• Қоғам
  • 30 Қазан, 2020

ҚАЗАҚ ДАЛАСЫН БІР ЕЛЕС КЕЗІП ЖҮР...

Жаңабай Тойбазаров

Кезінде атақты «Капиталдың» авторы Карл Маркс «Еуропаны бір елес кезіп жүр. Ол – коммунизм елесі» деген екен. Әлемде социализм мен коммунизмнің негізін салушы ақсақал осы сөзді тегін айтпаса керек. Қаншама мемлекетте қанды төңкеріс жасалғанмен социалистік қоғам сиырқұймышақтанып, ақырында ыдырап тынған жоқ па?! Ал, өкінішке қарай, адамзатқа арман болған коммунизм расында да сол елес күйінде тарих қойнауына кетті! ХХ ғасырдың соңында «КСРО» деп аталатын алып империя ыдыраған соң, оның құрамындағы одақтас республикалар өз алдына тәуелсіздігін жариялағанына да, міне, ширек ғасырдан асыпты! Ендігі жерде осы республикаларда керісінше «капитализм» елесі аршындай басып, қалаған саласында «Сырдың суы сирағынан келмейтіндер» аста-төк байлықты армансыз кешіп жүр. Әттеген-айы сол, ұлы далада ат ойнатқан қасиетті хандар мен батырлардан күллі қазаққа мұра болып жеткен ұшан-теңіз жер асты мен үстіндегі байлықты шайқап ішіп, тойына кекіріп, орынсыз секіріп жүрген капиталистердің саны да тым аз болып тұр! Үнемі айтылып жатқан түрлі ұрандар мен бағдарламалардың сөзі жақсы-ақ! Онда айтылатын баптары да қандай керемет! Жеме-жемге келгенде қолға ұсталмайтын, ұстатпайтын көшпелі алтын секілді. Мәселен, соңғы жылдары халықты баспанамен қамту мақсатында қаншама бағдарламалар жасалды?! Сол бағдарламалардың көбінің ғұмыры ұзақ болмады. Өйткені, қоғамда жең ұшынан жалғасқан жемқорлық өршіп тұр. Айналдырған 28-29 жыл бедерінде осыншама жемқорлардыдүниеге әкелген біздегі қоғамдық құрылысты қалай атауға болады? Жабайы капиталистерден құралған қорқаулар қоғамы дейміз бе? Ұсталып жатқан парақорлардың көпшілігі неге мемлекеттік органдардың сапынан шығуда? Президент берген тапсырмалар неге дұрыс орындалмайды? Қазақ қоғамын, әсіресе, жоғары элитаны жағымпаздық елесі кезіп жүрген сияқты! Жастарға, қарапайым халыққа арналған қолжетімді баспана бағдарламасының бағы бір ашылмай-ақ қойды! Қанша құбылтса да, бәрібір қолжетімсіз болып отыр! Алматы мен Нұр-Сұлтан, басқа ірі қалалардың басшылары бәленбай шаршы метр тұрғын үй салынды, бәленбай миллиард теңге қаражат жұмсалды деп жарыса баяндағанымен, бас-панасыздар саны азаймай-ақ тұр. Салынса салынып жатқан шығар... Ал, сол үйлердің құны неге тым қымбат? Орташа жалақы мен жылжымайтын мүліктің құны арасындағы айырмашылық жер мен көктей! Сенбесеңіз, кез келген шенеунік орташа 100 мың немесе 120 мың теңге жалақымен ипотекаға бір-екі бөлмелі пәтер алып көрсінші, сөйтіп дәлелдесінші, жастарға ұсынылып отырған бас-паналары расында да қолжетімді ме? Меніңше, тұрғын үй құнының арзандамай, күн сайын көтерілуіне әлемдік дағдарыстың ешқандай да қатысы жоқ! Қазақтың санын көбейтеміз, мәңгілік ел боламыз десек, бірінші кезекте жалдамалы пәтерді кез келген қазақстандық азамат қиындықсыз, тиімді талаптар бойынша алатындай жағдай жасалуы керек. Осыншама аста-төк байлықтың үстінде отырып, баспана мәселесін шеше алмасақ, онда әлем жұртшылығы алдында несіне өтірік мақтанамыз? «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» бағдарламалары коммунизм елесі сияқты болмауы үшін, болашаққа толыққанды дамыған өркениетті ел есебінде жетуіміз үшін ұлтымыздың басты-басты мәселелерін әділетті түрде шешуді қарастыруымыз керек. Бір ғана мысал: іргеміздегі алып көршіміз Қытай Халық Республикасында халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әлдеқешан шешіліп қойған деп естиміз. Бір жарым миллиардқа жуық халық пен 18 миллион халықтың айырмашылығына мән бере отырып, сәл-пәл ойлансақ, біздегі бас-пана мәселесін шешу соншалықты күрделі де, қымбат та емес екенін аңғаруға болады. Тек қана бар байлықты уысында ұстап отырған санаулы капиталистердің ниеті тарылмаса ғой, шіркін?! 180 миллион емес, бар-жоғы 18 миллион ғана халықпыз. Ал, жерімізде жүзге тарта жерасты қазбабайлық қоры бар. Мемлекетіміздің жер көлемі әлемдегі 200-ге жуық мемлекеттердің арасында 9-орын иеленеді... Олай болса, қазақтардың өз жерінде емен-жарқын, аста-төк молшылықта өмір сүруге толық құқы бар! Ат төбеліндей капиталистер кез келген мәселені шешкенде ұлттық мүддемен санасуға тиісті. Міне, қазіргідей дағдарыс кезінде ұлттық мүдде экономика мен әлеуметтік саланың локомотиві болуға міндеттейтін арнаулы заңнамалар қабылдайтын кез келді! Қолдан жасалған қазақ капиталистері де мемлекеттік заңдарға бағынуға міндетті.Оларды осындай аста-төк байлыққа кенелткен ұлы қазақ халқы екенін ұмытпағандары абзал. Ұлтымыз үшін ұтымды бағдарламалар жасауға бәріміз мұрындық болар сәт келді.

31 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала САҚТАНСАҢ САҚТАЙДЫ
Келесі мақала ЕНДІ ҚАЙТЫП КЕЛМЕ СЕН

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы