• Қоғам
  • 12 Желтоқсан, 2011

Бейімбеттің көзіндей

Тоқтар Бейісқұлов бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған белгілі қаламгер, ғалым, бейімбеттанушы дербес зейнеткердің қаламы әлі қолында, айтары да мол. Қашан да қарымды қайратымен әділін айтатын атамызды мерейлі мерейтойымен құттықтай отырып, сұқбаттасуды жөн көрдік.

– Аға, біздің журнал жас таланттарға ерекше көңіл бөледі. Соған орай өзіңіздің жастық кезіңіздің мәнді тұстарына тоқтала кетсеңіз?

– Жастық кездің мәнді тұстарына тоқталсақ,  әрине, айтатын нәрсе көп. Балалық шағым –  соғыс уақытымен тұспа-түс келді. Менің әкем Ұлы Отан соғысы басталысымен іле-шала майданға кетіп,  Сталинград үшін шайқаста қаза болды. Бала кезімнен колхоздың қара жұмысына араласып, бір мүшесі ретінде  жұмыс істедім. Ол кезде өгіз жегеміз, тырма айдаймыз, соқа саламыз, шөп шабамыз, өгізге мойынтырық салуға шамамыз жетпей жылаған кездеріміз де аз болған жоқ. Кейінгі кезде «Еңбек майданына қатысқандар» деген жаксы мәселе көтерілді де, соған байланысты медальмен марапатталдым. Соғыс кезінде бастауыш мектепті өте жақсы бітіріп, одан кейін 7 жылдық мектепті де тәмамдадым. Кейін жағдайға байланысты оқудан қол үзуге тура келді.  Соғыс біткеннен кейін оқуымды жалғастырсам  деген ниетпен Лепсі педагогтік училищесінің директоры Бақыт Торбековке жолығып, оқуға талпындым. Соғыс уақытында барлық құжаттарым жоғалып кеткен еді. Дегенмен, училище директоры түсіністікпен қарап, оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берді. Мектептен қол үзгендіктен, бастапқы уақытта оқу қиынға соқты. Ол кезде жертөле үйде тұрдық, түнімен май шаммен сабағымды оқитынмын, үйіміз таудың  беткейіне жақын орналасқандықтан тауға шығып кетіп, жатып алып, сабағымды жаттап оқитынмын. Жаттап алмайынша үйге қайтпайтынмын. Содан не керек, бірінші тоқсанның аяғында озат оқушылардың арасында едім. Училище бітіргеннен кейін Сарқан ауданында  жетіжылдық мектепте бір жыл жұмыс істеп, азын-аулық қаражат жинап, Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне тапсырайын деген оймен жол тарттым. Жолда бірге оқыған екі досымды (бірі – бүгінде белгілі ақын Әділбек Абайділданов) кездестіріп, бірге оқуға тапсыруға шешім қабылдадық.  Қазақ мемлекеттік унисерситетінің тарих факультетіне құжаттарымызды өткізіп, ауылға қайттық. Мен емтихан басталар уақытына таяп келсем, әлгі екі досым  филология факультетіне құжаттарын ауыстырыпты. Олар маған да құжатыңды ауыстыр деп, үгіттей бастады. Содан менің құжатымды ауыстырмақ болып, факультет деканына барсақ, құжаттарды қабылдамаймыз, ертең емтихан деп бізді қайтарып жіберді. Не болса да көре жатармын деп емтиханға солармен бірге кіріп, артқы партаға отырдым.  Менің рұқсат қағазымдағы «истфак» деген жазуды сызып жіберіп, үстіне «филфак» деп жазып қойдым. Сынақ қабылдаушы: «Мынауың не?» деп сұрағанда, «әуелде истфакқа тапсырғам, кейін филфакқа ауыстырдым» деп жауап бердім. Содан не керек, емтиханның барлық пәндерін өте жақсы тапсырып, университетке түстім.

– Содан кейінгі  қызметіңіз мұғалім болудан басталыпты.   Одан әрі жауапты қызметтерде істеген екенсіз?..

–                        Еңбек жолымды ауылдағы мектепте мұғалім болудан бастадым. Одан кейін бірталай қызметтер атқардым, онда да ойда-жоқта. Андреев аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына сайландым.   Талдықорған облыстық комсомол комитетінің комсомол ұйымдары бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне тағайындалдым. Кейін республика комсомолы Орталық комитетіне, Алматы облыстық партия комитетіне нұсқаушы боп бекітілдім.  Шыны керек, сол кезде осындай қызмет істеймін деп ойлаған емес едім. Сөйтсем, менің жұмысты тыңғылықты, тиянақты атқарып жүргенімді кадр меңгерушілері байқап жүреді екен. Одан кейінгі 18 жылымды радио мен телевизия саласына арнадым. 1991 жылдың аяғында зейнетке шықтым.

– Осынша жұмыстарды атқара жүріп, қаламгерлікке қалай уақыт таптыңыз деген сұрақ туады. Журналист, жазушы, ғалым деген дәрежелерге жету үшін де асқан еңбек, талмай талаптану, жігер керек шығар?

– Рас, еңбектену керек, талаптану керек, қалайда талпыну керек. Әрине, олпы-солпы жүре берсең, ештеңе шықпайды. Қызмет істеп жүргенімде, еш уақытта, қаламымды тастамайтынмын. Жұмыс  барысында  талай анықтама, қаулы жазатынбыз. Сонда да мен филология факультетін бітіргендіктен бе, қаламгерлікті тастай алмадым. Студент кезімнен-ақ жаза бастадым. Сонау 1964-66 жылдары өз өтінішім бойынша, Мәскеудегі жоғары партия мектебінің журналистика бөліміне түсіп оқыдым. Журналист ретінде жазғандарым өте көп.  Ақыр аяғы журналистік ізденіс мені ғылымға әкелді.

– Сіздің Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, көптеген мақалалар, кітаптар жазып шығарғаныңызды көпшілік біледі. Менің білуімше, Бейімбет Қостанай өңірінен болса, Сіз Талдықорған облысының Қытаймен шекаралас Алакөл ауданынан екенсіз. Арасы құс қанаты талатын жер. Бейімбетке бет бұруыңыз неліктен?

– Жалпы,  менің ғылыми-шығармашылығымның үлкен бір саласы – саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың тағдырын зерттеу. Бұл тақырып төңірегінде де, соның ішінде Бейімбетке қатысты бірталай зерттеу дүнием жарық көрді. Бейімбетті зерттеуге, міне, қырық  жылға жуық өмірімді арнадым. Тірі пендеге қылдай қиянаты жоқ, халықтың аяулы ұлын өзіне қайта табыстыруға аздаған еңбегім сіңсе, менің де Би-ағаң мен ел алдындағы борышым өтелмек. Қазақтың классик жазушысы, алыптар тобының ардақтысы, нақақтан атылып кеткен Бейімбет Майлин және оның отбасының бастан кешкен хикметін зерттеу, көпшілікке жеткізу – менің мақсатым.  Журналистика бөлімін бітірерде Бейімбет Майлиннің журналистикасы туралы орыс тілінде дипломдық жұмыс қорғадым.  Араға уақыт сала осы жұмысты жалғастырсам деген ой келді. Б.Майлин туралы зерттеу жасаған, ой-пікірлерін толғаған, естеліктерін жазған ғалымдар, жазушылар, замандастары бұл іске мол үлес қосқан. Ал мен солардың ізін жалғастырып, Би-ағаңды ұмыттырмай, сан алуан қасиеттерін ел құлағына жеткізуде шамамның, уақытымның, талпынысымның мүмкінділігінше еңбектендім деп ойлаймын. Б.Майлин туралы ең алғашқылардың бірі боп үлкен зерттеу жасаған Темірғали Нұртазин еді. «Бейімбет Майлиннің творчествосы» деген фундаментальды зерттеу еңбегі бәрімізге белгілі. Бірде ол кісімен хабарласып, үйіне бардым. Жазушы Бейімбеттің үлкен дарын иесі екенін айтып, өз кезіндегі мықты журналист болғанын әңгімелеп, оның осы қыры кең зерттелмей жатқанына назар аударды. Осы әңгімені арқау етіп, Темкең жетекшілік етпек ниетін білдірген соң, тәуекел деп қолға алдым. Ол туралы «Қанатты қаламгер», «Дарын даралығы», «Бейімбетті атқан кім», «Бейімбет Майлин және ұлтшыл өнер»,  «Қилы заман азабы» кітаптарым шығып, 70-тен астам мақалаларым жарияланды. Сондай-ақ «Би аға» естеліктер жинағын шығарттырдым. Бүгінде Бейімбет Майлин шығармаларының көптомдығын құрастырып, шығарумен шұғылданып жүрмін. Басында Байменше Серікқалиға хабарласып, келіскен соң екеулеп құрастырдық.  Шүкір дерлік жұмыс істедік. Бұрынғы жинағына кірмей белгісіз болып келген біраз шығармаларын тауып, көптомдыққа кіргіздік. Бір айта кетерлігі, Бейімбеттің бұрынғы кітапқа кірген дүниелері оның жазғандарының жартысына да жетпейді. Бейімбет Майлиннің әңгімелері, өлең-поэмалары, пьесалары, повестері, романдарынан құралған алғашқы 10 томдығы жарыққа шықты. Бейімбет Майлин шығармаларының жалпы саны біраз анықталды. Оның 4 романы  (бесінші «Қарашаш» романы табылмады), 17 повесі, 18 поэмасы, 23 пьесасы  (8-і табылмады), 2 сценарийі,  1 либреттосы («Дударай» либреттосы жоғалып кеткен), өлеңдерінің саны 201, әңгімелері 96, фельетоны 132, очеркі 38, мақаласы 700-ден асады, олардың 300-ге жуығын жинадым. Бұл бұрынғы жинақтарына енгендерінен екі есе асып түсті. Қаламгердің  көп жазғандығының бір белгісі – бүркеншік аттарының көп екендігі дәлел. Барлық туындыларына  өз есімін қоя бермеген. Б.Майлиннің 30 шақты бүркеншек атын Т.Нұртазин тапқан, ал мен осы санды 74-ке жеткіздім. Олар: Шаңқан (аталарының аты), Малай (кедей отбасында дүниеге келген), Қоңыраушы, Газетші, Тілші, Жуас, Қайдауыл баласы, Мереке (өз баласының аты), Жолаушы, Жолдыбай (жолда көп жүргендіктен кейін), М. – деп те қоя берген. Бейімбет өте момын, қарапайым, мейлінше кішіпейіл болған, адамды жатырқамайтын, алаламайтын жан.  Ол өз кезіндегі жас қаламгерлердің бәріне дерлік қалам жәрдемін не болмаса материалдық тұрғыдан да көмек беріп отырған.

1938 жылдың ақпан айында халық жауы деген желеумен ату басталды.   Сонда ақпанның 25-інде Сәкен Сейфуллин бастаған 39 адам (С.Асфендияров, Т.Жүргенов, Меңдешев, Т.Тоғжанов, Кемеңгеров және т.б) атылса, келесі 26-сында Бейімбет, Ілиястар атылған. Қазіргі Жаңалық деген жерге атылғандарды  апарып тастай берген. Қақаған қыста «халық жаулары» үшін кім көр қазады, жеңіл-желпі топырақ тастап кеткендей болған.  Қайран арыстарымыздың денесі солайша қарға-құзғынға жем болған. 1938 жылдың 25 ақпанынан бастап – 13 наурызына дейін 631 адам атылды.

– Басқа да зерделеп, зерттеп жазып жүрген мәселелеріңізді, тақырыптарыңызды көріп қаламыз?

–  Біздің ұлтымыздың көкейіндегі  жазылмайтын жан жарасы – тіл мәселесі. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны. Егемендігімізді алғанымызға жиырма жыл болса да, тіліміздің  мәртебесі әлі де төмен. Осы мәселе төңірегінде  қаншама жылдардан бері айтып та, жазып та келемін. «Тіл жоғалса – ұлт жоғалады, жерінен айрылса –  елдігінен, еркіндігінен айрылады»  деген ойды тірі тұрғанымда шаршамай айта беруге бармын.

Қуғын-сүргін көрген Иманжүсіп, Қошке Кемеңгеров, Жолдыбай Молдағалиев, Хамза Есенжанов, Темірғали Нұртазин, Сағыр Камалов, Темірбек Қожекеев  және тағы басқа азаматтар жөнінде де жаздым.

Жер жаннаты – Жетісу өлкесінің тумасы болып қолға қалам ұстаған соң, оның тарихына, адамдарының тағдырына мән бермеуіме болмады. Әсіресе, елдің басынан өткен қуаныш-қызығы, зорлық-зобалаңы жайында аз зерттеліп, қағазға түспей жатқандығын ескеріп, архив қойнауын ақтарып біраз деректер жинадым. Соның нәтижесінде «Қаза мен аза» романым, «Үйгентас өңірі», «Біздің ауыл – Үшқайың» және т.б. кітаптарым мен мақалаларым жарық көрді. Содан кейінгі бір тақырыбым – Желтоқсан көтерілісінен кейінгі елдегі жағдай. Осы мәселе жөнінде көптеген мақаларым, «Желтоқсан ызғары» атты кітабым жарық көрді.

–                        Ал, енді, бос уақытыңызда, шаршаған кездеріңізде немен айналысасыз?

–                         Жайланып отырып кітап, газет-журнал оқимын. Телеарналардан негізінен соңғы хабарларды қараймын. Әсіресе, «Сағындырған әндер-ай» сияқты намысты жанитын, ұлттық рух беретін концертті көремін.

–                        Сұқбатыңызға рақмет! Сау-саламат болып, ұзақ ғұмыр кешіңіз!

Сұхбаттасқан Жұлдыз РЫСМАХАНОВА

23 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Біздің тұғырымыз биік
Келесі мақала Біз қыл көпірден аман өттік

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы