• Айтарым бар...
  • 14 Қазан, 2014

«Жайықтан ұшқан ақ шағала»

Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Қазақстан Мемлекеттік Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жасқа толуына орай «Жайықтан ұшқан ақ шағала» атты шығармашылық кеші өтті. 

Мерейтойды «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актер, әнші, Қазақстан авторлары қоғамының Бас директоры Байғали Есенәлиев жүргізіп отырды.

Мемлекет басшысының арнайы жолдаған құттықтау хаты оқылды. Онда Ақұштап Бақтыгерееваның нәзік те сыршыл жырларының оқырманды ізгілікке, адамгершілікке, отанды сүюге, халықты қастерлеуге жетелейтіні айтылып, халық ардақтаған ақынға ұзақ ғұмыр, шалқар шабыт тілеген екен. Сондай-ақ Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Ресей Жазушылар одағының мүшесі Татьяна Косарева және басқалар құттықтау жеделхаттарын жолдапты. Ал Ақұштап Бақтыгерееваны мерейтойымен құттықтау үшін Алматыға арнайы келген қонақтардың арасында ТҮРКСОЙ ұйымының басшысы Дүйсен Қасейінов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Нұрлан Оразалин, Батыс Қазақстан облысының әкімінің орынбасары Серік Шәпкенов және Алматыдағы жоғары оқу орындарының өкілдері ақынның шығармашылық кешінде жылы лебіздерін білдірді. Кеште өнер шеберлері: Роза Рымбаева, Гауһар Қаспақова, Сәуле Жанпейісова, Мейрамгүл Орашева, Бейбіт Оралұлы және Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің «Батысstar» тобы өз өнерлерін ортаға салды. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының аға оқытушысы Дариға Тұранқұлованың басшылығымен студенттер бірнеше әдеби композицияларды жиналғандардың алдына алып шықты. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары, ақын Маралтай Ыбыраев пен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Есенғали Раушанов мерейтой иесіне арналған өздерінің өлеңдерін оқыды. Ал күйші Мақсат Тілепберген «Біздің халық», «Ақын қыздың арманы» деген Ақұштап ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.   

9602e80c9d33d38bcd8ace11847bf836

Ақұштап Бақтыгереева 1944 жылы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжайық ауылында дүниеге келген. Қазақ қыздар педагогикалық институтын 1966 жылы бітірген. Облыстық «Орал өңірі», республикалық «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» басылымдарында, «Жазушы» баспасында қызмет істеген. Тұңғыш кітабы «Өрімтал» (1967),  «Наз» (1969), «Қуанышым, іңкәрім» (1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Аққанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы» (таңдамалысы 1980), «Белокрылая» (1981), «Ақжелең» (1985), «Сүмбіле» (1990) кітаптары шықты. Оның азаматтық үні «Трибун-ақын», “Ақ Жайықтың көз жасы”, “Елдің елдігі – бірлігі”, “Оралдағы ойран” сияқты өлеңдерінде айқын көрінді. Туған елге деген сүйіспеншілік, ана тілі тағдыры, т.б. мәселелер ақын поэзиясының арқауы. Бақтыгерееваның шығармалары поэтикалық қуатымен, тілінің шырайлылығымен қазақ поэзиясына жаңа өрнек алып келді. Оның өлеңдеріне Ө.Бәйділдаев, Ш.Қалдаяқов, Т. Бақтыгереев және т.б. ән жазған.

Ақұштап ақынның жырларының ең басты екі тірегі – ақынның туған ел мен жерге деген ыстық махаббаты және қоғамдағы, өмірдегі қайшылықтар мен әділетсіздіктерге, адам қолымен жасалған қиянаттарға қарсы күрескерлігі екені анық.

Жайық десе, ойда Нарын өлеңі,

Сағынғанда еске аларым көп еді.

Жайық – Анам, Жайық – Елім, Отаным

Құшақтағым, аймалағым келеді, - деп перзенттік махаббатын айдай әлемге  паш еткен ақынның мерейтойлық кешіне сонау студенттік жылдарды бірге өткізген құрбылары да келді. Алды жетпіс жастан асқан апалар немерелеріне Ақ жайықтың ақ шағаласын көрсетіп, яғни айтулы ақынымен дидарластыруды жөн көріпті. Солардың бір-екісінің пікірін тыңдап көрген едік.

photo_57516

Бақтыбала ҚҰСАЙЫНХАНОВА:

–1962-1967 жылы Ақұштаппен институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бірге оқыдық. Мен факультетте комсомол ұйымының секреатары едім. Көбіне кешкілік бөлмелерді аралап, қыздардың тәртібін қадағалайтынбыз. Сондай кездердің бәрінде қағазға шұқшиып отыратын Ақұштапты көретінбіз. Оқуды бітіріп жан-жаққа кеттік. Мен қазір Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Есік қаласында тұрамын. Кештің болатынын радиодан ести сала құстай ұшып жеттім.

Зейнезайып ІЗТІЛЕУОВА:

–Мен Ақұштап ақынның байырғы оқырманымын. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында жүрген кезімде-ақ Ақұштаптың өлеңін газеттерден оқып, сырттай тілектес болып жүруші едім.

Иә, көрсең көзің тоятын, жырын тыңдасаң көңілің өсетін Ақұштап ақынның мерейтойына арналған басқосу кезінде ақын Б.Батырбекованың

Бекем мінез, бекем тұлға, бекемді ой,

Жоқ оларда бөтен пиғыл, секемді ой.

Әуелден де жаны сұлу адамдар,

Сұлу болып қартаяды екен ғой,- деген өлең шумағы еріксіз ойымызға орала берді...

Салтанат ҚАЖЫКЕН

18 рет

көрсетілді

4

пікір
Алдыңғы мақала ПРЕЗИДЕНТ ҚОЛЫНАН ОФИЦЕРЛIК ПОГОН АЛҒАН
Келесі мақала Театр...

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Дидар

14 Тамыз, 2020

Дұрыс-ақ

Берик

14 Тамыз, 2020

Акуштап Бактыгереева Жайыктын ак шагаласы

Дуанабай

14 Тамыз, 2020

Батыс ониринин адамдары талантты болып келетини рас екен.

Каршыга

14 Тамыз, 2020

Айтылмаса сөз өледі дейди атам қазақ.

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы