• Айтарым бар...
  • 15 Мамыр, 2015

Бірліктің барар жері – Мәңгілік ел

     Міне, азаттық таңының бақ құсы еліміздің көк аспанында шарықтап ұшуда. Шүкіршілік, нұрланып атқан Тәуелсіздік таңындағы ең басты бақытымыз – алдиярларымызды ардақтай алатынымыз, данамызды даралай алатынымыз, ұлттық қадір-қасиетті бағалай алатынымызда. Ал әр мемлекеттің өркендеуіне жол ашатын бірден-бір әсер етуші фактор, ол ұлтының татулығында, бұзылмас бірлігінде.

       Бұл көп айтылатын халық бірлігі дегеніміз не дегенде – ол береке бастауы, халықтың мәңгілігінің мәңгілік нышаны. Қазақстан мен тәуелсіз ел мағынасын егіз ұғымға айналдырған, қазақ ұлтының сынбайтұғын тірегіне айналған Ел басымыз   Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев:Отбасында екеу келіспесе — шаңырақ шайқалады, екі басшы келіспесе — компания күйрейді, ал ел ішінде, ұлт пен ұлыс арасында жанжал шықса —мемлекет құлайды дейді. Тарих қойнауының парақтарын ақтаратын болсақ, Атырау мен Алтайдың арасындағы алып даланы жайлап жатқанда, мемлекет­тің реттеуші тетіктері іске қосылмай тұрған кездің өзінде, ешқашан да, еш жерде де қазақта тайпа мен тайпа тұрмақ, ру мен ру соғысып көрмеген! Ал толерантты парасаттың үлгісі қазақ билерінен бастау алған десем артық кетпегенім. Оған мысал, Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқан “біз қазақ деген мал баққан елміз” деп басталып, “досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз”, “…берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!” деп аяқталатын сөздері өзара сыйластыққа шақырады.Осы қасиеттің арқасында ұлы бабаларымел басына күн туған қилы замандарда  халқымызды ұлт ретінде сақтап қалды.

         Жаугершілік заманда басы ауған жаққа көшіп жүріп те берекесі мен қазанын ортайтпаған қасиетті қанағатшыл ағаш бесік пен жер бесік арасындағы біреуге ұзақ, біреуге шолақ өмір жолдарында біреуді өзекке теппей, өзгенің қызылына қызықпай, ұтымды іспен, орамды оймен, терең кемеңгерлікпен, ешқашанда тарылмаған кеңдігімен еліміздің тамырын жаза, бұтағын жайқалтып, құшағын кеңейтіп келеді. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық.«Бірлік бар жерде — тірлік бар» дейді біздің данагөй халық.  Көзі ашық халқым мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Осы бірліктің арқасында орын алған тірлігіміздің бір көрінісі «Еңселі Елорда, асқақтаған Астана». Бүгін біз осындай батыл сөздерді құрметпен, бойымызға біткен ұлтшылдық сезіммен көкірегімізді керіп, басымызды көтеріп, аса мақтанышпен айта аламыз. Себебі, Арқаның төрінде сылдырап аққан Ерке Есілдің жағалауында орналасқан айбынды Астанамыз бүгінде 18 жасқа толуда. Осындай жетістікке жетіп, Астананың алып жатқан асуы – тұғырлы тәуелсіздігіміздің, еңселі елдігіміздің, айбарлы азаттығымыздың арқасы. Жана Астана бой көтере бастағанда елдің бойына жаңа арман, жаңа бастау, жаңа сенім ұялай бастады. Және бұл сенім әр түрлі ұлттан тұратын халықты  біріктіре түскендей болды.  Бұл да болса халықтың айрандай ұйыған ауызбіршілігі, тұрақтылығы және ең бастысы шаттығы шалқыған бір шаңырақтың астында бейбіт өмір сүріп жатқаны, ақ көңілді, кең пейілді, ешкімді жатсынбайтын, арамдықтан алыс, қиянаттан шет, жомарт мінезді, кез-келген адамзатты бауырана баса білген бауырмал ешкіммен теңдесі жоқ ұлы қазағымның арқасы.

         Мемлекет басшысы – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың: «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласы мен «Қазақстан білім қоғамы жолында» интерактивті дәрісі қазіргі уақытта барша қазақстандықтардың басты назарында болып отыр. Елбасы аталмыш мақалаларында тәуелсіздік жылдары мен бейбіт кезеңдегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық қайта түрленуіне толыққанды талдау жасаған болатын. Сондай-ақ, Елбасы ХХI ғасырдың реалийлеріне сәйкес әрекет етудің тактикалық жоспарларын нақтылай отырып көрсеткен. Әсіресе, Президенттің қазақстандық табысқа қол жеткізудің үш кілті туралы ережені шығармашылық көзқараспен қарастыра келе, оны байыпты да терең тұрғыдан мазмұндауында да үлкен теориялық және практикалық мән жатыр. Бұл, біріншіден, 135 этностың басын біріктіруші бүкіл қазақстандықтардың ынтымақтастығы. Екіншісі – толерант­тылық болса, ал үшіншісі – тарихи тағдырлардың қауымдастығы.

            Осыған орай жетекші сарапшылардың пікіріне сүйенсек, қазақстандық қоғамдағы қалыптасқан ауыз бірліктің негізінде бірнеше фактор жатыр.

         Бірінші фактор – адамдардың елдің болашағына сеніммен қарауы. Қазақстанның 2030 жылға дейін даму Стратегиясы нақ өмірлік болашаққа деген сенімділікті, түсінушілікті арттырған құжатқа айналып, қоғамымыздың қарқынды түрде дамуын алға жетелеудің болжамды жоспарын ұсынды. Ал Стратегияда айтылған жоспарларды сатылай жүзеге асыру ел азаматтарының әлеуетін жүзеге асыруға зор мүмкіндіктер береді.
           Екінші фактор – еліміздің өткен тарихы. Халқымыз бірде кең байтақ елінің ен даласынан көз алартқан сырт дұшпанға ұлтарақтай да жерін қимай, жауымен қасық қаны қалғанша шайқасатын қаһарлы қазақ болса, енді бірде табалдырығын аттаған қонағын құдайдай күтіп, оған дастархан боп жайылуға, төсек боп төселуге дайын дархан қазақ. Толеранттылық сөзінің бір синонимі “қазақы мінез” болар, сірә.

         Үшінші фактор – мемлекет құраушы жергілікті халықтың өзіндік ерекшелігі. Қазақтар мыңдаған жылдар бойы сыртқы жағдайлардың өзгеріп тұруында өзіндік бейімделу мүмкіндіктерін көрсете алған ұлы көшпенділер мәдениетінің мұрагерлері. Қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы Батыс пен Шығыс өркениетін байланыстырушы алтын көпір іспеттес қызмет атқарып, керуен жолдары мәдениет және біліммен екі бағытты да сусындатты. Көне қазақ жеріне өзіндік зор ықпалын тигізді. Жалпы, Жібек жолының қазақ жерінен өтуінің өзі мәдениет әртүрлілігін, басқалар мәдениетіне, тіліне және діни көзқарасына деген түсінушілігін қалыптастырғаны белгілі.

         Төртінші фактор – қазақтың ұрпағын кек сақтамайтын етіп тәрбиелей алу қасиеті. Қазақ басынан тағдырдың талай қатал сынын кешірді. Беріден қайырғанның өзінде, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы Жоңғар шапқыншылығы, Ресей империясының езгісі мен кешегі Кеңес өкіметі заманындағы зобалаң аштықты басынан кешіріп, саяси қуғын-сүргіннің де құрбаны болған халық. Алайда, қылышынан қан тамған замандарда таңдары азаппен атса да, басқадан кек алу мақсатында қылышын қайрамаған, тағдырдың ауыртпалығына қайсарлық танытқан халық. Өткенге бой ұсынбай, келешекті аңсап ел бірлігі мен молшылығын бата тілегіне қосып ұрпағына аманат ретінде қалдырып отырған халық.

         Бесіншіден, жазба әдебиеті кешірек дамығанмен, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа аманат ретінде жеткен, сарқылмас мол қазына болып табылатын ауыз әдебиеті, батырлар жырлары, Қазтуған, Шалкиіз толғаулары мен Доспамбет, Бұқар жырау, Дулат, Махамбет сынды жауынгер ақын-жыраулардың отаншыл шығармашылығы арқылы бүгінгі ұрпағына Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеп, қазақ болып туғанын мақтанышпен ауыз толтыра айтуға мүмкіндік беріп отыр. Тарихы бар халық қана – ұлы халық.

         Алтыншы– халықтың ұлылығын танытатын тағы бір белгі – оның тілі. Сонау ХІХ ғасырда қазақ мәдениеті мен тілін зерттеген Еуропа ғалымдары түркітанушылар В.Радлов, П.Мелиоранскийлер “түркі тілдерінің ішінде ең таза тіл – қазақ тілі” екенін атап кетеді. Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы А.Байтұрсынов қазақ тілін былай деп бағалайды: “түркі тілін ХХ ғасырға дейін аздырмай, қаз-қалпында сақтап келген алғыс пен абырой қазаққа тиіс”. Тілге деген бұдан асқан баға болмаса керек. Қандай қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, қиыннан қиыстыра алатын тілінің байлығын, оның тазалығын кейінгі ұрпағына жеткізе алған халық ұлы халық емес пе?!

         Жетінші– жаугершілік замандарды басынан кешіріп, халық ретінде жойылудың аз-ақ алдында болған қазақ “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” заманды аңсап, бейбіт өмірді қалаған халық екенін танытып, бауырына сан ұлттың баласын басып, дастарқанын бөлісіп, талайға баспана беріп отыр. Бүгінгі көп этносты Қазақстандағы татулық пен келісімнің болуы да, ең алдымен қазақтың ұлылығын танытса керек.

         Мемлекет құраушы халық ретінде қазақ халқы елдегі этносаралық бірлік пен келісімнің сақталуына қалай жауапты болса, басқа этностар да мемлекеттің алдында өз жауапкершілігін соншалықты сезінуі қажет деп ойлаймын.

         Ұлтына қарамастан Қазақстанда тұратын әрбір азамат Қазақстанды туған Отаным деп түсінуі қажет. Сонда ғана адамның жүрегінде қазақстандық патриотизм сезімінің, өз Отанына деген перзенттік мақтаныш сезімнің өркен ғажайып тамырлануына негіз қаланады. Яғни, этносаралық интеграцияның базасы емес, адамдардың өзін-өзі азаматтық билеуі, Қазақстан халқының бір бөлшегі ретінде сезімі дамып қалыптасады.

         «Төртеу түгел болса төбедегі келері» хақ.  Сан ұлттың мекені болған мемлекетіміздің алар асуы алда. «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» дегендей, расында, Қазақ­станның саяси-әлеуметтік да­муын­да «бірлік» категориясы ең негізгі құндылық болып табылады. Бірлігі бекем елдің болашағы нұрлы, келешегі кемел.Тарихы ғасырларға емес, тұтас дәуірлерге сіңетін, жасампаз істері мыңжылдық мадаққа лайық болып, ұрпақ сабақтастығымен буыннан буынға ұласып, ешқашан өшпейтін мәңгілік ел болу Қазақ елінің ең асыл мұраты десек, оған бізді бастайтын бірден-бір жол – Бірлік жолы. 

 

IMG-20150421-WA0049

 

 

 

 

 

 

 

Назгүл  РЫСПЕК

 Әртүрлі конкурстар мен ғылыми конференциялардың жүлдегері.

 Қазіргі таңда Астана қаласындағы Еуразия Гуманитарлық

 Институтының Заңтану факультетінде оқиды.

 Оқуда озат, көп тілді меңгерген, ізденгіш студент ретінде көзге түсіп жүр.

25 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Мемлекеттік рәміздерді сыйламау – мемлекетті сыйламау
Келесі мақала Ұлылардың көз жасы

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы