• Айтарым бар...
  • 05 Ақпан, 2024

РАЙХАН БҰЛАҚ (әңгіме)

Нүсіпхан ҚЫСТАУБАЕВ
 

Талдықорған қаласынан шығып, Өскеменге қарай өтетін күре жолмен он сегіз шақырымдай жүргенде сол жақ шетте ылдиға қарай бір бұлақ кездеседі.  Бұлақ басында жалғыз үлкен үй, үйдің қора-қопсысы бар. Кезінде жол жөндеу учаскесінің шағын бекеті болатын. Қысты күні қалың қар басқанда бір-екі трактор бульдозермен жол ашады, жай күндері ондағы үш-төрт жұмысшы жолға құм шашып, көктем шыға кем-кетігін бүтіндеп, күтімдеп жүретін. Күлипа деген байы өлген жесір әйел сол бекетке қарауыл болып, бір жағы жұмысшыларға тамақ жасап, тірлік ететін еді. 
Облыстың солтүстігіндегі алты ауданның партия комитеттерінің бірінші хатшылары, атқару комитетінің төрағалары Талдықорған облыстық партия комитетінің бюро отырысына қатысып, кейбірі мақтау сөз естіп, кейбірі сөгіс алып, аудандарына қайтар жолында осы бұлақ басына тоқтап, обкомнан алған «сөгістерін жуып», шүйіркелесіп отыратын. Шопырлары машиналарының жүк қорабынан олардың қазы-қарта, жал-жаяларын шығарып, тіліп, армянның күрең  коньягын ортаға қойып, өздері әрмен барып темекі шегіп, қарауыл қарап, мәслихат құрады.  Әдеттерінше бұлақтан су ішіп салқындап,  қарны ашқандары ауқаттанып алу үшін тоқтаған машиналардың жүргізушілерін, кейбір жолаушыларды әлгі шопырлар «онда бармаңдар, райкомдар демалып отыр!» деп, үркітіп, қайтарып жіберетін. Содан әлгі сай бірте-бірте «Райком бұлақ» аталып кетіп еді.
Қалада, әжесінің қолында тұрып мектепте оқып жүрген Райхан жазғы, қысқы каникулда, және жәй демалыс күндері шешесінің қасына келіп, қол ұшын береді. Күлипаның екі-үш бұзаулы сиыры, күйеуінен қалған бір көк аты, жазда шөп таситын ескі сықырлақ арба, бір жайдақ шанасы тағы бар. Оған қоса оншақты қаз-үйрек, сол шамада шұбар тауықтар аулаға, үй маңына жан бітіріп, жан-жағын толық етіп тұрар еді. Күйеуі көзі тіріде басы құралған осы ортақол шаруаға қызы екеуі әупірімдеп ие болып жүрді. 
Райхан он төрт-он бес жастар шамасындағы шапшаң, пысық қыз. Ұйқысы да сергек, өзі де еңбекқор, зыр жүгіріп бар шаруаны бір өзі дөңгелетеді. Бұлақ басына келген елге де қол ұшын беріп, жасы келген кемпір-сампырларды әудем жердегі дәретханаға сүйемелдеп жол көрсетіп, қолтығынан демейді, бұлақтан су алып беріп, мақтау естиді. Шешесі екеуі жаз сусындық күріш көже қайнатады, пирожки, тоқаш пісіреді, жүргіншілер қаласа, соны сатып, тиын-тебен де құрастырып алатыны бар. Кей жолаушылар мен шопырлар үнемі ән салып, көңілді жүретін бидай өңді сүйкімді қыздың ниетіне де, қызметіне де разы болып, көңілдері соққанда ақысын көбірек қылып төлейді. Қыз бала жеңіл-желпі киім-кешегіне қажетті пұлын жаз бойы өзі тауып, өзі киінетін. 
Бұлақ басына жақсы-жаман әртүрлі адамдар келеді, қыз оларды алаламайды, бәрінің көңілін табуға тырысады. Бірде, жасы отыздар шамасындағы ер адам автобустан ел қатарлы түсіп, бұлақ басына сүйретіліп, сүріне-қабына келді де құлады. Сол құлаған жерінде қор етіп ұйықтап кетті. Автобус жүргізушісі ары-бері жұлқылап тұрғызбақ болып еді, ол әрекетінен ештеңе шықпады, мас адам қолын бір сілтеп: – Осы жерде қаламын, кете беріңдер!  – деп, әрең тілге келді. Шөліркеп қалған екен, қыз қолынан екі тостаған бұлақ суын қотарып ішіп, қайта ұйықтап кетті. Араққа әбден тойып алғаны байқалды. Кеш қарайып қалған кез, күннің ыстығы қайта бастаған, сонда да жолаушыға жаны ашыған қыз оның бас жағын көлегейлеп қалқа жасап қойды. Шешесі:  – Онда не шаруаң бар, көп ішкіштердің бірі, өлсе ома қапсын, жолама, пәлесінен аулақ жүр! – деп еді, қызы көнбеді.  
– Қойшы, мама, адам баласы емес пе,  – деп, әлсін-әлі барып, әлгінің тынысын тыңдап, өлі- тірісін тексеріп отырды. Киімдері біршама таза, бет жүзі бүтін, қою қара шаштары ұзын, қыр мұрынды, аққұба.
Қас қарая бастағанда «айдалада жатпасын, жын-пері қағып кетеді ғой» деген оймен Райхан әлгі жігітті жұлқылап, біршама ес жиғызды. Жігіт қыз балаға бей-жай қарап отырды да:  
– Мен қайдамын, бұл қай жер?  – деп сұрады. 
– Бұл жол бекеті, «Райком бұлақ» деген жер, аға. 
Қыз жігітті қолтықтап тұрғызып, киіз төселген үй іргесіне алып келді.
– Арақ бар ма, басым шағып тұр?
– Арақ жоқ. Қазір күріш көже беремін, шөліңізді басады.
Жігіт үлкен, кең тостағандағы қышқыл сусынды қомағайлана ішіп алды. Аздан соң мойны төмен салбырап, кемсеңдеп жылап жіберді. Бір қимас асылын жоғалтқандай өксіп-өксіп жылады.
Райхан шешесі тамақ жасап отырған ошақ басына келіп: 
– Ана кісі жылап отыр – деп сыбырлады. – Жаман адам емес сияқты, жанары солғын болғанмен ар жағы нұрлы көрінеді.
– Е-е, уланып қалған ғой, запыран түссе жеңілдейді, сүт көжеңді бере бер, сол ем болар. Енді түн ішінде қайда барады, сол киіз үстінде жата берсін,  жамылатын көрпе бер, түн салқын, тоңып қалар.
Таңертең үшеуі бірге отырып шай ішті, жолаушы біршама ес жиған, бірақ әлі де әлсіз, әрең сөйлейді. 
– Сіз кім боласыз, неге кеше жолдан қалып қалдыңыз?  – деп сұрады Күлипа.
– Мен Алматыдан келемін. Жазушымын. Әйелім тастап кетті, жұмысымнан шығып қалдым, қу арақтың кесірінен. Сосын бәрінен түңіліп, елге барып өлсем қайтеді деген оймен шыққан едім, білмеймін, мына жерге құдай әкелді ме, періште әкелді ме...
 Райхан бір тауығын сойып, үйітіп, кеспе кесіп, сорпа жасады: 
– Ыстық-ыстық ішіңіз, аға, жаман ойды тастаңыз, – деп бәйек. Ылдиға қарай екі белдің астында бір малшы отыратын жекенің малын бағып, бие сауатын. Райхан жүгіріп барып қымыз алып келді. Ақтың қасиеті ғой, сүт көже, айран, қымыз, тауық сорпасы жазушыны тез тыңайтты. 
– Атым Мейрам, Мейрам Омаров дегенді естіп пе едіңіздер? Сол мен боламын,  – деді жазушы. Күлипа мен Райхан естімесе де бас изей салды.
– Құдайы қонақ болдыңыз онда, осында асықпай жата-жастанып әлденіп алыңыз, – деді Күлипа, жылы шыраймен.
Мейрам Омаров «Райком бұлақта» екі күн жатып, үшінші күні кетпек болды. 
– Алматыға, өз ортаңызға қайтыңыз, аға, кітап жазыңыз, бір әйелге, басқа түскен шамалы қиыншылыққа бола мына ғажап өмірден бас тартпаңыз, әлі бәрі жақсы болып кетеді, аға, – деп қоштасты қыз.
– Бұл жақсылығыңды тіріде ұмытпаспын, айналайын, сен де бақытты бол, бақыт үшін жаралған періштедей шуақты жан екенсің! – деп тебіренді жазушы кетерінде көзі жасаурап.
...Қыстың бір қарлы боранды түнінде тыста ит үрді. Үйге көрші қыстауда отыратын малшы шал кірді. Үсті-басы аппақ қар, бір құшақ суық ызғарды ішке ала кірді.
– Күлипа, осыдан солтүстікке қарай 
бес-алты шақырымдай жерде бір автобус омбы қарға тіреліп, ары-бері жүре алмай кептеліп қалды. Қалай қаладан шығып кеткен деп таңырқап отырмын. Ішінде он бес шақты балалар бар, Талдықорғанда бір пәннен жарыс болып, соған қатысқан оқушылар екен. Телефондарың істесе, қалаға хабар айтыңдар.
 – Телефон істемегелі қай заман, қу дүние  тоқырап тұр ғой. Трактор да жүрмейді, майы жоқ. Тракторшылар қалаға қайтып кеткен, Райхан екеуміз ғана отырмыз. 
– Ойбуу, онда ана балалар таң атқанша қатып өледі ғой. Аяз ақырып тұр. Енді қайттік?
 Райхан асығыс киіне бастады:  
– Мен ат шанамен оларды алып келемін.
– Ой, қызым, мына ақ түтекте өзің адасып кетесің. Адасып кетсең, өлесің ғой, сорлы! – деп, қарсылық көрсетті шешесі.
Райхан тысқа шығып, көк атын жайдақ шанаға жеге бастады. Шана өрге қарай тартып барады. Қарлы боран ысқырып тұр. Суық ызғар қыздың жеңінен кіріп, мойнынан шығады, бұлай болар деп ойламап еді, бүріп ала жөнелді. 
Қыз келгенде балалар автобус ішінде мойындарын ішке тартып, бұйығып, бүрісіп отыр екен. Жай оталып, ішке өлмеші жылу беріп тұрған автобустың бензині бітуге таяу қалыпты. Райхан келмегенде қайғылы оқиға болатыны анық. Қыз балалардың  жартысын шанаға сиғанша отырғызып, бір сағаттан аса уақыт өткенде үйге алып келді. Балаларды ішке кіргізіп, кідірмей шанасын кері бұрды. Тағы бір сағат шамасында қалған балаларды шопырымен қосып, жылы үйге кіргізді.
Оқушы балаларды құтқарам деп арпалысып жүргенде алкеуде қыз суық өткізіп алғанын сезбепті, ертеңінде қызуы көтеріліп, қатты ауырды. Осы ерлігі байғұс қызға пәле болып жабысты. «Аса қайрат жанға қас» деген осы да...
Біраз жылдар өтті, жасы жетіп апасы, ауыр сырқаттан шешесі көз жұмды. Аурушаң, дімкәс қыз жиі-жиі ауруханада жатып ем алатын болды. Күнкөріс қамымен базарға шығып, сауда жасайтын еді, қысқы қара суықта мөлиіп далада тұру оңдырсын ба, ауыруы одан бетер асқынды. Қыздың күйі осылай болған соң кім қызыға қойсын, күйеуге де тие алмады, жалғызілікті күн кешті. 
Соңғы рет ауруханада жатқанында дәрігер кеудесін тыңдап, анализдерін тағы бір тексеріп көрді де, дәлізге шыққан соң медбике қызға бұрылып: 
– Кезінде қолдаушысы болып, жағдайы келіскенде  Алматы, Астана барып, атақты жекеменшік клиникаларда емделгенде жазылып кететін бе еді. Обал-ай, енді кеш... – деп, өкінішпен басын шайқады.
Түнге қарай Райхан палатасынан әрең ілбіп шығып, фойеге келіп еді, теледидардан бір таныс бейне сөйлеп отыр екен. Хабар жүргізуші қыз:
– Сіздер жазушы Мейрам Омаровтың шығармашылығы туралы «Жазушымен жүздесу» бағдарламасын көріп отырсыздар. Мейрам аға, атақты орыс жазушысы Чехов «Краткость – сестра таланта» деген ғой. Сіздің де әңгімелеріңіз қысқа, артық ауыз суреттеулер, баяндаулар жоқ, шымыр да жұмыр болып келеді. Әсіресе, соңғы «Райхан бұлақ» деген шағын әңгімеңіз оқырмандарға ізгілік, мейірім туралы, адамдардың немқұрайлықтан ада, бір-біріне деген сүйіспеншілігі сияқты мәңгілік құндылықтарды тағы бір қызық  қырынан көрсетіпті. Тегі, сіз сол асыл қасиеттерді үнемі қарапайым адамдардың бойынан іздейтін сияқтысыз. Осы әңгіменің кейіпкері өмірде болған жан ба?
– Ия, ол болған жан. Мен өрімдей сол қызды кездестірген жер о баста «Райком бұлақ» деп аталады екен, мен оны «Райхан бұлақ» деп атадым, сол дұрыс сияқты. Шынында, Райханның өзі сол бұлақтай мөлдір,  көктемде ұшқан көк қанат көбелек сияқты, даланың шыр-пыр еткен елгезек бозторғайы сияқты, тіпті.., қалай айтсам екен.., ақ жаңбыр желбіреп өткен соң ылғал жапырақтарды жылтыратып секіріп ойнайтын күн сәулесі сияқты шұғылалы, ерекше жан еді. Мен ауыр депрессияны бастан кешіп, тіпті өмірмен қоштаспақ болған сәтімде жүрегіме жол тауып,  шапағатшы болған, мені қайта тірілткен, өмірге деген құштарлығымды қайта оятқан сол қыз бала. 
– Сіз кейіпкеріңізді кейін іздеп бардыңыз ба, жақсылыққа қарымта парыз емес пе? Зәуде, сол перизат сіздің де көмегігіңізге зәру болған шығар, кім біледі...
– Жоқ, ол ешкімнің көмегіне мұқтаж болатын жан емес, өте пысық, өте мейірімді және бақытты еді. Өзінің қойны-қонышы толған бақытын аямай елге үлестіріп жүретін. Жиырма жылдай уақыт өтіп кетті ғой, қазір ол балалы-шағалы, бақуатты, базарлы тұрмыс құрып жүрген шығар. Мен оған сенімдімін.
Райхан төсегіне сүйретіліп келіп, ауыр тыныстап, өз-өзінен сыбырлады... 
– Аға... ағатай... неге мені іздеп келмедіңіз?..
 

1789 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы