағамыздың зайыбы 2006 жылы қайтыс болған. Сол ауыр қайғыны көтере алмай, қан қысымы қатты көтеріліп, жүрек талмасына ұшырап, көзі көрмей, құлағы естімей қалған. Бала-шағасы бар, жеке-жеке отбасы, олар басқа қалада тұрады. Әйелі осы Астанада жерленгендіктен, басына барып тұрады. Балалары тұрып жатқан Алматыға қоныс аудармауының себебі сол. Он жылдай болып қалды, мен бұл кісінің қамқоршысымын.
Оның әңгімесі мені қызықтыра түсті. Журналист екенімді айттым. Ескі таныстардай әңгімеміз жарасып барады. Өзінің де, ағаның да аты-жөнін айтты. Бірақ, көпке жария етпеуді өтінді.
 – Біздің аты-жөнімізді келтірудің қажеті жоқ. Журналист екенсіз, газетке жазуға тиісті мәселені айтайын. Көпшілікке ой тастау үшін.
 – Айтыңыз.
 – Мүмкіндігі шектеулі жандар он екі мүшесі сау болмағанымен, осы қоғамның мүшесі. Арбаға таңылған немесе көз жанарынан айырылып, балдаққа сүйенген адамды көрсек, үлкеніміз де, кішіміз де тоқтай қалып, тесіле қараймыз. Мұндай жағдай олардың көңіліне қаяу түсіреді, жүрегін жаралайды. Әрине, қажет болып жатса, демеп, көмектесіп жіберген дұрыс. Бірақ, қол-аяғы сау адамдар оларды да өздеріндей көруі тиіс. Мүсіркей, тесіле қараудың қажеті жоқ. Оларда да намыс бар. Ары-бері ағылған адамдардың арасында оқшау болмауы керек. Дүкенге немесе тұрғын жайға, демалыс мекемелері мен басқа да орындарға олар басқалардың қатарында, көппен бірге емін-еркін кіріп шығуы тиіс. Оларды өзіңіз секілді күнделікті тіршілікпен ары-бері ағылған адамдардың бірі деп ойлаңыз. Тіпті, дамыған шет елдерде мүмкіндігі шектеулі адамдар көппен бірге кезекке де тұрады ғой. Кезексіз өткізуге талап қылсаңыз, намысын таптағандық, қорлағандық болып табылады. Өйткені, олар да кезекте тұрған көп адамдардың бірі. Жеткізе алдым ба ойымды?
– Ойыңызды түсіндім.
 Осы әңгіме ой салды. Әдеуметтік қызметкер мыңдаған мүмкіндігі шектеулі жандардың жан-дүниесіндегі сырды ақтарып салғандай болды маған. Ағаға қарап тұрып: «Қапаланбаңыз, қария» дегім келді. Шынында да күнделікті тіршілікте мән бермейтін мәселе ғой бұл. Осындай ой тастап отырған әлеуметтік қызметкерді айтсаңызшы! 
 Жаны жабырқау жандардың жан-дүниесіне үңіліп, біте-қайнасып, қиындығына төзу де екінің бірінің қолынан келе бермейді-ау, сірә. Әлеуметтік қызметкер тек күтуші ғана емес, ол – елгезек, мейірімді, жан-жақты білімді, адамдардың психологиясын жақсы меңгерген маман болуы керек. Ондай өз ісіне ақ-адал әлеуметтік қызметкерлердің арамызда көп екеніне күмәніміз жоқ. 
    
 

ҰЯТ ТІРЛІККЕ БАРМАС ЕДІ...

 

Қазір әлеуметтік желі арқылы келеңсіз көріністер тез арада, ылдым-жылдым тарап кетеді емес пе? Естеріңізде бар болар, Алматы қаласында көліктен шықпай дәрет сындырған полицейдің оғаш қылығы әлеуметтік желі арқылы әп-сәтте көптің құлағына жеткен болатын. Ұят, әрине. Ерсі. Басқа емес, тәртіп сақшысы осылай жасап жатқанда, басқалар не істемейді?!. 
 Осындай ерсі жағдайды ертең тағы біреу қайталамасына кім кепіл? Ол бейнекамераның ілгегіне түсе ме, жоқ па, білмейміз. Түспей-ақ қойсын, оны әлеуметтік желіге жүктемей-ақ қойсын. Бірақ көзге де, бейнекамераға да түспей, тасада, қалтарыста «шаруаларын» тындырып, «жеңілдеп» жүре беретіндер қай қалада болса да кездеседі. Бұған ешкім дау айта алмас. Адам жаны қысылғанда, ештеңеге қарап жатпайды. Ештеңені ойламайды. Полицейдің де тірлігі осы. Жаны қысылды, жасады. Басқа амалы жоқ. Шалбарын немесе көліктің ішін былғамайды ғой. Жақын маңда жүгіріп бара қоятындай әжетхана болмаған соң, қайтсін енді? 
 Қазақстанның елордасы – Астанада осындай ерсі жағдай кездеспейді деп кім кепілдік бере алады? Ешкім де. Сөзім дәлелді болуы үшін мысал келтірейін. Күні кеше, тапа-тал түсте, Сәтбаев көшесінің бойында тал-теректің тасасында егде кісінің дәрет сындырып тұрғанын көрдім. Қуана хабарлайтындай емес, әрине. Көрген көзде жазық жоқ. Ауылдан келген кісі екені киімінен де, тұрысынан да байқалып тұр. Қасында әйелі болса керек, қолында пакеті бар, қалқалап тұр. Әлгі кісінің әбден қысылғандықтан, осындай шарасыз күйге барғаны анық. Әжетхана іздеген болар. Сұрастырған шығар. Таппады ма екен? Сонан соң, амал жоқ, осылай жасауына тура келген болар. 
 Көрсек те көрмегенсіп, бетімізді басып, теріс айналдық. Егер сол қарияның үстінен тәртіп сақшылары түссе, үлкен кісіні әбден әбігерге салатыны сөзсіз. Зейнетақысы жетпейтіндей айыппұл салуы да мүмкін. 
 Көрдіңіз бе, қоғамдық әжетхананың жоқтығы салдарынан қаншама қиындыққа тап болады қарапайым адам? Астананы аралауға, туған-туыс, балаларымен қуана қауышуға келген шығар, бәлкім, әлгі кісі. Мынадай жағдайды көріп, ауылға қандай күйде қайтатынын кім білсін?!. «Астанаңда әжетхана таппай әбден қысылдым ғой, енді бармаспын» демесіне кім кепіл? Мүмкін, үлкендігіне салып, үндемей қоя салар. Қалай болғанда да, бұл бір кісі тап болып отырған жағдай емес, күніге қаншама адам осындай күйге түседі.
Бұл – күндізгі жағдай. Ал, түнге қарай көше қыдырған жастар «қысылған кезде» тұрғын үйлердің қалтарыстарына, тал-теректің түбіне, басқа да ыңғайлы орындарға барып «жеңілдеп» алады. Тіпті қыс мезгілінде үйлердің подъездеріне еніп, «тірліктерін» тындыратындар да бар. Аула сыпырушылар мен подъезд жинаушылар бұл сөзіме кепілдік бере алады деп ойлаймын. Өйткені, олар мұндай тәртіпсіздікпен күнде кездесіп жүр. Сондықтан мен жаңалық ашып отырған жоқпын. Бұл көптің көкейінде жүрген өзекті әлеуметтік мәселе. 
 Көшелердің бойында ақылы әжетханалар ашу соншалықты қиын емес шығар?! Әлде, пайда әкелмейтін тірлік пе? Бірақ, пайдасынан бұрын халықтың жағдайын, қаланың тазалығын ойлаған дұрыс шығар. 
 

ҚЫРМЫЗЫ  ҚЫЗЫЛ  ҚЫЗҒАЛДАҚТАР

 

Күнде әйеліме гүл сыйлап жатқан жоқпын, Жаңа жылдың құрметіне оған есте қаларлықтай тосынсый жасайыншы деген оймен екі күн бойы Астананың гүл сататын дүңгіршіктерін адақтап шықтым. Іздегенім – кәдімгі қырмызы қызыл қызғалдақ. 
Естеріңізде бар шығар, жалындаған жастық шағыңызда көбіңіз қыздарға көздің жауын алатын, иісі мұрын жаратын қызғалдақ сыйлаған шығарсыз-ау. Ерте көктемде енді ғана бүр жарған бәйшешек, ал мамыражай мамыр айында қыздарға қызғалдақ сыйлаушы едік ғой. Сай-саланы, қыр-белесті, тау-тасты кезіп, тамыры терең бойлаған қызғалдақты шорт үзіп алмай, өз қолымызбен асықпай-саспай, баппен суырған, тамаша көңіл-күй мен сезімге бөленген күндерді қалайша ұмытарсың? Сол күндерді тағы бір сәт көз алдыма  оралтайыншы деген ой ғой менікі.
Құстың сүтінен басқаның бәрі табылатын қазіргі заманда қып-қызыл қызғалдақтарды сауда сөрелерінен табу соншалықты қиын емес шығар деп ойлаған болатынмын. Сөйтсем, қателесіппін. Оншақты гүл сататын дүңгіршіктерге бас сұққаныммен, іздегенімді таба алмадым. Тіпті кейбір гүл сатушылар: «Есіңіз дұрыс па, осындай қыраулы, қытымыр қыс айында қызғалдақ іздегеніңіз қай сасқаныңыз?» дегендей бажырая қарады.
    Гүл дүңгіршіктерін күнде аралап жүрген кім бар дейсіз?!. Сөйтсем, гүл бизнесінің де көбіміз біле бермейтін қыр-сыры бар екен. Қызғалдақтар 8 Наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне екі-үш күн қалғанда ғана жаппай сауда сөрелеріне шығарылатын болып шықты. Басқа уақытта бірлі-жарым болмаса, көп дүңгіршіктерден  қызғалдақ табуыңыз екіталай. Тек алдын-ала тапсырыс берсеңіз ғана қол жеткізуіңіз мүмкін. Онда да бағасын қалтаңыз көтерсе жақсы. Гүл сатушылардың айтуына қарағанда, арнайы тапсырыстың құны қымбат. Оның үстіне қызғалдақтар басқа гүлдер секілді бірнеше күн жайқалып тұрмауы мүмкін, тез солып қалатын көрінеді. Сондықтан да гүл бизнесімен айналысатындар нартәуекелге бара бермейтін болып шықты. Барлық кіріс-шығысын, тиын-тебенін есептейтін кәсіпкердің пайда ойлайтыны анық. Тіпті гүл сатушылардың бірі жасырын түрде айтып қалды, «тауар түрін жоғалтып», қоқыс жәшігіне тасталатын жарамсыз гүлдердің шығыны да тұтынушылардың қалтасынан төленуі әбден мүмкін. Бұл – үстеме баға арқылы қалта қағу. Өйткені, айшылық алыс жерден десте-десте гүлдерді жеткізетін кәсіпкерлер бірінші кезекте шығынға батпауды ойлайтыны айдан анық.
    Қызғалдаққа интернет-дүкен арқылы да тапсырыс беруіңізге болады. Бірақ,  бағасы удай болады. Құны дизайны мен безендірілуіне және дестедегі қызғалдақтың данасына тікелей байланысты  болуы мүмкін. Байлығы асып-тасып жатқандар болмаса, орташа табысы бар адамдардың мұндай тапсырыс беруі екіталай. 
    Сіз білесіз бе, Қазақстанға гүлдер қай елдерден тасымалданады? Гүл сатушылардан сыр сыуыртпақтап жүріп білгеніміз – Қазақстанның қалаларында сатылып жатқан гүлдердің 75 пайызы сырт елдерден тасымалданатын болып шықты. Голландия, Германия, Австрия, Таиланд, Иран, Эквадор... Ең жақыны – Өзбекстан. Қытайдан келіп жатқан да гүл көп. Өйткені, бұл елде гүл өсірумен айналысатын 25 мыңнан астам ірі шаруашылық бар екен. Бұл шағын шаруашылықтарын қоспағанда. «Сонда сырттан тасымалдағанша, қазақстандық кәсіпкерлер гүл өсірумен неге өздері айналыспайды?» деген сұрақтың туындайтыны сөзсіз.
– Айналысуға болады, – деді гүл сатушылардың бірі.
Ізет сақтай отырып, сыпайы түрде аты-жөнін сұрап едім, айтқысы келмеді.
– Қажеті жоқ, біз бар болғаны сатушымыз. Дайын гүлдерді жеткізіп береді, біз тұтынушыларға ұсынамыз.
– Басқа мемлекеттерден тасымалдамай, өзімізде өндірсе, гүлдің де бағасы удай болмас еді ғой...
– Жоқ. Гүлді өсіргеннен гөрі сырттан тасымалдаған пайдалы. Өйткені, оның өзіндік құны төмен. Жылыжай салып, қымбат бағаға көшет, тұқым сатып алғаннан гөрі дайын өнімді сырттан тасымалдаған әлдеқайда тиімді.
Әңгімелерінен ұққаным, гүл – қымбат бизнес. Жастар тіпті бұл бизнестен аулақ жүретін көрінеді. Өйткені, тәуекелге баруына тура келеді. 
Сонымен, қырмызы қызыл қызғалдақ іздеймін деп гүл бизнесінің бұған дейін біле қоймаған кейбір қыр-сырына қанықтым. Бір көз жеткені –  қазіргі қызғалдақтардың тауар ретінде түрі жақсы, көз тартады, бірақ дала қызғалдағындай көңіл хошын көтеретіндей тамаша иісі жоқ-ау, жоқ.

ТҰРМЫСТЫ ТҮЗЕУ

 

Жаһанды жайлаған дағдарыс Қазақстанға да «салқынын» тигізбей қойған жоқ. Етек-жеңімізді жинап, үнемдеуге үйрене бастадық. 
Халықты қолдау мен тұрмыс-тіршілігін түзеудің түрлі жолы бар. Дені-қарны сау, 
қол-аяғы балғадай азаматтардың қарап отырмай, тырысып тіршілік жасауы керек қой. Жұмыс жоқ емес, бар. Нарық заманы табыс табуға мол мүмкіндік беріп отыр. Көзін тапқан адам тұрмысын түзеп қана қоймайды, көл-көсір байлыққа да кенеледі. Бірақ, соған ұмтылуға құлық жоқ кейбіреуде. Басқасын айтпай-ақ қояйық, үйінің жанындағы ұлтарақтай жерге картоп салмайтындар, көкөніс пен жеміс ағашын отырғызбайтындар бар. «Су жоқ» дейді, «Жер құнарлы емес, өнімділік аз түседі» дейді. Әйтеуір, сылтау көп. 
 Егер, шынтуайтына келсек, үй айналасындағы жер телімін тиімді игеріп, отбасының қысы-жазы тұтынатын азық-түлігін дайындаудың өзі үлкен жұмыс. Бұл – отбасының табысы, дастарқанының молшылығы. Керек десеңіз, әлеуметтік қолдаудың бір түрі. Егер статистикалық зерттеу жүргізілсе, еліміздің көп ауылдарында үй жанындағы жер телімдерін игермейтін отбасылардың көп екеніне күмән жоқ. Ауылдан қалаға келіп, жәрмеңкелерді жағалап, картопты, қызанақ пен қырыққабатты, басқа да көкөністерді қап-қап қылып сатып алып жатқандарды талай рет байқадық. Соны үйінің жанындағы жер телімінен де алуға болмас па?..
 Үлкендер айтушы еді ғой: «Маңдай термен тапқан нан тәтті» деп. Бау-бақшада өсіп тұрған алма немесе қызанақ базардан сатып алғаннан әлдеқайда дәмді болады. Ақша шығармайсыз. «Базардағы баға шарықтап кетіпті» деп күйіп-піспейсіз. Қаражатыңыз қалтаңызда қалады. 
 Жұмыстың ең үлкені – ұрпағыңызды еңбекке баулисыз, өз қолымен, маңдай терімен нанын тауып жеуге тәрбиелейсіз. 
 Азық-түлік дегеннен шығады, оның бағасы кейінгі айда күрт өскен, тіпті, 200 пайызға қымбаттаған тауар түрлері бар. Бұған жол беріп отырған саудагерлер көрінеді. Әрине, бағаны қадағалау мен реттеу тиісті құзырлы органдарға тиесілі жұмыс. «Жұрттың қалтасын қаға бермейік, алдын алайық» дегені шығар. Мұны құптаймыз, әлбетте. 
 Бағаның шарықтауына жол бермеудің бірден-бір амалы – халықтың тұтынуына қажетті азық-түлікті өзімізде өндіру. Сырттан тасымалдауды азайту. Сонда ғана баға тұрақты болады. Мұны сарапшылар талай мәрте қадап-қадап айтты. Бірақ, содан лайықты қорытынды шығармай отырғанымыз өкінішті. Қазақстандықтарды ет-сүт, көкөніс және басқа да күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлерімен молынан қамтамасыз ететіндей мүмкіндік бар. Соны дұрыс пайдалана алмай отырмыз-ау деген ой келеді кейде. 
   Осы ойымызды оятайық. Кешегі кеңестік кезеңде көптеген кәсіпорындардың қосалқы шаруашылықтары болды. Мал өсірді, құс өсірді, балық шаруашылығымен, көкөніспен айналысты. Не керек, кәсіпорында жұмыс істейтіндерге қосалқы шаруашылықтарда дайындалған өнімдер берілетін. Тегін емес, әрине. Бірақ, бағасы базармен салыстырғанда әлдеқайда арзан болатын. Сапасына да күмән болмайтын. Мұны кей жерде әлеуметтік пакет дейтін, кей жерде әлеуметтік қолдау дейтін. Мәселе атауында емес, осы арқылы қарапайым халықтың жағдайын ойлап, тұрмысын жеңілдеткенінің өзі әлеуметтің әлеуетін көтеру емес пе? Егер ірі кәсіпорындардың қосалқы шаруашылықтары өз еңбеккерлерін арзан азық-түлікпен қамтамасыз ететін болса, базардағы баға да өспес еді. Бұл – бір-бірімен байлаулы мәселе. Сұраныс болып тұрған соң саудагер азық-түліктің бағасын көтермегенде қайтеді? Оңтайлы сәтті пайдаланып, пайда тапқысы келеді емес пе? Әкім барып, базардағы бағаны түсіргенімен, ол кете саласымен айласын асырған алыпсатар өзі белгілеген бағамен саудасын жасай береді.  Әкімдер базарға барғанымен, бұл мәселенің түйіні шешілмейді. Оны шешудің жолы – нарықты отандық азық-түлікпен қажетті мөлшерде қамтамыз ету. Айтуға оңай, әрине. Бірақ қолдан келетін тірлік қой. 

       

ТӘРБИЕНІҢ ТӨРЕСІ

 

«Еңбек етсең емерсің», «Әлемнің әміршісі – еңбек»... Осындай мақал-мәтелдер мен нақыл сөздерді бала күнімізде ата-анамыз да, ұстаздарымыз да жиі-жиі айтушы еді ғой, естеріңізде ме? Сол құлағымызға сіңіп қалды. Санамызда жатталып қалғаны соншалық, жоғары сыныптың оқушылары жазғы демалыс дегенді білмеуші едік-ау, сабақ біте сала етек-жеңімізді түріп, еңбекке араласып кететінбіз. Шілденің шыжыған шіліңгір ыстығына қарамастан, ала жаздай мақта алқабында еңбек еттік. Тапқан табысымыз мектеп киімдері мен құрал-жабдықтары былай тұрсын, 
ата-аналарымыздың керек-жарағын, қыстық отын-суын сатып алуға да молынан жететін еді. «Жігіт болды деген осы!» деп әкең арқаңнан қағады, «Қолғанатым менің!» деп анаң аялы алақанымен маңдайыңнан сипайды. Көңілің көтеріліп, мерейің өсіп қалады. Осындай сәтте керемет бір көңіл күйге бөленетінбіз. Осының бәрі еңбектің құдіреті. Маңдайың шып-шып тершіп, ойын баласы кезіңнен бастап ақ-адал еңбектің дәмін сезіп өсесің. Өмірге бейімделесің, басқаға арқа сүйемей, өзің табыс табу мен күнкөрістің жолын меңгересің. Еңбек шыңдайды, еңбек тәрбиелейді. Тәрбиенің төресі – еңбек. 
 «Еңбек ерте есейтеді» деп жатады үлкендер. Ол да рас шығар. Әйтеуір, кішкентай кезінен еңбекке араласқан балалардың жаман болғанын ешкім көрген де, естіген де жоқ шығар, сірә. Бала жасынан ақ-адал еңбегімен, маңдай терімен табыс табуға төселген адамның кейінгі өмірі де солай жалғасатыны анық. Өмір – үйретеді, еңбек – тәрбиелейді.
    Еңбек дегеннен шығады, Астана қаласының тұрғыны, дәрігер Салтанат Дүйсенбайқызының мынадай әңгіме айтқаны бар еді. Салтанат кешегі кеңестік кезеңде кеңшар басқарған директордың қызы. Жасырып қайтеміз, ол уақытта шаруашылық директорларының көбі ғана емес, бала-шағалары да шалқып өмір сүрген жоқ па?     Олар жазғы демалыста балаларын қара жұмысқа әсте жібермейтін. Ал, Салтанаттың әкесі дүркіреген шаруашылықтың директоры бола тұра, оқу жылы аяқталысымен бес қызын бірдей ауылдан әжептеуір алыс жүгері алқабына жеткізеді екен. «Әкеміздің көлікпен таңертең апарып, қас қарая алып кетуге мүмкіндігі болды. Бірақ ары-бері тасымалдау шығын әрі сөз болады деді ме екен, әйтеуір жаз бойы бір үйдің қыздары жүгері алқабының басында боламыз. Аптасына бір рет ас-суымызды әкеліп береді. Айдала. Жарық жоқ. Азық-түлігімізді сақтау қиын. Жертөле қазып, сонда сақтайтынбыз. «Директордың қыздары ақша табу үшін жүгері алқабына шығыпты» деген әңгімені де естідік. Бірақ, әкеміз: «Өз нандарыңды өздерің табуға дағдыланасыңдар. Ең бастысы, еңбек етуге төселесіңдер» деді. Әкеміздің айтқаны – заң. Орындадық. Пайдасы тиді. Қазір біз қыз бала болсақ та, төрт түлік малды балта тигізбей, жіліктеп бере аламыз. Оны көрген ер азаматтардың өзі таң қалып жатады» дейді Салтанат.
    Міне, тәрбие. Еңбек арқылы тәрбиелеу дегеніміз осы.
 Ал, қазір қалай? Көпке топырақ шашудан аулақпыз, балалар мектеп тәрбиесін көргенімен, еңбек тәрбиесін көрмейді. Оқу-білімнен «шаршаған» баламызды, жадыраған жаз айы басталса болды, «Тынығып келсін» деп шетелге жібереміз, демалыс орындарына жөнелтеміз. Дұрыс қой. Баласының жазғы демалысының жақсы өтуін ойлаған ата-анаға ешкім де кінә арта алмайды. 
 Біздің ойымыз – үш ай жазғы каникул кезінде балаларды еңбекке баулуға да мән берсек, дұрыс болар еді. Балалардың құқын қорғау ұйымдары «Бұғанасы қатпаған бүлдіршіндерді еңбекке тартудың қажеті жоқ» деп дау айтатын да шығар. Келісеміз. Ал, жоғары сынып оқушылары жадыраған жаздың үш айында демей-ақ қояйық, бір айында еңбек мектебінен өтсе артық болмас еді. Бұған қалай қарайсыз? Қазір еңбек нарығында қарапайым мамандық иелері тапшы. Қала да, ауылда да осындай жағдай. Жоғары сынып оқушылары мектеп қабырғасынан бастап сол мамандыққа дағдылана бастаса қайтеді? Әлде, балаңыздың мектеп бітірген соң қарапайым еңбек адамы болғанын қаламайсыз ба? Жастардың бәрі жоғары оқу орнына ұмтылғаны жақсы ғой. Ал сонда қара жұмысты кім істейді? Басқа елден келгендер ме? Өзіміз жұмыс күшін қалыптастыра алмаймыз ба сонда? Міне, еңбек тәрбиесімен тікелей байланысты осындай сансыз, сабақтас сауалдар туындайды. Бұл ойлануға тұрарлық сауалдар.
 «Мектептердің жанында еңбек лагерьлері бар, жаз айларында оқушылар сонда демалады әрі еңбекке үйренеді» деп пікір айтатындар да табылатын шығар. Мектеп ұжымдарының көңіліне келмесін, мұндай лагерьлер жас ұрпақты өз бетінше еңбек етуге тәрбиелейді деп айту қиын. Оның үстіне оған барлық оқушылар қамтылып отыр деп те айта алмаймыз.
    Рас, Түркістан облысындағы мектептердің жанындағы жылыжайлар оқушыларды еңбекке тәрбиелейді. Олар өз қолдарымен гүл отырғызады, көкөністерді баптайды, бау-бақшалық жұмыстың қыр-сырына қанығады. Бірақ, бұл оңтүстікте ғой. Бәлкім, республиканың басқа да аймақтарындағы кейбір мектептерде бар шығар жылыжай. Бірақ, жаппай өріс алып отыр деп айту қиын. Сондықтан жас ұрпақты еңбекке тәрбиелеудің осындай да жолдары мен мүмкіндіктерін қалт жібермегеніміз абзал.
 

  Жомарт РЫСҚҰЛ

4955 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы