• Cұхбаттар
  • 05 Ақпан, 2024

МЕНІҢ ЖАНЫМ ДА, ЖҮРЕГІМ ДЕ – ҚАЗАҚ

Амирасланова Нилуфар Алмасханқызы – қазақ тілінде еркін сөйлейтін әзірбайжан қызы. Қазақстан Республикасының «Шапағат» медалінің иегері. Көкшетау қаласы, Ш.Уәлиханов атындағы университеттің маңдайалды түлегі. Қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының неміс-ағылшын пәндерінің мұғалімі. Қазақ тілінен бөлек, алты тілде еркін сөйлейді. Атап айтқанда, полиглот ұстаз қазақ, әзірбайжан, орыс, ағылшын һәм түрік тілін ана тілі дәрежесінде меңгерген. Мемлекеттік тілді меңгеруді өмірлік парызы деп санайтын Нилуфар Алмасханқызымен сұқбат құруды жөн көрдік.

Алдымен өзіңізді көпшілік оқырманға таныстырып өтсеңіз. Қазақ тілін қалай меңгердіңіз? Ана тілімізді меңгеру барысында қандай да бір ауырпалықтарды сезіндіңіз бе?
– Менің ныспым – Амирасланова Нилуфар Алмасханқызы. Ұлтым – әзірбайжан.  Өзім Әзірбайжан Республикасында дүниеге келгенмін. Алайда Қазақстанның әсем қаласы Көкшетауда білім алып өстім. Әзірбайжан ұлты болғаныма қарамастан, менің жаным да, жүрегім де – қазақ. Әрине, кез келген тілді үйрену оңай процесс емес, бірақ мен қазақ тілін туған анамдай қатты жақсы көремін, сондықтан да қазақ тілін үйрену –  мен үшін нағыз рахат сезім болды.
Арқаның кербез сұлу Көкшетау қаласында білім алдым дедіңіз. Нақты қай мектепте білім алып едіңіз? 
 Қазақ тіліне деген қызығушылығым – мектеп қабырғасында пайда болды. Көкшетау қаласының № 8 орта мектебінде оқыдым. Осы мектепте оқып жүрген кезімде қазақ тілі мұғалімдері маған қазақ тілі ұнайтынын байқап, түрлі республикалық, облыстық олимпиадаларға дайындай бастады. Ұстаздарымның ерен еңбегінің арқасында жүлделі орындарға ие болдым. Сондықтан да менің  ардақты ұстаздарыма,  Қазыбаева Тұрсынгүл Дәулетқалиқызы, Каңтарбаева Гүлнар Рамазанқызына айтар алғысым шексіз.
Естуімізше, сіз қазақ тілінен бөлек орыс, неміс, ағылшын тілдерін жетік меңгеріпсіз. Бұл тілдер арасындағы балансты сақтау аса қиын емес пе? Жалпы, тілді меңгеру үшін алдымен не істеу қажет? 
Белгілі бір тілде сөйлеу үшін алдымен сол тілде ойлана білу керек. Мәселен, ағылшын тілінде сөйлегің келеді ме, ендеше сол тілде ойлануды баста. Әрине, басында қиын болады. Бірақ бұл өз уақытымен келетін нәрсе. Осы тілдерде жақсы сөйлеу мақсатында  мектептегі оқушыларыммен бірге  түрлі тілдерде сөйлесуге тырысамын, бұл маған тілдер арасындағы байланысты жоғалтпауға және оқушыларымның сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектеседі.
Қазақ тілінде қандай кітаптар оқисыз? Кімнің шығармасын қайталап оқығанды ұнатасыз? 
Менің сүйікті ақындарымның бірі – Абай Құнанбаев. Ұлы ақын  Абай Құнанбаевтың қара сөздерін оқығанды ұнатамын. Хакім Абайдың философиясы қатты ұнайды. Одан бөлек Қасым Аманжоловтың өлеңдерін қайтара оқығанды жаным сүйеді. Мысалы, оның «Туған жер» өлеңі. Осы өлеңді сан қайтара оқысам да жалықпаспын. Алғаш рет бұл өлеңді мектеп қабырғасында оқып жүргенімде жатқа білдім, содан бері бұл өлең менің жаныма терең еніп кетті. Өлеңнiң мына жолдары маған ерекше ұнайды десем арттық болмас:

Болдым ғашық туған дала мен саған,
Алыс жүрсем, арманым  – сен аңсаған.
Жақын жүрсем, мен төрінде рахаттың,
Алтын діңгек –  өзім туған босағам.
Тар жол, тайғақ кешуі мен сергелдеңі көп, бірақ нәтижесі көңіл жұбатарлық ұстаздық жолды таңдауыңызға не себеп? Мұғалім болудың қызығы мен шыжығы неде деп ойлайсыз? 
«Оқушыға – сәттілік, мұғалімге – қуаныш». Бұл мақал жаныма жақын. Өйткені мен оқушыларыма пайдалы болғанды жақсы көремін. Мен балаларға тілді ғана емес, әртүрлі мәдени құндылықтарды да үйрете алатыныма қуаныштымын. Мұғалім болу – мен үшін бақыт, балаларды оқыту зор мәртебе.
Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Алтыншаш ҚҰРМАНАЕВА,
Көкшетау қаласы

 

5041 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы