• Айтарым бар...
  • 05 Ақпан, 2024

Күндер бар ойға батып мұңаятын, Сәттер көп қуанышпен бөлісетін

Зүлкәпіл Мәулітұлы ақын, журналист. Моңғолияның Бай-Өлке  аймағында дүиеге келген. Моңғолияның Мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде ұстаз. «Мөлдір тамшылар», «Ғашық жүрек», «Армысың, аппақ дүние»  жыр жинақтарының және ондаған ғылыми кітаптардың авторы.   Шығармаларын қазақ, моңғол, орыс тілдерінде жазады.  Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер. Моңғолия Журналистер одағы сыйлығының екі мәрте иегері. Моңғолия және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
 

Қара өлең


Қара өлең қаршадайдан қанымдасың,
Өшпейсің, мәңгі менің жанымдасың.
Өзіңді тыңдай-тыңдай өскен жанның,
Қалайша шабыт құсы дамылдасын.

Әр сөзі шын пәлсапа тұнып тұрған,
Әр шумақ тарихтан сыр ұқтырған.
Қазақтың таусылмайтын қазынасы,
Қазақ емес жанды да  құнықтырған.

“Басынан Қара таудың көш келеді...”
Қазақтың қандай ғажап ескі өлеңі.
Бір шумақ айтып берші, жан бауыртай,
Сағындым,  сызылған ән есте ме еді?

Әр сөздің құпия бар ар жағында,
Білмеймін, қара өлеңдей  бар ма мұра?
Бабамның өсиеті қаз-қалпында,
Жетіпті осы өлеңнің тармағында.

Азайды қоңыр әуен, созыңқы ырғақ,
Барасың күннен күнге тозыңқырап.
Замана жаһандану ықпалымен,
Кетіпті рок, поптар озыңқырап.
Өмірдің ағысында – ирек бейне,
Қара өлең білетіндер сиректеуде.
Дәстүрден алшақтаған жасты көріп,
Қаласың жай түскендей күйреп кейде.

Бір жасап қара өлеңмен өсіп едім,
Барады ұмытылып, өкінемін.
Ауылдың алты ауызын ұмытпа, ағайын,
Осыны бар қазақтан өтінемін.

Қара өлең десем шабыт жетеді есіп,
Мерейім сен дегенде кетеді өсіп.
Өмірге өзіңменен бірге келгем,
Өзіңмен бірге кетем жетелесіп.          

Алтайымның 
аспаны
Мінезінен аумайды бозбаланың,
Аумалы да төкпелі күн бүгінгі.
Сары үлектің секілді боздағаны,
Уілдек жел ұрады түндігімді.    
Бірде бұрқақ, бірде жел, бірде жаңбыр,
Асау өзен сел болды жардан асқан.
Көзден бұлбұл ұшқандай күндегі ән-жыр,
Мезі болды қойшы ауыл қарбаластан.

Шопан  ата дауысы шай-шайлаған,
Еміс-еміс келеді қырат жақтан.
Ешбір ақын өмірде айта алмаған,
Сал дүние сиқырлы сыр ақтарған.

Біз білмейтін табиғат тіліменен,
Ән салады ақ өркеш таспа бұлақ.
Жыр оқығың келеді түніменен,
Алтай сынды осынау асқағырақ.

Алтайымның осындай аспаны бұл,
Айту қиын сөзбенен қасиетін.
Қанша қатал болса да шашқаны нұр,
Ием менің мәңгілік бас иетін.
Үзілген жоқ үмітім

Жолда қалды орындалмай көп арман,
Кездерім көп құр қиялға тоналған,
Сапарлардан қанжығам бос оралған.
Бірақ  әлі  үзілген жоқ үмітім,
Қиял құсым жоғалған жоқ қонар маң.

Қызық күндер қалды сонау алыста,
Бұрынғыдан баяулады шабыс та,
Күндерім аз алабұртып ала ұшқан.
Бірақ  әлі  үзілген жоқ үмітім,
Күтеді ылғи шуақты күн, таныс таң.

Қызықпаймын думанға да, тойға да,
Әр нәрсеге көз саламын ойлана.
Шабыт жиі шалқымайды бойды ала.
Бірақ  мені әруағы қолдайды,
Ақылды әке, асыл аға, ойлы ана.

Ой саламын, толғанамын өткенге,
Іңкәр болып асықпаймын көктемге,
Мені жиі шақырмайды көк бел де.
Бірақ  әлі  үзілген жоқ үмітім,
Берерім де, айтарым да көп менде.

Қызықпаймын асылға да, сәндіге,
Бай болдым деп жасамайсың мәңгіге,
Өмір өзі барыменен мәнді де.
Үзілмесін деп тілеймін үмітім,
Таусылмасын деп тілеймін әңгімем.
Жеңілдемей өмірімнің жүгі тым,
Күйбеңдеймін тірлік үшін күні-түн,
Көңіл күйін жырмен алам жібітіп.
Жетелеген сан қиялға, арманға,
Үзілмесін менің үкілі үмітім.

Сен барда...

Топ жұлдыздың ішінен сені көріп,
Сезімімді баураған соны көрік. 
Соны көрік айланып бақытыма, 
Сонан бері келемін сеніп еріп.

Албырт едік, жас едік кеше мүлде, 
Елемедік кеткенін есе кімге.
Қуанышты бөлістік, қайғыны да, 
Өмір – арба келеміз жетегінде.

Отау тігіп, үй болдық басқалардай, 
Сырлы-сырлы сыр шерттік бақта талай. 
Бөбек сүйдік, ұл-қыздың күлкісімен,
Шаңырақтан төгілді аппақ арай.

Келмей қалса жұбаттың күйім кейде,
Сүйеп алдың абайсыз сүрінгенде.
Мен мұңайдым өзіңнен артығырақ,
Жанарыңнан бір тамшы үзілгенде.

Не жоқ дейсің өмірде қысқа мына,
Пендеміз ғой дос та бар, дұшпаным да. 
Кесе бассаң кейбірі қуанады,
Қызғанады биіктеу ұшқаныңа.

Кездерім көп басқадан сағым сынған,
Көңіл қалған кешегі танысымнан. 
Өзің барда бәрін де елемедім, 
Жаңылғам жоқ әзірге шабысымнан.

Асқақ әнім, сен барда қуатты үнім, 
Менің жанған сөнбейді шуақ күнім. 
Қол ұстасып сенімен жүрген шақта,
Мәңгі өлмейтін кейуана сияқтымын.

Місе тұтам азды-көп несібемді,
Аялдамас, білемін,  көшім енді.
Ағат кеткен кезімді тірліктегі, 
Сенің мөлдір сезімің кешіреді.

Келмесін деп тілеймін жаныңа мұң,
Күлкі тұнды сен барда бағыма мың. 
Күлкі тұнған бағымда отырып-ак, 
Мен өзіңді тағатсыз сағынамын.
Сенің жаның аумайды нәзік гүлден,
Жүрегіңнен жол табам сезіп бірден.
Ризамын осынау тағдырыма,
Сендей жанды жар етіп кезіктірген. 
 
***
Ұмыт қалып барады жетім күнім,
Аға бопты кешегі кекілді інім.
Өмір деген сан қилы пәлсапаның,
Сырын енді түсінген секілдімін.

Әжім оның куәсі маңдайдағы,
Салады еске өткенді қай-қайдағы.
Арман деген таусылар емес бірақ,
Қиял деген алысқа самғайды әлі.

Бұрынғыдан ой да көп, сұрағың көп,
Мүсіркейтін азайған «Шырағым», – деп.
Көккүмбезде бір жұлдыз сөніп кетсе,
Көңіл босап тұрады жылағың кеп.

Жақын тартып танысты, Алашыңды,
Сыйға тартқың келеді бар асыңды.
Отбасынан шықпайсың айналсоқтап,
Гүл шоғынан шықпайтын ара сынды.

Дәрменіңе қарамай бойыңдағы,
Егделікті келмейді мойындағың.
Жастығыңды аңсайсың жиі-жиі,
Қалып қойған үйлену тойыңдағы.
     
***
Мазамды алып сансыз ой неше күннен,
Қызық сынды бүгінгім кешегіден.
Көзімді ілсем тәп-тәтті түс көремін,
Түсті қимай тұрамын төсегімнен.

Шарықтайды шарқ ұрып қиял деген,
Арман алып ұшады... Сыям неге?!
Батыл болып алған ба, түсінбеймін,
Жасқаншақ ұл, кешегі, ұяң неме.

Қайда барып тоқтайды шапқан атым,
Шабыт құстың самғайды ақ қанаты.
Күндер зулап барады, күмәнданам,
Не қалдырдым артымда мақтанатын.

Көңіл шалқып қолтықтан үрлегенге,
Әлде ілесіп жүрмін бе дүрбелеңге.
Мен бүрлемей қалғаным ұят сынды,
Тобылғының тозаңы бүрлегенде.
Таң ағарып келеді тағы мына,
Жылуына жарты әлем табынуда.
Таңмен бірге ілесіп Өлең-ару
келе жатыр.
Ғашық жан, таныдың ба?

Таныдың ба, ұсташы білегінен,
Ұсына бер, ал қызыл гүл егіп ем.
Мүмкін, оның болармын тілегі мен,
Сүйіп-сүйіп алайын жүрегіммен.

***

Отырмын көп нәрсені ойлап, жаным,
Әзірше арылған жоқ бойдан жалын.
Жалын барда шындықты айтсам деймін,
Онсыз да айтатын көп тойғандарын.

Айтсын деп маған тағдыр сөз берген-ді,
Жақсыны да, жаманды көз көрген-ді.
Өз басының боқтығын көрмей тұрып,
Таңданам, сынайтынды кез келгенді.

Білемін алда талай тойлар барын,
Кездер көп түбін қазып ойлар бәрін.
Өзгенің жақсылығын көре білсең,
Жақсыдан шарапат ап жайнар бағың.

Мәз болып жүрген жандар шаттығына,
Сүрінсе бейуазға тақты кінә.
Білемін бүгін бардың ертең жоғын,
Кез келер тоқтау салар аптығына.

Ақырын жүріп келем жолым ашық,
Өмірде талай жанға болдым ғашық.
Таситын жерлерімде үнсіз қалып,
Мәні аз дүрбелеңде алдым тасып.

Аз емес дұшпаным да жек көретін,
Достар бар шаршағанда от беретін.
Күндер бар ойға батып мұңаятын,
Сәттер көп қуанышпен өткеретін.

Дәл басып айту қиын алғы күнді,
Білмейсің қалдырарын мәңгі кімді.
Ақ, қара алмасуда, жалғасуда,
Қайтерсің, бұл өмірдің заңдылығы.
***
Ауық-ауық терезеге қараймын,
Шуағымен аймалайды арай күн.
Таныс көше мезі болған шуылдақ, 
Таныс көше ізі қалған талайдың.

Қалың қауым ағылады күндіз-түн,
Көлігі де үзілмейді бір дүркін.
Мектебіне асығады оқушы,
Бақшасына асығады бүлдіршін.

Бір топ адам қайғы жұтып, қаралы,
Үнсіз ғана табыт алып барады.
Мұңаямын жасқа толып жанарым,
Анамды еске, әкемді еске салады.

Енді бір топ жарылардай шаттықтан,
Гүл құшақтап, қуаныштан аптыққан.
Әлем-жәлем машиналар шеруі,
Көктем шыға тойдың көбін жақсы ұққам.

Үміт оты қуантады талайды,
Бүгінгіден ертеңді артық санайды.
Қайсыбірі шипахана жағалап,
Шипагердің қабағына қарайды.

Енді бірі бастықтарға табынып,
Жалтақтайды парақорға жалынып.
Ал біреудің қолдан келер түгі жоқ,
Күн кешеді шарап ішіп, жабығып.

Таңнан кешке басылмайды дүрбелең,
Сан қиялға бір кетемін, бір келем.
Сағынамын сарыжайлауды еріксіз,
Сонда ғана еркіндікте жүрген ем.

Тынымық таң. Еседі бір тәтті леп,
Ертең мұнан болар бәлкім сәттірек.
Күйбең тірлік жалғасады осылай,
Мен отырмын барлығына бақ тілеп.

Жақсы жаман алмасады осындай,
Күнде сені күтеді бір тосын жай.
Бұл өмірдің заңдылығы, қайтерсің,
Қала алмайсың заңдылыққа қосылмай.

        Қызқуар

Ауыл тойы керемет бүгін мына, 
Танылмастай өзгерген бұрынғыдан. 
Тойшылардың ілесіп дырдуына,
Еліреді желіде құлын, құнан.

Ойдан, қырдан тойшының жиып бәрін,
Төгілдірді тәтті күй, сүйікті әнін. 
Осы күні қараша ауылға бұл, 
Тастағандай әлемнің үйіп сәнін.

...Қызқуарға шақырды жігіт қызды,
Балбұл жанды арудың жібіп жүзі.
Екі жастың әзілі өзгешелеу, 
Көп жігіттің көңілін күдік бұзды.

Алып қашып аласы өте жүрдек,
Қыз қуады жігітті жетемін деп. 
Ұнатқанның белгісі болар, сірә, 
Ауық-ауық қамшысы кетеді үдеп.

...Басқа жүйрік мінді де жігіт тағы, 
Әлгі аруға ақырын жуықтады.
Күле қарап бойжеткен келе жатты, 
Жас жігіттің көңілін суытпады.

Ақсүйекте келісті кезігуге,
Жігіт жаны сәттілік сезінуде.
...Топтан шығып қыр жаққа бұрылғанда,
 Басқа жанға айналды өзі мүлде.

Ай астында аймалап ұзақ тұрды, 
Сезіміне арудың тұзақ құрды.
Қос жүректің дүрсілі сезіледі:
Шауып өткен секілді жүз ат қырды.

Қыз-бозбала оңаша танысатын,
Көңілінен көк кептер – ән ұшатын. 
Қызқуардың осындай құдыреті, 
Талай ғашық мәңгілік табысатын.

Күн күлімдеп, көгінен ай қарайтын,
Ауыл тойы – құндылық тарқамайтын.
Алтыбақан, қызқуар, ақсүйегі...
Ата дәстүр сан ғасыр арқалайтын.
Бәйге
        
Көксеркенің* баурайын шаң боратты тағы да,
Ат жарысып барады атқан оқтай ағыла.
Ат шабатын бала кез қайта оралды жаныма,
Келіп едім сағына.

Жарысады желменен келген жүйрік бабына,
Көмейімнен еріксіз төгіледі ағыла ән.
Аспан ашық, күн ыстық, тамылжыған күн бүгін,
Бапкерлердің бағына.

Тас ұшады тұяқтан, от ұшады тағадан,
Жанкүйердің айқайы естіледі жағадан.
Бейнебаян секілді бұл дәстүрді, ағайын,
Қайдан қалай таба алам?!

Артта қалып әп-сәтте бір қыраттан, бір қырат,
Белегірден шаң шықты, будақ-будақ бұрқырап.
Көңіл күйін көтеріп тойшылардың еліккен,
Қол бұлғайды жыршы бақ.

Дүрбі салған бапкерлер жағалайды қыратты,
Жүгіреді көмбеге бірі жаяу, бірі атты.
Сымпыс құйрық қарагер сылаң қағып шықты әне,
Елемепті жырақты. 

Сәйгүлігі бәйге алған жанарынан бапкердің,
Тарқамайтын тамаша бақыт көрдім, бақ көрдім.
Қазағымның тойынан бәйге сынды керемет,
Нағыз шабыт ап келдім. 

Той болса екен осындай ат жарысар тағы да,
Шаттық сыйлап көңілге, жыр құятын жаныңа.
Жетегінде тәтті ойдың, сағыныштың сәлдесін,
Оралайын жамыла.
* Көксерке – таудын аты

Тау 
ұлымын


Тау ұлымын,
Қой қосақтап, қозы ағытып көгеннен,
Ақсақалдың алғысына бөленгем.
Қайсарлықтың қасиетін үйренгем,
Жақпар шыңнан төніп тұрған төбемнен.
Тау ұлымын,
Құсбегімен түлкі қаққан қыраттан,
Көкпар тартқан, құйысқан сап құр атқа.
Мөлдірліктің қасиетін үйренгем,
Таудың төсін жұлқып аққан бұлақтан.

Тау ұлымын,
Тай үйретіп, асауменен алысқан,
Атқа шауып, алған бәйге жарыстан.
Биіктіктің қасиетін үйренгем,
Айбындаған асқарынан алыстан.

Тау ұлымын,
Қызқуар сап, қия шауып теңге ілген,
Қызды ауылды қырындаған Теңбілмен.
Әсемдіктің қасиетін үйренгем,
Қыр төсінде жаудыраған мен гүлден. 

Тау ұлымын,
Жусан иіскеп, жалбыз терген серектен,
Самал сүйіп, тұлымымды жел өпкен.
Маңғаздықтың қасиетін үйренгем,
Қасқа шыңнан тағдыр мені телі еткен.

Тау ұлымын,
Арқан іліп айшықты ердің қасына,
Жылқы жиғам көк адырдың басынан.
Өршілдікті өзенінен үйренгем,
Бұлт үйрілсе буырқанып тасыған.

Тау ұлымын,
Бидай ақтап, арпа түктеп келіде,
Саба пісіп, саумал ішкен желіде. 
Жылылықтың қасиетін үйреткен,
Іңкәр болғам мамық мінез желіне.

Тау ұлымын,
Солай, солай...  бәрін таудан үйренгем,
Тарқамайтын ерекше бір күйге енгем.
Тау секілді бір жақсы өлең жаза алмай,
Өмір өтіп бара жатыр күйбеңмен...
 

1800 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы