• Айтарым бар...
  • 31 Қаңтар, 2024

Арқан үстіндегі өмір кімге бақ, кімге сор?

    Қазіргі уақытта жастар арасында экстремалды спорт түрлеріне қызығушылық басым. Ол ынтаның барын сондай аттракциондарды ұйымдастырушылар да жақсы біледі. Әрине, сұранысқа сай ұсыныс қай кезде де бар. Ал олардың мемлекет берген лицензиясы мен кепілдігі бар ма? Абайсызда біреу арқанмен секіремін деп о дүниеге аттанып кетсе кім жауапты? Саябақтардағы аттракциондарға белгілі талаптар қойылатындықтан, ол жерде кез келген ойын алаңы ашыла бермейді. Тіпті лицензия мен рұқсат алған аттракциондар да талай жанның өмірін қиғанын БАҚ арқылы біліп те жүрміз. 
    Экстремалды спорт түрі – толассыз адреналин сыйлайды. Оның қазір неше түрлісі бар. Мысалы, бейсджампинг, кейв-дайвинг, дайвинг, хелискиинг, рафтинг, тауға өрмелеу, родео, серфинг, роуп-джампинг. Көріп отырғанымыздай аталған спорт түрлері атауының түп- төркіні ағылшыннан. Елімізде дайвинг, кейв-дайвингтің барын естімедік. Себебі ол үлкен теңіздерде, туристтер жиі баратын елдерде өткізіледі. Атақтысы – Египеттегі Қызыл теңіздегі дайвинг. Оны ұйымдастырушылар арнайы инструктаж өткізеді, техникалық қауіпсіздік ережелерін ұстануға қатаң қарайды.
    Біз бүгін сөз еткелі отырған спорт түрі – роуп-джампинг. Тіркестің тікелей аудармасы – арқанмен секіру (ағылшынша «Rope» – арқан, «jumping» – секіру). Роуп-джампинг – биіктен арқанмен секіретін спорттың айрықша бір түрі. Яғни өзіңді биіктен тастап жіберу арқылы бірнеше секунд бойына әуеде құлдилаудың еркін сипаты десе де болғандай.  Секірудің бірнеше түрі бар: еркін құлаумен және еркін құлаусыз (маятник). Секіру кезінде тәжірибелі секіргіштер көбінесе керемет акробатикалық трюктер мен элементтерді орындайды. Бұл спорттың тарихына үңілетін болсақ, ашық дереккөздерден негізін салушы американдық өрмелеуші Дэн Осман болған. Ол 1998 жылы 300 метрлік биіктен секіру кезінде арқаны үзіліп кетіп, көз жұмған болатын.  Ал бізге бұл спорт түрін алғаш енгізген астаналық «FLY» командасы екенін айта кету керек. Олар жылдың кез келген мезгілінде Қазақстанның әр қаласына барып, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлаудан танған емес. Ал Қарағандыға роуп-джампинг аталатын биіктіктен секіру түрін новосібірліктер алып келді. Мұнда ресейліктер жергілікті ұйымдастырушыларға шеберлік сабақтарын беріп, тәжірибелерімен бөлісті. Бүгінгі таңда еркін секірудің аттракционы жоғары сұранысқа әрі танымалдыққа ие бола бастады. Осы Қарағанды қаласында 33 жастағы экстремал әйелдің биіктіктен секірмек болған әрекеті қайғылы жағдаймен аяқталғанын жұртшылық жақсы біледі. Аттракцион нұсқаушысы қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзғандықтан, әйел жердегі бетон тасқа соғылып, ауыр бас-ми жарақаттарын алды. Дереу ауруханаға жеткізіліп, операция жасалғанымен аман алып қалу мүмкін болмады. Оқиға «Созвездие» қонақ үйінің аумағында орын алған. 25 метр биіктіктен секірген әйелдің қалай қайтыс болғаны бейнеленген жазба ғаламторда тез-ақ таралды. Жазбаны көрген кез келген адам  астындағы нұсқаушының арқанда бекітіп болмағанына қарамастан, «Секір» деп пәрмен берілгенін, әйелдің дереу секіріп кеткенін көре алады. Роуп-джампингті ұйымдастырушы «FLY» командасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, аталған ұйым соңғы жылдары өздерін әлеуметтік желіде белсенді жарнамалап, биіктен бір мәрте секіру құнын 5-6 мың теңгеге бағалап келген. Оған қызығушылық танытқандардың қатары көбейіп келеді. Қайғылы жағдай орын алғанына қарамастан осындай экстремалды ойын қазір елдің түкпір-түкпірінде белең алғанын байқауға болады. Ал қауіпсіздігін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Біз де елордамызда осындай ұйымдарды іздеп, хабарласып көрген едік. Бірі телефонға жауап бермесе, екіншісі әзірге жұмыстарын тоқтатқанын айтты. Әлеуметтік желілерде де толыққанды ештеңе таппадық. Содан соң осындай аттракционға барып көрген жандарды іздестіре бастадық. Сая есімді 25 жастағы Астана тұрғынымен танысып, оның осыдан үш жыл бұрын аталмыш экстримге қатысқанын білдік. 
– Мен спортты, оның кез келген түрін жақсы көремін. Әсіресе, өмірің бір қалыпты өтіп жатқанда сілкініс керек-ақ. Роуп-джампингпен осыдан 3-4 жыл бұрын танысқанмын. Ол кезде «ВКонтакте» әлеуметтік желісін белсенді қолданатынмын. Бірде көзім биіктіктен секіруді ұйымдастырушылардың парақшасына түсті, оларда конкурс өтіп жатыр екен. Жеңген адам биіктіктен тегін секіруге мүмкіндік алады. Қатысып көрдім. Конкурс нәтижесі бойынша мен жеңімпаз атандым. Бағасы сол кезде бес мың теңге болды ғой деймін. Осылайша қыстың соңы, не көктемнің басы, нақты есімде жоқ, Астана қаласының Көктал шағын ауданында орналасқан ғимаратқа келдім. Мені нұсқаушылар күтіп алды. Қауіпсіздік ережелерімен, кімдерге секіруге болады немесе кімдерге секіруге тыйым салынған деген барлық ақпаратпен таныстырды, пәрменді күтуімді ескертті. Өздерінің құжаттарымен таныстырды, маған «Қауіпсіздік ережелерін сақтаймын, оқыс жағдай болса жауапкершілікті өз мойныма аламын» деген қағазға қол қойдырып алды. Мен 45 метр биіктіктен секірдім. Барлығы сәтті өтті. Өзіме қатты ұнады, мықты адреналин алдым, – дейді экстрим сүйер елорда тұрғыны. 
    Бірақ өкінішке қарай, қауіпсіздік ережелері мен тұтынушы талаптарын  ұйымдастыру топтары толық ескере бермейді. Салдары өздеріңіз көргендей. Табыс әкелсе болды, оңды-солын бағамдамай бизнес бастай беретін мұндайлардың жұмысын кім қадағалайтыны да түсініксіз. Олар кәсібін дөңгелетіп отырғанымен салық төлеуі екіталай. Өкініштісі, ондай экстрим ұйымдастырушылырдың жұмысы тек осындай қайғылы жағдайлардан соң ғана тексеріледі. Ал Қарағандыдағы жағдай бойынша полиция бұл іске қатысты тергеуді алдымен ҚР ҚК-нің 306-бабы 1-бөлігі («Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету») бойынша қозғаған болатын. Алайда, кейін қылмыстық істі ҚР ҚК 306-бабының 3-бөлігіне («Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған әрекеттер») ауыстырды. 
    Егер ұйымдастырушылар жұмысын адал атқарғанда мұндай жағдай болмас па еді? Өкініп, сынағанмен қиылған өмірді қайтара алмаймыз.  Сондықтан тәуекел мен қауіпке толы қадамға бармас бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн болар. Себебі өмір – бізге берілген ең құнды сыйлық. Адреналин мен шытырман қуалап, құздан құлап кетпеңіз!

Нұржайнат ХАМЗАЕВА,
Астана қаласы

1037 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы