• Қоғам
  • 23 Шілде, 2013

Баталы ұл

Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ

«Тарихты жеңгендер жаздырады» дейді. Біз тарих толқынында шын мәнінде жеңілген халықпыз. Қадыр ақынның сөзімен айтсақ,  «Тарих бұл да бір қалың тарих-дағы, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы». Енді сол тарихты қайта жазуға бетбұрыс жасалып жатыр. Кешегі хандар мен билер деп жүргеніміз – ел шежіресі, біздің тарихымых солар. Олардың жарқын бейнесін жасау – қаламгер парызы. 

«Ана тілі»  газетінің негізін қалаушылардың бірі, жазушы Сабыржан Шүкірұлының «Шақшақ Жәнібек»  атты жаңа романы осындай күрделі бейнелерді сомдаған көркем дүние. Жаңа шығармадан үзінді ұсынып отырмыз.  

 

Жәнібек – Қошқардың ұлы ғой, алайда ол оны әке демеген, көке деген. Қошқар – Көшейдің ұлы ғой, алайда Жәнібек оны ата демеген, әке деген. Көшей – Шақшақтың ұлы ғой, Жәнібек осы батыр бабасын ата деп, бауырында өскен.

    Бұл заман Көшейдің өзі алты ауыл, ал Шақшақ рулы ел-ді. Алты Шақшақ атанған Бақай, Көшей, Дүзей, Ақназар, Есназар, Томай атты балалары өсіп-өркендеп, дәулеттері шалқып тұрған. Бақай, Дүзей, Ақназар, Есназар есімді ұлдары батыр атанып, алыс-жақынға аттары шығып, айбынданып-ақ тұр. Көшей байдың алты ұлы: Тінет, Қарабас, Аю, Қошқар, Қалқаман, Еламандардың да осалы жоқ. Қошқар – ырғалған бай, белгілі би. Қарабас, Аю, Қалқамандардың батыр аттары шығып, Бақай, Дүзейлермен тізгіндесіп ел қорғауда, жер қорғауда дабылды үндері мен дақпырттары алысқа кетіп жатқан перендер.

   Жағаласқан жауы сырттан төніп, аңдысқан бақталасы іштен шалып жатқан тайталас заман. Ат терлігі құрғамай, бес қару белден шешілмей, егес тынбай, ел тыншымай тұрған заманда, батыры көп аға-көкелердің ортасында көз ашқан Жәнібек ерте есейіп, тез ширады.

    Батыр баба қолтығында өскен ол бала кезден өр мінезді, шалт қимылды, алған бетінен қайтпайтын қайсар болды. Аруақты батыр һәм үлкен ата Шақшақтың бауырындағы сүйікті шөбереге Қошқар да, Көшей де тосқауыл емес-ті. Шақшақты ата дегенімен, кенже баласы есепті саналғандықтан, жол бойынша оның Көшейдің тұстастары қатарында отыруға құқы бар. Аманжол

ұранды Шақшақ тектіде Жәнібекке ешкім  «Әй!» дей алмайды.

   Жәнібек – Қошқардан туған Тінібек пен Тұрдықұлдан кейінгі кіші бала. Анасы – Ұлы жүз Бектас бидің қызы Кәмила. Жәнібекті көтергенінде қара бураның етіне талғап, ақпанда ақкөбігін шашып, бурақотан ойнап, келе маңынан   жан жүргізбей, атты адамның өзіне шауып, лөкілдеп тұрған шағында әзер  бұғаулап барып, мұрындығынан ұстап, шөгеріп, далада  сойып, жерік асын жеткізгенде, аңсаулы ана ырым етіп:  «Балам дізелі болсын», – деп алдыңғы аяғының қоң етінен бір тіліп алып, «Бісміллә» деп шикідей жеген-ді.

   Айы-күні тақағанда Шақшаққа түсінде бабасы Ермен батыр аян беріп: «Қошқардан туатын бұл баланың аты Жәнібек болсын. Ол дүниенің төрт бұрышын билейтін болады. Оның бақ-дәрежесі жеті атаға жетеді» депті.

   Жәнібектің бетін қақпай, ешкімнің жел боп тимей, барша әулеттің  әлпештеулерінде осындай үмітті ишара да бар-ды.

   Қанша еркіндігі бола тұрса да, Жәнібекті  өзімшіл, озбыр пиғыл, шәлкес мінез иектей алмады. Үлкендер ортасында көп болғандықтан да шығар, сөз тыңдауға, әлдебір оқыс жағдай, кикілжіңде сабыр сақтауға дәті жететін орнықты болып өсті. Ат баптауға, асау үйретіп, ат ойындарына шығуға бейім. Құс салып, сонарлап, салбурындатып та қояды. Атса – мерген,  шапса –шапшаң,  күресте – палуан, сөйлесе – шешен. Ер қаруы – бес қаруды мүлтіксіз қолдану шеберлігіне жетті. Өзіне тартқан қабақты қара баланың әр өнеріне Атасы сүйіне қарайтын. Алайда мейірленгені болмаса, пікірін сыртқа шығарып, мақтамайды. Нәті дандайсып, шолжыңданып кетпесін деген  сақтығы болар.

    Бозбала жиенінің жақсы атына сүйініп отыратын Бектас би, –«Жиенқұрығын алсын», – деп шақыртқан екен, Атасынан рұқсат алып, басшы-қосшысын ертіп, нағашы жұрты дулаттарға аттанды.

   Жиенқұрыққа шақырғанда нағашының арнайы сақтағаны, жиенін ырзалар кәдесі бар-ды. Он екі мың жылқы біткен Бектас бидің көкалалы көп жылқысында небір саңлақ болса да, Бесті күреңнің орны бөлек. Бесті күреңнің енесі – Тобышақ байтал атанған қас жүйрік-ті. Ұшқырлық, жүйріктігімен айт пен той, астарда  егейтөстеніп бәйге алмаған  кезі жоқ-ты. Жиырма бес жыл назбедеу болып, жүлдегерлікке түскен Тобышақты тұқым алу мақсатында, үйірін қасқырға алдырмай, шашау шығармай иелік ететін Күрең айғырдың үйіріне қосып, бостан еткен. Құлындағанына бес жыл. Содан қайтып құлындамаған Тобышақты екі жыл бойы арда емген Ардакүрең бесті болды. Жүген-құрық тигіздіртпей келген Бектас бидің  жоралғы еткені – осы бестіні үмітті жиеніне міңгізіп, азаматтық жолында сенімді қанаты болса дегендік еді. Төркіндеп бір келгенінде қызының: «Әке, Үлкен атам баласы, жиеніңізге бәсіре атын сайлаңыз», – деген тілегі бар-ды. Тобышақтан ердің түсуі де осы себепті болатын.

    Асауды ұстау оңай болмады. Ардакүреңді ортаға қаумалай келіп тасталған бірнеше бұғалық мойнына түскенімен, жабыла тартқан оншақты жігіт, бірінің алақаны сыдырылып, бірінің дізесі соғылып, үзік-созық, күш қоспай тартқандары тежеу болмай, шашылып қалды. Бірін-бірі әзілдеп, қолайсыз әрекеттеріне күліскен нағашы ауылдың жігіттерінің бірі – Жиенді мақтайды, мықты болса, бәсіресін өзі ұстап мінсін, кәне көрелік күшін, – деді.

  – Болсын, –  деп Жәнібек атқа мінді. Күрең үйірін тас қып иіріп әкеліп, ат үстінен Ардакүреңге жанаса бере кекілінен ұстай аттан түсе қалып,  шоқтығын қоса баса тұқыртып, асауды шыңғыртып тұрып, көмекке келген жігіттерге жүгендетті де, –  «Әп!» – деп жылдам үстіне қонды. Ұстап

тұрған жігіттер басын жіберісімен, осқырып, пысқырып, айнала атқылап, үстіндегі адамнан арылмақ болған бесті, бір мезет атырыла жөнелді. Безіп келеді. Қазығұрттың баурайын дүсірлете, жазаңдау беткеймен біраз  қарқындап барып, неше жыл құр жүрген тоқ бесті сорпасы шығып терлеп, екпінін баяулата бастады. Ә дегенде тізгін тартпай, аттың бағытын да, шабысын да  өз еркіне берген Жәнібек, енді оны ақырын  делбелеп, тізгінге  бағындыра бастады. Сыртынан бақабар болып келе жатқан жігіттер де енді жанына жақындасып, Ардакүреңді ауыл жаққа  қақпайлап, ортаға ала  кеукеулесіп келеді.

   Нағашы жұрты жаныстарда үш айдай қыдырыстаған Жәнібек өз жоралары  мен нағашы жастарын ертіп Тәшкен, Самарқан шаһарларына дейін барып, сейіл құрып, жауынгер жігітке қажетті жарақтар алды. Оралып келіп, нағашысына ризалығын айтып, елге қайтуға ұлықсат сұрады. Жиенін риза еткеніне мерейленген Бектас би Жәнібекке арнап келіп сәлем беріп, бәсіресін алғанына алғысын айтып, батасын берді:

  – Есімің тегін қойылмаған. Атаңа бабасы аян берсе, қазақтың елдік шаңырағын көтерген  әз Жәнібек ханның аруағынан бір сезім болған шығар. Жаның бек, берік болса, өзің елге көрік боларсың. Есіміңді биік ұста. Атаңа сәлем айт, – деп аттандырды. Ауыл жастары бір көш жер шығарып салды.

   Түркістан шаһарына ел-жер көріп, нағашы жұрттың еркелеткен құрметіне мерейі өсіп, кәдімгідей есейіп оралған Жәнібек атасына атын сынатып: «Ат қойып бер» деді.

  •  Жалы келісті, қабақты, омыраулы екен. Ештеңеден қаймықпайтын, өзіңмен қоса ұмтылысатын жануар-ау. Көзі өткір – түн жүрісте жаңылмас. Айбынды, құрыш тұяқ – қажымас ат болар. Қоян жон – жүрісі жайлы. Марал басты, салқы төс – айлап мінсең арымас, баптап-күтсең – иесіне мұндай серік табылмас. Ұмалы, арты талтақ – мықты болар, тартыссаң – қарсыласыңның атын не шойрылтар, не омақастырар. Ірілігі нардай екен, аты – Наркүрең болсын. Атыңды Бектас би жаңылмай таңдап берген екен, жүгің ауыр, жортуылың көп болар. Қашанда жолың болсын, жолдасың Қыдыр болсын,- деп атасы бетін сипады.

   – Балам, ат міністе ширайды. Әбден бастықсын, өзіңнің ыңғайыңа көндіксін, исің сіңсін, тіліңді алатын болсын. Баптап-күтіп, дағдыландырудан ерінбе. Өзіңнен бұрын атыңды күт. Жорық атың осы болар, орынсыз жүріске салма, жайшылықта қинама. Шамалы күннен кейін жолға шық. Дуалы ауыз аталарыңнан бата алып кел. Еліміздің талай сабаз ерлеріне оң батасын берген, тілегі қабыл Орта жүздің батагөйі – Соқыр абыз атанған Қаракерей Тоқсан биден  баста, – деді.

 –  Мақұл ата, – деген Жәнібек жолға шықты. Ұлытаудағы Абыздың ауылына  жетіп, үйіне түсіп, сәлем беріп, қолын алды. Кәріліктен екі жағын жібек орамалмен таңып отырса да, Абыз ата әлі сөзінен жаңылмаған екен. Қартайған шағында бір көзінің кемдігінен Соқыр абыз атанып кеткен қарт:  

– Қай баласың? – деді қолорамалын ұстаған оң қолын көзіне көлегейлей.

– Арғын Шақшақтың баласымын. Түркістаннан келдім.

– Е, батырдың еркесімін де, атаң қалай, қуатты ма?

– Саушылықта, Сізге дұғай сәлем айтты. Мені  батаңызды алуға өзіңізге арнайы жіберді.

– Саламат болсын...

    Е, е, ел бастап, жұрт алайын деген ұлсың-ау. Сөз бастап, би болайын деген ұлсың-ау. Алдыңа келсе, әділдігіңді аяма, аймағың кетпес маңыңнан. Қол бастап, жол салайын деген  ұлсың-ау. Жолдастың мыңын алма, бірін ал. Мың кісіге бір кісі олжа салатұғын. Олжаңды аямасаң - қасыңнан жолдас кетпейді.

   Жас күніңде қалың бер де, қатын ал: жігіттің хан болатын, қыздың ханым болатын уақыты бұл, қартайған шағыңда өкінбейтіндей бол.

  Қасиетті жерден, қастерлі ерден келген екенсің, тілегің болсын, ұлым,- деп бір қайырып қойды қарт сөзін.

   Осы сәтте Жәнібектің жанына ерген  Әл0імбет Байғұлақ інісі: – «Атамның Сізге сәлемдемесі», – деп Абыздың иығына зерлі шапан жапты. Астан кейінгі

дастарқан батасын да Абыз Жәнібекке арнады:

  – Беліңде белбеуің буулы болсын,

Қазаның ошақта қайнаулы болсын,

Есігің ашық болсын,

Пейілің жарық болсын –

Сонда кетпес ағайының.

Пайда түссе, бөліп бер –

Сонда кетпес жолдастарың.

Сонан соң, алған жарың жақсы болсын,

Жаманат пен өсектен аман болсын.

Сүйген жардан перзент туып,

Ұл мен қыз, алты-жеті балаң болсын.

Балаңның бәрі бірдей момын болмай,

Біреуі ел ұстайтын адам болсын.

Қысты күні соғымды семіз сойып,

Сары қымыз сапырулы сабаң болсын.

Төрт бақыт, жеті байлық – жолдас деген,

Барлығы осының саған болсын, – дегенде Абыз алдына құндыз ішік қойылып, кермеге ат байланды.

  – Абыз ата, төрт бақыт, жеті байлық дегеніңіз не? – деп сұрады Жәнібек.

  – Сөзімді сүзсең табасың: төрт бақыт дегенім – жақсы жар, жақсы перзент,

жақсы  жолдас, жақсы туыс болар. Осы төртеуі тілегеніңдей болса, бақыт қой. Жеті байлық дегенім – жеті қазынаны мезгегенім де. Бұларсыз тұрмыс, күнкөріс бар ма. Ас-суыңды адалдап ішуге қазан керек. Қара қазан – үйдің

құты болады. Ер қанаты – ат. Бар шаруаңды сонымен тындырасың, еліңді де сонымен қорғайсын. Ит – адамның досы, қорықшысы. Бүркіт –  әрі саятшылығың, әрі азығың. Мылтық – боса-болмаса қаруың. Ендігі күш садақтан осыған ауып барады. Диірмен – тараншы, сарттардан алған  астығыңды ұн қылып үлгіртпесең, ас болып жари ма. Китаб  та бір қазына.

Самарқан, Бұхарадан шыққан Хазірет Сұлтан мешітіндегі китабтар тұрған бойы ілім емес пе. Осының бәрін, ұлым, саған тілек етіп отырмын да.

   «Төрт құбыласы түгел» деген сөз бар. Осы төрт бақыт пен жеті байлық болса, түгелсің, теңсің, ел-жұртыңа қорған болуға да барсың.

  – Рақмет, Абыз ата.

Қаракерей Тоқсан би Жәнібек аттанарда:

  – Келіп тұрмын жүз жиырма беске, балам,

Ең ақырғы батам, есті балам,

Қолың жай батама, балам,

Риза бол атаңа, балам,

Бағың жоғары өрлесін, балам,

Ордамыз – Түркістан, балам,

Меселің қайтпасын ұрыстан, балам,

Түркістанда – түгел бап, балам,

Самарқанда – сансыз бап, балам,

Ең үлкені – Арыстан бап, балам,

Ер басшысы – Едіге, балам,

Шақшаққа сәлем айта бар, балам,

Аман-сау бар еліңе, балам,- деп Абыз ата бетін сипады

– Әумин! – деген Жәнібек,- Абыз ата, екі есімнен басқасын қабыл еттім, – деді.

 – Ей, балам-ай, Қобыланды мен Едігеде аталарымның құны бар деп отырсың-ау. Оның бәрі қайтты емес пе. Қазақ дербес ел болды, өсті-өнді. Сол ерлердің құрбандыққа барғандарының арқасы емес пе бұл. Тіктескенде не болмайды. Алтын Орда ханы Әбілқайырдың өз билігін ұстап тұру үшін жасаған қиянатты істері аз болмаған. Қобыландының арандауы да соның  бір сабыты-дағы. Әмір Темір мен Едіге де қазаққа аз зардап шектірмеген.

Тоқтамыс ханның жағында болған Қарақожа бабаңның қиянат көргені рас.  Билік тартысында біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Қайсысының ақтығын Алла біледі. Тек билік, тек байлық үшін болса, ол батырлық – ерлік емес. Елдік үшін болса, сол ерлік. Әмір Темір, Тоқтамыс, Едіге тартыстары – билікке таластық. Әлбетте, қазақтың дені ерген Тоқтамыс ханға бүйрек бұрады-дағы. 

–  Абыз ата, артық айтсам, ғафу етіңіз.

  • Тентек болма, бірлікті ойла, елдікті ойла.
  • Мақұл Ата, сау болыңыз.

   Бұлар  Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл кесенелеріне соғып, тәуәп етісті.

Әз Тәукенің алғаш хан көтеріліп, Орда тіккен орнын көріп, дала сырына қанықты. Жолай бір тойдың  үстінен шығып, Ерасыл атты шомбал қара жігіттің көкпарға түсіп, күреске шыққанын көріп, қайратына қайран қалысты.    Жәнібек ат басын Кіші жүздегі Керейт тоқсандағы Тайған биге сәлем беруге бұрды. Бұл да Атасы айтқан кісілердің бірі болатын. Би ауылы көш үстінде екен. Жолай жолығып қалып, Жәнібек аттан түспей сәлем берді. Онсызда қырсау мінезді қарт Жәнібектің мұнысын жақтырмай қырыстана сөйлесті.

– Жаным, қай ұлсың?

– Шақшақтың ұлы Жәнібекпін.

–  Ұлым, неғып жүрсің?

– Осы жақта бір қарт атамыз бар дегенге сәлем беріп, ақыл сұрап, батасын алмақ едім.

  •  Е, азуы алты қарыс Арғынның ұлы Алшынның бір алжыған шалын келемеж етейін деп едім десеңші.

   Бұл сөзге кіділенген Жәнібек: «Мен сөз сұрайын деп келсем, жөн сөйлемеді ғой» – деп атының басын бұрып, ұзай бергенінде Тайған би:

  •  Жәнібек! – деді. Жәнібек  тізгін тартып, ат басын іркіңкіреді. – Атыңның басын бұрма, солай тұр. Көңіліңді қалдырдым-ау, ренжіме, шырағым. Көш үстінде біздей шалда не бап болсын, мінезімнің бір соқпасына кездестің-ау. Ақыл азайып, сөз сарқылған шақ қой. Атаң не айтты дегенде ұят болар, құлағыңда жүрсін: Өгізді өрге салма – қанатың талар. Жаманға жүзің салма –

сағың сынар.  Досыңа өтірік айтпа – сенімің кетер. Дұшпанға сырыңды  ашпа – түбіңе жетер. Атаңа сәлем айт, аман жүр,– деп  тізгін қағып, көш соңынан атын аяңдатып кете барды.

 – Мінезді кісі екен,- деп түйген Жәнібек өзінің де атүсті сәлем берген орынсыз қылығын еске алып, Биге өкпелеудің жөні жоғын түсінді. Жол үсті болған соң, жөн-жоралғы да жасай алмады. Кейде осындай бір ыңғайы келмей қалатын іс болады.

       Бұлар Түркістанға оралғанда, Атасына сәлем беруге Үйсін Төле би келіп жатыр екен. Атақты бидің жасы Қошқардан үлкен болса да, Ата баласы Жәнібек аға деп сөйлесті. Сол еркіндікпен бір орайда Биге:

– Аға, түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ат, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат  жидым. Бозбала болып ерлік қылайын ба, үлгі алып билік құрайын ба? - деді.

  Жәнібекке барлай қараған Төле би:

 – Жал-құйрығы қаба деп жабыдан айғыр салмас болар, жаугершілік болғанда жағдайлап мінер ат тумас. Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алмас болар, өрісіңді тарылтар. Қаруға мылтық жисаң – жөн екен: Жаяу жүрсең – таяғың, қарның ашса – тамағың, жау кезіксе – жарағың. Ит жүгіртіп, құс салсаң – әуейі боларсың, еліңе кім қарайды. Әйел алсаң, көріктіге қызықпа, тектіні ал. Мақтаншақ жігіт жисаң – ұятқа қалдырар.

Ұрыншақ ат – жаз жарға жығар, қыс қарға жығар. Елге – бай құт емес, би құт.

Қабырғадан қар жауса – атан менен нарға күш, ел шетіне жау келсе – батыр

менен биге күш. Өрең мен өнерің жетсе – батыр да бол, би де бол. Бұл екеуі 

қолдан келмесе, шаруа бағып үйде бол, –  деп күле сөйледі.

   – Бәрекелді Төле, жөнін айттың, тауып айттың, – деп Шақшақ қарт сақалын сипай ризалық білдірді. «Баталы ұл – арымас, батасыз ұл – жарымас» деген,

балам біраздан ат үстінде, ел-жұртты көріп, абыз аталарынан бата алып оралды. Жас та болсаң, өзің де  қазақтың бір жүзіне бас боп отырсың, сөзіңнің дуасы бар, аузыңа ел қараған азаматсың, тілегің қабыл болғай, періштенің құлағына шалынсын,– деді.

 Түркістанға Хан кеңесіне келіп, ерлігі аңыз болған батыр Шақшаққа,  бұрыннан  сыйлас, сырлас болған атаға сәлем бере келіп, қонақасы құрметін  қабыл алып, қона жатқан  Төле биден  жас өрен Жәнібекке бата-тілек орайы осылай тиген-ді. Осы тілдесуден бозбалалықтан жігіттікке бой салған

Жәнібектің ішкі толғаныс, талпынысы да аңдалғандай болды. Бұл оның көрген – білгенінен ой түйіп, ширауы еді.

   Келесі күні Атасына кімге барып, не естігенін әңгімелеп берген Жәнібек:

  – Керейт Тайған бидің «Алшын шалымын» дегені несі? – деп сұрады.

  – Қазақ жұрты ата жолы бойынша үш жүзден тұрады. Үш жүздің үш ұлы биі бар. Кіші жүзде  Алшын Әйтеке би, Орта жүзде Арғын Қазыбек би, Ұлы жүзде Үйсін Төле би. Үшеуіне де руларының аты қосылып айтылады. Билер мен батырларды осылай атау салт. Жүздердің билігі осы үш биде. Бұлар Хан әз Тәукеге бағынады. Ал елдік күрделі істер Хан Кеңесінде шешіледі. Үш жүздің атынан өкілдік етіп, сөйлейтін үш би Алшын Әйтеке би, Арғын  Қазыбек би, Үйсін Төле би деп айтыла-айтыла, олардың жүздері де Алшын, Арғын, Үйсін деп атала береді. Содан белгілі кісілері де солай аталатын дағды бар. Тайған би де сол дәстүр бойынша жүзін айтқан болар.

    Әйтеке биді сен танып үлгірмедің, қайтыс болған. Екі биді білесің.

Қазір ел билігіне сол екеуі ықпал етеді.

   Ата-тек, жөн-жораны дұрыс игермеген кісіге ел ұстау қиын болмақ. Әлденеге қитыға қалатын, кінәмшіл де, болмашыға дәсердей болатын аңғал да жұртпыз. Төңірегіңе ұйысқан құрбы-құрдастарыңның мінез-қылық, өресі мен өнерін тани біл. Қандай істе кімге сенуге болатыны соған байланысты. Кісіге мүмкіндігінен артық істі жүктеп, қинамау керек. Одан пайда емес, зиян ғана көресің. Істі тындыра алмай, қиналған пенденің неге ұрынарын кім білген. Осы есіңде жүрсін, – деді атасы.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

42 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала КЕЛІН ДЕ ЕНЕ БОЛМАЙ МА?!
Келесі мақала Табиғат қойнауы тұнған байлық «Таза болса табиғат аман болар адамзат»

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ҮРКЕР №10

30 Қазан, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы